Жалпы, Беловод топтық су құбырының құрылысы 1970 жылы басталып 1979 жылы іске қосылды. Ал, қалпына келтіру жұмысы елімізде қабылданған «Ауыз су» бағдарламасы аясында облыстағы «Беловод және Май топтық су құбырларын қайта құру» туралы инвестициялық жобаларды іске асыруға арналды. Бірақ, мердігерлердің кесірінен жобалар жол ортада қала берді. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше алғашқы кездері Беловод топтық су құбыры жобасына жауапты «ОSТ-Проект ЖШС», мердігер – Астаналық СП «Спецпластводстрой» ЖШС болып бекітіліпті.
Құрылыстың жалпы құны мердігерлік келісім шарты бойынша 5,7 млрд. теңге. Ұзындығы 388,4 шақырым болатын су құбыры бүкіл Ертіс ауданын қамтиды. 2013 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «Су ресурстары жөніндегі» комитеттің шешімімен жобаны қаржыландыру тоқтатылыпты. Комитет «Қазақ су шаруашылығы» мекемесімен жаңа келісімшартқа отырады. Осыдан соң, су құбырының 1-ші кезеңі іске қосылады. Аудандағы 14 ауылға құбыр арқылы су барады.
Су құбыры тартылған ауылдарға жергілікті әкімдіктер енді жоба жасап, құжаттамалар дайындауы қажет. Су таратушы тораптар жасалып топтық су құбырының магистральді жүйелеріне қосылуы керек-тін. Осы барлық жұмыс аяқталған кезде барып қана, ауылдардың сумен қамтамсыз етілуін «Су шаруашылығы» комитеті өз қарауларына баланстарына ал алады.
Ал, жаңа жоба бойынша ауылдарға берілетін таза ауыз судың өзіндік құны қымбат: тариф 381 теңге көлемінде бекітілген. Бұл облыс орталығындағы тарифтен 10 есе көп. Ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына келетін болсақ, бұл өте тиімсіз. Жаңа ереже бойынша құбырмен келген су ауылдағы әр үйге тартылып, су шығынын есептейтін қондырғылар қойылуы тиіс.
Тұрғындар үйлеріне су жеткізетін тораптар тарту жайын жергілікті билік өкілдерінен күтуде. Қыстың аязында, боранды күнінде құбырмен келіп сарқырап ағып тұрған суды тасу оңай емес.
Ал, аудан әкімі Серік Батырқожиновтың айтуынша, биыл 5 ауыл ғана Беловод топтық су құбырына қосылған. Жергілікті тұрғындар су құбыры арқылы келетін ауыз судың бағасы қымбат екенін айтып, оны төлеуден бас тартқан еді.
- Өкінішке қарай, Беловод топтық су құбыры субсидия алушылардың мемлекеттік реестріне кірмей қалды. Соның салдарынан оның қызметінің құны жоғарылай түсті. Стратегиялық нысанның да жұмысы тоқтатылды. Бұрынғы кәсіпорынды іске қостық. Қазір тұрғындарға суды Ертіс өзенінен тазартудан өткізіп беріп отырмыз, - дейді С.Батырғожинов.
Сөйтіп,субсидия мәселесі шешілмейінше, 12 мыңнан астам ауыл тұрғындары өзеннен, аула құдықтарынан су ішеді. Толық бітпеген Беловод су құбыры жобасының екінші кезеңі де бар.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР
Суретті түсірген Валерий Бугаев