Аймақтар • 08 Желтоқсан, 2018

Семейдегі колледж ұжымы бойжеткенге пәтер алып берді

984 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

 

Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж ұжымы ата-ана қамқорлығынсыз қалған бойжеткенге бір бөлмелі пәтердің кілтін сыйға тартты. Баспаналы болған Назерке Қостаева осы білім ордасын былтыр «Педагог-ұйымдастырушы» мамандығы бойынша тәмәмдаған екен. Оқып жүрген кезінде колледждің жатақханасында тұрыпты.

Семейдегі колледж ұжымы бойжеткенге пәтер алып берді

Шаһардың Шығыс кентіндегі көпқабатты үйлердің бірінде орналасқан пәтердің құны 2 млн 700 мың теңге тұрады екен. Колледж директоры Шағангүл Жанаева бұл қаражатты жинау үшін оқу орнының барлық қызметкерлері Назеркенің жеке шотына бір күндік жалақыларын аударғанын айтады.

Баспанасыз жүру кімге оңай тиген?! Пәтер кілтін қолына алғанда Назерке толқып, көзіне жас алды. «Назеркенің көп қиналғанын білесіздер. Денсаулығы да аздап сыр берді. Операцияға да жатты. Бізге оқуға Өскеменнен келді. Бүгін міне, соның бәрі ұмытылғандай. Енді тек қана қуаныш, тек қана жақсылық болсын. Жарай ма?», - деген Шағангүл Жанаева шәкіртінің маңдайынан сүйіп, пәтер кілтін тапсырып, ізгі лебізін жеткізді.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Семей