30 Мамыр, 2012

Қызмет ет те, міндет ет

911 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Қызмет ет те, міндет ет

Біздің шенеуніктер туралы түсінігіміз қандай?

Қызметкер, қызметші… Осы сөздің астарынан біз нендей мағына аңғара­мыз? Қызметкер дегеніміз кім? Ол немен айналысады? Оның міндеттері мен жауапкер­шілігі қандай? «Қызметкер», «мемле­кет­тік қызметші» деген сөздерді күнделікті өмірімізде жиі пайдалана жүріп, осы сауалдар төңірегінде біз, сірә, тереңірек ойланып көрдік пе екен.

Көпшілігіміздің осы «қызметкер» сө­зін жиі-жиі «шенеунік» сөзімен ал­мас­­тыруға әуес екеніміз де шындық. Ақи­қатында «шенеунік» сөзі «мем­ле­кеттік қызметші» сөзінің синонимі болып саналады. Дей тұрғанмен, түрлі дең­гейде қыз­меттер атқарып жүрген адамдардың мі­нез-құлықтарына немесе істеріне риза болмай қалған сәттерде «шенеунік» сөзі­нің ауызға тезірек іліге кететінін де мойындауымыз керек. Осылай атау арқылы көбіне-көп әлгі қыз­мет­керге деген өзіміз­дің теріс көзқара­сы­мызды, яғни оның істерін құптамай­тынымызды білдіріп жатамыз. Қыз­мет­керді «шенеунік» деп атай отырып, белгілі бір дәрежеде мұқатқан­дай күйде болатын кездеріміз де жоқ емес. Қалай дегенде де, бұл сөздің астарында теріс сипаттың бұғып жатқандығы еш талас туғыза қоймайды.

 

Біздің шенеуніктер туралы түсінігіміз қандай?

Қызметкер, қызметші… Осы сөздің астарынан біз нендей мағына аңғара­мыз? Қызметкер дегеніміз кім? Ол немен айналысады? Оның міндеттері мен жауапкер­шілігі қандай? «Қызметкер», «мемле­кет­тік қызметші» деген сөздерді күнделікті өмірімізде жиі пайдалана жүріп, осы сауалдар төңірегінде біз, сірә, тереңірек ойланып көрдік пе екен.

Көпшілігіміздің осы «қызметкер» сө­зін жиі-жиі «шенеунік» сөзімен ал­мас­­тыруға әуес екеніміз де шындық. Ақи­қатында «шенеунік» сөзі «мем­ле­кеттік қызметші» сөзінің синонимі болып саналады. Дей тұрғанмен, түрлі дең­гейде қыз­меттер атқарып жүрген адамдардың мі­нез-құлықтарына немесе істеріне риза болмай қалған сәттерде «шенеунік» сөзі­нің ауызға тезірек іліге кететінін де мойындауымыз керек. Осылай атау арқылы көбіне-көп әлгі қыз­мет­керге деген өзіміз­дің теріс көзқара­сы­мызды, яғни оның істерін құптамай­тынымызды білдіріп жатамыз. Қыз­мет­керді «шенеунік» деп атай отырып, белгілі бір дәрежеде мұқатқан­дай күйде болатын кездеріміз де жоқ емес. Қалай дегенде де, бұл сөздің астарында теріс сипаттың бұғып жатқандығы еш талас туғыза қоймайды.

Егер осы сөздің түп-төркініне тере­ңі­рек үңілер болсақ, «чиновник» сөзінің патшалық Ресейде ХVІІІ ғасырдың басында қолданысқа енгенін, оның «шені бар мемлекеттік қызметші» деген ұғым­ды білдіргенін көруге болады. Кейде ол елде «чиновник» сөзімен қатар «сановник» сөзі де қолданылып отырған. Бұл екі сөздің мағынасы ортақ. Егер өзіміз қазақшалап алған түсінікпен айтар бол­сақ, екеуі де «шенді адам» деген мағынаны білдіреді.

Бәлкім, біздің қызметшілерді жиі-жиі «шенеунік» деп атауымыздың бір сыры да лауазымды әрі жауапты қыз­меттер ат­қа­рып жүрген бірқатар шен­ді­лердің жұ­мыстары мен мінез-құлық­тарының көп­ші­лік халықтың көңілінен шыға бермей­тіндігінен болса керек. Ол аз десеңіз, біз­дерге шенеунік атаулының бәрінің бірдей жайлы орындарға жай­ға­сып, жоғары жал­ақы алып, өзгелерді көзге де ілмей аяқ­тарын алшаң басып жүрген адамдар болып көрінетіні де еш жасырын емес. Бір сөзбен айтқанда, қатардағы жұрт үшін шенеуніктер, яғни мемлекеттік қыз­метшілер қарапайым халықтан әлдеқайда ауқатты, әлдеқайда мәртебелі дәрежеде өмір сүріп жатқан, не ішемін, не жеймін деп уайымдамайтын, жағдайлары шал­қып тұрған адамдар. Ол өзі шынымен де солай ма? Әлде біздер, әншейін «деген екенге» еріп, бәрін бір өлшемге сый­ғы­зып, бір сы­пыртқымен «сыпырып» жүрміз бе?

Рас, жоғары лауазымдар атқарып, қымбат көліктер мініп, үлкен еңбека­қы­лар алып, өздерінен қызметтері төмен жұртқа дүрдие қарап жүрген шенеу­нік­тер де жоқ емес. Бірақ ондайлар сонша көп деуге келмейді. Бұл – бір. Екін­ші­ден, ел­дегі бүкіл «қара жұмыс» атаулыны атқа­рып жүргендер де олар емес. Сол себепті де ондайларды біз әдетте «бастықтар» деп атаймыз. Ал бастық адам өзіне сал­мақ түсіріп, қатты қайы­рым жұмыс іс­теуге тиіс емес. Олар – әмір берулері керек. Жұмысты істей­тін­дер – қатардағы қызметшілер. Ол аз десеңіз, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің сілтісі тиіп, айыпты болып қалып жататындар да негізінен осылар. «Шортандар емес, қар­маққа кілең ша­бақ­тар ілігеді» дейтініміз де сондық­тан. Мемлекеттік қызметтің қыр-сырынан онша хабары жоқ адам­дар­дың бар ауырт­палықты бір өздері арқа­лап жүр­ген олар не қылған қызметшілер, лауазымдары қандай деп ойлап қалуы мүм­кін. Сондықтан хал-қадерімізге қарай жауап беріп көрсек, олардың қатарына референт, аға референт, консультант, аға консультант, сектор меңгерушісі, бөлім бастығының орынбасары, әрі кеткенде бө­лім бастығы деген сияқты өздерін мықты санайтындар онша қызыға қой­майтын қызметтердің жататынын айту жөн. Егер біз осындай лауазымдарда жүр­ген адамдардың маңдайлары шыл­қып жүр десек, қатты қателесеміз. Рас, олар­дың біразының жап-жақсы айлық­та­ры бар. Бірақ ондай дәрежеге жеткендер де ауыз толтырып айтарлықтай емес. Негі­зінен төменгі қызметтерде жүр­гендердің біразы, әсіресе еңбек өтілдері көптері болмаса, 100 мың мен 150 мыңның төңі­регінде ғана айлық алады. Қазіргі заманда бұл ақшаны көп деп айтуға ешкімнің де батылы бара қоймаса керек деп ойлаймын. Біз бұл жерде жүздеген, бәлкім, мыңдаған да шы­ғар, қызметшілердің үйсіз-күйсіз жүр­гендерін тіпті айтып та отырған жоқпыз. Алда-жалда жаңағыдай елеу­сіз­деу қызметтерде жүргендердің арасында қолайлы баспанаға қол жет­кіз­гендер бар болса, оларды да адал еңбе­гі­мен немесе мемлекеттік қызметші болған­дық­тан алды деп айту шындықпен үнемі жанаса бермейді. Одан да жоғары жақта бір «көкесі» бар ғой деп топшылай салған ақиқатқа әлдеқайда жақынырақ келмек. Дегенмен біздің айтпағымыз бұл емес.

Біздің мақсатымыз мемлекеттік қыз­метшілердің бәрі бірдей, кейбіреу­лері­міз ойлайтындай, шынымен де тамаша, жайма-шуақ өмір сүріп жатыр ма деген сауалға мүмкіндігінше жауап іздеп көру. Жоғарыда лауазымдары төмен мем­ле­кеттік қызметшілердің еңбекақылары­ның онша көп емес екендігін, біразы­ның пә­тер­лерге де қол жеткізе алмай, жатақха­на­ларды жағалап жүргендігін айту ар­қылы олардың бәрінің бірдей мате­риал­дық жағдайларының онша мәз емес екенінен аз-кем мағлұматтар беріп те тас­тадық. Дегенмен, «Өмір сүру үшін тамақ қажет, бірақ адам тамақ үшін өмір сүр­мейді» деген нақылға сүйеніп және адам өмірінің тек қана тамақтың тоқ­тығымен, киімнің көктігімен өлшен­бей­тінін ескере отырып, біз мемлекеттік қызметте жүр­ген адамдардың мораль­дық жақтарына қарай үңілуді жөн көр­дік. Дәлірек айт­қанда, біз олардың азамат ретіндегі, мә­дениетті адам ретін­дегі, еліміздің бүгіні мен ертеңін айқын­дайтын қызметкер ре­тіндегі күнделікті өмірлері қандай, олар бос уақыттары мен демалыстарын қалай ұйымдас­ты­ру­да деген сауал төңірегінде ой қозғамақ­пыз. Мәселенің осы жағын таңдап алуы­мызға көптеген мемлекеттік қыз­мет­шілердің таңның атысынан күннің батысына дейін, кейде тіпті демалыс күн­дері де жұмыс істеуге мәжбүр бола­тын­дығы себепкер. Бұл жерде 8 сағат­тық жұ­мыс күнінен асып кету арқылы азамат­тар­дың конституциялық құқық­тарының бұрмаланып жатқандығы өз алдына бір басқа, оның сыртында, бәл­кім, ең бастысы да болар, әлгі қыз­метшінің толық­қанды адам ретінде өмір сүруіне елеулі нұқсан келетінін де ашық айта кету қажет. Ертеректе осындай жәйт­тен хабардар бір депутаттың мем­ле­кеттік қызмет­шінің құқығына қатыс­ты мәселе көтер­гені есімде. Бірақ айтуын айтып, іле-шала ұмытып кететін дағ­дымызбен әлгі көтерілген мәселе сол күйі аяқсыз қала берді. Кім біледі, онсыз да кең ауқымды проблемаларға ба­тыл­дықтары жете бер­мейтін қалаулы­лары­мыздың жұрт «ше­неу­нік» атап кеткен адамдарды қорғап сай­лаушылардан сөз естіп қалармыз деп сақтық жасаған болуы да мүмкін.

Біреулердің егер қызметшілеріміз не өздерінің орашолақтығынан, не басшы­лары­ның ұйымдастырушылық қабілет­терінің төмендігінен жұмыстарын тиісті уақытында тындырып үлгере алмай жат­са түн ортасына дейін отырмағанда қайтеді енді деген пікір білдіруі де ға­жап емес. Мұндай күмәннің туындауын негіз­сіз деуге де болмайды. Бірақ мер­зімнен тыс жұмыс істеуден адамның іскерлік қабілеті артып кете қояр ма екен? Бәлкім, ол қызметші керісінше, он салсаң бір бас­пайтын шабан аттай, жұ­мысы өнбей, қағаз қопарып, компьютер «түрткілеп» отыра беруді әбден әдетке айналдырып алған шығар. Керек десе­ңіз, ол іс тындырып емес, әншейін уа­қыт өткізіп отырса ше? Жалпы, кез келген жұмысқа екі тұрғыдан талап қойы­лады. Оның бірін­шісі – сапа, екіншісі – уақытында орындалуы. Егер осы екеуінің бірі кемшін түсіп жатса ондай жұмысты жақсы деп бағалау қате. Мәсе­ленің дәл осы жағын кім зерделеп, зерттеп көріпті?

Олай болса, қоғамда орын алып жат­қан олқылықтар мен кемшіліктерді солардан көріп, сол үшін де жұрттың дені онша ұната қоймайтын топ туралы біз не айтпақшымыз? Біздің айтпа­ғы­мыз қам­шының сабындай қысқа ғұмыр­да адам тіршіліктің қызықтарын көріп қа­луға, яғни мағыналы өмір сүріп қа­лу­ға ұмты­луы тиіс, тиіс қана емес, құ­қылы да. Ол дегеніміз, еңбекақы алып жатырмын ғой, болмаса түптің-түбінде өсіп, жақсы қызметке қол жеткіземін ғой деп бүкіл өміріңді төрт қабырғаның ішінде өткізу емес, сонымен бірге кеш­кілік жұмыстан кейін және демалыс күндері отбасыңмен шүйіркелесіп бірге болу, газет-журнал оқып, теледидар қарау, бала-шағаңмен саябақта серуендеп, концерт залдары мен театрларға бару, тағы сол сияқтылар. Бос уақытыңда айналысатын «хоббиің» болса тіптен жақсы. Бір сөзбен айтқанда, өр­ке­ниетті елдердің адамы сияқты мәдениетті өмір сүру. Мұндай істердің отбасы мүше­ле­рімен неғұрлым көбірек бірге болу үшін ғана емес, сонымен қатар тәрбиелік, өне­ге­лілік те мәні зор. Әке мен шеше өз балаларына осындай қарым-қатынастар мен араластық арқылы ғана үлгі-өнеге бере алады. Осы орайда таңғы сағат 9-дан түннің бір мезгіліне дейін жұмыс кабинетінен шыға алмайтын адам жаңа­ғыдай өзіне де, отбасына да пайдалы саналатын істермен айналысуға уақытты қайдан табады деген сауалдың бас көтеруі өте орынды. Одан қалды, кітап бетін ашуға, теледидар қарауға, әлемде болып жатқан оқиғалардан хабар алуға мүмкіндігі жоқ ондай қызметкер білімін қалай көтереді? Ізденбеген, білімін же­тіл­дірмеген қызметкерді білікті маман деп айтуға бола ма? Теледидарлардан байқа­саң, өркениетті елдердің қызмет­кер­лері белгілі бір идеялар айтып, бастамалар көтеріп, жұмысқа жаңалықтар енгізіп жатады. Ал бүкіл ғұмырын қал­ғып-шұлғып кабинетте өткізген адамнан қандай жаңа­шылдық күтуге болады? Мемлекет басшысы саламатты өмір салтын қалып­тас­тыру, бұқаралық спортты дамыту жөнін­де айтудай-ақ айтып келеді. Егер осындай маңызды да қа­жетті жұмыстарда мем­лекеттік қызмет­ші бірінші болып үлгі көрсетіп жатса құба-құп емес пе? Ал әзірге біздің қыз­метшілеріміздің спорт залдарына баруға еш уақыттары жоқ. Керек десеңіз, олар қолдары жұмыстан босамайтындықтан отбасылық проблемаларды шешумен және бала тәрбиесімен де айналыса алмайды. Тәрбие тұрмақ, мұн­дай ата-ана­лардың біразы өз бала­ла­ры­ның немен шұғылданып жүргендері­нен де мүлде бейхабар. Үйлеріне түннің бір уағында шаршап-шалдығып, тек ұйық­тауға ғана келеді. Бүкіл уақыттарын жұмыста өткі­зе­тін жоғары лауазымды шенеуніктер балаларының үнемі тәртіп бұзушылар арасынан көрініп жатуының бір себебі­нің де дәл осында емесіне кім кепіл? Бүгінде түрлі министрліктер мен ведомстволарда жұмыс істейтіндердің көбінің біліксіздіктері туралы әңгіменің ел арасында кең тарап кетуіне де, бәлкім, осындай жағдайлар, яғни олардың өз бі­лімдерін көтеруге, дүниетанымдарын кеңейтуге мүмкіндіктерінің жоқтығы себепкер шығар? Оның сыртында кеңестік кезеңде кәдеге жараған тәлімгерлік те бүгінде есептен шығарылып тасталды. Нарық заманында ешкімнің тегіннен-тегін біреулерге ақыл-кеңес айтып, алтын уақытын шығындағысы келмейті­нін ес­кер­генде тәлімгерліктен бас тар­туы­мыздың себебін түсінуге де болады. Осыдан келіп, орыс ағайындар айтатындай, «әркім өз сөлінде қайнауға» мәжбүр.

Жоғары лауазымды қызметтер атқа­рып жүрген басшылар осы мәселелер төңірегінде ойланып көрді ме екен, сірә? Ойланып көрсе, өз қызметкерлерін шақы­рып алып, әй, сендер ертеден қас қарай­ғанша кабинетте отыра бермей, жұмыс­тарыңды бітірсеңдер үйлеріңе барып, отбасыларыңмен бірге болмай­сыңдар ма, келінді жандарыңа алып, бала-шаға­ларың­ды онда-мұнда қыдыр­тып, әкелік парыздарыңды өтемейсіңдер ме, одан қалды, теледидар қарап, газет-журнал оқып миларыңды жаңартпай­сың­дар ма деген сияқты сөзді неше рет айтты екен? Әлде біреудің жағдайын біреу ойламайтын бүгінгідей заманда жастары үлкен, тәжірибелі ағалардың өздерінен кіші­лерге жанашырлық танытуы, жөн-жоба көрсетуі керек болмай қалды ма? Өткен ғасырдың 40-50-ші жылдары туралы баяндайтын естелік­терді оқысаң, сол замандарда оқуға түскен немесе еңбек жолын бастаған адамдар жастары үлкен, тәжі­рибелері мол, белгілі бір дәрежеге қол жеткізген кісілердің өздеріне қандай қам­қорлық танытқаны туралы елжірей еске түсі­реді. Сол ақжүрек ағаларының арқа­сын­да адам болғанын айтып мақтанады әрі ағаларын да мақтайды. Бүгінгі жастарымыз ертең жастық шақтарын еске алған кезде ағалары туралы не айта алар екен? Кейде көкейді осындай ойлар да мазалайды.

Біреулердің ол заман мен бұл заман тең емес, нарық аяқтан шалып тұрған мынадай уақытта әркім өз басының қа­мын ойлауы керек деп қарсы уәж айтулары мүмкін. Ол пікірмен де келіспеске лажымыз жоқ. Сөйте тұра, жаңағы өзіміз айтқан 40-50-ші жылдарда да жағ­дайдың жеңіл болмағанын, адамдар­дың тіпті қырғын соғыс жылдарында да бір-біріне қол ұштарын беріп, жәрдем­дескенін айтпай тағы тұра алмаймыз. Соған қара­ғанда, мәселе уақыттың ауырлығында немесе жеңілдігінде емес, мәселе адамдар­дың пиғылдарында болса керек. «Зама­ның түлкі болса, тазы боп шал» демекші, пиғылды да қоғам қалыптастырады.

Шындығына келгенде, осы мақала­ны жаза отырып біздің айтпағымыз дәл бұл емес еді. Біздің мақсатымыз, жоғарыда өзіміз аз-мұз тоқталып кеткендей, шенеу­нік атаулының бәрі бірдей керемет өмір сүріп жатыр ма, өз мін­деттеріне жауап­кер­шілікпен қарамайды деп олардың бәрін бірдей сынай беру дұрыс па деген сауалдарға жауап іздеп көру болатын. Негізгі тақырыптан сәл-пәл ауытқып кет­кенімізге қарамастан, ол сауалға жауап та қайтарған сияқ­тымыз. Тіпті, тақырыптан ауытқыған­дай болып көрінетін мысал­дар­дың өзі, түсіне білгенге, бастапқы ойды толық­ты­ра түсетіндей. Олай болса, сөздің тоқетері біреу, ол – «шенеунік» деген сөзді пайдаланып, қызмет істеп жүр­ген­дерің бәрін бірдей «ұнамсыз кейіп­кер» ретінде қабылдаудың еш қисыны жоқ. Шындап келгенде, олар да бір бастарына жетерлік проблемалары бар, кейде дұ­рыстап демалуға уақыт таба алмай жүр­ген өзіміз сияқты жұмысбасты адам­дар. Қолдарынан келгенше талпынып еңбек етіп жүрген ұсақ қызметшілердің бәрінің бірдей министр бола алмайтыны және белгілі. Егер істері өнбей немесе икемге көнбей жатса ол үшін кінәліні де басқа жақтан іздеген дұрыс. Өйткені, нашар ұстаздан жақсы шәкірт шық­пайтыны баршаға да мәлім. Ендеше, мемлекеттік қызметте жүрген көптеген замандастарымыз бен іні-қарындас­тары­мыздың нақақ­тан-нақақ сөз естуле­рі әділеттілікке жатпайды. Керісінше, оларға түсіністік танытып, ел үшін атқарып жүрген қызмет­теріне құрмет­пен қарауымыз керек.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,

«Егемен Қазақстан».