Қазақстан • 10 Желтоқсан, 2018

Гендерлік саясат мәселелері талқыланды

1539 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Қазақстанның отбасылық және гендерлік сая­саты: жетістіктер мен перспективалар» атты халықаралық конференцияға қатысты.

Гендерлік саясат мәселелері талқыланды

Іс-шараға Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің жанындағы Әйел­дер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, Пар­ламент депутаттары, мемле­кет­тік органдардың басшылары, дип­ло­матиялық корпус, халықаралық ұйымдар, бизнес құрылымдары, азаматтық қоғам өкілдері келді.

Отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың егемендікті орнату және оны нығайту ісінде Қазақстан әйел­­дерінің зор рөл атқарғаны жөнін­де айтқан сөзіне тоқталды.

– Ана мен баланы қорғау, әйел­­дердің құқығы мен мүмкін­дік­­терін кеңейту мәселелері – мем­лекеттік саясаттың маңыз­ды басымдықтарының бірі. Қазақ­­стан­ның отбасылық-гендер­лік саясат саласындағы жетістік­теріне мемле­кеттік органдардың, аза­маттық қоғам мен бизнес қоғам­дас­тықтың өзара тиімді іс-әрекеті нәти­жесінде қол жеткізілді, – деді Г.Әбдіқалықова.

Ұлттық комиссияның 20 жыл­дағы қызметі барысында Гендерлік теңдік стратегиясы жүзеге асырылды. Гендерлік бағыттағы «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемле­кет­тік кепілдіктері туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңдар қабылданды. Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы іске асырылуда. Барлық мемлекеттік органда гендерлік саясатты іске асыруға жауапты тұлғалар бел­гіленді.

Бүгінде депутаттардың жалпы санының 22 пайызы немесе 34-і – әйел, мемлекеттік қызметте 55 пайызға жуық, саяси мемлекеттік қызметшілер арасында 10 пайыз­дан астам әйел еңбек етеді. Шағын және орта бизнесте 500 мыңнан аса компанияны әйелдер басқарады.

– Қазақстанның әйелдер қоғам­дастығы алдында тұрған басты міндеттер: «Қазақстан-2050» стра­те­гиясын іске асыру, 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсат­тарына қол жеткізу, 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендер­лік саясат тұжырымдамасы инди­ка­торларының орындалуына белсене атсалысу, – деді Мемлекеттік хатшы.

Соңында Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова конфе­ренцияда айтылған жаңа идеялар, ойлар мен ұсыныстар Ұлттық комиссияның одан әрі жұмысында қолданылатынын атап көрсетті.

Маржан ТІЛЕУБЕК,

«Егемен Қазақстан»