29 Тамыз, 2012

Сол батыр Смағанбетов емес пе?

420 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Сол батыр Смағанбетов емес пе?

Жамбыл облыстық «Арай» газетінің осы жылдың 15 наурызындағы нөмірінде «Бұл батырды білетіндер бар ма?» деген облыстық мұрағаттан майдангер туралы мақала суретімен жарық көрді. Мақаланы қайта-қайта оқып шықтым. Іздестіріліп отырған Ұлы Отан соғысының ардагері Амантай Смағанбетов екеніне еш шүбә келтірмедім. Ол кісі әкемнің немере ағасы.

Бала кезімізде аудан орталығы – Саудакент ауылында жыл сайын Жеңіс күні өтетін шеруден кейін майдангерлер біздің үйде бас қосатын.

Жамбыл облыстық «Арай» газетінің осы жылдың 15 наурызындағы нөмірінде «Бұл батырды білетіндер бар ма?» деген облыстық мұрағаттан майдангер туралы мақала суретімен жарық көрді. Мақаланы қайта-қайта оқып шықтым. Іздестіріліп отырған Ұлы Отан соғысының ардагері Амантай Смағанбетов екеніне еш шүбә келтірмедім. Ол кісі әкемнің немере ағасы.

Бала кезімізде аудан орталығы – Саудакент ауылында жыл сайын Жеңіс күні өтетін шеруден кейін майдангерлер біздің үйде бас қосатын. Қарулас-бауырлар Әбду, Жылқыбай, Қазыкен, Әлу, Қазылық, Жаңатай, Төлеутай және менің әкем Абылаш болып ұзақ-сонар әңгіме соғатын. Өздері ес біліп, етек жапқалы көргендері ашаршылық жылдарындағы ұлы шұбырынды, сталиндік қуғын-сүргін, қан-қасап соғыс жылдарын жарыса әңгімелейтін. Шетінен қып-қызыл коммунист болған әкелер бала менің өзімнен отызыншы жылдардың ойранын еске алғанда сескенгендей болып, әңгіме ауанын басқа жаққа бұрып кетуші еді. Сол майдангер әкелерімнен көзі тірі жүрген жалғыз осы Амантай ақсақал ғана.

Соғыс ардагері туралы облыстық басы­лым­дарға біраз жазғаным бар. Ол кісіге қатысты «Кеңес Одағының батыры» деген анықтама мұрағаттан табылыпты. Бірақ, онда тегі «Спағанбетов» болып кеткен. Тіпті, майдангердің қолындағы «Ерлігі үшін» медалінің куәлігінде де тегі Спа­ғанбетов деп жазылған. Жамбыл облысынан шыққан Кеңес Одағы батырларының тізімінде жоқ болса да, жан-жаққа хат жазылып, сұрау салынды. Ресейдің Подоль­скийдегі әскери мұрағатынан «хаттарыңыз­ды алдық» деген хабар келді. «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Ақсауыт» бағдар­ламасы жауынгер туралы арнайы хабар көрсетіп, соғыс өрті шарпыған елдерде А.Смағанбетовке қатысты анықтау жұмыс­тарының басталғанынан хабардар етті. Біздің пікірімізше, мұның өзі аздық ететін сияқты. Бұрынғы бір Отан болған Кеңес Одағы тараған. Сондықтан бұл мәселеге Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі сияқты құзырлы ведомство­лардың араласқаны жөн шығар.

Қарт жауынгер 92 жаста болса да, бірде Сарысу ауданының төменгі Шу бойындағы Қамқалы ауылында, енді бірде Саудакентте, тағы бірде Тараз қаласындағы балалары мен немерелерінің үйінде жүреді. Қай шаңыраққа түспесін әкелеп, аталап құрақ ұшып қарсы алатын балалары мен немерелерін, шөберелерін иіскегенде дария кеуде бір жасап қалады.

Майдангер ардагердің Қамқалы ауылында екенін естіп, жолға шықтық. Сарысу ауданының Досбол ауылына дейін асфальт жолмен жүйткіп келген жеңіл көлік құм өңіріне енісімен мимырт жүріске түсті. Жота-жота болып үйіліп жатқан, жергілікті тұрғындар «Жал өңірі» атап кеткен құмның іші бар болғаны 35-ақ шақырым. Егер жүргізуші рөлге ие бола алмай көлік шамалы қиыс кетсе, құмға тұрып қалады. Алайда, 45 жылдан аса машина рөлінде отырған ардагердің үлкен ұлы, жолбасшымыз – Сайлау ағамыз ондайға жол бере қоймас деп қоямыз іштей. Оның үстіне ол кісі бұл жолмен сан мәрте жүрген. Үйдің үлкені болғандықтан бауырларын бастап келіп, әкелерінің жағдайын біліп тұрады.

Тараздан таң атпай шыққандықтан күн қызбай Қамқалыға жеттік. Қарт жауынгер үйде екен. Көз жанарының аздап қайтқаны болмаса, әлі ширақ, жүрісі тік. Аман-сау­лық­тан кейін жағдайымызды сұрап, жаны қалмады. Майдандас аға-інілерін тебірене еске алып, әңгімені әріден бастады. Ақ пен қызыл болып, қырқысқан заман, зұлмат ашаршылықта шұбырындыға ұшыраған қа­лың ел, қызыл қырғын, қарғыс атқыр сұм соғыс – бәрі, бәрі майдангердің көз алдында.

Көз жанарын әлдебір нүктеге қадаған қарт біршама үнсіздіктен кейін «Атақ аламыз деп соғысқан жоқпыз, абырой үшін, ар үшін айқастық, жауды талқандап, елге аман оралсақ деген жалғыз арман болды», – деді. Сонда да жорық жолдарынан есіңізде қалғандарын әңгімелеңізші дейміз жарыса.

Ол майданға ауданнан алғашқылардың бірі болып аттаныпты. «Өндіріс» колхозынан бірге аттанған алты өрімдей жігіттің үшеуі Отан үшін опат болады. Қара шал қарулас достарын еске алғанда жанары жасаурап, іштей күбірлеп, қос қолын жайып бетін сипады. Дұға жасағаны деп топшылап, біз де қол жайдық.

Соғысқа Старая Русь маңында кіріпті. Сол күні кескілескен шайқас болады. Екі жақтан да шығын көп. Құдай сақтады, ол жолы дін аман шықты. Қазақ ұлының өжеттігін алғашқы ұрыста-ақ байқаған орыс командирі маңызды тапсырмаларға Амантайды жіберіп отырған.

Бірде бекініске мықтап орнығып алған фашистер кеңес жауынгерлерін қарғаадым аттатпай қояды. Бас көтергеннің бәрі оққа ұшып жатты. Командирі тағы да бұған сенім артады. Қасына бір орыс пен бір украин жауынгерін қосып беріп, жау бекінісін талқандауға бұйрық береді. Таң бозара соғыс басталғалы жұптары жазылмай келген үш жауынгер жер бауырлай жөнелді. Сай-сала, жықпыл-жықпылмен жылжып келе жатса да, жау әскерлері байқап қалып, ажал оғын себелеп кеп береді. Екі серігі оққа ұшады. Көз алдында мерт болған жауынгер достарының қазасынан Амантайдың жүрегі қан жылады. Қайтсе де достарының кегін қайтаруға бел буып, алға қарай жылжи берді. Жау бекінісіне төрт-бес метр қалғанда қос гранатаны бірінен соң бірін лақтырып, дұшпанның күлін көкке ұшырады. Ажал оғын себелеген пулеметтің үні өшкен соң, кеңестік жауынгерлер орындарынан атып тұрып, «уралап» лап қояды. Сол ұрыста соғыс табыстырған достары Сергей мен Юраның кегін осылай қайтарып, омырауына жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз» орденін тағыпты.

Тағы да кескілескен бір ұрыста ондаған жаудың көзін жояды. Өзі де ауыр жараланады. Жағы қаусап, қолы сынды. Ұрыс даласын бақылап жүрген қолбасшы, маршал Жуковтың өзі жаралы жауынгер­дің жарасын таңып беріпті. Жаралы жауынгерді дәрігерлер «соғысқа жарамайды» деген анықтама берсе де, «мен елге Жеңіспен бірақ ораламын» деп қайтпай қойыпты. Кеңес Одағының батыры атағына қашан, қалай ұсынылғаны туралы майдангер білмейді. Бәлкім, батырлыққа әлгі ұрыста қазақ жауынгерінің ерен ерлігіне куә болған атақты қолбасшының өзі ұсынған шығар. Енді, оны анықтау алдағы күндердің еншісінде.

Соғыстан елге жаралы болып оралса да, Жеңіс солдаты қол қусырып қарап отырмады. «Өндіріс» колхозында қара жұмыс істеді. 1957 жылы бірнеше колхоз бірігіп, «Коммунар» совхозы шаңырақ көтергенде шаруашылықтың сан-салалы жұмыстарында қатардағы жұмысшы болып еңбек етті. Ал 1964 жылы төменгі Шу бойынан Қамқалы совхозы ашылғанда ел-жұртты бастап, сонда барды. Зейнеткер­лікке шыққанша құрылысшы болды. Совхоздың алғашқы директоры, марқұм Ескермес Жабалбаев майдангер құрылыс­шыны елге өнеге етумен өтті. Омырауы жауынгерлік орден-медальға, бейбіт кездегі марапатқа толған дария кеуде, тау мүсін қария бүгінде төменгі Шу бойын­дағы үш ауылдың ең үлкен ақсақалы. Жалғыз майдангер.

 – Амантай ата бір жаққа жолаушылап кетсе, тағатсыздана күтетініміз бар. Осын­дағы елдің ақылшысы. Ауылға жолы түс­кен жолаушының бәрі ардагердің үйіне соғып, сәлем береді. Мектептерде пат­риоттық іс-шаралар қарт жауынгерсіз өтпейді. Қолдан келген көмегімізді көрсе­тіп отырамыз. Өткен-кеткен тарихты тамылжыта әңгімелейді. Шежіре кісі. Қа­шанда «Ел аман, Елбасы аман болсын!» деп отырғаны, – дейді Қамқалы ауылдық аймағының әкімі Мыңжасар Аймаған­бетов.

Облыстық «Қазақстан-Тараз» телеар­на­сының директоры, белгілі журналист Мейрамбек Төлепбергеннің «Ұлы Отан соғысының тарихы әлі толық зерттелген жоқ», дегені бар. Әріптес қаламгер расын айтып отыр. Соғыстың ашылмаған сырлары әлі көп. Амантай көкем соның бірі ғана. Ендігі айтпағымыз – Отан қорғаған қарт жауынгер атақты да, құрметті де көзінің тірісінде көрсе.

Амангелді ӘБІЛ,

журналист.

Жамбыл облысы.

–––––––––––––––––––

Суретте:

Ұлы Отан соғысының ардагері

А.Смағанбетов немерелері Сымбат және Айнұрмен бірге.