27 Маусым, 2012

Алдыңғы толқынның орны бөлек

515 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Алдыңғы толқынның орны бөлек

(«Қаңтарулы тұлпарлар, қайдасыңдар?» атты ақындар айтысынан туған ой)

Жақында «Алтын қыран» қайырымдылық қорының демеушілігімен «Қаңтарулы тұлпарлар, қайдасыңдар?» атты ақындар айтысы болып өтті. Бұл сайыстың басты ерекшелігі кезінде халқымыздың ұмытылып бара жатқан өнерін жандандырып, оны жаңа биік тұғырға қондырған жыр қырандарының қанат қомдап, ел алдына домбыра ұстап қайта шыққандығы еді. Айтыс ақтангерлері сахнаны сағынса, халық та аттары аңызға айналғандай жыр жүйріктерімен қауышар сәтті тағатсыздана күткені анық-ты.

 


(«Қаңтарулы тұлпарлар, қайдасыңдар?» атты ақындар айтысынан туған ой)

Жақында «Алтын қыран» қайырымдылық қорының демеушілігімен «Қаңтарулы тұлпарлар, қайдасыңдар?» атты ақындар айтысы болып өтті. Бұл сайыстың басты ерекшелігі кезінде халқымыздың ұмытылып бара жатқан өнерін жандандырып, оны жаңа биік тұғырға қондырған жыр қырандарының қанат қомдап, ел алдына домбыра ұстап қайта шыққандығы еді. Айтыс ақтангерлері сахнаны сағынса, халық та аттары аңызға айналғандай жыр жүйріктерімен қауышар сәтті тағатсыздана күткені анық-ты.

Әсері мол, жаныңды жадыратар жақсы шаралардан кейін қазақ көзайым болдым, кө­ңілім орнына түсті деп жатады. Ел мақтанышына айналған ақын­дар­­мен қайта қауышып, біз де көзайым болдық десем артық айтқандық емес.

Ал, енді алғашқы толқын – айтыс ақындарының ерекше­лік­­тері неде деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Олар жо­ғарыда айтқанымыздай, қырық жыл көлемінде ұмыт бола бастаған ұлттық өнеріміздің ақберен жанры – айтысты қай­та тіріл­тіп, ортамызға оралтуға қомақ­ты үлес қосты. Бұл бас­таманың басты қиындығы – олардың қолында тек аттары ғана белгілі бұрынғы айтыс­керлердің бейнетаспа түгілі үнтаспасы да жоқ еді. Олар айтысты жандандырып қана қой­май, оны өткірлігі, көркемдігі жағынан жаңа биікке көтерді. Жүрсін Ермановтың кі­ріспе сөзінде айтылғандай, ай­тыс­тың бәйгесі үшін айтысқан жоқ, осы жауынгер жанрдың алдындағы абзал парыздарын абыроймен ақтауды ойлады.

Ол кезде айтыстың беделі қаншалықты биік болғанды­ғын, аға ұрпақ өкілдері, біз жақсы білеміз. Ауылды жерлерде теледидардан айтыс көр­сетілетін кү­ні тойға адам жиналмай, амал­сыз кейінге қал­дырылған­ды­ғына талай рет куә болған­быз. Сол жылдары өмір­ге келген сәбилерге ақтангер ай­тыс­керлердің есімдері бері­летіні де есімізде. Көрерме­нінің жүрегін жаулап, көңі­лінен шыққан ақынның дауысын айнытпай салып, айтқан сөзін өзгертпей, жаттап алып, мақтанышпен айтып жүрген талай ауыл баласын да кө­зімізбен көрдік.

Енді сол кездегі айтысты халық неге соншалықты жақсы көреді деген мәселеге келейік. Ол кезде айтыс үстінде ақын­дар ұлттық, елдік мәселелерді батыл көтеретін. Олар шын мәнінде халықтың жырын жыр­лап, мұ­ңын мұңдады. Ке­зінде көптің көңілі­нен шы­ғатын мәселелер көтеріл­генде көпшіліктің орындарынан тұ­рып кеткендігіне немесе сах­наға жүгіріп шыққа­ны­на, айтыс қанша ұзаққа созылса да халық тарап кетуге асықпай, далада дәліз жасап тұра қалып, ақын­дарға құрмет көрсеткен­де­ріне куә болдық. Айтыс түн ортасы ауа аяқталса да, ертесіне жергілікті газетте бір сөзі де қысқармай жарияланатын. Та­ғы бір жақсылығы – айтыста айтылған сындардан жедел қоры­тынды шығарылып жататын. Қо­жа Ахмет Ясауи кесе­несіне Тай­қа­занның қайта оралуы, Ермак­тың ескерткі­ші­нің құ­ла­тылуы, көптеген жер, көше аттарының өзгертілуі осының нәтижесі.

Тағы бір бөліп айта кететін жай, олар сахнаға шыққанда ха­лық бұ­рынғы сал, серілер тіріліп келгендей әсерде болатын. Олар­дың әр­қайсысының мақамы, сөз саптасы, киім киісі, сахнада өзін өзі ұстауы бір-біріне мүлдем ұқ­самайтын. Алғаш дауыстары ес­тілгеннен кім­нің кім екенін жүз адамның ішінен бірден ажыратып алу ешқандай қиындық ту­ғыз­байтын. Әселхан­ның салмақ­ты сөздері, жарасымды әзілдері тыңдармандар жүрегіне жол тауып жататын. Әселхан қатыс­паған айтыстарда оның орны ойсырап тұратын. Әсия болса әр сөзін нық шегедей қадап айтып, жорға­сы­нан жаңылмайтын. Ол сонымен қа­тар соңғы жылдары жаңа қырымен танылып, жеке ән кеш­терін де өткізіп жүр.

Мен Торғай облысында көп жылдар көлемінде еңбек еттім. Сонда Қонысбай бастаған ай­тыс­­керлердің әр қадамына жа­нашыр­лықпен көз тастап жүре­тінмін. Облыс басшылары олар­дың киім киістеріне де ерекше маңыз бе­ріп, басындағы бөр­кінен бастап аяқта­рындағы ке­бістеріне дейін арнайы тапсырыспен тіктіретін. Қателес­пе­сем, айтыста алғаш бөр­кіне үкі қадаған да, сақал қо­йып шыққан да Қонысбай болатын. Соңынан ерген Жадыра Құт­жанова, Игі­лік Бейсенбаев, Отар Нұрман­ғалиев, Бүркіт Бекетов, Қабден Байқо­сыновтар әлі күнге дейін ел есін­де. Солардың ізін басқан Айбек Қалиевтың өзі бұл күн­дері шәкірт тәрбиелеп жүр.

Қонысбай – өзі ақын, өзі композитор, өзі әнші, сан түрлі өнер иесі. Оның әр жерде табан астында тауып айтқан әдемі әзілдері «Қонысбайдың қал­жың­дары» деген атпен жеке жинақ та болып шықты.

Өзімнің туған өлкем – Жетісу жері болғандықтан Айтақын Бұл­­­­ғақов, Ханша Дүкенова, Жандарбек Бегімбетовтерді ай­тысқа ал­ғаш араласқаннан бас­тап жақсы білемін. Тіпті осы азаматтардың ақындық өнердегі өзіндік орындарын табуына барлық жағынан қамқорлық жасап, нағыз жанашырлық таныта білген мар­құм Нәби Құмар­бек­ұлы Сәрпеков екенін біреу білсе, біреу білмес. Ал, енді Ай­тақын­ның баласы Жан­дарбектің де бәйге бермей топ жарып жүруі қазіргі айтыс­тағы жарасымды құбылыс болып саналады.

Айтыс көшінде Шорабек Ай­да­ровтың да ешкімге ұқсамай­тын қолтаңбасы бар. Ол: «А-ға-йын!» деп үнін соза бастағанда-ақ көп­шілік күлкіге көміле бас­тайды. Қай кезде де сүйкімді кейпінен танбайтын Абаш Кәке­нов – керемет әнші, «сары тентек» атанған Қуаныш Мақсұтов­тың елге ерке­леуі де өте жарасымды. Қыр­шаңқы тілі, өткір қалжыңымен айтыстың шырайын кіргізіп жү­ретін Есенғұл Жақыпбековтің де орны бөлек. Міне, алғашқы ай­тыстың тұл­пар­ла­рын халықтың сағынатын себебінің де төркіні осында жатса керек.

Біз бүгінгі айтыскер іні-қа­рындастарымыздың өнеріне шек келтірмейміз. Өкінішке орай, олар алдыңғы толқын – аға-әп­келері секілді өзіндік бет-бей­нелерінің қа­лыптасуына жете мән бере бермейтіні байқалады. Өйткені қа­зір барлық ер ақын­дар бір ма­қаммен, барлық қыз ақын­дар да бір мақаммен айтатындай болып көрінеді. Тіпті бір-біріне қарсылас болып отырған екі ақынның ортақ мақамнан шыға алмай қала­тын кездері жиі кез­деседі. Сон­дықтан олардың олқы түсіп жатқан тұс­тарын «қаңта­рулы тұлпарлардың» шебер­лігі есебінен толықтыратын кез жеткен еді. Қазір Мәде­ниет минис­трлігінің басшы­лығына ұлт­тық намысы бар азаматтардың келіп жатқаны көңіл қуантады. Сол секілді Мемлекеттік хатшы­мыз­дың да айтыстың аяғынан тұрып ке­туіне сіңірген еңбегі ерекше. Ендеше, жас айтыскер­лерді тәр­­биелейтін мектеп не орта­лық ашы­лып, бұрынғы ай­тыс­кер­лер­дің бай тәжірибелері ұлт­тық өне­ріміздің игілігіне айналса құба-құп емес пе?

Бұл орайда жоғарыда аттары аталған аға буын өкілдері қазіргі жас ақындардың сөз сайыстарына талдау жасап, өз ойларымен бөлісіп, бағыт-бағдар берсе, нұр үстіне нұр болмас па? Сонда айтыскерлер «Тарысы піскеннің тауығы болмай», бас­тарын биік ұстап, айтыстың сапасы артып, көр­кем­дік дең­гейі көтеріле түсе­тіні сөзсіз.

Аға буын айтыскер ақын­дар­­дың тартымды туындыларын жинақтап, кітап шығарса да ар­тық болмас еді. Ондағы айтыл­ған те­рең ойлы теңеу­лер, ел мен жердің келешегі үшін айтылған сын-пікірлер мен жат әрекет­тер­ден арылуға себеп болған өткір сөздер әлі де болса кәдеге жарары сөзсіз.

Айтыстың шын жан­күйер­­ле­рінің «Қаңтарулы тұлпар­лар, қайдасыңдар?» сайысын ұйым­дастырушыларға алғысы шек­сіз. Тек осы бір реттік шара болып қалмаса екен, осы кештен туындайтын ой-пікір­лердің жү­зе­ге асуына мән берілсе екен деген ойдамыз.

Сонымен қатар бүгінгі күні әрқайсысы бірнеше шәкірт тәр­биелеп, жауынгер жанрдың жұл­дызы жануына атсалысып жүр­ген айтыс ардагерлеріне тиісті құрмет-қошемет көрсе­туді де естен шығарма­ғаны­мыз жөн. Жер-жерде олардың шы­ғар­ма­шылық кештерін ұйым­­дас­­ты­рып, халықпен жүз­десіп тұруы­на жағ­дай ту­ғызып тұр­сақ, бұ­дан тек қазақтың өнері ғана ұтады.

Реті келгенде айта кетейін, аты аңызға айналған ғұлама Мұстафа Кемал Ататүрік өнер адамдарына ел құрметін «біз­дің бәріміз парламент депутаты бола аламыз, министр бола аламыз, тіпті президент те бола аламыз, бірақ ешқайсымыз өнер адамы бола алмаймыз. Осылай болғандықтан да өнер адамы біздің емес, біз өнер адамының қолынан сүйеміз» деген қанат­ты сөзімен біл­дірген.

Ал өнердің ішінде ай­тыстың орны ерекше екен­дігіне дау жоқ. Айтыс – халық қазынасы. Ендеше ұлт боп ұйып, ел болып еңсе жазу жолында осы ұлы өнеріміздің жүгі сал­мақты екенін сезініп, оны жаңа биіктерге көтере берейік.

Рамазан СӘРПЕКОВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

АСТАНА.