29 Тамыз, 2012

Көңілдің кейбір сәттері-ай!..

486 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Көңілдің кейбір сәттері-ай!..

Бір қап балық

2000 жылы Алматыдан Аты­рау­ға қоныс аударған Илья Жақа­нов жаңа жерге тез үйренді. Алдында ғана талантты актер, сү­йік­ті баласы Данияр қайтыс болып, көңілі құлазып жүрген-ді. Әде­биет жанашыры, үлкен жү­ректі аза­мат Иманғали Тасмағам­бетов бірнеше өнер және мәде­ниет қай­рат­керінің Атырауға көшіп келуі­не жағдай жасаған еді. Солардың қатарында композитор, музыка зерттеушісі Илья Жақанов та бар болатын.

Атырауға келген соң Ілекеңнің екінші тынысы ашылып, көптен ойда жүрген шығармаларын жаза бастады. Алматыдай емес, ауасы таза, шағын қала, шынында жұ­мыс істеуге қолайлы еді. Жұрт­шылықтың шынайы пейілден туған ықыласы да қатты әсер етті. Көңілі көтерілді, шабытына шабыт қосылды. Көптен ойында жүрген, жүрегін ұйытқан туындылары ақ қағазға ағыл-тегіл төгілді.

 

2000 жылы Алматыдан Аты­рау­ға қоныс аударған Илья Жақа­нов жаңа жерге тез үйренді. Алдында ғана талантты актер, сү­йік­ті баласы Данияр қайтыс болып, көңілі құлазып жүрген-ді. Әде­биет жанашыры, үлкен жү­ректі аза­мат Иманғали Тасмағам­бетов бірнеше өнер және мәде­ниет қай­рат­керінің Атырауға көшіп келуі­не жағдай жасаған еді. Солардың қатарында композитор, музыка зерттеушісі Илья Жақанов та бар болатын.

Атырауға келген соң Ілекеңнің екінші тынысы ашылып, көптен ойда жүрген шығармаларын жаза бастады. Алматыдай емес, ауасы таза, шағын қала, шынында жұ­мыс істеуге қолайлы еді. Жұрт­шылықтың шынайы пейілден туған ықыласы да қатты әсер етті. Көңілі көтерілді, шабытына шабыт қосылды. Көптен ойында жүрген, жүрегін ұйытқан туындылары ақ қағазға ағыл-тегіл төгілді.

Атыраудың қақ ортасынан жай­лы пәтер алған Ілекең көрші­ле­рі­мен танысып, бір-бірлерін қо­нақ­қа шақырысып, араласып кетті.

Іргелес көршілері ақын Хамит Ерғалиевтің туысы Дүйсенбектің сүйегі тама, келіннің есімі Ақ­ли­ма. Бұлар жергілікті атырау­лық­тар. Аслан деген ұлдары Ілекеңді көрген жерде сәлемдесіп, жақын тартып жүреді. Аслан кейде өзен­нен аулаған балығынан Ілекең үйіне әкеп тастайды.

Екі отбасының арасында осылайша жақсы қарым-қатынас орнады.

Қыркүйек айы ортадан ауып, күн салқындай бастаған. Бір күні Ақлима келін келді де:

– Біздің Аслан балық аулайтын ау сатып алыпты. Өзенге шығып, балық аулап демалып қайтайық, – деді әдеттегі ақжарқын қалпымен ізет білдіре.

Көршілер жеміс-жидек, жеңіл-желпі ас-суларын алып, Жайық өзенінің жағасына келді.

Ілекеңнің қасында жеңгеміз Тиышкүл. Немерелері Әйгерім онда кішкентай. Дүйсенбек жылдамдатып өзенге ау құрып, айналасы жарты сағаттың ішінде он­шақ­ты балық ұстады. Оған Іле­кеңдер қуанып, Тиышкүл жеңгей мен Ақлима екеуі балық тазалап, табаға қуыра бастады.

Айнала керемет! Жайықтың әдемі иірімі! Үлкен айдын! Ком­позитордың жүрегі елжіреп, жан сарайы рахат сезімге бөленді. Олай қарайды, былай қарайды. Ойына әсем саз оралады, шырқап ән айтқысы келеді. Аспанда баяу жылжыған ақша бұлттар. Сонау биікте құйқылжыта сайрайды тинәмдай бозторғай.

Күн тып-тынық. Маужыраған сарша тамыз.

– Ғажа-ап! – деді композитор толқып.

Жайықтың беті толған қайық­шы. Композитор санай-санай, санына жете алмады. Кемі елу қайықшы жүр-ау!

Басындағы қалпағын көзіне түсіре киіп, Жайық өзенін жаға­лап асықпай келе жатқан. Қармақ салып, балық аулап отырған ақсары жігіт композитордан көз алмай, қарап тұрды-тұрды да:

– Аға, бас киіміңізді шеші­ңіз­ші, – деді. Өтініп тұр.

Илья қалпағын шешті.

Қайықшы тағы қолқа салды:

– Ана жардан бері түсіңіз. Құ­лап қалмаңыз. Былай, былайы­рақ… жүріңіз…

Композитор таң-тамаша. Қа­йық­шы жігіттің айтқанын істеді.

Келесі сәтте әлгі жігіт жолдас­тарының аттарын атап, дауыстап шақыра бастады. Әп-сәтте бес-алты жігіт ескектерін есіп, жетіп-жетіп келді. Ақсары жігіт келгендерге қарап:

– Алдарыңда тұрған атақты «Еділ-Жайықтың» авторы – Илья Жақанов. О-ой! «Еділ-Жайық» гимн ғой!.. Гимн!.. Кеше ғана Іл­ағамды телевизордан көрдім. Әңгі­­месін тыңдадым. Құдайға шү­кір, арамызда жүр. Бұл кісімен бірге Алматыдан келгендердің бәрі алатынын алып, салатынын салып, кетіп қалғанын білесің­дер… Ал Илья ағамыз әлі осында… Жігіт­тер, жағдай былай. Бас­қа балық­тың керегі жоқ. Тек судактан, жағаға қарай лақты­рыңдар.

Қайықтағылар балықтарын жағаға топылдата лақтырып, үйіп тастады.

– Әй, інішек! Өзіміз де аулап жатырмыз. Пейіліңе рахмет, айналайын! Қазір ғана оншақты балық ұстадық. Мынаның бәрін қайтем? – деді Ілекең.

– Аға, бұл сіздің несібеңіз! Біздің құрметіміз! Аман жүріңіз ортамызда! Деніңіз сау болсын!..

Қайықшы жігіттер қайықта­рын бұрып кетіп қалды.

Аслан жағадағы балықтарды жинады. Тура бір қап шықты.

Сол күні Ілекеңдер Жайықтың жағасында жақсылап дем алды. Балалар асыр салып мәре-сәре ойнады.

Кешқұрым Илья ағалар Аты­рау­ға, үйлеріне келді. Бір қап ба­лықты көршілеріне таратып берді.

«Үкімет тастап кеткен кісі…»

Бір күні үйге қонақтар келетін болды да, Илья аға мен Тиышкүл жеңгей «Көктем» базарына жеміс-жидек, оны-мұны алуға барды. Ілекең:

– Мен отыра берейін, сен өзің барып кел, – деді әйеліне.

– Таңертеңнен қозғалмай жазу жаздың. Далаға шығып, бой жазып, жұртқа қарасаңшы былай…

– Жүргізбейді әйелдер «аға­лап»… Отыра тұрайын…

Тиышкүл жеңгемізден сөз қалған ба:

– Несі бар танып, амандасып жатса! Жақсы емес пе қайта! – дейді Ілекеңді әңгімеге жетелеп.

– Машинада отыра тұрайын. Өзің барып кел. Көп кешікпе. Дала күйіп тұр. Машинаның іші одан да ыстық, – деді Илья.

– Жылдам келем, ыстықтасаң көлеңкеге барып тұр, – деген жеңгеміз базарға жөнеле берді.

Шынында, композиторды көр­ген сатушы әйелдер сәлемдесіп, қал-жағдайын сұрап, тұрып алатыны бар. Елдің өзіне назар аударып, әңгімеге тартқанынан ыңғай­сызданған Ілекең машина ішінде қалды.

… «Қазір келемін» деген жең­ге­міз жуық арада орала қоймады. Илья аға тысқа шығып, анандай жердегі дүкеннің көлеңкесіне барып тұрды. Көзінде қара көзіл­дірік. Үстінде қысқа жең жейде. Басында ақ қалпақ. Жақындап келмесе, бөтен адамдар танымайтындай киінген.

Бес-он метрдей жерде, жүздері ыстықтан тотыққан ақ жаулықты әйелдер сауда жасап отыр. Сат­қандары ұсақ-түйек, кәкір-шүкір заттар.

Бір кезде композитордың құла­ғы елең етті. Мәссаған! Қайда танымағандары. Екі-үш әйелдің бастары түйісіп, күбір-сыбырға көшіпті.

– Білесіңдер ме, ана кісіні? – деді орта жастардағы әйел қасын­дағыларға сыбырлап.

– Кімді айтып тұрсың? – Ар жағындағы толық әйел көршісіне қарады.

– Ақырын сөйлеңдер, – дейді сөзге араласқан үшінші әйел де дауысын көтермей.

– Илья Жақанов емес пе?

– Ана жылы, бір топ әнші-күй­шілермен бірге Алматыдан біз­­­­ге қоныс аударған композитор…

– Е-е, сөйдемейсің бе баға­надан… Үкімет әкеп тастап кеткен Жақанов қой…

– Кім танымайды ол кісіні…

– Әне-е, әйелі келе жатыр… Естіп қалмасын, ұят болады…

Сатушы әйелдердің сыбырлап айтқан әңгімесін естіген Ілекең жымиып, машинасына беттеді.

Бұлбұл әуезі

Илья ағаның Алматыдан 37 шақырым жерде, Сумов саяжайында бақшасы бар еді. Германияға көшкен немістен сатып алған сая­­­жайдың жақсы күтімде болғаны кө­рінеді. Жеміс ағаштары агроно­мия­лық талапқа сай отырғызыл­ған. Көлеңкелері саялы. Топырағы құнарлы, арамшөптен таза. Суы да мөп-мөлдір. Электр жарығы да ұқыптылықпен тартылған. Петро есімді көршісі болды. Өзі ұшқыш, жасы Илья ағамен шамалас. Бірақ қолының сумақайлығы бар. Бұрындары, Кеңес Одағы кезінде ұрлық жасағаны үшін бес-алты жыл түрмеге де отырып шыққан. Дәйім шаршап және кейіп жүреді. Қабағы бір ашылмайды. Семіз әйелі қан қысымымен ауырады. Балалары қараспайды. Петро өзін де, әйелін де, балаларын да аса жақсы көрмейді. Көрінгенмен айқайласып, жанжалдасып жүрге­ні. Петро көршісі керегін ала берсін деп, Ілекең саяжайдағы үйдің есігін әдейі бекітпейді.

Көршісінің діңі жуан жұпар­гүл ағашы бар. Бұтақтары жан-жақ­қа тарбиып қалың өскендік­тен, жерге дейін салбырап жатады.

– Мынау ағашты кішкене сиретпейсің бе? – деді бірде Илья.

– Сиреткім келмейді…

– Неге?

– Онда сандуғаштың ұясы бар. Бұтақтарын сиретсем, ұясы бұ­зылады. Тыңдап көріңізші! Бұл­бұлдың сайрағаны ғажап! Сол үшін ағашқа қолым көтерілмейді. Аяймын… Мен әр кезде бұлбұл­дың әсем үнін ұйып тыңдаймын! Тыңдап жатып айрықша дем аламын!.. Әсем әуенді естуден еш жалыққан емеспін!..

Ілекең ол кезде Қазақ радио­сының музыка редакциясында жұ­мыс істейтін. «Легенда» деген магнитофоны бар. Дауысты таза жазады. Радиода хабарларды көр­кемдік жағынан күшейту үшін, табиғат­тың неше түрлі құбылыс­тарын: үндерін, дыбыстарын, та­сыр-тұ­сыр керемет әуендерін, судың сылдырын, бұлттардың күркіреп, найзағай ойнауын, құс­тардың ән салуын қосады. Композитор осындай әуендерге үнемі құлақ түріп жүретін. Бір күні саяжайда отырса, жұпаргүл ағашын­дағы бұлбұл сайрады дейсіз! Композитор бірден магнитофонға жазды. Мына қы­зыққа қараңыз! Сандуғаш сайрап отыр. Бірақ қай жерде отырғаны белгісіз. Өзі көрінбейді.

– Петроны мазасыз дейміз! Ұсақ дейміз! Апыр-ай, ә?! Адам баласын түсінбейді екенбіз! Оның жүрегі қандай нәзік!.. – деп ойлады Ілекең.

Осы оқиғадан соң Илья Жа­қанов көршісіне деген көз­қарасын өзгертті…

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ,

жазушы.

Астана.