Шығай хан – қазақ тарихында өте аз уақыт билікте болғанымен, оның тікелей ұрпақтары Қазақ хандығының туы түпкілікті жығылғанға дейін екі жарым ғасыр билік жүргізді. Қазақ хандығының жығылған туын қайта көтеруге күш салған Кенесары хан да осы Шығай ханның ұрпағы болып келеді.
Шығай хан – Қазақ хандығының негізін салушылардың бірі – Жәнібек ханның немересі, Жәдік сұлтанның көп ұлдарының бірі. Жәнібек ханның тоғыз ұлы болғаны белгілі. Ортағасырлық деректердің шежірелік мәліметтерінде оның әкесі – Жәдіктің есімі Жәнібек ханның тоғыз ұлының ең кенжесі ретінде соңынан беріледі. Қадырғали Жалайыр өз еңбегінде Жәнібек ханның тоғыз ұлы туралы мынадай мәліметтер айтады: «Оның (Жәнібек ханның) ұлдарынан немерелеріне дейін тарқалып көп ұрпақ өсіп-өнді. Бірақ олардың әрбірі бір ұрық (әулет) болып өз уәлаяттарында патшалық құрып билеп өтті» дей келе, үш ұлды Қасым ханды, Үсек (Үснак, Ұзақ) ханды және Жәдік ханды «хан» лауазымымен жазады да, Қамбар мен Әдікті «сұлтан» деп көрсетеді. Ал қалған төрт ұл: Иренджи сұлтан (Жиренше), Махмуд сұлтан, Жаныш сұлтан, Тыныш сұлтан және олардың ұрпақтары туралы ешқандай мәліметтер жазбайды.
Шығай ханның әкесі Қадырғали Жалайырдың және тағы басқа ортағасырлық авторлардың деректерінде «хан» лауазымымен айтылуына қарағанда, ол Қазақ хандығындағы бір ірі ұлыстың билеушісі болса керек. «Шежірелер жинағының» авторы «Жәдік ханның көптеген әйел мен күңі болды, оның балалары да көп еді» деп, одан әрі «Оның аса әйгілі даңқты ұлдары: Тоғұм хан, Бөкей сұлтан, Шығай хан мен Мәлік сұлтан. Соңғы екеуінің шешесі Абайқан бегім еді» деп жалғастырады.
Кейбір зерттеушілердің Жәнібек ханның екі ұлын – Жәдік пен Әдік сұлтандарды бір адам деп қабылдап, соңғысы қайтыс болған 1503 жылды – Шығай хан әкесінің өмірден озған жылы деп түсінетіндігін және мұндай тұжырымның қате екендігін Т.И.Сұлтанов өз зерттеулерінде дәлелдеген. «Шежірелер жинағындағы» мәліметтерге қарап, Жәдік ханның шамамен қай жылдары қайтыс болғанын анықтауға болады. Қадырғали Жалайырдың: «Жәдік хан Шағым мырзамен соғысып, Жыланды төбеде бір ұлымен бірге шаһит болды. Оның қабірі Үргеніштегі Бақырған атада жатыр» деген мәліметі XVI ғасырдың 20-30-шы жылдары болғанын көрсетеді. Шағым мырза, ол – Шейх-Мұхаммед (Шихым, Сагим деп те айтылады) XVI ғасырдың 20-30-шы жылдары ноғай ұлыстарында зор беделге ие болған Мұса бидің ұлдарының бірі. Қазақ хандығының «уақытша әлсіреу» кезеңінде 70-ке жуық қазақ сұлтандарының қаза тапқаны туралы деректерде айтылса, Шығай ханның әкесі солардың бірі болған.
Шығай хан өмірінің сұлтандық кезеңі жөнінде Қадырғали Жалайырға сүйенсек, ол былай деп баяндайды: «Шығай ханның хикаясы әрқашан оның батырлығымен мәлім, мәшһүр болды». Осы бір сөйлемнің өзі бізді Шығай ханның жас шағындағы жеке болмысынан хабардар ете алады. Ол таққа келер кездегі жасы сексенге таяп қалса, онда оның дүниеге келген кезі шамамен XVI ғасырдың алғашқы жылдарына сәйкес келеді. Ал Қазақ хандығы үшін ең ауыр болған сол ғасырдың 20-30-шы жылдары Шығай сұлтан орда бұзатын жаста еді. Осы жылдары батыстағы ноғай мырзаларымен, Мауренахрдағы шайбанилық сұлтандармен және Шығыс Түркістандағы шағатайлық сұлтандармен болған сансыз шайқастардың бел ортасында жүріп, жас сұлтан ретінде батырлығымен, батылдығымен көзге түскен секілді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, осы жылдары сыртқы жаулармен болған көптеген шайқас пен ұрыста жетпіске жуық хан мен сұлтан қаза тапса, Шығай осылардың бәрінен аман қалып отырады. Бүкіл Дешті Қыпшаққа оның атақ-даңқы осы жылдары таралып кетсе керек. Қ.Жалайырдың мәліметі осыны көрсетіп отыр. Ал «Шараф-наме-йи шахи» еңбегінің авторы Хафиз Таныш оның өмір жолы туралы: «... далада ержетіп, ұлы істерді жасауда небір қиындықтарды басынан өткерді, көп уақыттар бойы өмірдің тәтті мен ащы дәмін татты» деп бейнелеп суреттейді.
Хақназар ханның 40 жылдай билігі тұсында Шығай қазақ қоғамындағы ең танымал тұлғалардың біріне айналады. Ортағасырлық мұсылман авторларының деректері мен орыс тіліндегі ресми құжаттарда оның есімі Хақназар ханмен, Жалым сұлтанмен бірге аталады. Хафиз Таныш: «Хақ-Назархан, Жалым-сұлтан, Шығай-сұлтан, Достай-сұлтан секілді қазақ билеушілері (падишахан-и казак) басқа да бауырларымен және ұлдарымен Талас өзенінің бойында орналасты» деп баяндаса, осы жылдардағы орыс тіліндегі деректердің мәліметтерінде қазақ билеушілерінің есімдері «Хақназар хан, Шығай сұлтан, Жалым сұлтан және тағы басқа сұлтандар» деп рет-ретімен айтылады. Бұл келтірген деректердің бәрі Шығай ханның ресми түрде билікке келген кезіне дейінгі қазақ қоғамындағы мәртебесі мен ел басқарып отырған билеуші топ арасында алған орнын көрсетсе керек.
Әзірге тарих ғылымына белгілі және ғылыми айналымға енгізілген дерек мәліметтерінде Шығай ханның есімі Хақназар ханмен бірге XVI ғасырдың 60-шы жылдарының соңындағы қазақ-ноғай қатынастарына байланысты кездесе бастайды. Бұл жылдар Қазақ хандығының қайта өрлеу кезеңіндегі жан алысып, жан берісіп жатқан жылдар болатын. XVI ғасырдың 50-ші жылдарының ортасындағы Ноғай Ордасындағы саяси және экономикалық дағдарыстар ноғай жұртын қатты күйзеліске ұшыратып, елді Үлкен ноғайлы және Кіші ноғайлы деп аталатын екі бөлікке бөліп жіберген болатын. Саяси күрестер барысында ноғай мырзаларының бір бөлігі қазақтарды паналауға мәжбүр болады. Міне, осы жылдары Хақназар хан, Шығай сұлтан және тағы басқа сұлтандар бастаған қазақ күштері Еділ-Жайыққа дейінгі жерлерді қайтару үшін күресті бастап кетеді. Осы жылдардағы күрес барысында алғаш рет Шығайдың есімі орыс деректерінде кездесе бастайды. 1569 жылы ноғайларға барып қайтқан орыс елшісі Семен Мальцев: «...и Казатцкие орды Акназара царя и Шигая царевича и Челыма царевича, а с ними 20 царевичев, приход их был на Нагай, и был бой писал...», деп хабарлайды.
1579 жылдан бастап Хақназар хан, Шығай сұлтан және басқа қазақ сұлтандарының іс-әрекеттері оңтүстік бағытта, Мауренахрдағы шайбанилық сұлтандарға қатысты жүргізіле бастайды. Осы кездегі оқиғалар барысын тарихшы Хафиз Таныш біршама жақсы баяндайды.
XVI ғасырдың 40-шы жылдары Мауренахрда басталған саяси дағдарыс сол ғасырдың 70-ші жылдары одан әрі өрши түсіп, күрес шайбанилық сұлтандардың екі тобы арасында жүреді. Дешті Қыпшақтағы «көшпелі өзбектер» мемлекетінің 1428-1469 жылдардағы билеушісі болған Әбілқайыр ханның екі шөбересі – II Абдаллах хан мен Баба сұлтан күрес отын одан әрі қыздырады. Олардың шығу тегі былайша тарқатылады: Әбілқайыр ханның 11 ұлының екіншісі Қожамұхаммед, одан Жәнібек сұлтан, оның 12 ұлының ең кішісі – Ескендір хан, Ескендір ханнан – II Абдаллах хан, ал Әбілқайыр ханның тоғызыншы ұлы – Сүйініш қожа сұлтан Ұлығбектің қызы Рабиға бегімнен туған. Одан Наурыз Ахмед хан (Барақ хан), оның сегіз ұлының үшіншісі – Баба сұлтан.
1550-1570 жылдары Мауренахрда II Абдаллах хан ең күшті саяси күшке айналып, шайбанилық сұлтандардың иеліктерін бірте-бірте күшпен бағындыра бастайды. 1557 жылы ол Бұхараны басып алады да, әкесі Ескендірді 1560/1561 жылы Бұхарада хан көтереді. 1573 жылы Балхты, 1574 жылы Хисарды, 1578 жылы Самарқанды алады. Келесі қала Ташкент болды. Ташкентте ол Наурыз Ахмед ханның үлкен ұлы Дербіс сұлтанды билеуші ретінде отырғызады. Наурыз Ахмедтің үшінші ұлы Баба сұлтан туған ағасын өлтіріп, өзін хан деп жариялайды да, II Абдаллах ханға қарсы шығады. Шайбанилық екі хан өз жағына Қазақ ханы мен сұлтандарын тартуға тырысады. Сол кездегі қазақ билеушісі – Хақназар хан Баба сұлтан мен II Абдаллах хан арасындағы талас-тартыстарда геосаяси тұрғыда Бұхара билеушісін қолдайды. Өйткені Ташкенттің күшеюі Сыр бойындағы қалалар мен жайылымды жерлерге қауіпті болатын. Кез келген уақытта ташкенттік билеушінің жарлығымен осы маңдағы қазақ ру-тайпалары тонау мен талан-таражға түсетін. Сол себепті де Хақназар ханға іргедегі қарсыласын күшейткеннен гөрі алыстағы қарсыласымен одақтасу тиімді болды. Сол мақсатта Хақназар хан мен II Абдаллах хан арасында «келісім мен одақ» жасалады.
Баба сұлтан өз билігін сақтап қалу үшін небір қитұрқы тәсілдерді қолданады. Біресе Бұхара ханына бағынатынын білдірсе, біресе оған қарсы шығады. Қазақ билеушілерінің саясаты туралы Бұхараға жалған ақпараттар беріп отырады. Ақыры ол 1580 жылы сәуір айында Шарапхана өзені бойында өзімен кездесуге келген Жалым сұлтанды, оның екі ұлын, Хақназар ханның екі ұлын қапыда өлтіреді де, Хақназар ханды өлтіруге ең сенімді адамдарының бірі – шайбанилық Бузахур сұлтанды аттандырады. Дерек мәліметінде Хақназар ханның нақты қалай қаза тапқандығы айтылмаса да, біз бұл қайғылы оқиғаны 1580 жылдың сәуір айының соңында болған деп есептейміз. Осы деректің 1580 жылдың 10 маусымындағы оқиғаларды баяндайтын мәліметінде қазақ ханы деп Шығай есімі атала бастайды.
Зерттеушілердің бәрі Шығай ханның өз ұлдарымен Абдаллах ханға келуінің себебін толық түсіндіруге тырысып келеді. Алғаш рет мұны В.В.Вельяминов-Зернов мәселе ретінде көтеріп, былай деп жазған болатын: «Шығай хан өмірінің соңында даланы неге Бұхараға айырбастағанын шешуге тырыспаймыз. Мүмкін, Абдалла ханның қуатының артқаны туралы хабар және тағы да басқа жағдайлар оны өзбектерден пана іздеуге итермелеген шығар». Ал А.П.Чулошников бұның себебін Шығай ханның қазақ жеріндегі беделінен айырылуымен түсіндіреді. 2010 жылы жарық көрген «Қазақстан тарихының» академиялық басылымында бұл мәселе тереңірек қарастырылып, оның мынадай себептері былайша көрсетіледі: «Тегінде, Шығай хан амалсыздан кеткен болса керек: оны басқа да қазақ хандары қудалаған. Шынына келгенде, Шығайдың Абдаллах ханға кетуіне бірнеше себеп болған және қазақ ханының бұл саяси қадамын сол себептерді кешенді түрде алғанда ғана түсіндіріп бере алады» дей келе, «Орын алған жағдай өзара қырқыс туғызды, оларға сыртқы саяси қиыншылықтар қосылды. Қазақ әміршілері орын алған жағдайдан шығар жол іздеуге мәжбүр болды да, олар Орта Азия жағына көз тікті». Белгілі тарихшы Т.Омарбеков те осындай тұжырымдарды қолдай келе, Шығай ханның Абдаллах ханға кетуін былайша түсіндіреді: «Осындайда қол астындағы елді қорғай алмай, оның үстіне қазақ сұлтандарының сенімінен айырылған Шығай хан амалсыздан бұхаралық Абдолладан көмек сұрауға мәжбүр болды».
Біз де жоғарыда келтірген зерттеушілердің пікірілерімен толық қосыла келе, өз тарапымыздан қосымша ретінде мынадай ойларды білдіреміз. Шығай ханның Мауренахрға кетіп, сонда қайтыс болуы және сол маңда жерленуі қазақ хандары арасында болған алғашқы оқиға емес. XVI ғасырдың басында Мұхаммед Шайбани ханның қазақтарға қарсы жасаған төрт жорығына ешқандай қарсылық ұйымдастыра алмаған Бұрындық хан да, ел ішіндегі беделінен айырылып, 1510-1511 жылдар шамасында өз әулетімен Самарқан жаққа қоныс аударған және де сол жақта қайтыс болып, мәңгілік мекенін Үргеніштен тапқан еді.
Егер де Хақназар ханның қаза табуы 1580 жылдың сәуір айының соңғы он күні ішінде болса, Шығайдың «хан» лауазымымен алғаш рет жазба деректе аталуы маусым айының алғашқы он күніне сәйкес келеді. Жазба дерек мәліметіне ілінгенге дейін-ақ Шығайдың хан болуы әбден мүмкін. Соған қарағанда Хақназар ханның қазасынан кейін бір айдың о жақ, бұ жағында Шығай «хан» лауазымын иеленген сияқты. Ал қазақ халқында хан сайлау рәсімінің өткізілу дәстүрі бойынша, қаза тапқан ханды жерлеуден кейін бүкіл елге хабар жіберіледі. Таққа үміткер өзін қолдайтын сұлтандармен, билермен, бектермен, батырлармен ашық түрде, жасырын түрде келіссөздер жүргізеді. Басқаша айтқанда, ханның кандидатурасы әбден пісіп-жетілдіріледі. Содан кейін ғана хан сайланатын күн белгіленеді. Хан сайлау – көбінесе, ханды ұлықтау, рәсімдеу, яғни хан көтерумен аяқталады. Сол кездегі жағдаймен салыстыра қарасақ, хан сайлау рәсімі бірталай уақытқа созылатын болған. Ал Шығайдың хан болуы жоғарыда айтқандай, өте қысқа уақытта өткен. Бұл дегеніміз – Шығайды хан сайлауға бүкіл қазақтың саяси және билеуші тобы емес, ханға жақын аз ғана топ қатысып, өте қысқа уақыт ішінде хан көтерген. Міне, осыдан кейін Шығайдың ел арасындағы беделі таудан домалаған тастай құлдырай бастаған.
Мұны сезген Шығай хан өзінің ішкі қарсыластарынан жоғары тұру үшін, өзіне қолдау табу үшін Абдаллах ханға арқа сүйейді. Хафиз Таныш қазақ қоғамындағы қалыптасқан жағдайдан хабардар болып, Шығай хан туралы өз мәліметінде «...Шығай Абдаллах ханға бағыну белдігін беліне байлайтындығын және (оған) берілгендіктің бұғауын мойнына ілетіндігін хабарлады», деп суреттейді.
1580 жылдың маусымы мен 1581 жылдың маусымы аралығында Шығай ханға қатысты оқиғалардың ішінде біреуі ғана өте қысқаша түрде баяндалады. Ол – Баба сұлтанға қарсы аттанып, жеңіліс табуы. Осылайша, Шығай хан үшін алғашқы шайқас сәтсіз басталып, жалғасын табады. Сөйтіп, дерек мәліметінде оның 1581 жылы маусым айының басында Қаратал деген жерде орналасқан Абдаллах ханның ордасына ұлы Тәуекел сұлтанмен және басқа да ұлдарымен ғана келгендігі айтылады. Дерек мәліметінен оның бір елдің ханы болып ресми ретінде емес, керісінше бас сауғалап, өз елінен қашып келген адамның кейпін байқауға болады. «Кейбір жекелеген беделді адамдар мен сарай қызметкерлерінің араласуымен ол (Абдаллах ханмен) кездесу құрметіне ие болды». Мауренахр билеушісі өз кезегінде Шығай ханға ерекше құрмет көрсетеді. «Шараф-наме-йи шахи» еңбегінде: «(Шығай ханға) ерекше құрмет пен мейірбандылықтың барлық түрі көрсетілді, (Абдаллах хан) оған Ходжент жерін иктаға берді. Ол Шығай ханды жағымды уәделермен үміттендірді және сенімді көмек беруге уәде берді (және) ханға лайықты той жасады», деп жазады Хафиз Таныш». Одан әрі дерек авторы Шығай ханның өте риза болғандығын және әрбір сағат, әрбір минут сайын Абдаллах ханды мақтап өлең айтқанын жазады.
Осы келтірген дерек-мәліметінен мынадай жағдайларды көреміз.
Біріншіден, Шығай ханның Абдаллах ханмен кездесуі мемлекетаралық кездесу емес, сол себепті кездесуді арнайы адамдар емес, жеке адамдар ұйымдастырған. Бұдан шығатын қорытынды – Шығай хан Абдаллах ханға амалсыздан келген.
Екіншіден, Абдаллах хан Шығай ханмен тең дәрежеде емес, керісінше, аяушылықпен қарап, мейірбандық көрсеткен. Соған қарағанда Шығай ханның жағдайы онша жақсы да болмаған.
Үшіншіден, Шығай ханға иктаға жер берген. Абдаллах хан өзіне керек адамдарды қажет кезінде пайдалану үшін қол астында ұстауды жөн көрген.
Төртіншіден, Абдаллах хан Шығай ханға сенімді көмек беруге уәде берген. Бұдан түйетін ой мынау: Абдаллах хан Шығай хан мен оның ұлдары арқылы Қазақ хандығының ісіне араласып, солтүстіктегі көршісін өзіне жартылай тәуелді етуді немесе ондағы билеуші топты үнемі саяси араздықта ұстап отыруды мақсат еткен.
1581 жылы маусым айының соңында Абдаллах хан Бұхараға қайтар жолда Шығай ханды Ходжентке жібереді де, Тәуекел сұлтанды өзінің жанында қалдырады.
Шығай ханға қатысты келесі және соңғы деректе оның ұлы Тәуекел сұлтанмен бірге Абдаллах ханның 1582 жылдың наурызы мен тамызы аралығында Баба сұлтанға қарсы жасаған жорығына қатысқандығы туралы мәлімет бар. Баба сұлтанның соңына түскен Абдаллах хан Орталық Қазақстандағы Ұлытау маңында қарсыласының орналасқанынан хабардар болады да, әскерін сапқа келтіреді. Абдаллах хан әскерінің оң қанатының авангардына Шығай ханды, Тәуекел сұлтанды тағайындайды. Жошы хан мавзолейінің маңында орналасқан Баба сұлтан қарсыласының қимылына төтеп беруге шамасының жетпейтінін біліп, маңғыттарға қарай қашады. 1582 жылдың 29 сәуірі күні Шығай хан бастаған авангард Баба сұлтанның адасып қалған тобына шабуыл жасап, мол олжаға кенеледі.
Маңғыттардан қолдау таппаған Баба сұлтан кері оралып, тамыз айында Сығанақ жаққа келеді. Осы маңда Шығай ханның ұлы Тәуекел сұлтанның әскери тобына тап болады да, ұрыс барысында қаза табады. 1582 жылдың 7 тамызы күні оның кесілген басы Абдаллах ханға әкелінеді.
Хафиз Таныштың деректерінде Шығай ханның есімі 1582 жылғы Абдаллахтың Баба сұлтанға қарсы жасаған жорығында соңғы рет кездеседі. Осыны негізге алып, тарихшылардың бәрі осы жылды Шығай ханның қайтыс болған жылы деп санайды.
Қадырғали Жалайыр Шығай хан туралы: «Ақырында ол да дүниеден өтті. Бұл күнде оның қабірі Күміскентте, Әли Атаның қасына жерленген», деп жазады. Ал В.В.Вельяминов – Зернов болса, Шығай хан «жалғыз қалып, қайтыс болды» деп нақтылай түседі.
Шығай ханның ұлдары ішінде екі ұл ғана, Тәуекел хан мен Есім хан 40 жылдан астам уақыт бойы билікте болады. Ал одан кейін бірнеше ғасыр бойы Қазақ мемлекеттілігін басқарған тұлғалар – Шығай хан ұрпақтары болды. Олардың бірнешеуі Қазақ хандығының саяси тарихында басты рөлдерді атқарып, халық жадында өшпестей қалды.
Берекет КӘРІБАЕВ,
ҰҒА корреспондент-мүшесі,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы