Бұқарбай батырдың шөбересі
Жалағаш кентінің Нысанбай жырау көшесіндегі №136 үйдің есігі қысы-жазы жабылмайды деуге болады. Себебі, мұнда ғасыр жасаған Раушан атты ана тұрады. Білетіндер оның атын атамайды, «Алып ана» дейді. Оның да өзіндік себебі бар. Енді соның мән-жайына тоқталайық.
Раушан апа жас кезінде совхозда сауыншы болып жұмыс жасап жүргенде, сол шаруашылықта қасына жан жуытпайтын сүзеген бұқа болыпты. Бірде жұмыста жүрген Раушан ойда жоқта сол бұқамен бетпе-бет кездесіп қалыпты. Қашуға мүмкіндік болмаса керек. Бұқа қарап тұрсын ба, мүйізімен түйремек болып ұмтылған ғой. Сол кезде жас келіншек қос қолымен оның мүйізінен ұстай алып, жер табандап тұрып алған көрінеді.
Жалағаш кентінің Нысанбай жырау көшесіндегі №136 үйдің есігі қысы-жазы жабылмайды деуге болады. Себебі, мұнда ғасыр жасаған Раушан атты ана тұрады. Білетіндер оның атын атамайды, «Алып ана» дейді. Оның да өзіндік себебі бар. Енді соның мән-жайына тоқталайық.
Раушан апа жас кезінде совхозда сауыншы болып жұмыс жасап жүргенде, сол шаруашылықта қасына жан жуытпайтын сүзеген бұқа болыпты. Бірде жұмыста жүрген Раушан ойда жоқта сол бұқамен бетпе-бет кездесіп қалыпты. Қашуға мүмкіндік болмаса керек. Бұқа қарап тұрсын ба, мүйізімен түйремек болып ұмтылған ғой. Сол кезде жас келіншек қос қолымен оның мүйізінен ұстай алып, жер табандап тұрып алған көрінеді. Мұндай кедергіге бұрын-соңды кезікпеген әлгі бұқа бар пәрменімен оңды-солды бұлқынса керек. Сол кезде қос мүйізі қабығымен сыпырылып келіншектің қолында қалыпты. Бір ғажабы әлгі бұқа содан кейін адамға ұмтылуын қойған көрінеді. Бұл оқиға тез арада аудан көлеміндегі елді-мекендердің барлығына тарайды. Сүзеген бұқаның тірідей қос мүйізін жұлып алған бұл өзі неткен алып келіншек деп оны көруге арнайы келушілер қатары да аз болмапты.
Міне, біз бүгін уақытында алып келіншек атанған, 101 жастағы Раушан апаның үйіне келіп отырмыз.
Апамыз мұнтаздай тап-таза бөлмеде демалып жатыр екен. Біз барғаннан кейін асықпай тұрып, сәлемдесіп болған соң жайғасып отырыңдар дегендей ишарат білдірді. Сөзді келіні Бақыткүл бастады.
– Ене, бұл кісілер сізге арнайы келіпті. Қазір сізді суретке түсіреді. Өзіңіз жайлы газет бетіне мақала жазбақ, – деді.
Осы сәтті күтіп тұрғандай менің серігім, аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің фототілшісі Махамбет Ахметов өз қызметіне кірісіп те кетті.
Біз Раушан апайдан өзі жайлы әңгіме айтып беруін өтіндік.
– Бұқарбай батыр бабамыздың жұбайы Шынар анамыздан үш бала болыпты. Олар: Көтібар, Алданазар, Томан. Бұлардың үшеуінен де ұрпақтар бар. Мен Алданазар атамның баласы Серәлі әкем мен Дәмегүл шешемнің отбасында 1901 жылы дүниеге келіппін. Атам Алданазар үш жүзге белгілі, дуалы ауызды, әрі әділетті, әрі тапқыр, әрі өткір азамат болыпты. Ел арасында Алданазар айтыпты деген өнегелі, өсиетті сөздер көп. Мен жас кезімде сол атамның әңгімесін естіп өскенмін.
Атам жазғытұрым жайлауға көшіп шыққаннан кейін көгалға кілемді төсетіп, оның үстіне қат-қабат салынған көрпеге жайғасып отыратын еді. Жай отырмайтын, айналасына барлық немерелерін, ауылдың барлық балаларын жинап алып, ұлдарды өз алдына, қыздарды өз алдына күрестіретін. Сонда мен өз қатарларымның барлығынан да басым түсетінмін. Атам Алданазар 1928 жылы көктемде, ел Қарақұмға көшіп бара жатқанда «Жыңғылды қақ» деген жерде, 84 жасында қайтыс болды. Атамның денесін әкесі Бұқарбай батыр бабамның қасына жерледі деген ол әңгімесін одан әрі жалғастырып әкетті. – Иә, уақыт шіркін өз дегенін жасайды екен. Жас ұлғайған соң адам ұмытшақ бола ма деймін. Айтайын десең, көп нәрсе есте сақталмапты. Біздер жасымызда «Қызға қырық үйден тиым» деген сөзді естіп, қазақтың салт-дәстүрін үлкендердің айтуы бойынша есімізде сақтап, оны іс жүзінде орындауға талпынып өскен ұрпақпыз.
Әкем мен бесікте жатқанда өзінің замандасы Табын руының Мөңке аталығының Қаржаубай атты азаматымен құда болуға уағдаласыпты.
Сонау жылдардағы зобалаң заманда әкемнің құдасы Өзбекстан жаққа қоныс аударып, елге кейін оралыпты. Олардан хабар күткен әке-шешем мені аталған жерге тұрмысқа 16 жасымда шығарды. Келін болып, түскеннен кейінгі басты мақсатым – өз әулетіме кір келтірмей, барған жеріме судай сіңіп кету болды. Шүкір, ол мақсатыма да жеттім. Дүниеге сегіз перзент әкелдім. Өкініштісі алтауы жастайынан шетінеп, Орынкүл мен Орынбек қана ұрпақ жалғастырып отыр.
Жалпы, елімізде әрбір отбасынан Ұлы Отан соғысына қатыспаған адам кемде-кем, тіптен жоқта шығар. Мұндай зобалаң Қаржаубай ақсақалдың да отбасын шарпып өтті. Жалғыз ұлы Емберген де 1942 жылдың тамыз айында Жосалы стансасынан қызыл вагонға мініп, соғысқа аттанған еді.
– Ембергенді, бүкіл отбасымызбен, ағайын-туған болып, шығарып салдық. Жосалы стансасына жиналған жұртта есеп жоқ болатын. Жылаған әйелдердің зарлы дауысы арада қанша жыл өтсе де құлақтан кетер емес. Бұл бір естен кетпейтін күн болды. Әсіресе, күйеуімнің «балалардың аманшылығына қара» деген сөзі құлағымда әліге дейін ызыңдап тұрғандай болады, – деп аяқтады сөзін Раушан апа.
Қолында қарт ата-енесі және екі баламен қалған ол енді үй шаруасымен отыра беруге болмайтындығын күйеуі соғысқа аттанған күнінен-ақ сезіне бастады. Ол кезде отырған қоныстары «Иіркөл» аталатын колхоз орталығы еді. Тұрмыс қиындығымен күресуге белді бекем буған ол еңбек жолын сауыншылықтан бастады.
Осы жұмысты ол қырық жыл бойы, яғни 70 жасқа дейін атқарыпты. Өзімен еңбектес болған зейнеткерлердің айтуынша, Раушан апа қандай сиыр сауса да сүт бұлағын ағызған көрінеді. Соны білетін ферма меңгерушісі мұның алдына емшегі қатты, сүт бергісі келмейтін асау сиырларды әкеліп береді екен. Ол кезде сүт сауатын техниканың жоқтығынан барлық жұмыс қолмен істелетін. Жаздың тас қайнатар шілдесінде, қыстың қақаған қытымыр аязында сауын малын күтіп баптау, одан сүт сауып алу оңай шаруа емес-ті. Осындай қиындыққа ол төзе де білді, оны жеңе де білді. Бүгінде осындай ғасыр жасаған ардагер ананың бар екендігін біреу білсе, біреу білмейді. Осы орайда біздер, көпшілік қауым, облыстық ардагерлер кеңесі аймақ басшысымен келісе отырып, облыстық теледидарда, газеттерде «Ғасыр ғұмыр ғибраты» атты айдармен ғасыр жасағандарды елге таныстыруды мақсат тұтып отырмыз. Мұның әсіресе, жастар тәрбиесіне қосар үлесі мол деген ойдамыз.
Әрбір жақсы бастама айналаға жақсы жаңалық әкеледі. Осы бастама арқылы адам жанының ұзақ өмір сүруге мүмкіндігі бар екендігіне, қолға алса жеңбейтін қиындықтың болмайтындығына өзіміз де куә болып отырмыз. Сондай кейіпкеріміздің бірі – өзіміз әңгіме етіп отырған Раушан Қосаева апайымыз.
Апайымыздың өмір белестерінде көрген қиындықтарын ауызбен айтып жеткізу тіптен қиын. Өткен ғасырдағы отызыншы жылдардың ашаршылығын басынан кешірген ананың өміріңдегі ең ауыр қасірет 1944 жылы Ембергеннен қара қағаз келуі еді. Алланың жазуынан артық ештеңе болмайды деген тоқтамға келген ол жарының соғысқа аттанып бара жатқандағы «балалардың аманшылығына қара» деген ең соңғы сөзін есіне алды. Ендігі алға қойған ең басты мақсаты екі баланы аман-есен ер жеткізу болды. Соғыс жеңіспен аяқталып, бейбіт өмір басталды. Соғыстан әбігер болған халық енді-енді есін жинай бастады.
Раушан апамыздың бұл кезеңдегі еңбек жолы жайлы М.Шәменов атындағы ауылдың ардагерлер ұйымының жетекшісі Тоқсейіт Қабылов ағамыз былай деп сыр шертеді.
– Раушан мен үшін жеңге, ал мен ол үшін қайнымын. Бір сөзбен айтқанда, оның келін болып түскенін көргендердің бірімін. Ол кезде той болған үйге ауыл адамдарының тай-тұяғы қалмай жиналатын еді. Біз бұл кезде ойын баласы едік. Кейін колхоздастыру науқаны басталған кезде бұл аймақта «Иіркөл», «Белсенді», «Жігер» атты шағын-шағын колхоздар пайда болды.
1949 жылдың басында үш колхоз қосылып «Молотов» атауын алды. Кейін «Коммунизм», сосын Мөрәлі Шәменов атындағы шаруашылық болды. Жеңгеміз ағамыз соғысқа кеткеннен кейін колхозда сауыншы болып жұмыс істеді. Сауыншылықты зейнетке шыққаннан кейін де жалғастырып, 40 жыл бойы сүт бұлағын ағызды. Бірнеше дүркін аудан бойынша ең үздік сауыншы атанды. Москвадағы ауыл шаруашылығы көрмесінің бірнеше рет медалін алды. Бұл еңбектегі қолы жеткен табысы.
Ал, оның күнделікті қарапайым өмірдегі өнегелі істері өз алдына. Ол адамды жатырқау дегенді білмейді. Ешкімді бөліп-жармайды. Адамның барлығы да оған туыс. Үлкенді де, кішіні де құрметтеді. Қаншама жыл бірге көрші тұрғанда оның біреуге ашу шақырып, біреуге ренжіген кезін көрген емеспіз.
Жеңгеміз тұрмыс-тіршіліктің де, жесірліктің де азабын көрген адам. Күйеуінен жас қалған көп әйелдердің қайтадан тұрмыс құрғандарының да куәсі болдық. Ол да өмір заңдылығы. Ал, біздің жеңгеміз ағамыздың шаңырағының түтінін түтетуден жазбады. Балаларын тәрбиелей жүріп, басына түскен барлық қиындықты жеңе білді.
Жеңгеміздің аса қайратты, аса қарулы әйел болғандығы бұл аймақтағы барша жұртқа мәлім. Бір мысал келтірейін.
1964 жылдың жаз айларының бірі болатын. Азаңғы сауыннан кейін дем алып отырған сауыншыларға таяп келген Төкен Мінайдаров деген азамат Раушанның ту сыртынан келіп, «Жеңеше, сенің күштілігіңді көрейін» деп өзінің 150 килограмдық салмағына сеніп оны екі иығынан баса бастаған кезде, жеңгесі отырған күйінше екі қолымен қайнысын басынан асыра лақтырып жібергенін өз көзімізбен көргенбіз деді 90 жастағы қайнысы Тоқсейіт Қабылов ағамыз. Мұндай өз заманының алып анасын қалай мадақтаса да, қалай дәріптесе де, қалай құрметтесе де артық емес. Бұл да Тоқсейіт ақсақалдың айтқаны. Бұған біз де қосыламыз.
Қызы Орынкүлмен отбасында кездесіп, Раушан апай жайлы сөз қозғаған едік. Сонда сексеннің төріне тақаған Орынкүл апай бізге былай деді:
– Апам бізді жасымыздан еңбек етуге үйретті. Қолдағы малдың қыстық азығын дайындау інім Орынбек екеуміздің мойнымызда болатын. Қыста жағатын отынды да екеуміз әзірлейтінбіз. Одан жаман болғанымыз жоқ. Жұрт қатарлы білім де алдық. Зейнеткерлікке шыққанға дейін аудандағы элеваторда күрішті ақтау цехында еңбек жасадым. Бүгінде немере-шөберелердің қызығын көріп отырған жайымыз бар. Апамның дене бітімі, жүріс-тұрысы, отырысы ғасыр жасаса да өз қалпынан пәлендей өзгере қойған жоқ. Рас, көзінің көруі ойдағыдай емес. Әйтсе де ешкімге салмақ салмай өзі жүреді. Үйге ағайын-туыстар келсе дауысынан-ақ таниды. Оған да шүкіршілік жасаймыз. Жүзден асса да аман болса екен деп тілейміз. Біздерге ол әлі бұрынғыдай жас сияқты көрінеді.
Осының алдында Раушан апаймен әңгіме үстінде Орынкүл сіздің тұңғышыңыз ба деп сұрағанбыз.
– Иә, ол тұңғышым. Бірақ өзі кішкентайынан ата-енемнің бауырында өскендіктен, әжемнің қызымын дейді деді ол.
– Сізді ше?
– Мені апа дейді. Оның өзі де сексенге қадам басты. Күйеуі Қаршабек екеуі өмірге 6 бала әкеліп, 14 немере сүйіп отыр.
– Ал, өзіңізден тараған үрім-бұтақ қанша?
– Мен қызым мен ұлымнан 10 немере,14 шөбере, 3 шөпшек сүйіп отырмын.
Әңгіме арасында әрбір адамның ең басты арманы ұзақ жасау ғой. Бәрі де жүзге жетуді армандайды. Алайда бүкіл аудандағы 40 мың адамның ішінен жүзден асқаны екеу ғана. Соның бірі өзіңіз. Сіздің арманыңыз бар ма? – дегенімізде:
– Армансыз адам болмайды. Өйткені, арман болмаса өмір де болмайды. Әрине, менің де арманым бар. Осы биыл Бұқарбай батыр бабамыздың 200 жылдық мерейтойы болады. Соған қатысып, сол тойды көрсем деймін. Ұрпағым аман болсын, ел биікке жетсін деп те армандаймын.
Арман демекші, Раушан ананың ұлы Орынбек 52 жасында дүниеден озыпты. Бүгінде бары да, нары да келіні Бақыткүл мен одан туған немерелері: Нұрымжан, Рахымжан, Әлия, Әсия.
– Нұрымжан мен Рахымжан көзімнің қарасы болса, Әлия мен Әсия көзімнің ағы ғой, – дейді Раушан әже.
Адам өмірінде небір таңғажайып сәттер болып жатады. Оны адамның өзі аңғармағанымен сырт көзге бірден байқалады. Сондай сәттердің Раушан апайдың өмір жолында да аз болмағандығын онымен еңбектес болған қариялардан естіп біліп отырмыз. Мәселен, Раушан апай 70 жасқа дейін еңбектен қол үзбепті. «Зейнеткерлікке шықтыңыз, демалмайсыз ба?! деген балаларына. – Менің он екі мүшел қозғалыста болмаса жаным жай таппайды, бос отырсам ауырып қаламын – деген ол одан әрі. Қарап тұрсам заман жақсы, ел тыныш, барлық жерде тоқшылық. Соған қарамастан, көптеген адамдардың, тіпті жастардың да өлім-жітімі көбейді. Миына қан құйылды, жүрегі тоқтап қалды дейді. Мұның барлығы, менімше дене қозғалысының аздығы ма деймін. Осы күні аттам жерге жұрт жаяу жүрмейтін болды. Соның зардабы бәрі де – дейді екен ол.
Қарапайым еңбек адамының осы тұжырымы қарап отырсаңыз, шындықтан алшақ жатқан жоқ.
Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Қызылорда облысы.