Аталған тақырыпта баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ІЖӨ тұрақты өсімі үш ай бойы 4,1% деңгейінде сақталып отырғанын атап өтті. «Жоғары инвестициялық және тұтынушылық сұраныс, сонымен қатар экономиканың базалық салаларындағы өндірістік белсенділік экономикалық өсімнің негізгі факторына айналды. Экономика өсіміндегі шешуші рөлді негізгі капиталға салынатын инвестициялар алып отыр. Биылғы 11 айда оның көлемі 18,3% өсті», деді Т.Сүлейменов. Оның айтуынша, өнеркәсіптегі және ауыл шаруашылығындағы өндірістік белсенділікті кеңейту көлік саласына оң әсерін тигізді. Қызмет көрсету саласы 4% өсімді қамтамасыз етті және ІЖӨ-ге елеулі өсім қосты. Сыртқы сауда айналымы тұрақты қарқынын сақтап отыр. 9 айда өсім 21,6%-ды құрады. Экспорт 28,2%-ға өсті. Бұл негізінен мұнай, АӨК өнімдері, мұнай-газ, алюминий және мыс кендерін сатудың артуына байланысты. «Еңбек нарығындағы жағдай тұрақты. Жыл басынан бері 468,6 мың адам жұмысқа орналасты (1 қарашадағы жағдай бойынша). Жалақы көлемі қарқынды түрде өсіп келеді. Биылғы қаңтар-қазан айларында орташа айлық жалақы 2,2%-ға өсіп, 159,5 мың теңгені құрады», деді Ұлттық экономика министрі.
Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев 2018 жылғы қарашада инфляция деңгейі 0,9%-ды құрағанын жеткізді. Жылдық инфляция қазан айындағы деңгейде сақталып, 5,3%-ды құрады. Бұл – жылдық инфляцияның 2015 жылдан бері ең төменгі көрсеткіші.
Қаржы министрі Әлихан Смайылов 11 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің кіріс (трансферттерді есепке алмағанда) жоспары 102,6% орындалғанын жеткізді. Бюджетке 7,38 трлн теңге қаржы түсті. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 232 млрд теңгеге көп. Республикалық бюджет кірістерінің жоспары 102,1%-ға және жергілікті бюджеттер 104%-ға орындалды. Қаржы министрі жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде 2017 жылдың 11 айымен салыстырғанда бюджет қаражаттарын игеру қарқыны біраз жақсарғанын атап өтті. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98%-ға игерілсе, республикалық – 98,6%, жергілікті бюджеттер 98,2% орындалған.
Республикалық бюджетке 11 айда 5,3 трлн теңге кіріс түсті. Бұл – 2017 жылдың жылдық жоспарынан артық. Шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтардың жылдық жоспары 109 млрд теңгеге және 38 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістердің өсу қарқыны 120%-ды құрап, былтырғы кезеңмен салыстырғанда бюджетке 873 млрд теңге көп түсті. Бұл негізінен салық түсімдері арқылы кірді. Республикалық бюджеттің шығыстары осы жылдың 11 айында 8,7 трлн теңгені немесе 98,6%-ды құрады. Жыл қорытындысы бойынша республикалық бюджет шығыстарының орындалуы 99,6% деңгейінде күтілуде. «Есепті кезеңде өңірлерге 698 млрд теңге мақсатты трансферттер бөлінді. 668 млрд теңге немесе 95,6% жергілікті деңгейде игерілді. 30 млрд теңге орындалмады. Оның 2 млрд теңгесі – үнемдеу сомасы. 28 млрд теңге игерілмеді. Бұл өткен жылдың 11 айындағы көрсеткіштен 34 млрд теңгеге төмен», деді Ә.Смайылов. Жақында жүргізілген бюджет түзетуінде 8 млрд теңгеге мақсатты трансферттердің көлемі қысқартылды. 1,8 млрд теңге өңірлер арасында қайта бөлінді. Қаржы министрі бөлінген трансферттерді жергілікті органдардың толық игерілуіне барлық жағдай жасалғанын айтып өтті.
Өнеркәсіп, құрылыс, көлік кешені салаларының 2018 жылдың 11 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады. Оның айтуынша, 11 ай қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің дамуы 104,5%-ды құрады (жоспар – 103,3 %). Оның ішінде тау-кен өнеркәсібінде – 104,7%, ал өңдеу өнеркәсібінде – 104,9%. Еліміздің 14 өңірінде өнеркәсіп өндірісі дамуының оң қарқыны сақталып отыр. Тау-кен секторында ССТӨБ-те өндіріс көлемінің артуына байланысты темір кенін өндіру көлемі 7,3%-ға өсті. Түсті металл кенін өндіру көлемі 3,9%-ға артқан. «Өңдеу өнеркәсібінде жылдық жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізіліп, бірқатар салада өсім байқалып отыр. Атап айтқанда, машина жасау саласы 15,7%-ға, былғары өндірісі 8,1%-ға, химия өнеркәсібі 7,2%-ға, қағаз өндірісі 5,1%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдар өндірісі 2,9%-ға және жиһаз өндірісі 2,4%-ға өскен», деді Ж.Қасымбек. Көлік кешені бойынша 11 айдағы нақты көлем индексі 104,6%-ды құраған. Ж.Қасымбек жылдық жоспарлы көрсеткішке транзиттік контейнерлік тасымалдар көлемі мен Қытайға газ экспортын арттыру есебінен қол жеткізілетінін атап өтті. Құрылыс бойынша нақты көлем индексі 103,9%-ды құрап, жоспарлы көрсеткішке қол жеткізілді. Соның ішінде тұрғын үй құрылысы бойынша 11 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 114,3%-ды құрады.
Ал Энергетика министрі Қанат Бозымбаев 2018 жылдың 11 айында отын-энергетика саласының негізгі көрсеткіштері оң өсім серпінін сақтап отырғандығын айтты. Соның ішінде 82,4 млн тонна мұнай және конденсат өндірілді. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,9%-ға жоғары. Оның ішінде, үш ірі жоба бойынша мұнай өндіру көлемі 49 млн тоннаны құрады: Қашағанда – 12 млн, Теңізде – 25,9 млн, Қарашығанақта 11,1 млн тонна мұнай өндірілді. Мұнай экспортының көлемі 66 млн тоннаға жетті, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 3,8%-ға артық. «Мұнай өңдеу көлемі шамамен 15 млн тоннаны құрады, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,6%-ға жоғары. Жалпы, министрдің айтуынша, мұнай өнімдері нарығындағы жағдай тұрақты, жанар-жағармай тапшылығы жоқ.
Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниевтің мәліметтеріне сәйкес, осы жылдың 11 айында ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 2,9%-ға артқан. Өсім негізінен мал шаруашылығы есебінен қамтамасыз етілген. Бұл саладағы өсім 3,9%-ды құраса, өсімдік шаруашылығында ол 2,3% болған. Биыл гектарына 15,1 центнер түсімділікпен 22,8 млн тонна астық бастырылды. Тірідей салмақтағы ет өндірісі 4,3%-ға, сүт өндірісі 3,3%-ға, жұмыртқа өндірісі 10,6%-ға өсті.
Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев министрліктер басшылары мен өңірлер әкімдерінің баяндамаларын тыңдағаннан кейін бірқатар тапсырма берді. Үкімет басшысы 11 айдың қорытындысы бойынша ел экономикасы оң даму қарқынын көрсетіп отырғанын атап өтті. Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруды жалғастыруда. Көлік және сауда салаларында қол жеткізілген жоғары нәтижелер аталып өтті. Бұған қоса, өнеркәсіптік дамуға қосымша серпін беруге тиісті байланыс және құрылыс салаларына ерекше көңіл бөлу тапсырылды. «Жыл қорытындысында ІЖӨ өсімін 4% көлемінде қамтамасыз ету бойынша Елбасы тапсырмасын іске асыру үшін барлық мүмкіндік бар», деді Б.Сағынтаев.
Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға мұқият қарауды ескертті. Келесі Үкімет отырысында орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жұмыс қорытындылары қаралатындығын еске салды.
Мұнан кейін Үкімет отырысында жекешелендіру жұмыстарының барысы туралы мәселе қаралды. Бұл жайында Қаржы министрі Әлихан Смайылов пен Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндады. «2018 жылы сатуға 243 нысан жоспарланды. Іс жүзінде 155 нысан сауда-саттыққа шығарылып, 88-і сатылды. 117 млрд теңге қаржы түсті. 67 нысан – сауда-саттықта. Тағы 8 нысан жылдың соңына дейін сауда-саттыққа шығарылады», деп мәлімдеді Қаржы министрі.
Өз кезегінде Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында Ұлттық экономика министрлігі артық және қайталанатын функцияларды анықтау тұрғысынан мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынышты ұйымдарын функционалдық талдауды 2019 жылы аяқтайтынын хабарлады.
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы жалпы нысандар сатылымы кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті. Б.Сағынтаев 8 нысанның сауда-саттыққа шығарылмағанын және қазіргі кезде 67-сінің саудада тұрғанын ескере отырып, министрліктер, жергілікті атқарушы органдар мен холдингілерге жылдың соңына дейін жекешелендіруге жататын нысандарды сауда-саттыққа шығару жұмысын аяқтауды, тізімдегі 48 нысанның сату алдындағы дайындық жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»