– Бақытжан Тұрсынұлы, бүгінде «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуын қоғамдық тұрғыда бақылау жұмыстарының жүргізіліп келе жатқанына жарты жылдан астам уақыт өтті. Нәтижелері қандай?
– Елбасы 5 наурызда Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бағдарламасын жариялай отырып, «Нұр Отан» партиясына осы бағыттағы жобалардың сапалы жүзеге асырылуын бақылауға алуды тапсырды. Нәтижесінде арнайы Қоғамдық кеңес құрылды. Партиялық бақылаудың қолданыстағы тиімді тетіктерімен бекітілген мұндай кең өкілдік барлық әлеуметтік топтардың мүдделерін ескеруге және қазақстандық қоғамның сұраныстарына сай жедел әрекет етуге мүмкіндік берді.
Қоғамдық мониторингінің бірінші маңызды нәтижесі – қазақстандықтардың басым көпшілігінің Президенттің әлеуметтік бастамаларын, әсіресе «7-20-25» бағдарламасын қолдап, оған ерекше қызығушылық білдіруінің айқындалуы. «Нұр Отан» партиясы жүргізген әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі бастамалардың халықтың басым бөлігінің негізгі мүдделеріне жауап беретінін көрсетеді.
Көптеген облыс орталығында «7-20-25» бағдарламасы үшін тұрғын үй кешендері анықталып, пайдалануға берілуде. Банктер ипотекалық несиелер беріп, әкімдіктер бастапқы жарналарды субсидиялау үшін жеке бағдарламаларды қолға ала бастады. Студент жатақханалары да жаңғыртылып, жаңадан салынып жатыр. Одан бөлек, қалалар мен ауылдарда өз кәсібін ашып, дамыту үшін шағын несиелер беріліп жатқанын да атап өткен жөн.
Ең қуантарлық жайт, Үкімет біздің ұсыныстарымызға бірден көңіл бөліп, нәтижесінде олардың көпшілігі орындалды. Атап айтқанда, Қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсыныстары бойынша жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлері үшін баспана алу кезіндегі бастапқы жарнаны төмендету туралы шешім қабылданды. Елбасы бұл мәселеге биылғы 5 қазандағы Жолдауында да мән беріп, өңірлердің әкімдеріне нақты тапсырма берді. Соған орай Үкімет облыс әкімдіктерінің аталған санаттағы азаматтарға субсидия бөлу туралы шешімдерді қарастырып, тиісті жұмыстарды пысықтады.
Қоғамдық кеңестің ұсынымдарын қарау нәтижесінде «Баспана» ипотекалық ұйымы «7-20-25» бағдарламасынан бөлек, қолданыстағы тұрғын үйді кредиттеу үшін жаңа «Баспана хит» өнімін әзірледі. Ол бойынша бастапқы жарна баспана құнының 20 пайызынан басталып, несие 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Сонымен қатар проблемалық несиелері бар тұлғалар үшін «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының қолжетімділігін қарастыру туралы да ұсыныс болды. Қазір бұл мәселе пысықталып, тиімді жолдары қарастырылуда.
– Жалпы, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру нәтижелері осы жылы көзделген мақсат-міндеттерге қаншалықты сай келеді?
– Бірінші кезекте заңнамалық базаны мұқият дайындау, Үкіметтің Жол картасын әзірлеу және келісу, тиісті қаржылық операцияларды пысықтау, ұйымдастыру іс-шаралары, соның ішінде бастамаларды іске асыруды қамтамасыз ету үшін мақсатты инфрақұрылым құру жөніндегі іс-шаралар сияқты ауқымды жұмыстар атқарылды. Орталық деңгейде Парламент пен Үкімет нормативтік-құқықтық актілер қабылдады, тиісті қаражат бөлінді және жол карталары әзірленді. Бұл факт Мемлекет басшысының Жолдауында да атап өтілді.
«Жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» жөніндегі екінші бағыт бойынша жоспарланған барлық іс-шаралар да толығымен орындалды. Заңнамалық база қабылданды. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап аталған оң өзгерістердің игілігін екі миллионнан астам қазақстандық көретін болады. Сондай-ақ «Сары-Арқа» магистралды газ құбырын салу бойынша президенттік бастамалардың бесінші бағытын орындау жұмыстары да бекітілген мерзімге сай жүргізілуде.
«7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық тұрғын үй заемдарын 7 банк беруде. Желтоқсан айының басындағы жағдай бойынша 5,1 мыңнан астам өтінім келіп түсті. Жалпы сомасы 39 млрд теңгені құрайтын 3,3 мыңы мақұлданды. Осы бастаманы іске асыру үшін «Баспана» ипотекалық ұйымына тұтастай алғанда 1 трлн-ға жуық теңге бағытталатын болады.
«Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» жөніндегі үшінші бастама бойынша Білім және ғылым министрлігі мен әкімдіктерге 6 ұсыныс жасалды. Олардың көпшілігі қазірдің өзінде орындалды. Бұл бастама аясында аталған министрлік алдағы 4 жылда жатақханалардағы студенттер, магистранттар және докторанттар үшін кемінде 75 мың орын енгізуді жоспарлап отыр.
Елбасы келесі жылды Жастар жылы деп жариялағаны белгілі. Студенттер Елбасының бұл қамқорлығы мен сыйлығын үлкен ынтамен және зор ризашылықпен қабылдауда. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен алдағы он жыл ішінде (2029 жылға дейін) 152,8 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Алдағы 2019 жылы 4 482 орынға арналған жатақханалар пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Биыл Алматы, Шымкент қалалары мен Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарында жалпы саны 1,5 мың орынды құрайтын төрт студенттер үйі пайдалануға берілді.
Елбасының «Шағын несие беруді көбейту» жөніндегі төртінші бастамасының мақсаты – жаңа бизнес қана емес, жаңа жұмыс орындарын құру. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылдың басында шағын, соның ішінде ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті несиелеуді қаржыландыру 62 млрд теңгеге дейін артты. Бүгінге дейін, яғни 2018 жылдың 1 желтоқсанына дейінгі мерзімде 13 709 адам несие алып, жылдық жоспардың 97,9 пайызы қаржыландырылды. Олардың бастамаларына жалпы сомасы 52,7 млрд теңге, яғни орташа есеппен бір адамға 3,8 млн теңгеден қолдау көрсетілді. Сонымен қатар ауылдық жерлерде 12 560 азамат жалпы сомасы 40,3 млрд теңгені құрайтын шағын несие алды. Ал қалада жалпы сомасы 12,5 млрд теңге болатын несие 1 049 адамға берілді (бір адамға орташа есеппен 10,6 млн теңгеден). Осы ретте ауылда 8 411 адам немесе қаржыландырылғандардың 74 пайызы «жаңа кәсіпкер» атанғанын айтып өткен жөн.
Шағын несиелендіруді одан әрі кеңейту үшін резервтер де бар. Осы мақсаттарға қалған 10 млрд теңгеге қосымша 2019 жылға арналған республикалық бюджетте 54 млрд теңге қарастырылған. Сондықтан «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асырудың 2018 жылғы нәтижелері мен осы бағытта атқарылған жұмыстарды көңіл қуантарлықтай деп айтуға толық негіз бар.
– Әдетте, жаңа бір істі бастаған кезде түрлі кедергі болатыны белгілі. Осы ретте қандай мәселелерді айтар едіңіз?
– Қиындық тудырған мәселелердің бірі ретінде орталық органдар, «Баспана» ипотекалық ұйымы және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара іс-әрекеттің кейбір тетігі жеткілікті деңгейде пысықталмағанын айтуға болады. Бұдан бөлек, біз бастамалардың бірінші бағыты бойынша жекелеген өңірлерде нақты бағдарламаға қатысушы бола алатын халықтың нашар ақпараттандырылғанын атап өтеміз. Сондықтан жергілікті жерлерде оларға бағдарламаның барлық артықшылық- тарын жан-жақты түсіндіру қажет.
Тағы бір кедергі ретінде дайын жаңа салынған тұрғын үйдің жетіспеушілігін айтуға болады. Оның себебі баршаға белгілі. Яғни жаңадан салынған тұрғын үйлерде пәтерлердің 90 пайызы құрылыс жүргізіліп жатқан кезде сатылып қойылады. Сондықтан біз жергілікті атқарушы органдардың «7-20-25» бағдарламасы аясында тұрғын үй салу үшін қосымша жұмыс істеуін пысықтап, сол бағытта әрекет етіп жатырмыз.
Екінші деңгейдегі банктердің өтініштерді өңдеуде, оларды қарау мен шешімдер қабылдауда жеделдігін арттыру мәселесі де пысықтауды талап етеді. Сондай-ақ өңірлік деңгейде «Шағын несие беруді көбейтуге» қатысты төртінші әлеуметтік бастаманы іске асыруда кейбір кідірістер бар. Осы және басқа да мәселелер халықпен кездесулерде қызу талқылануда. Олардың шешімін табатынына ешқандай күмән жоқ.
Жалпы, Елбасының бес әлеуметтік бастамасында және биылғы 5 қазандағы Жолдауында айтылған әлеуметтік саланы дамыту жөніндегі міндеттерді орындау тиісті жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді талап етеді. Сондықтан оған бәріміз бір кісідей атсалысуымыз керек.
Әңгімелескен Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»