Аталған бағдарлама әлеуметтік сала үшін маңыздылығымен ерекше болды. Осы тұрғыдан алғанда отбасы құндылықтары, халықтың өсімі, білім беру, жұмыспен қамту сияқты әрбір шаңырақ үшін маңызды мәселелердегі ықпалы зор. Босағасы берік, қадір-қасиеті жоғары отбасы қоғамның тұрақты дамуының кепілі екендігі анық. Мақсат-міндеттері мығым жолға қойылған отбасының келешегі де жарқын болатыны сөзсіз. Осы орайда үлгілі отбасылардың өнегесін насихаттауды, отбасы бірлігін нығайтуды мақсат ете отырып ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының рөлі жоғары екендігін айта кеткен абзал. Әңгіме ауанын осындай ізгілікті істердің қайнарынан бастауыма басты себеп болғаны жанымда жүрген жаны жайсаң, жүрегі дархан азаматтардың көптігімен байланысты болса керек-ті.
Өмірімнің жарты ғасырдан астам уақыты ғылыми-зерттеу, ізденістегі, шығармашылық жолындағы істерге арналыпты. Ғалымдар, зерттеушілер, басқа да түрлі сала мамандарымен жауапкершілігі мол істерде қоян-қолтық жұмыс істеуге тура келді. Солардың арасында жаныңды жадыратар, білімі мен зерделілігі таңдандырар тамаша жандар көп болды. Бұл менің еңбек жолымдағы ең бақытты сәттерім еді. Әрқайсысымыздың еңбекте табысты болып, білімге ұмтылуымыздың алғышарты отбасындағы үйлесіммен тікелей байланысты дер едім. Еңбегін де, шығармашылық жолын да қоғам дамуына, отбасының береке-бірлігіне арнаған жандармен қатар жүруім өмір жолыма зор ықпалын тигізбей қойған жоқ. Олар бір ғана ұжымға ғана емес, бүтіндей елге үлгі болуға лайықты жандар дер едім.
Осындай жаны жайсаң жандар еліміздің батыс өңірінен шыққан Кәдірғали Танкиев пен Гүлпара Ермұханованың отбасы. Отасқандарына елу жылдың жүзі болған қарапайым да мерейлі отбасының жарты ғасырға жуық бірлескен одағы талай-талай қиындығы мен қуанышы қатар жүрген жылдарды бастан өткерді. Бір-біріне қамқоршы да, қолдаушы да бола жүріп, көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Қазақта «Атың жақсы болса – бір бақыт, алған жарың жақсы болса – мың бақыт» деген қанатты сөз бар емес пе?.. Өмір жолы әңгімемізге арқау болып отырған Кәдірғали мен Гүлпараның отбасы бүгінде дариядай кең, таулардай биік, шаттық пен берекеге толы шаңырақ.
Кәдірғали жоғары білімді, қызыл диплом иесі бола тұрып институт бітіргеннен кейін еңбек жолын мектептің ескі көлігін жүргізуші болып бастағаны талайларды қайран қалдырғаны бар. Ал Кеңес үкіметінің тұсында экономикасы артта қалған 30 ауданның екінші хатшысы қызметінде жүріп (1985 жылы), Орталық Комитеттің сектор меңгерушісіне бірден көтерілген еңбегін ерекше атап кетуге тұрады.
Ал Гүлпара Ермұханова Атырау облысы, Қызылқоға ауданында химия-биология пәндерінен сабақ беріп, адам клеткасы құрылысын электрленген магниттік тақтаға салып, жаңаша әдіспен көзге түсіп, ұстаздардың алды болып, 1984 жылы «ҚазКСР ағарту саласының үздігі» атағына шалғай аудандардан бірінші болып қол жеткізгендердің бірі. Ал 1991 жылдың желтоқсан айында Халық емшілері қауымдастығы құрылғанда, Атырау облысы бойынша филиалдың алғашқы директорлығына Гүлпараның лайықты болуы әрі осы жауапты міндетін жиырма бес жыл қалтқысыз атқаруы ерен еңбегінің арқасы дер едім.
Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында жаңадан құрылған Мәдениет басқармасының алғашқы басшыларының бірі болып, егеменді елдің атынан, ислам мемлекетіне (Иран) барған делегация құрамында Кәдірғалидың болуы да жайдан-жай емес еді. Ал еліміздегі реформаларды жүзеге асыру барысында құрылған қаржылық институт – Зейнетақы төлем орталығының аймақтардағы бөлімдері ашылған кезеңде Атырау облысы бойынша филиалдың директорлығына білікті маман ретінде Кәдірғалидың тағайындалуы білікті маманға деген үлкен сенімнің нәтижесі еді. Бастапқы мамандығы тарих пәнінің мұғалімі бола тұрып, экономиканың сан-саласына білек сыбана кірісіп кеткен жас маман мол тәжірибе жинақтауының нәтижесінде саланың үздіктерінің қатарынан табыла білген білгір ұйымдастырушылардың қатарына қосылды.
Атыраудағы жекеменшік «Анако» мұнай компаниясының ақпарат құралдары мен үкімет арасындағы жұмыстарын алғаш жолға қойып, қоғам мен компания аралық байланысты нығайтуға ықпал етті. Одан кейін күніне алпыс тонна нан өнімдерін шығаратын зауыттың директоры болып қызмет еткен жылдары нарықтың қайнап тұрған бәсеке кезеңіне тұспа-тұс келеді. Әр отбасының сүйікті тағамына айналған нан өнімдеріне деген сұраныстың артуына, кәсіпорынның дамуына барынша үлес қосқан білікті басшы ретіндегі еңбегі өз алдына бір төбе. Мол тәжірибесі мен білікті ізденістерінің арқасында басқарудың қыр-сырын жете меңгерген Кәдірғали кейіннен туған өлкесі Қызылқоға ауданында кәсіпкерлікті дамытып, алғашқы болып машина-трактор жөндеу орталығын өркендетті.
Бүгінде елімізде адам құқығын қорғау мақсатында іске асып жатқан нәтижелі істер баршылық. Осы тұрғыдан алғанда «Медиация туралы» Заңның қабылдануы қоғам дамуының маңызды бөлігі ретінде бітімгершілікке келу мен дау-жанжалдардың алдын алу мәселесінде қолға алынған түбегейлі шешім болды. Медиацияның қыр-сырын меңгеріп, батыс өңірінде кәсіби медиатор қызметіне де өзінің білімі мен уақытын арнаған азаматтар қатарында Кәдірғалидың есімі аталады.
Толассыз жұмыс, қайнаған еңбектің ортасында жүруге әбден машықтанған кәсіби маман қашан да айналасындағыларға шарапатын төгіп, қол ұшын беріп жүреді. Әріптестері ғана емес, ағайын-туыс, құда-жекжат, жолдас-жора, тіптен Атырау жұртшылығы Кәдірғалидай азаматтың осындай еңбек жолына куә. Осынау жылдарда ер-азаматтың жетістіктерге жетіп, өз ісінің білгірі болуына қолдау көрсеткен Гүлпараның еңбегі өлшеусіз дер едім. Шаңырақтың анасы отағасына сүйікті жар ғана емес, іскерлік көмекшісі де бола білді, балаларының тәрбиесіне де көңіл бөліп үлгерді. Өмір дейтін үлкен кеңістікте бір-біріне риясыз жәрдем етуге, қиындық туған сәттерде шынайы көңілмен, парасаттылықпен бір-біріне дем беріп, отбасылық өмірдің жарты ғасырлық белесіне үлкен абырой-атақпен көтерілді. Қоғамның дамуына зор үлестерін қоса отырып, ерекше мазмұнды қағидаттарды ұжымдардың да тәжірибесіне енгізіп, жастардың, жас отбасылардың салтанатты ғұмырға бастаған әрбір қадамына қамқоршы әрі ақылшы бола білді. Бүгінде көпшіліктің ықыласы мен батасына кенелген отбасы әрдайым өзінің ашық-жарқын, берекелі де, мамыражай қалпынан танған емес. Жүрегі дархан, қонағына есігі әрдайым айқара ашық тұратын Кәдірғали мен Гүлпараның отбасы мадаққа да, марапатқа да әбден лайық.
Ораз БАЙМҰРАТОВ,
ҰҒА академигі,
экономика ғылымдарының докторы, профессор