Оралымсыз істе олқылық көп
Мамыр айында Еуропаның экономикалық ахуалы тағы да төмендеп,осыдан үш жыл бұрынғы деңгейге дейін құлады. Markit компаниясыменеджерлерінің экономиканың өнеркәсіптік саласында және қызметкөрсету саласында жүргізген зерттеулерінің деректері осындайқорытынды жасауға мәжбүрлеп отыр. Мамыр айында еуро курсыдоллармен салыстырғанда 1,2515 деңгейіне дейін құлдыраған. Бұл соңғыекі жыл ішіндегі ең төменгі көрсеткіш.
Мамыр айында Еуропаның экономикалық ахуалы тағы да төмендеп,осыдан үш жыл бұрынғы деңгейге дейін құлады. Markit компаниясыменеджерлерінің экономиканың өнеркәсіптік саласында және қызметкөрсету саласында жүргізген зерттеулерінің деректері осындайқорытынды жасауға мәжбүрлеп отыр. Мамыр айында еуро курсыдоллармен салыстырғанда 1,2515 деңгейіне дейін құлдыраған. Бұл соңғыекі жыл ішіндегі ең төменгі көрсеткіш.
Кәрі құрлық тығырық құрсауында
Өткен аптада болған Еуропа мемлекеттері көшбасшыларының саммиті экономикалық дағдарыстан шығу жолын белгілеуде тағы да бірауызды шешімге келе алмады. Франция президенті Франсуа Олланд ортақ еркін облигация – еуробонды енгізуге шақырды. Алайда оның бұл бастамасына саммитке қатысушылардың басым көпшілігі қарсы болды. Әсіресе, еуробонд енгізу идеясына Германия канцлері Ангела Меркель үзілді-кесілді қарсылық көрсетті. «Мұндай қадам еуропалық келісімге мүлде қарама-қайшы келеді және экономиканы жаңғыртуға мүлде ықпал етпейді», деді ол. Олланд болса, өз пікірінен таймай, «шөміштен қысып, үнемдеу идеясынан экономиканы дамытуға басымдық беруге көшу керек» деген тұжырымын алға тартты.
Кәрі құрлықтың екі ірі экономикасын құрайтын Германия мен Франция мемлекеттерінің басшылары тағы да бір-біріне қырғи қабақ танытып, ортақ мәмілеге келуге ниет білдірмеді. Сөйтіп, Еуроодақ саясатына барынша жоғары ықпалы бар екі саясаткер бір-бірінің ыңғайына жығылудан гөрі саммиттің нәтижесіз аяқталуын артық санады. «Би-би-си» агенттігі Еуроодақ көшбасшылары алты сағат бойы үздіксіз келіссөздер жүргізді. Бірақ ешқандай мәмілеге келе алмай, барлық шешімдерді маусым айының соңында өтетін келесі саммитке қалдырды, деп атап көрсетті.
Грекиядағы жағдай саммиттің күн тәртібіне тікелей енген жоқ. Алайда, барлық пікірталас алаңдарында Грекиядағы дағдарыс жағдайы басым талқылауға ие болып отырды. Еуроодақ көшбасшылары Грекияның еуроаймақта қалуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтындықтарын айтқанымен, Афинаның өзіне алған барлық міндеттемелерді мүлтіксіз орындауы қажет екендігін атап көрсетті. Сонымен бірге, саммитте Грекиядағы алдағы сайлауда халық қатал үнемдеу шараларына қарсы дауыс беретін болса, онда бұл Грекияның еуроаймақтан сөзсіз шығатындығына әкеп соғады. Еуропалық көшбасшылар Грекия еуроаймақтан шығатын болса, бұл елдің саясаткерлері болашақ туралы барынша тиімді қадамдар жасап, стратегиялық тұрғыдан алғанда бұл қадамның елдің болашағы үшін оң нәтижелер беретіндігін де алға тартады.
Еуропалық кеңестің президенті Херман ван Ромпей Грекия еуроаймақта қалуы керек. Бірақ бюджетті қысқарту жөніндегі қабылдаған міндеттемелерін сөзсіз орындауға тиіс дейді. «Елдің болашақ дамуы үшін өте қажет бұл қиын да күрделі реформалар еуроаймақтың гүлденуіне жағдай жасайды», дейді ол сөзінде.
Маусым айының 17 жұлдызында Грекияда жаңа парламенттік сайлау өтеді. Себебі, мамыр айында болған сайлаудан кейін елдегі ең озық деген саясаткерлердің бірде-біреуі коалициялық үкімет құра алмады. Еуропалық кеңес президенті алда болатын сайлаудан кейін құрылатын үкімет халықаралық кредиторлармен келісілген үнемшілдік шараларынан бас тартпайтындығына үміттенетіндігін алға тартты. Саясаткерлердің осындай әрі-сәрі дүдәмалдығынан секем алған еуропалық рынок күрделі кезеңді бастан кешуде. Өткен сәрсенбіде еуропалық рынок акциялары 2 пайызға құлдырады. Бұл Грекияның еуроаймақтан шығу мүмкіндігінен туындаған қауіптің салдары. Сарапшылар болса Грекиядағы ахуалға байланысты Еуропа экономикасының төмендеуі кәрі құрлықтағы барлық елдердің экономикасына кері әсерін тигізетіндігін атап көрсетуде.
Markit компаниясының бас экономисі Крис Уильямсонның айтуынша, екінші тоқсанда бұл аймақтағы ішкі жалпы өнім 0,5 пайызға төмендеген. Еуроаймақтағы дағдарысты экономикалардың әсері Франция және Германия мемлекеттерінің экономикаларының дамуына да кедергі келтіруде. Несие дағдарысы, Грекияның валюталық одақ құрамынан шығу қаупі, ЕО-ның сәтсіз саммиті, Германия мен Франция басшыларының арасындағы келіспеушілік – міне, осының бәрі инвесторлардың еуровалютаға деген сенімсіздігін туғызуда. Инвесторлар еуроаймаққа инвестиция салуға соншалықты құлық танытып отырған жоқ. Олар еуроаймаққа кірмейтін Ұлыбритания облигациялары мен АҚШ долларына көбірек сенім артатын сияқты. Осының салдарынан биылғы жылдың 3 айы ішінде еуро курсы 2010 жылы орын алған ең төменгі межеге құлдырады. Richelieu Finance компаниясының трейдері Джереми Годишон «Долларға қарағанда еуро күннен күнге әлсіреп келеді. Себебі, Еуропа мен АҚШ-тың экономикалық дамуы барысындағы ара-қатынас алшақтап барады. Ең бастысы, Еуропаның қарызы тұрғысындағы мәселе қауіпті болып отыр», деп атап көрсетті.
Грекияда өтетін маусымдағы парламент сайлауы Грекияның, тіпті, бүкіл еуроаймақтың болашағын айқындайды. Егер сайлаудан кейін Грекия еуроаймақтан шығатын болса, бүкіл кәрі құрлықты банк дағдарысы тұмшалайтын болады. Халықаралық есеп айырысу банкінің (BIS) дерегінше, бұл жағдайда еуроаймақтың басқа мүшелері 300 миллиард еуроны жоғалтатын болады. Бұл ІЖӨ-нің 3 пайызын құрайды. Еуроаймақ үшін Грекиядан басқа да қауіп баршылық. Ол – Португалия, Испания, Ирландия. Олар да Грекияның жолын қуып, еуроаймақтан шығу мәселесін күн тәртібіне қойса не болады? BIS-тің деректері бойынша, өткен жылдың соңында британ, француз және неміс банктері аймақтағы проблемалық елдердің 1,3 триллион еуроны құрайтын қарыздарын сатып алған көрінеді.
Грекия еуроаймақтан шықса не болады?
Қазір еуропалық рынокты толғандырып отырған басты мәселе Грекия еуроаймақта қала ма, жоқ па деген мәселе. Бұл сұраққа дәл қазір ешкім жауап бере алмайды. Себебі, Грекияда өтетін сайлаудың қорытындысы беймәлім. Сондықтан еуроаймақтың болашағы туралы болжам айтудың өзі күрделі мәселе болып отыр.
Capital Economics: «Еуро аймағынан шығу Грекия сияқты мемлекеттер үшін бүліншілікке ұрындыратын дефляциядан құтылудың бірден-бір шарасы болуы да мүмкін. Мұндай жағдайда орын алатын девальвация мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі елеулі және берік артуына жағдай жасап, экономиканың жаңғыруының бастауына айналуы да мүмкін».
Deutsche Bank: Грекияның еуроаймақтан шығу мүмкіндігіне байланысты туындайтын проблемалар хақында Deutsche Bank басқа көзқарасты ұсынады. Атап айтқанда, Грекия алдағы уақытта бірыңғай валютамен қатар өздерінің «geuro» атты екінші валютасын айналымға енгізуі қажет. Егер тек айналымға еуроны ғана қалдыратын болса, бұл елдегі экономикалық, саяси және әлеуметтік ахуалды ушықтырады. Ал айналымда қатар қолданылатын «geuro» валютасы үкіметке экономиканы тұрақты қалыпта ұстап тұруға мүмкіндік береді дейді.
JP Morgan: «Саясаткерлер коалициялық үкімет құра алмағаннан кейін, қазір Грекияның еуроаймақтан шығу мүмкіндігі 30 пайыздан 50 пайызға дейін жоғарылады. Өңірдегі жұмыссыздық деңгейі соңғы жарты ғасыр ішінде ең жоғары деңгейге көтерілді. Осыдай жағдайда радикалды солшылдардың тікелей жеңісі немесе олардың коалициялық үкіметке басым ықпалы қарыздарға мораторий жариялауға әкеліп соғады. Соның салдарынан Еуропа орталық банкі, Халықаралық валюта қоры, Еуропалық одақ Грекияны қаржыландырудан бас тартуға мәжбүрлейді. Еуроның долларға шаққандағы бағамы құлдырап, аймақтан ірі көлемдегі капиталдың сыртқа кетуіне ұрындырады. Егер жаңа үкімет осы үштікке қосылса, еуро валюта біраз тұрақтанар еді. Оның үстіне сайлаушылардың 80 пайызы бүгінде еуроны ұстап қалуға қарсы емес. Жағдай бұған керісінше қалыптасып, Грекия еуроаймақтан шығатын болса, оның салдары бүкіл еуроаймақта бүліншілікке әкеліп соғатындығы сөзсіз».
Danske Bank: «Біз ұзаққа созылған уақыттан бері беймәлім жағдайда өмір сүріп келеміз. Алайда, болашақта ЕО, Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) және Грекия арасында оңтайлы келісім жасалады деп сенеміз. Бұл Грекияда еуроны сақтап қалуға мүмкіндік бермек. Жағдай басқаша болса, оның салдары Грекия үшін де, бүкіл Еуроодақ үшін де ауыр болмақ. Бәріне ортақ оң шешім қабылдауға әлі де мүмкіндіктер бар. Грекия тұрғындарының 81 пайызы еуроны сақтап қалуды жақтаса, 54 пайызы ЕО мен ХВҚ бағдарламасын қолдайды». Одан әрі Danske Bank Грекияның даму болашағының 3 сценарийін – олар оңтайлы, кері және өте кері сценарийлерді алға тартады. Оңтайлы сценарий бойынша, еуроны жақтайтын саясат басымдық алады. Сөйтіп, белгіленген бағдарламаны жүзеге асырудың жақтастары көбейеді. Бұл сценарий еуроның жағдайын түзеп, елдің болашағына сәуле береді. Кері сценарий бойынша сайлаудан кейін Syriza жеңіске жетеді. ЕО мен ХВҚ-ның қарсылығына қарамастан белгіленген бағдарламаларды іс жүзіне асыру кейінге қалдырылады. Ең кері сценарий бойынша Syriza мен ЕО және ХВҚ арасындағы келіссөздер бақылаудан шығып кетіп ешқандай оң шешімдер жасалынбайды. Соның салдарынан ЕО мен ХВҚ Грекияны қолдаудан бас тартады. ЕОБ одан әрі Грекияның облигацияларын кепіл ретінде қабылдамайды. Сөйтіп, Грекия мемлекеттік қарыздарының құрсауында тұншығып дефолтқа ұшырайды. Ал Грекияда жаңа валюта енгізу біраз уақытқа созылады. Сөйтіп, рынок тығырыққа тіреледі. Грекиямен қоса Испания мен Италияда қалыптасқан жағдай да рынок тынысын тарылтып, қиындықты қалыңдата түседі.
Bank Of Amerika-Merrill Lynch: «Грекияның еуроаймақтан шығу қаупі күннен-күнге қалыңдап келеді. Егер ол еуроаймақтан шығатын болса Грекияның мұнайға деген сұранысы 1/3 төмендейді. Бұл мұнайдың бағасына кері әсерін тигізеді. Тіпті мұнай бағасы қазіргі 1 баррельге 106 доллардың орнына 60 долларға дейін құлдырайды».
RBS: «Грекияның еуроаймақтан шығуы 400 миллиард еуроны жоғалтуға әкеліп соғады. Бұл орайда капиталдың сыртқа көшуі бұрын-соңды болмаған ауқымда орын алуы әбден мүмкін».
Экономиканы саясат тұншықтырғанда
Еуроодақ барын салып Грекияның еуроаймақтан шықпауын қалайды. Алайда, саясаткерлердің сөзі мен ісінің арасындағы кереғарлық экономиканы тұралатқан үстіне тұралата түсуде. Брюссельде өткен Еуроодақтың соңғы саммиті сөзбұйдалыққа салынып, экономиканы оңалтатын ешқандай тиімді шешім қабылдай алмады. Еуропадағы ең үлкен екі экономиканың отаны – Германия мен Францияның көшбасшылары өз амбицияларынан бас тартып ортақ мәмлеге келетін түрі жоқ.
Саммитте еуробонд енгізу идеясын алға тартқан Франсуа Олландты болашақта қолдаушылар да табылатын сияқты. Алайда, бұл саммит барысында оның пікіріне қарсылардың қарасы көп болды. Әсіресе, Германия канцлері Ангела Меркель үзілді-кесілді қарсылық танытты. Ал Еуроодақ басшылары екі саясаткердің ығынан шыға алмай нақты батыл шешімдер айтпады. Еуроодақ президенті Херман Ван Ромпей «Еуроаймақ Грекиямен барынша берік ынтымақтастық жасауға мүдделі. Оған біздің Халықаралық валюта қорымен бірлесе отырып 2010 жылдан бері Грекияға 150 миллиард еуро көмек бергеніміз дәлел болады» дегендей жауыр болған жаттанды сөздерін қайталады.
Еуроодақ экономикасының терең тығырықта тұрғанын біле тұра Францияның жаңа президенті райынан қайтар емес. «Мен еуробонд экономиканы дамыту құралы бола алмайды деген Ангела Меркельдің пікірін өте сыйлаймын. Алайда, бұл – оңтайлы жағдайлар жасалатын болса, экономиканы дамытудың ең тиімді құралы болады» деп Франсуа Олланд алдағы саммитте де бұл мәселенің басты талас тетігіне айналатынын аңғартып өтті.
Сонымен бірге Еуроодақ басшылары Еуропалық инвестициялық банктің қорын 1 шілдеден бастап кеңейту жөнінде шешім қабылдамақ. «Маусым айының соңында өтетін келесі саммитте осындай шешім қабылданады. Бұл орайдағы пікірталастар бұрынғыдан да күшті болмаса, бәсең тартпақ емес» деп атап көрсетеді кейбір сарапшылар.
FХ Concerts брокерлік үйінің негізін қалаушы Джон Тэйлор «еуропалық дағдарыстан шығудың дұрыс жолын табу үшін Грекияның аймақтың экономикасына кедергі келтіруіне тосқауыл қою керек. Немістер оны еуроаймақтан лақтырып тастауы керек немесе солай жасауды гректердің өзі сұрауға тиіс. Бұл – ортақ валютаны құтқарудың бірден-бір жолы» деп мәселені тікесінен қойып отыр.
Ешкім де сырт қалмақ емес
Кәрі құрлықты құрсаулаған қарыз дағдарысы екі жылдан бері белең алып тұр. Оның таяу уақытта беті қайтатын түрі де көрінбейді. Еуропа мемлекеттерінің қабылдаған шешімдері радикалдық сипатта емес. Сондықтан, еуроаймақтың сырқатын жаза алмай отыр. Тіпті еуропалық көшбасшылар әлемдік қоғамдастыққа Халықаралық валюта қоры арқылы көмек көрсету жөнінде сұраныс жасап отыр. Олар Еуропадағы дағдарыстың беті қайтпайтын болса, бұл әлем экономикасына да кері әсерін тигізетіндігін ашық білдіреді.
Иә, Еуропаны құрсаулаған дағдарыс қырсығы барлық құрлықтарға салқынын тигізетіні даусыз. Қазірдің өзінде әлемдегі ең ірі экономикаға айналған Қытай экспорт мәселесінде қиындықтарға тап болып отыр. ҚХР-дың экспортқа бағытталған компаниялары табыстан қағыла бастады. Оның басты себебі тағы да – Еуропа. Себебі, Еуропа Қытайдың ең ірі сауда серіктесі болып табылады. Сондықтан Қытайдың іскер топтары Еуропадағы жағдайдың тез оңалып кетуіне мүдделі. Өкінішке орай, әзірге олардың бұл тілегін жүзеге асыратын тетік табылмай отыр.
«Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, жаһандану үрдісінің де пайдасы мен зияны бірдей. Жаһандану үрдісінің арқасында қалыптасқан әлемдік зор сұраныстың нәтижесінде еуропалық мемлекеттер жылдар бойы табыс тасқынының астында қалды. Автокөлік, жоғары технологиялық құрал-жабдықтар және басқа жоғары сұранысқа ие тұтыну тауарларын шығарудың нәтижесінде еуропалықтар мол табысқа кенелді, жоғары жалақыға негізделген жұмыс орындарын ашты. Алайда, экономиканың басқа салалары жаһандық бәсекелестік салдарынан әлсіреп қалды. Ал еуропалықтар экономиканы уақыт сұранысына сай барынша тиімді етіп құру мүмкіндігін қолдан шығарып алды. Оның орнына сырттан қарыз алу арқылы экономиканы дамытудың жеңіл жолына түсті. Ақыры «қарыз көбігінің» жарылатын шегі де жетті.
Африка құрлығының мемлекеттері де Еуропадағы дағдарыс салқынын сезінуде. Бұл құрлықта өндірілетін шикізат экспортының үштен бірін Еуропа тұтынады. Сондықтан Еуропа экономикасының қысқаруы африкалық елдерден келетін экспорттың азаюына әкеліп соғады. Бұл өңірге келетін валюталық қаржыны тежейді. Онсыз да маңдайлары шылқып отырмаған Африка мемлекеттерінің халқы кәрі құрлықтағы экономикалық дағдарыс кесірінен белең алған қиындықтардың зардабын шегуде. Еуропа экономикасының төмендеуінен АҚШ-тың да, Ресейдің де ұпай жинай алмайтыны анық. Ендеше кәрі құрлықты тығырыққа тіреген дағдарыстың жуыр арада беті қайтпаса, әлем экономикасының дамуы да тығырыққа тірелетіні анық.
Капиталистік өндіріс туындатқан қиындық
«Тірі планета» (Living Planet Report) атты Бүкіләлемдік жабайы табиғат қорының (WWF) кезекті баяндамасы жарыққа шықты. Баяндама авторларының мәлімдеуінше, соңғы 40 жыл ішінде біздің планетамызда табиғи байлықтарды тұтыну екі есе артқан. Ал биологиялық ресурстар қорының үштен бірі жойылған.
WWF деректері бойынша әлемдік экожүйені ең көп ластаушы және табиғи ресурстарды барынша мол тұтынушы АҚШ болып табылады. «Егер бүкіл әлем табиғи ресурстарды қазіргі кезде америкалықтар тұтынатын деңгейде пайдаланатын болса, онда экологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін Жер планетасымен деңгейлес тағы да бес планета қажет болар еді» деп атап көрсетілген баяндамада.
Ресейде табиғи ресурстарды тұтыну АҚШ-тың деңгейіне жете қойған жоқ. Алайда, қазіргі таңда бұл елдегі тұтыну деңгейі күн санап артып келеді. Баяндамада атап көрсетілгеніндей, егер жер шарының әрбір тұрғыны Ресейдің орташа тұрғыны сияқты тұтынатын болса табиғи ресурстарды қалпына келтіру үшін 2,5 планета қажет болмақ.
Жер шары тұрғындарының көбеюі, урбанизация және тұтынудың қанағатсыз деңгейге көтерілуі қоршаған ортамызға орны толмас жарақат салуда. Ауаға таралатын зиянды қалдықтар, жерді бей-берекет жырту, орманды отау және басқа да керағар әрекеттер планетамыздың қойнауын тақырлап, экологиялық жағдайдың бұзылуына әкеліп соқты. Қанағатсыз тұтыну салдарынан табиғатқа орны толмас нұқсан келтіріп жатқан елдердің алғашқы ондығының құрамына АҚШ, Катар, Кувейт, БАӘ, Дания, Бельгия, Австралия, Канада, Голландия және Ирландия мемлекеттері кіреді екен.
WWF-тің соңғы баяндамасы маусым айында Рио-де-Жанейро қаласында өтетін БҰҰ-ның «Рио+20» конференциясы қарсаңында дайындалған. Бұл конференцияға қатысушылар табиғи ресурстарды талан-таражға салуға тосқауыл қою мақсатында шақырылып отыр. Алайда, қабылданған шешімдердің тиімді болатындығына күмән көп. Себебі, табиғи ресурстарды мейлінше көп тұтынбайынша капиталистік өндіріс өмір сүре алмайды. Экологтар және басқа да көптеген ғалымдар мұндай өндіріс жүйесінің тиімсіздігін әлдеқашан-ақ мойындаған. Капиталистік өндірістің табиғатқа келтіріп отырған залалын да, алдағы уақытта оның одан сайын арта түсетіндігін де ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Бірақ оған қарсы қояр құрал жоқ. Себебі, капиталистік өндіріс табиғаты шексіз тұтыну сұранысына негізделген. Ал мол пайда әкеліп жатқан өндірісті қысқартып, тұтыну сұранысын азайтуға ешқандай капиталистің өз еркімен бара қоюы мүмкін емес.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».