Обыр-ойран
(Қаз-қалпында)
– Тілеулес ағаны танымадың ба? – Құлағымның түбіне сыбырлаған Мешітбек таяғын тықылдатып, асхананың биік табалдырығын әрең-мәрең аттап, ілгері ұмсынған қарияның ізінен тесіле қараған күйі. – Жаңа сәлемін селқос алдың ғой. Қатты қартайып, мүжіліп-ақ кетіпті.
– Райком аға ма? Құдай ақы, рас, танығам жоқ. Әйтпесе жөн сұраспаймын ба? Қап, ұят болды-ау!..
– Жә-рай-ды. Жүр, біз де ішке кірейік. Асаба жұртты залға шақырып жатыр. “Жар-жарды” айтуға дайындап жатқан секілді. Реті келсе, үзілісте жолықтырам. Бар жайды өз аузынан естірсің…
(Қаз-қалпында)
– Тілеулес ағаны танымадың ба? – Құлағымның түбіне сыбырлаған Мешітбек таяғын тықылдатып, асхананың биік табалдырығын әрең-мәрең аттап, ілгері ұмсынған қарияның ізінен тесіле қараған күйі. – Жаңа сәлемін селқос алдың ғой. Қатты қартайып, мүжіліп-ақ кетіпті.
– Райком аға ма? Құдай ақы, рас, танығам жоқ. Әйтпесе жөн сұраспаймын ба? Қап, ұят болды-ау!..
– Жә-рай-ды. Жүр, біз де ішке кірейік. Асаба жұртты залға шақырып жатыр. “Жар-жарды” айтуға дайындап жатқан секілді. Реті келсе, үзілісте жолықтырам. Бар жайды өз аузынан естірсің…
“Той жырының” тамаша әуеніне еліткен көпшілікпен бірге біз де алға жылжыдық. Шоқ-шоқ гүл көтерген үлкен-кіші. Жайраңдаған, күлімдеген жастар. Көбін жыға танымаймын. Бас изесіп өткендердің кескін-келбеттеріне қарап, әлдекімдерге ұқсатамын. Шырамытқандарымның дені айна-қатесіз келгеніне мәзбін. Бірінің көзі, енді бірінің сөйлеу мақамы, ал үшінші бірінің жүріс-тұрысына шейін тура сойып қаптағандай әке-шешелерінен айнымайды-ау. Анда-санда басымыз қосылып, арқа-жарқа боп қалатын ауылдастардың той-томалағына жиналғанда елдің жаңалығын естіп, әжептеуір марқаяр ек. Соңғы жылдары әке-шешелеріміздің көзін көргендер қатары сирегендей. Қалт-құлт етіп, бір-біріне сүйенген бірлі-жарымының өзі алғашқы үзіліске әрең шыдайды. Төбе көрсеткендеріне риза-хош. Сондықтан да болар үстел басына отырғанға дейін өзім шырамытқан ағайындардың жөн-жосығын жанымдағы туған бауырымдай боп кеткен Мешітбектен сұрастырамын да…
“Ана-у, шіліңгір қара Оңалбек ақсақалға ұқсайтын тәрізді…”
“Мына сырықтайыңның бойы да, ата қаздай балпаң-балпаң басқанына шейін құдды Мүкең – Мүбәрак ағадан аусайшы. Әй, осың жалғызы Серіктен-ақ туған немересі шығар…”
“Әнеу бір бала құшақтаған тәмпіш танау Светаның кенжесі болар. Аузынан түсіп қалғандай, домаланған бітім-пошымына қарашы…”
Өстіп кірген-шыққандарды түгендеп тұрғанымда шеткеріректегі оқшау орындықта соқа басы сопиып отырған Райком ағаға көзім түсті. Екі иығына екі кісі мінгендей еңгезердей тұлғасы әбден шөгіпті. Арса-арсасы шыққан жүзі де сынық. Иір мүйіз сапты таяғымен жер шұқып отыр. Ауылдаспыз. Бәлендей жақындығым да жоқ. Әйтеуір, бір білетінім атқа тым ерте қонған адам. Ұзақ жылдар колхоз-совхоз басқарып, райкомға табан іліктіріп, төңірегіне төбеден қарап, “ішкені – алдында, ішпегені – артында” дегендей заманында оңды-солды шайқаған жан. Ұмытпасам, зейнеткерлікке аудандық партия комитетінің бірінші секретарьлығынан шығып, іргедегі Алматыға көшіп келген-ді. Қырық жыл аттан түспеген адам тас үйде қамалып отырушы ма еді?! Әлде, құрылыс, әлде ауыл шаруашылығы министрлігінде қатардағы жауапты шенеунік боп жүрді-ау деймін. Сондықтан да болса керек, біздің Сарыесік аймағының үлкен-кішісі бұл кісіні Райком аға атап кеткен. Дегенмен, ежелден айтқыш қазекем әманда дәл тауып айтады. Менмен, тәкаппар, шектен тыс паң ағамызбен аралас-құралас болмасам да, алдына бірер мәрте барғаным еміс-еміс есімде. Ертеректе “Лениншіл жаста” істеп жүргенімде, облыс орталығы – Талдықорғанда өткен үлкен бір басқосудың (қандай жиналыс екенін білмеймін. Конференция ма, кеңес пе) үзілісінде, екі-үш кісінің жанында тұрған бейтаныс ауылдас ағаға елпілдеп жүгіріп барып сәлем берейін. Балқаштың жағасындағы балықшы ауылдардың бірінен екенімді, аты-жөнімді тақылдатып жеткізейін. Кекірік атқан, көпті көрген көргенсіз Көкем: “Иә, сен өзің жалайырсың ба, арғынсың ба?” деп дүңк еткізген. Қасындағылардан шіміріксейші. Әлде “қотыр ат соқыр атқа үйір”. Қымсынып, ыңғайсыз санамағанына қарағанда “бір қалыптан шыққандар” шамасы. О кезде сары ауыз балапанмын, қазіргідей тісқаққан “әккі” емеспін. Бетіне түкіріп, жалт бұрылып кететін. Төле би бабамның “Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін” дегенін де кейін естіп жүрміз ғой.
Әйтпесе… Осы оқиға оқта-текте ойыма түссе, қараптан-қарап қаным тас төбеме көтеріледі-ай! Құдайға шүкір, бала өспей ме, жас ержетпей ме? Кейін де Тілеулес ағамен Жетісу өңірінде өткен талай-талай алқалы жиындарда, дабырлатқан тойлар мен астарда кездесіп қалып жүрдік. Игі жақсылар мен атақтылар қатарында иық тіресіп сан мәрте қатар отырдық. Тіпті, кей мезеттерде қаламымның арқасы болар, менің мерейім үстем түсіп, мысым басатын. Жә, ретті тұста айтып жатқаным да. Тәубе! Кеудемді соқпай-ақ, өрекпіп елірмей-ақ әу бастан темірқазықтай бекем ұстанған “бетегеден биік, жусаннан аласа” бағытымнан тайған емеспін. “Ақырын жүріп, анық басқанға” не жетсін. Өйтпесең, қарсы алдымда отырған Көкемдер әр-әр жерде көзге ілгісі келмегенін іші құрғыр сезеді-ау. Табалағандық емес, бұ күнде бағы басынан тайған ауылдас ағайдың халі мүшкіл. Жаныңды ауыртатын жағдайын дұшпаныңның басына бермесін. Әлденеше рет естігем. Жұрт аузына қақпақ бола алмайсың ғой. Бәрі арақтың кесірі. Айрандай ұйыған бір үлкен әулеттің дүрілдеген даңқынан айырып, құтты қара шаңырағын шайқалтып, тоз-тозын шығарған ащы судың шатағы…
Тойды ұршықша үйірген асабаның бұйрығымен жар-жар айтылып, беташар ырымдары жасалып, жиналғандар өз-өз орындарына жайғасқан. Ақ тілектер ақтарылып, екі жасқа бата берген үлкендер сапында Тілеулес ағамыз да лебізін білдірді. Көңілі де, екпіні де пәс. Бір жақсысы, үйреншікті жаттанды мыжыманы сапырмай, қысқа қайырды. Құттықтау лепесінің соңын: “Қарақтарым, осы пәледен аулақ болыңдар”, деп түйіндеген. Райком ағаның ойын біреулер ұқты, біреулер аңғармады.
Өз ойымды құрықтай алмай, аласапыран күй кешкен мен Тілеуле ағаға қалайда жолыққанды жөн көрдім. Сыр суыртпақтап байқайын, мүмкін әңгімеміз жарасар. Құр пыш-пыштан гөрі… Иә, несі айып?
Тағатсыздана күткен үзіліс те жарияланды.
– Ал, ағайындар аздаған антракт. Үлкендер жағы бел жазып, емін-еркін тынықсын. Жастар би мен ойын-сауықты одан әрі қыздырады.
Асабаның сөз ұшығын сезе қойған көпшілік орындарынан өре түрегелген. Отыра-отыра шаршағанға ұқсайды. Шаршамағанда ше. Соңғы кезде қазақтың тойы мылжың жиналысқа айналып бара жатыр-ау осы. Бірінің сөзін бірі айна-қатесіз қайталап, той жүргізушіні тыңдамай тұрып алады. Көп алдына қаздай тізіліп шыққан құда-құдағилар, көрші-қолаң, жолдас-жора, кластастар мен немерелер… сағыздай созып, жүйкеңді жейді. Әр топтың атынан жалғыз біреуі тілегін жеткізсе болады ғой. Жоқ! Міндетті түрде бәрі сөйлеуі керек. Әйтпесе, қазақ бола ма? Даңғойлық тыраш…
Ат шаптырым залдың бір бұрышына оқшауланған ежелгі танысыма барып қайта сәлем бердім.
– Әлгінде аңғармай қалдым, Тілеулес аға. Хал-жағдайларыңыз қалай?
– Шүкір, рахмет айналайын! Үстелдің үстінде шырамытып отырдым. Астана жақта деп естиміз ғой, әйтеуір. Аман жүрсеңдер бопты. Мына тойға ұялғанымнан келдім сүйретіліп. – Маңайына жалтақтай көз салған ол таяғына сүйеніп, орнынан қозғалақтай бастады. Миыма жетіп келгені “әңгімелескісі келмей тұр-ау”. Сөйткенше сыбырлай үн қатты. – Мына айғай-шуыңнан құлағым бітеліп қалғандай. Жүр, әнеу-у бір дәліздегі жұмсақ орындықтарға барып отырайық. Өзіңді көп болды ғой көрмегелі.
– Иә, біраз уақыт…
– Қарағым айналайын, халдің несін сұрайсың?! – деді Тілеулес аға креслоға жайғасып жатып. – Кел, бері таман. Менің жағдайымды естіген шығарсың. Әкем марқұм айтып отырушы еді бала кезімізде. “Жақсының арты жын болар”, деп. Сонда түгіне түсінсемші. Тоз-тозымыз шығып, шүйкедей немеремнің қолында қалт-құлт күн кешіп отырмын. Үш ұйықтасам, түсіме кірмепті-ау, тағдырдың осылайша аяқталарын кім білген? Райкомда жүріп пенсияға ілінген соң Алматыға көшіп келгенімді өзің де білесің. Өмір-бақи жинаған қаржыма тау жақтан әйдік үй сатып алдым. Аяқтанған балаларымның өз жайлары бар. Астыларында мәшине. Екі ұл, жалғыз қыздан көрген төрт-бес немеремнің ортасында, құда-құдағилардың жанында әп-әдемі өмір сүріп жатқандай едік. “Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық” не істетпейді десеңші. Үлкен қаланың тірлігіне күмп беріп сүңгіп кеткен біздің әуелгі сән-салтанатымыз, ойлап отырсам, ішімдіктен басталыпты. Ең алдымен, құда-құдағиларымыз боп, бала-шағамыз боп Алматының төрінен ойып үлкен үй алғанымызды жудық, алматылық болғанымызды тойладық. Ерулікке шақыру басталды одан соң. Бұрын қызмет бабымен тартыншақтап жүретін өз басым келе-келе ақаңды еркін сілтейтін болдым. Думанды күндер айларға ұласты. Әншейінде менің аузымды бағып отыратын бәйбішем де шарабыңа үйірсоқ боп алды. Сылтау, себеп толып жатыр. Мереке, той-томалақ, туған күн… Бүгін – анда, ертең – мұнда. Жаңа жыл, 23 февраль – жігіттердің күні, іле-шала қыз-келіншектер мейрамы… Бұл мерекелердің арасында өңкей туған күндер… Құданың, құдағидың, балалардың, келіннің, немеренің… Өстіп біріне бірі жалғасып, келесі Жаңа жылға қалай жетіп келгенімізді сезбей, басымыз әңкі-тәңкі. Саған өтірік, маған шын. Тіпті, үш жүз алпыс бес күннің бәрінде де аузымыз бір құрғамапты-ау. Мінеки, ақыр аяғында не болғанын өзің көріп отырсың, қарағым. Құтты шаңырағымыз шайқалып, бүкіл әулетіміз құрып бітті. Құрымағанда несі қалды. Айтшы өзің…
Мен үн-түнсіз бас изеген болдым. Ол ащы запыран зарын қайта төкті.
– Ішіп алып көшеге шығып кеткен жеңгеңді мәшине қағып кетіпті. Екі-үш күннен соң зорға дегенде моргтен тауып алдық. Екі ұлым да сүттей ұйып отырған семьяларынан айырылып, қаңғып жүр. Араққа салынып қайтыс болған үлкен келіннің өлімін күйеуінен көріп, құда-құдағиымыз біздің ұлды – өздерінің күйеу балаларын соттатып жіберді. Балқаштың түрмесінде жатқанына төрт жыл. Өбектетіп, еркелетіп өсірген екінші ұлым бизнеспен айналысам деп менің әлгі әйдік үйімді кепілдікке сырттай салып жіберіпті. Қарызға белшесінен батып, түк шығара алмаған. Өз қолыңды өзің кесесің бе? Ол да темір торға қамалып жүрмесін дедік. Амалсыздан үйімді беріп, өйтіп-бүйтіп құтылдым. Хал-жағдайдың несін сұрайсың. Қаңғырып далада қалдым емес пе. Жарты жылдай жалғыз қызымды сағалап жүрдім. Маскүнем күйеу балам таяқтап қуып шықты ғой. Әлгінде айттым, қадірің қашқан соң кімге керексің. Қазір жұдырықтай ғана немереммен бірге тұрып жатырмын. Жылап-еңіреп жүріп ішімдік шырмауына шатасқан мені бұл өмірге қайта алып келген осы құлыншағым. Мүмкін, Құдайдың көзі түскен шығар. Дәрігерлерге қаратып, әртүрлі амалдарын жасатып Арыстан баб әулиенің басына түнетіп, Түркістанға дейін апарды ғой. Мен мұның бәрін тәптіштеп айтып отырғаным, бар жайды өз аузымнан естісін дегенім де. Жұрттың сыпсыңы әрегідік менің құлағыма да жетіп қалады. Не істеймін? Талайсыз тағдырдың тауқыметі мен тәлкегі. Көремін де, көнемін. “Арақ деген жын екен ғой”, бауырым. Данышпан Аристотель қалай дәл тауып бейнелеген десеңші.
Іштегі шерін шығарған Тілеулес аға орнынан ауыр түрегелді.
Менің де бойымды қорғасын ойлар мүлдем құрсаулап тастағандай.
Арақ-тажалдың, арақ-әзәзілдің, арақ-шайтанның талай адамның түбіне жетіп, талай тағдырдың шаңырағын шайқалтып, талай жанды ақ жолдан тайдырған обыр ойранын ешкімнің басына бермегей…
Жанат ЕЛШІБЕК,
«Егемен Қазақстан».