Тәшібай тәлімі
Әзіз жүрек Әзағаңмен енді мұрағаттық құжаттар арқылы сырласатын болып алыппыз-ау! Сағынышты сәл басатын болғасын, сөйтеміз де. Жүрек лүпілдейді. Аңсайды. Үзіліп ойлағанда, жаның кеміріледі. Бір көргің келеді. Майда дауысы енді құлаққа шалынар ма? Бәрі өткінші… Қалатыны – жазушының хаты екен…
Біз Әзағаңмен 34 жыл бойы хат жазысқанбыз. Дені «Махаббат жыршысы» атты кітабыма кірді. Кірмегендері де жетіп жатыр. Міне, 2004 жылғы 10 сәуірде Астанадан Ә. Нұршайықовқа жазған мына хатымда былай делініпті (Кейін осы мақаламның жазылуына себеп болған сол хаттың біраз жерін ойып алып беріп отырмын): «… Туған жер демекші, былтыр (2-9.ХІ.2003 ж.) Торғай өңіріне іссапарға барғанымда бір үлкен қазынаға жолығып, қатты әсерленіп қайттым.
Әзіз жүрек Әзағаңмен енді мұрағаттық құжаттар арқылы сырласатын болып алыппыз-ау! Сағынышты сәл басатын болғасын, сөйтеміз де. Жүрек лүпілдейді. Аңсайды. Үзіліп ойлағанда, жаның кеміріледі. Бір көргің келеді. Майда дауысы енді құлаққа шалынар ма? Бәрі өткінші… Қалатыны – жазушының хаты екен…
Біз Әзағаңмен 34 жыл бойы хат жазысқанбыз. Дені «Махаббат жыршысы» атты кітабыма кірді. Кірмегендері де жетіп жатыр. Міне, 2004 жылғы 10 сәуірде Астанадан Ә. Нұршайықовқа жазған мына хатымда былай делініпті (Кейін осы мақаламның жазылуына себеп болған сол хаттың біраз жерін ойып алып беріп отырмын): «… Туған жер демекші, былтыр (2-9.ХІ.2003 ж.) Торғай өңіріне іссапарға барғанымда бір үлкен қазынаға жолығып, қатты әсерленіп қайттым. Қостанай облысы Жанкелдин ауданының Речной ауылында бұрынғы ұстазымыз, марқұм Ғабдыжауат Елкеевтің ұлы Нұрланның үйінде облыстық «Қостанай таңы» газетінің меншікті тілшісі Жақсылық Жүнісұлы екеуміз қоналқыда отырып, қызық бір дерекке қаныққанымыз бар. Кітап сөресіне үңіліп тұрған менің көзіме латынша жазылған «Тарту» деген көлемді кітап ілікті. Алып қарасам, ақын-жазушылар шығармаларының жинағы екен. Алматыдағы Қазақ көркем әдебиет баспасынан 1940 жылы жарық көріпті. Мазмұнын сүзіп өткенімде Тәшібай Әлмұхамбетов деген таныс фамилияға кезігіп, жүрегім тулап қоя берді. «Құдай-ау, мына кісі Әзағаңның ұстазы емес пе?» деп, қасымдағы Жақсылықтан сүйінші сұрап жатырмын. Ол да әдебиет тарихын біршама жетік білетін журналист еді:
– Иә, Тәшібай атамыз осы шаңырақтың марқұм болған иесі Ғабдыжауат ағайдың етбауыр жақындары болады. – Жақсылық төрде ілулі тұрған шыныланған суретті меңзеп сөйледі. – Қарашы, Ғабдыжауат ағай қандай көрікті адам болған. Бір білсем, Тәшібай атамыздың өңі де осы кісіге келіңкірейді. Суреті осы үйде болуға тиісті. – Жақсылық Күлайым келінді шақырды. – Атамыздың суреті бар шығар, қайда еді, әкелші, көрейік.
Суреттегі Тәшібай шынында да Ғабдыжауат ұстазымыздан айнымайтын болып шықты. Осы кісілерге жақын болып келетін Жақсылық манағы менің сөзіме қатысты ойын жалғастыра келе Әлмұхамбетов туралы Әзағаның «Жас Алаш» газетінде көлдей мақала бастырғанын еске салды.
– Ұмытпасам, онда Әзағаң өзінің ұстазы жайлы тамаша пікір білдірген еді, – деп менің хабарсыз дүниемді қаперіме сала сөйледі.
Екеуіміздің қызықты әңгімемізге құлақ түріп отырған мектеп мұғалімі, келініміз Күлайым тағы бір кітап әкеп ұсынды. Ол да Әлмұхамбетовтыкі екен. «Мен өмірге ғашықпын» деп аталады: повесть, әңгімелер, өлеңдер жинағы. Сөйткенше болған жоқ, келін қарыны томпиған қара сөмкені алдына өңгеріп әкеліп, ішін ақтара бастады. Қаншама қағаз! Біраз шежіре бар екен. Қызыл көргендей қунаңдап кеткен біз соның бәрін жеделдете ақтарыстырып көрдік те бір-бірімізге үнсіз қарасып қалдық. Әрине, қабағымыздың сыры белгілі. Қолқаны алдымен етене келініне Жақсылықтың өзі салсын деп, мен тымырайып отырдым. Соны сезгендей ол:
– Қарағым, осы қағаздарыңды ана екі кітаппен қосып Қайсар ағаңа бере тұрсаң қайтеді, – деп өтініш салды. – Бұл жігіт өзі қағазға мәттақам, жоғалтпайды. Астанаға ала кетіп, танысып болған соң өзім тұтас күйінде табыстайтын боламын. – Үнсіз қалған келініне: «Жәрай ма», деп басын изеткізіп, құптатқан соң маған қарап, көңілдене сөйледі. – Келін келісіп отыр ғой, жиыстырып ала ғой қағаздарды. Мына екі кітапты да сөмкеңе сал. Түбі, екеуіңнің араңдағы делдал өзім болып отырғанымды білесің ғой. Енді маған тәуелдісің.
Мен Жақсылық нендей шарт қойса да әзір екендігімді разылық жымисыммен сездіргендей болдым».
Торғайдан оралған бір сапарым жайлы Әзағаңмен осылайша ой бөлісіппін ғой. Әрине, бұл хатқа сыймай қалған жақтары да молынан бар болатын. Мысалы, ұстазымыз Ғабдыжауат ағамыздың сонау алпысыншы жылдардың басында Бестау орта мектебінде физика, математикадан сабақ беріп тұрып, бір сәт қатты ойға беріліп қалатынының сырын кездейсоқ аша қойғанымыз бар еді. «Біз есеп ойлап отырмыз, ал сіз не ойлап тұрсыз?» – деп төбеден түскендей сұрақ қойып қалсын Мырзағұл деген батыл оқушы ағайға. «Шынымды айтайын ба?» деді ағай көзілдірігін сұқ саусағымен жоғары түртіңкіреп қойып. Біз оның мына жұмсақ жауабына аңтарылып қалдық. Мырзағұлдың сазайын береді ғой деп, үрейленген басымыз, мәре-сәре боп жайлана түстік. Не айтар екен? Қандай шындық ол! Тақтадан көз алмаған күйі ағай: «Тәшібай Әлмұхамбетов деген ақын, жазушы ағаларың болған, сол кісі ойыма түсіп кеткені. Жақын ағайым еді. Соғыстан оралмады. Ғұмыры қысқа болды, небары 33 жас! Соңында ұрпақ қалмады, есесіне жазғандары қалды. Ол мұрамен кейін, есейгенде таныса жатарсыңдар…» – деп жан қалтасына қолын салып, теріс қарап, бүгежіктей берді.Осы кезде қоңырау безілдей жөнелді. Біз селт етпей, тым-тырыс қалыппыз.
– Балалар, мені түсінгендеріңе рахмет! Мен сендерге Тәшібай аталарыңның өлеңдерінен ойымда қалған бір үзігін айтып бергім келіп тұр, – дегенде шаттанып, шу ете түскен біздерді мына жолдармен сап тыйған еді ол.
Жігіттің жақсы болғаны,
Адал болса халқына,
Батыр болса қырандай,
Жау тисе ел шетіне,
Жалтақтамай артына,
Алға ұмтылса ұрандай!
Өзінің сырлас, мұңдасы,
Жарына тәтті, сүйкімді,
Шырайналса шынардай,
Әлпештеген, өсірген,
Ата менен анаға,
Ысқырмаса жыландай.
Жанындай жақсы досына,
Жәрдем беріп тар жерде,
Жалт бермесе құландай,
Халқымен болса тілегі.
Елі үшін соқса жүрегі,
Еңбегі сіңіп ұландай.
Ғабдыжауат ағайдың аузынан тек есеп формулаларын ғана естіп көндіккен, біздер, өзгеше сусынға шөліміз қанғандай болып, мәз-майрам күйге еніп бара жаттық.Тәшібай ақынның сөз құдіреті екен ғой ол! Сол өлең сөзіне елітіп, жақсы жігіт болып өсуге деген құлшынысымыз жан-дүниемізді арайландырып жіберді. Білімді болу үшін есеп те керек шығар, бірақ өлеңнің жөні бір бөлек екенін сол жолы ұғынғандай болғанбыз.
Кейін, есейе келгенде білгеніміз – Тәшібай атамыз сондай-ақ ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Қайнекей Жармағамбетовтің жақын туысы болып келеді екен. Жалпы, бұл Тұрлығұл әулетін халық небір өнер сұңғылалары өніп, тараған күмбір кеуделі таланттарға бай екендігімен ерекше ілтипатпен еске алып, әңгімелеп отырады.
Енді Әзағаңның менің жоғарыдағы хатыма жазған жауабының кезегі келіп қалғандай екен. Соған сөз берелік (19.ІҮ.2004 ж. Алматы.): «Менің ұстазым Әлмұхамбетов Тәшібай туралы хабарыңыз жүрегімді толқытты. 1939 жылы алғашқы махаббаттың алтын арқаны сүйреп, Алматыдан Семейге барғанда мен Семей педучилищесінде (қазір М. Әуезов атындағы педагогикалық колледж, былтыр оның 100 жылдық тойы болып, соған қатысып қайттым) ол кісі менің ең сүйікті оқытушым болды ғой. Алғашында училищеге түсу үшін қазақ тілі мен әдебиетінен емтиханды сол кісіге тапсырғанмын. Маған тиген емтихан билетіндегі бір сұрақта көп баяндауышты сөйлем құрастыруым талап етілген екен.
Мен: «Шулайды, ағады Гвадалкивир», – деп Пушкин өлеңінің бір жолын айтқанмын. Оны естігенде мұғалім ағайдың көзі шырадай жайнап кетті. «Бұл кімнің өлеңі?»– деді ол кісі маған. «Пушкиндікі». «Оны қайдан білесің?». «Менде Пушкиннің 1937 жылы Москвада шыққан қалыңдығы төрт елі томы бар». «Басқа қандай кітаптарың бар?». «Абай мен Сұлтанмахмұттың толық жинақтары».
Мұғалім разылықпен басын шайқады.
– Өлең жазасың ба?
– Жазамын.
– Басылған өлеңдерің бар ма?
– Бар. Жарма аудандық «Социалистік еңбек» газетінде және Семей облыстық «Екпінді» газетінде.
– Біреуін жатқа айта аласың ба?
Мен «Жамбылға» деген өлеңімді айттым.
– Бұл өлеңді қашан шығардың?
– Жамбылдың ақындығына 75 жыл толғанда. Онда жетінші класта оқып жүргенмін.
Мұғалім қасыма келіп, басымнан сипады. Содан кейін:
– Жарайсың!– деп, емтихан қағазыма «өте жақсы» деген баға қойып берді.
Тәшібай мұғалім мені жанына жақын тартты. Оның себебі менің өлең жазатындығымнан деп ойладым. Облыстық газетте өлеңдерім шыққанда мені құттықтап жүрді. Өзімнің ол кездегі қимас үш кітабымның бірін – Сұлтанмахмұттың қалың томын сүйікті ұстазым Тәшібайға сыйладым.
Тәшібай туралы газетте жазғаным рас. Оны журналист досыңыз Жақсылық Жүнісұлы оқыған екен. Ол ініме де алғысымды жолдаймын (менің мақаламды оқығаны және менің ұстазым Тәшібайдың кітап-қағаздарын келінінен сұрап, Сізге алып бергені үшін). Бірақ менің мақалам «Жас Алашта» емес, «Тас тізім» деген атпен «Қазақ әдебиеті» газетінің бірнеше нөмірінде басылған болатын. Жазушылар одағына кіре бергенде, төменгі қабатта, оң жақтағы қабырғада тасқа қашалған тізім бар. Ол Ұлы Отан соғысында опат болған қазақ ақын-жазушыларының тізімі. Сол тас тізімдегі өзім білетін қаламгерлер туралы естелік-эссе жазғанмын. Ол кезде газеттің бас редакторы Оралхан Бөкеев жарықтық еді. Менің «Тас тізімімді» қатты ұнатып, газеттің бірнеше нөміріне тұтас бір беттен беріп отырды. Ол мақала менің көп папкаларымның бірінің ішінде жатыр. Таба алсам Сізге Тәшібай ұстазым туралы бөлігін жіберермін.
Тәшібай ағаның Сіз Күләйім келіннен алған «Мен өмірге ғашықпын» деген кітабы менде де бар. (Мұқабаның ішкі бетінде кітапқа пікір жазған Х. Әдібаев екеуіміздің атымыз тұр. Бәлкім «Лениншіл жасқа» («Жас Алаш» емес) жарияланған менің сол баспаға берген пікірім болар. Ол «Қазақ әдебиетінде» шыққаннан басқа мақала. Бәлкім, Жақсылық жаңылыс айтқан болар».
Асылы, Әзағаң уәдеге берік, құнтты жан еді ғой. Айтқандайын, сөзінде тұрып, «Тас тізім» мақаласындағы Тәшібай ұстазына қатысты бөлегін әдейі салып жіберіпті. Оны оқығанда ұстаздың алуан қырлары ашыла түскендей болды. Ақындық, жазушылық ізденістерінің көңілге орнықты нәтижелері атойлап тұрды.
Тәшібай Әлмұхамбетов өткен ғасырдың отызыншы жылдарында әдебиет көкжиегінде көрінген талантты жазушыларының бірі еді. Оның шығармалары салиқалы жинақтарда басылып, «Әдебиет майданы» журналында, «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттерінде шығып жүрді. Ал қырықыншы жылдың бас жағында Тәшібай әңгімелері мен өлеңдері Семей облыстық «Екпінді» газетінің бетінде жиі жарияланыпты. Осы газетте жарық көрген «Шляпа» деген әңгімесі мен «Доктордың қызы» деген көлемді повесінің аяғына жетемін деп желпінген оқырманның бірі жас Әзілхан бірде боран, бірде аязда дірдектеп, киоскіге қарай бірнеше күн жүгіргенін есіне алады.
Мұғалім Тәшібай оқытатын қазақ әдебиеті сабағы өте қызықты болып өтеді екен. Жұмсақ, биязы үнмен тақау отырған баланың басынан бір сипап өтіп, жымия тұрып оқитын лекциялары ерекше сүйсініс тудыратын. Оның суырыла сөйлейтін шешендігінің өзі тамсандыратын. Әр сабағының соңын адалдық, әділдік, азаматтыққа әкеліп тірейтін болған. Отан қорғау жайын көп айтып, ұлдарды Ер Тарғындай ер, Қобыландыдай қаһарман болуға шақыратын. Қыздар ер тұлпары Тайбурылды баптаған Құртқадай, қолына найза ұстап, жауға еркектермен қатар шапқан Қарлыға іспеттес болсын дейтін.
Училищенің әдебиет үйірмесін Тәшібай мұғалімнің өзі басқарып, Алматыда, ҚазПИ-дің жұмысшы факультетінде оқып жүрген кезінде қабырға газетін қалай шығарғандарын айтатын. Редакторы өзі болыпты. Үнемі жүлде алып жүріпті. Тіпті безендіруін жасаған, кейін атақты суретші болған Әбілхан Қастеев екеуі шығарған қабырға газеті олқы болсын ба, жоғарғы билікке дейін жетіп, бұлар ерекше қамқорлыққа алынады. Сөйтіп, Тәшібай, Әбілхан және Мәриям Хакімжанова үшеуі «Екпінді» атты әдеби-көркем қолжазба журнал шығара бастайды. Мұндай бастама ынталандырылып, ғайыптан 25 мың сом ақша алып, рабфак аяқ астынан байып қалады. Сол жылы жазда осы ақшаға студенттер өз күшімен асхана салады. Рабфакта 250 ұл, 250 қыз оқиды екен. Ұлдар қамыстан асхананың қабырғасын көтеріп, қыздар сылақ жұмысын жүргізіп, бітіріп алыпты.
«Біз педучилищенің ақырғы курсында оқып жүрген кезімізде ұстазымыздың қос бұрымы тобығына түскен сымбатты, сұлу бойжеткенді қолтықтап, Совет көшесімен серуен жасайтынына көзіміз түсетін еді,– деп еске алған болатын бір кездескенімде Әзағаң. – Қыздар: ол біздің мұғалім үйленгелі жүрген Күлән деген қыз, басқа қаладан келіпті десетін. Тәшібай мұғалім сол сүйген қызына қосылды ма, қосылса артында қалған ұрпақ бар ма, оны да білмеймін…
Осы жерде Ғабдыжауат ағайдың баласы Нұрланның зайыбы Күлайым берген деректер жәрдемге келгелі тұр. Білетіндер айтады екен, Тәшібайдың Күлән есімді сүйген жары болыпты. Ол соғыстан кейін Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында ұстаздық еткен. Ерінен майдан хаттарын алып тұрыпты. Соның бірінде Тәшібай (12.03.1943 ж) зайыбына «Қанжар» деген өлеңдер жинағын баспаға әзірлеп жүргенін жазыпты. Сол боздақ 33 жасында Отан үшін қыршынынан қиылды. 1942 жылы майданға аттанған ол Дон өзені бойындағы кескілескен ұрыстардың бірінде ауыр жараланып, Қазан госпиталінде көз жұмады. Соңында ұрпақ қалмады. Соғыс өтінде жазған өлеңдері де өзімен бірге өлді.
Қолымыздағы тағы бір негіздемеге жүгінсек, Тәшібайдың ата-анасы ерте қайтыс болып, немере ағасы Таутабайұлы Әубәкірдің (жұрт Әйеке деп атаған) қолында тәрбиеленіп өседі. Таутабайдан Әлмұхамбет пен Әубәкір туады. Әлмұхамбеттің азан шақырып қойған аты Әлмағамбет екен. Кейбір анықтамалықтарда осылай жазылып та жүр.
Қалай дегенде де Тәшібай Әлмұхамбетовтің артында қалған мол шығармашылық мұрасын толық күйінде оқырмандарға ұсынатын мезгіл жеткен секілді. Ол мұра өте бай. Бірнешеуін атап кетелік. «Жастар дауысы» (Алматы, 1938 ж.) атты жинаққа «Мен сүйемін», «Құрбылар» әңгімелері, ұлт-азаттық көтерілісіне арналған «Он алтыншы жыл» (Алматы, 1940 ж.) жинағына «Тау құлатқан дауылда» дастаны, «Тарту» (Алматы, 1940 ж.) жинағына «Доктордың қызы» деп аталатын повесі басылғанын көзі көріп кеткен. Кейіннен, 1978 жылы Алматыдан шыққан «Жыр аманаты» жинағына оның бір топ өлеңдері енген. Рас, 1989 жылы «Жазушы» баспасынан Тәшібайдың шәкірті болған ақын Әбулақап Райымбеков ұстазының шығармаларын жинап, «Мен өмірге ғашықпын» атты өлең, әңгімелерін құрастырып бастырды. Бірақ ол кітапқа да қаламгердің барлық жазғандары толығымен басы біріктіріліп, берілген жоқ.
Торғай өңірінің Бестау деген жерінде (қазір Қостанай облысының Қамысты ауданы) 1910 жылы дүниеге келген Тәшібай Әлмұхамбетов балалық шағын Ұлытау, Қарсақбай, Жезқазған атырабында өткізіп, сол аймақта және Семей қаласында педагогтік қызметтер атқарғанын білеміз. Демек, осы өңірлерден оның шығармашылығының, азаматтығының беймәлім де өнегелі тұстарын әлі де іздестіре түссе абзал болмақ. Мысалы, Тәшібайдың ұстаздық, тәрбиешілік, шығармашылық жұмыстармен бірге қоғамдық тапсырмаларды да зор жауапкершілікпен белесене атқарғанын білеміз.Осы сөзіміздің бір дәлелі – 1942 жылдың 6 шілдесінде Жезқазған аудандық атқару комитеті Тәшібайды аудан бойынша халық ауыз әдебиетін жинау және тарихи ескерткіштерді есепке алу жөніндегі экспедицияға жауапты қызметкер етіп жіберген екен. Әттең, қызу басталған осы жұмыс мол қайтарымды болар ма еді бәлкім, енді дендеп зерттеу жұмыстарына кірісіп, аз уақытта тарихымыздың мол мұрасын зерделеп үлгерген талапты жастың мұратты ісі соғыс кесапатына кезігіп, өшіп тынды. Осы жерде сан қырлы талант иесінің 1938 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтын бітірген соң Том мемлекеттік педагогика институтының аспирантурасына түсуінің өзі оның ғылыми жұмысқа ден қоймақ ойының ұшқынын айқын аңғартпай ма? Әйткенмен де, Тәшібайдың әлгі біз шетін суыртпақтаған зерттеулерінің нәтижелері әлі күнге күңгірттеніп жатуы ойландырады. Бұл әрине ұрпақтар мойнындағы парыз екені белгілі. Ендеше, селқостықтан сілкінген жөн.
Қысқа ғұмырында халқы үшін рухани мол мұра қалдырған Т. Әлмұхамбетовтың 100 жылдығын Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің ұжымы Жеңістің 65 жылдығымен орайластырып, республикалық ғылыми-практикалық конференция негізінде атап өткені көңіл марқайтатын өнегелі іс болды. Ұстаз, ақын, жазушы, азамат туралы әсерлі әңгіме өрбіді. Лайым, осы басталған әңгіме жалғаса берсінші…
… Әзағаңның ұстазы Тәшібай аға осылайша әдебиеттегі орнықты орнымен, педагогтық жаңашылдығымен, ғылымға деген іңкәрлігімен ерекшеленген тұлға болып шықты. Ұстазына қарап шәкірті бой түзейді екен-ау! Соның бір жарқын мысалын әңгіме еттік емес пе! Мұндай өнеге өрісті келеді. Келер күндерден келісті әңгіме күтіңізші…
Қайсар ӘЛІМ,
«Егемен Қазақстан».