Салтанатты шараға Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев, Әзербайжан Республикасының елшісі Рашад Маммадов, Мажарстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани, Моңғолияның елшісі Лувсан Баттулга, Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык, Өзбекстан Республикасының елшісі Саидикрам Ниязходжаев, Түркіменстанның әскери атташесі Анымурад Ягмыров, түркологтер мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Салтанатты шарада сөз алған Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Елбасының бастамасымен құрылған Халықаралық Түркі академиясының түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеу саласындағы айтулы жетістіктері халықаралық деңгейде танымал ғылыми-интеллектуалды орталыққа айналдырғанын айтып өтті.
– Академия көне дәуірден бүгінге дейін түркі әлемінің тарихы, тілі мен әдебиетін, мәдениетін зерттеп, түркі мемлекеттерінің әлемдік өркениеттегі орнын төлтума деректер негізінде аша отырып, жалпы түркі әлеміне қатысты ғылыми зерттеулерді үйлестіре білген бірегей орталыққа айналуда. Акадамияның қолға алған жұмысы өз құндылығын тек ғылыми тұрғыда ғана растап қоймай, түркі елдерінің интеграциясы мен өзара ықпалдастығына зор үлес қосып отырғанын айта кету керек», деді Ержан Ашықбаев. Вице-министр академия әзірлеген «Ортақ түркі тарихы» оқулығына, «Ортақ түркі географиясы» және «Ортақ түркі әдебиеті» оқулықтарының әзірлену барысына, «Түркібарометр» әлеуметтанулық зерттеулеріне және «Аталар мирасы» мультимедиалық қорына жоғары баға берді. Сонымен қатар, Түркі академиясының «Түркі интеграциясының тұжырымдамасын» әзірлегенін де айрықша атап өтіп, Мажарстанды Түркі кеңесі мен Түркі академиясына бақылаушы мәртебесін алғанымен құттықтап, өзара ынтымақтастықтың нығаюына тілектестігін білдірді.
Академия президенті Дархан Қыдырәлі TWESCO-ға құрылтайшы мемлекеттердің Ұлттық күндерін өткізу ұйымда тұрақты дәстүрге айналғанын, бүгінгі шараның Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мейрамына арналып отырғанын айтты. TWESCO басшысы Қазақстанның сыртқы саясаттағы жетістіктері мен түркі интеграциясындағы толағай табыстардың Тәуелсіздіктің жемісі екеніне тоқталды.
– Түркі кеңесінің Шолпан атада өткен саммитінде Мажарстан академияға бақылаушы мәртебесін алған болатын. Бүгін Академия қабырғасында Мажарстанның туын көтердік, – деген академия басшысы ұйымға Мажарстанның бақылаушы мәртебесін алуы ұйымның халықаралық сахнада таныла түскендігінің белгісі екендігін айтты.
Өз кезегінде Қазақстандағы Мажарстан елшісі Андраш Барани Мажарстанның түркі әлемі елдерімен достық байланыстарын үнемі жоғары бағалайтынын жеткізді. Ол түркітілдес мемлекеттермен туыстығын айқындайтын символы ретінде Мажарстанның мемлекеттік байрағын Түркі академиясының штаб-пәтеріне табыстады. Жиын барысында Халықаралық Түркі академиясы түркі интеграциясы мен бауырлас елдердің ақпараттық саладағы ынтымақтастығына үлес қосып жүрген масс-медиа өкілдері арнайы Алғыс хатпен марапатталды.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»