Қазақстан • 10 Желтоқсан, 2018

Бағы кем бессайыс

1086 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бессайыс – аса күрделі өнер. Ол атпен кедергілерден өту, семсерлесу, 25 метрлік қашықтықтан тапаншамен ату, 300 метрге еркін жүзу және 400 метрге кросс жүгіру секілді спорттың бес түрін қамтиды. Бессайыстан өтетін жарыста барынша табысты өнер көрсету үшін осы бес жаттығуда да жақсы нәтиже көрсетуге тиістісің. Ал байрақты бәсекелер барысында небәрі екі жүлде жиынтығы ғана сарапқа салынады. 

Бағы кем бессайыс

Бессайыс Олимпия ойындарының бағдарламасына сонау 1902 жылы енген. Алғашында ерлер ғана күш сынасса, 2000 жылдан бері әйелдер де сайысқа түсе бастады. Олимпиадада қанжығасы ең көп майланған командалар – Венгрия мен Швеция. Осы елдің өрендерінің әрқайсысы 9 алтынды қоржынға салды. Келмеске кеткен Кеңес Одағының спортшылары 5 рет топ жарса, Ресей өкіл­дері 4 мәрте дара шықты. Төрт­жыл­дықтың басты додасында Поль­шаның әнұраны үш мәрте шыр­қалса, Италия, Ұлыбритания және Гер­манияның бессайысшылары екі реттен бас жүлдені олжалады. Ал 1949-2018 жылдар аралығында үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан әлем чемпионаттарында да олжаға кенеліп жүрген командалар да осылар.  

Соңғы жарыстарға тоқталсақ, 2016 жылы Риода алауы тұтанған Олимпия ойындарында ерлер арасында ресейлік Александр Лесун озса, украиналық Павел Тимошенко мен мексикалық Исмаэль Эрнандес жүлдегерлер қатарына қосылды. Әйелдер сайысында аустралиялық Хлой Эспизито алтыннан алқа тағынса, франциялық Элоди Клувель мен польшалық Октавия Новацкаяға күміс пен қола бұйырды.  

Биыл Мексикада өткен әлем чем­пионатында ерлер арасында ұлы­британиялық Джеймс Кук топ жарса, франциялық Валентин Прадес пен украиналық Павел Тимошенко екінші және үшінші орынға табан тіреді. Әйелдер бәсекесінде белоруссиялық Анастасия Прокопенко алдына жан салмаса, германиялық Анника Шлеу мен франциялық Мари Отейза күміс пен қола жүлдеге қол созды. Міне, бүгінгі таңда осы елдің өрендері бессайыс өнерінде үстемдік құруда. 

Бұл әңгімені біз бекер қоз­ғап отыр­ған жоқпыз. Кезінде спорт­тың бұл түрі Қазақстанда да қарыштап дамығаны егде тартқан жан­күйер­лердің есінде. Дүбірлі додаларда табысты өнер көрсеткендер қата­р­ында Бақи Елқондиев, Борис Са­риев, Батырбек Мұхамедяров, Ти­мур Досымбетов сынды өз қандас­тарымыз да болды. Алғашқы үшеуі талай жарыста жүлде алып, Одақ көлемінде кеңінен танылды. Олар өз дәуірінің елеулі тұлғаларына айналды. Ал Досымбетов 1979-1983 жыл­дар аралығында бүкілодақтық және халықаралық додаларда дараланды. 1982 жылы Римде өткен әлем чемпионатының командалық сайысында құрамында душанбелік Анатолий Старостин, краснодарлық Евгений Липеев және алматылық Тимур Досымбетов сынды саңлақ­тары бар КСРО құрамасы бас жү­л­де­ні олжалады. Осылайша, қанда­сы­мыздың есімі әлемдік спорт тарихында алтын әріптермен жазылды.  

Әр жылдары Анатолий Ким, Ва­си­лий Коновалов, Виктор Сва­тенко, Юрий Савицкий, Юрий Тагобецкий, Николай Тисленко, Валерий Ка­шельский, Виктор Монахов, Ев­гений Бессонов, Виктор Сычев және тағы басқа саңлақтар дүбірлі додаларда жеңіс тұғырына көтеріліп, спорттың осы түрінің өркендеуіне сүбелі үлес қосты. 

Біздің елден шыққан саңлақтар осымен ғана шектелмейді. 1964 жылы Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарында бессайысшылардың командалық жарысында Виктор Минеевтің топ жарғаны сол кездегі жанкүйерлердің есінде. Украинада туып-өскенімен, оның жастық шағы Алматыда өтті. Алатау баурайында ол спорттың сан алуан түрімен ай­на­лысты. 1956 жылы су добынан ел чемпионы атанды. Қазақ дене шынықтыру институтында оқып жүрген кезінде бессайысқа мықтап ден қойды. «Қайрат» пен «Буре­вест­ник» қоғамының мүшесі болды. Сондықтан Минеевті де  «Біздің елдің түлегі!» деп айта аламыз. 

Кейіннен Бакуге қоныс аударған Виктор Минеев КСРО чемпионаты және көптеген халықаралық жарыс­та жеңіс тұғырына көтерілді. Әлем чемпионаттарында үш рет кү­міс медальды мойнына ілді. Оның есі­мі Әзербайжаннан шыққан тұңғыш Олим­пиада чемпионы ретінде спорт­тық шежіреге алтын әріптермен жазылды.  

Осылай тізбектей берсек, қазақ даласынан да талай мықты бес­сайыс­шының шыққанын аңғару қиын емес. Кеңес Одағының уығы шайқалғаннан кейін де жерлестерміз біраз уақытқа дейін байрақты бәсекелерде тәп-тәуір өнер көрсетті. 

Әлі есімізде, 1996 жылы АҚШ-тың Ат­ланта қаласында алауы тұтан­ған Олимпия ойындарында Қазақстан ұлттық құрама командасының мүшесі Александр Парыгин айды аспанға бір-ақ шығарып, алтын медальды жеңіп алды. Жасыратыны жоқ, бұл жігіттен дәл сол кездері ешкім осындай ерлік күткен жоқ еді. Біздер тұрмақ, күллі әлем жұртшылығы таңданыстан бас­тарын шайқады. Барлық бұқаралық ақпарат құралдары «Сенсация!» деп дабыл қақты...

...Осыдан 22 жыл бұрын Атлан­тада өткен сол бәсеке күні бүгінгідей көз алдымызда. Бессайыстың бағ­дар­ламасындағы ат жарысы, семсерлесу, нысана көздеу және жүзу са­йыстары аяқталып, спортшылар үшін ең соңғы сынақ қалды. Ол – жүгіру еді. Мәреге санаулы метр­лер қалғанда шашасына шаң жұқ­тыр­май келе жатқан Барселона Олим­пиадасының күміс және қола жүлдегері, әлемнің екі дүркін чемпио­ны, ресейлік Эдуард Зеновканың тынысы тарыла бастады. Ол жығылып бара жатып, Александр Парыгинді етегінен ұстап қалуға тырысты. Бірақ қарсыласының теріс пиғылын дер кезінде түсінген жерлесіміз Зеновкаға ондай мүмкіндік бермеді. Осылайша, мәре сызығын бірінші болып қиып өткен қазақстандық спортшы Олимпиада чемпионы атанды. Бұл – ел спорты тарихындағы теңдессіз оқиғалардың бірі еді. 

Ал арада бірер апта өткенде Рим­де жалауы желбірген әлем чемпио­натында құрамында Александр Па­ры­гин, Дмитрий Тюрин және Олег Реб­ров сынды сайыпқырандары бар Қа­зақстан командасы қола медальды қоржынға салды. Содан екі жыл бұрын Хиросимадағы Азия ойын­дар­ында дәл сол үштік алтын тұғырға кө­те­ріл­ген еді. Жасыратыны жоқ, осындай то­лағай табыстан кейін отандық бесса­йыста тың серпіліс болып, осы спорт түрі жаңа көкжиектерге бет ала­ды деп ойладық. Алдағы уақыт­та Олимпиада мен әлем чемпионат­тарының жеңіс тұғырына көтерілетін өрендеріміз көбейеді деп үміттендік. 

Атлантадағы ойындар аяқтал­ғаннан кейін ардагер спортшы, КСРО халықтары спартакиадасының жүл­дегері, білікті бапкер Борис Са­риевпен жолығып, тілдескенім бар. Сол кезде-ақ ол кісі: «Сашаның же­ңісіне баршамыз қуанып отырмыз. Расында да, бұл ешкім күтпеген тосын сый болды. Атлантада Парыгин үлкен ерлік жасады. Бірақ осы табыс­ты қанағат тұтып, қол қусырап отыра беруге болмайды. Дәп қазіргі кезде мені бессайыстың болашағы қатты алаңдатып отыр. Соған мазасызданамын. Жеңісті дәстүрді жалғастыру үшін бізге әлі көп еңбектену, іздену қажет. Көптің көңіліне келсе де айтайын: бұл күндері бессайысты дамыту үшін Қазақстанда ештеңе жасалып жатқан жоқ. Оны мойындауға тиіспіз. Бұрынғы жүйе жарамсыз. Арнайы база жоқ. Білікті бапкерлер тапшы. Ең өкініштісі, спортың бұл түріне деген басшылардың көз­қа­расы түзу емес. Ал ондай жағдай­да іс өрге басады дегенге сену қиын. Де­реу осы олқылықтардың орнын тол­тыру қажет. Әйтпесе жағдай оңал­май­ды. Қара да тұрыңыз, Александр Па­ры­гин үлкен спорттан кеткеннен кейін біздің жер сипап қалуымыз да ғажап емес», деп ақтарыла сөйлеген еді.

Иә, ақсақалдың айтқаны айдай келді. Одан кейін арада 22 жыл өтсе да, Қазақстанда бессайысқа деген көзқарас еш өзгерген жоқ. Соның салдарынан нәтижеміз жылдан-жылға төмендеді. Александр Парыгиннің өзі Аустралияға қоныс аударып, сол елдің туы астында өнер көрсетуге бел буды. Бірақ ол дүбірлі додаларда қалың топтың арасында қалып қойды. Парыгиннің ізін басқан өрендер құрлықтық деңгейдегі жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілгенімен, дүбірлі додаларда даралана алмады. Қазіргі кезде біздер үшін Олимпиада мен әлем чемпионатында жүлде алу мұңға айналды. Мәселен, 2000 жылы Сидней Олимпиадасынан қор­жынымыз бос қайтты. 2004 жылы Афи­ныға аттанған Лада Жиен­ба­ланова 14-орында қалып қойды. 2008 жылы Бейжіңдегі ойындарға да сол спортшы барды. Ол жарыстағы нә­­тижесі тіптен төмен. Лада небәрі 36-орынға табан тіреді. Өз өрен­дері­мізден қайыр болмағаннан соң  Ресейден Павел Ильяшенконы ша­қырттық. Ол 2012 жылы Лондон Олим­пиадасында 29-орында қалып қойды. 2016 жылы алауы тұтанған Рио­­дағы додада отандастарымыз жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Сол секілді сан мәрте жалауы жел­біре­ген әлем чемпионаттарында да бір­де-бір жерлесіміз атой салуға жара­мады.

Міне, отандық бессайыстың қа­зір­гі жай-күйі осындай. Әрине же­ңіс­пен өрілген дәстүрі бар спорт түрін Қазақстанда өз деңгейінде дамы­та алмай отырғанымыз өкінішті.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»