Жыл сайын бас қосуды дәстүрге айналдырған өспендіктер өткен жылы Өспен ауылының 170 жылдығын атап өтті. Айтулы мерекеде астаналықтар қалыс қалмай, туған ауылына барып, құны 5 млн теңге тұратын стадион салып берген.
Өспен ауылындағы Сәкен орта мектебінде 50 жыл қызмет істеген, балаларды спортқа баулыған ұстаз Қайролла Абиловтың айтуынша, ауылдың атын асқақтатқан спортшылар екен.
«Біздің ауылдың атын спортшыларымыз шығарған. 16 спорт шебері және 30-дан аса спорт шеберіне үміткер бар. Мысалы, Жаппар Амангелді еркін күрестен әлем чемпионы болса, Арман Абилов спорттың самбо түрінен әлемдік бәсекеде топ жарған», дейді.
Бүгінгі футболдан өткен жолдастық кездесуде Өспен ауылының тұрғындары және Астана қаласындағы жерлестері қарсылас болып, жолдастық кездесу 2-2 есебімен аяқталды. Жиын соңында қонақтар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығына барды.