Мәскеу бұл мәселеге қатысты түбек арқылы өтетін кеме жолын ешқашан жауып тастамағанын, кідірістер байқалған болса, ол «ауа райының қолайсыздығынан туындауы мүмкін» екенін мәлімдеді.
Іргелес екі елдің арасындағы қарым-қатынастың бұрынғыдан да шиеленісе түсуі қарашаның 25-інде ресейлік әскерилердің Украинаның үш әскери кемесін атқылап, 20 шақты теңізшісін тұтқынға алуынан кейін байқалған-ды.
Бұл оқиғаға қатысты қос тарап бірін-бірі кінәлап отыр. Мәскеу «Киев арандату мақсатымен біздің теңіздегі шекарамызды қасақана бұзды» десе, Украина «бұл Ресейдің кезекті басқыншылық әрекеті» деп мәлімдеді.
Осыдан кейін Украинаның Жоғарғы радасы президент Петр Порошенконың елдің жекелеген облыстарында отыз күнге дейін соғыс жағдайын енгізу туралы жарлығын мақұлдады. Ал Ресей тарабы ұсталған теңізшілерге шекараны заңсыз кесіп өткені жөніндегі баппен айып тақты. Мұндай баппен айыпталғандарға қолданылатын жаза – алты жылға дейін бас бостандығынан айыру. Соңғы мәліметтерге қарағанда, украиналық әскерилер Мәскеуге жөнелтілген.
Ресей-Украина шиеленісі НАТО сыртқы істер министрлерінің кездесуінде де көтеріліп, альянстың бас хатшысы Йенс Столтенберг Ресейді украиндық теңізшілер мен кемелерді босатуға, сондай-ақ Азов теңізіндегі Украина порттарына еркін жол ашуға шақырған-ды. Йенс Столтенбергтің айтуынша, одақтастар Қара теңіздегі әскери қимылдарын, бұл аудандағы әуе бақылауын күшейткен.
Қара теңіз бен Азов төңірегінде Ресей мен Украина шиеленісінің ширыға түсуіне Еуропалық одақ та айрықша алаңдаушылық білдіруде. Жоғарыда аталған НАТО жиынында Еуроодақтың Сыртқы саясат пен қауіпсіздік бойынша жоғарғы өкілі Федерика Могерини «Украинаның территориялық тұтастығы мен егемендігіне жаңа қауіп төнді және оның сыртқы саудасына кедергілер жасалды», деп мәлімдеді. «Азов теңізіндегі белсенділік Еуроодаққа мүше елдердің туын көтерген кемелердің қозғалысын қатты кідіртуде. Бұл экономикамызға ықпал етеді», деді ол. Бұл ретте Украина Еуропалық одақтан Ресейге қарсы санкцияларды одан әрі күшейте түсуді өтініп отыр.
Ресей билігі болса, бұл оқиғаның астарында Украинада алдағы 2019 жылы өтетін президенттік сайлау қарсаңында саяси ұпай жинау мәселесі жатыр, сол үшін ұйымдастырылған әрекет дегенді көлденең тартып отыр.
Екі ел арасындағы бұрынғыдан да салқындай түскен қарым-қатынас – қазіргі күні жаһандық күн тәртібіндегі басты тақырыптардың бірі. Украинаның санкциялар жөніндегі өтінішіне қатысты Еуроодақ жағдай ушыға түссе, тиісті шаралар қолдану жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл мәселе Еуроодақтың 10 желтоқсанда өтетін саммитінде талқыланбақшы.
Қамбар АХМЕТ,
«Егемен Қазақстан»