29 Тамыз, 2012

Қызбел мен Қыземшек

1378 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Қызбел мен Қыземшек

Кіндігімнің қаны тамған жұмағым менің! Жаялығым жайылған абатым! Жер-жақұтым! Айналып кетейін, сенен, ақтық демім біткенше! Айым дейін бе, күнім дейін бе?! Қайтіп толғансам екен? Қандай ыстық, тәтті сөзіммен иіте аламын жұмбақ Жүрегіңді! Танау жарған жусаның, өзгеше иісті топырағың!.. Жұпар ауаң, кәусар суың!.. Біз осынша ләззаттың (қазіргісін қайдам?) балын сорып өскенбіз. Таңдайдан кетпейтін дуалы дәм! Кеуде күмбірлеткен мәңгілік ән! Әр пенде демі бітерде: «туған жерім менің!» деп үзілетіндей көрініп тұрады.

Кіндігімнің қаны тамған жұмағым менің! Жаялығым жайылған абатым! Жер-жақұтым! Айналып кетейін, сенен, ақтық демім біткенше! Айым дейін бе, күнім дейін бе?! Қайтіп толғансам екен? Қандай ыстық, тәтті сөзіммен иіте аламын жұмбақ Жүрегіңді! Танау жарған жусаның, өзгеше иісті топырағың!.. Жұпар ауаң, кәусар суың!.. Біз осынша ләззаттың (қазіргісін қайдам?) балын сорып өскенбіз. Таңдайдан кетпейтін дуалы дәм! Кеуде күмбірлеткен мәңгілік ән! Әр пенде демі бітерде: «туған жерім менің!» деп үзілетіндей көрініп тұрады. Тал бесік пен жер бесіктің арасын мейлі, соншалықты ұзақ жүріп өтсе де, өмірде көрген барлық қызығын жинап қойып, соңғы демін сарқып, осылайша арыздасатын сияқты. Әрине, туған топырағыңа жетіп жығылсаң, арман бар ма?!.

Әркімнің өз туған жері өзіне! Бөліп- жарғандықтан емес. Туған жерің – жеке-дара ғой! Анаңның жалғыз­ды­ғындай! Құдіретті Ана­ң­ды кімге айырбастайсың! Ол – жал­­ғыз жаратылыс! Туған жер­ің де сондай маңдайыңа жазылған асылың, ардағың! Туған жерін жүре­гінде әс­пет­теп, мәпеле­ген­нің жүзі жарқын болуының сыры да осы текті тетікте бекітілген тә­різді. Жә, туған жерге деген ің­кәр­лік сөздің түбі тү­гесіл­ме­сін­ші!..

«Менің» деп меншікте­сек, «ме­­н­мендік» шоғын үр­ле­меңізші. Жай бір аң­сар­мен, аңдаусызда ай­тылатын ақжарылқап, ақ­та­рыл­ма бұла сезімге балай салыңыз. Кеуде ұрғылағаннан сақтасын. Кө­кірек керді демеңіз, басқа­лар­дың алдында. Бәрібір, әр­кімнің өз туған жеріне еш­теңе теңес­пей­ді ғой! Ендеше, жүрегіңді қолыңа ұстап: «ме­нің, менің!» демегенде, не шара?! Бәлкім, сенің де туған жерің есіңе түсе бастаған шы­ғар… «Сенің, сенің» туған жерің­нен артық жер жаннаты жара­тыл­маған шығар-ау!.. Қа­не, сыпайы салыстырайық! Басын бәсекеге тігейік! Бір-бірімізді жеңе алмаймыз. Ит­жығыс түсеміз. Ешкім де өз туған жерін төмендете алмайды. Қандай ғажабыңнан да ала­сартпайды. Себебі, әркім өзінің Ана-Жер – Анасында жа­ратыл­ған…

Өтінемін, менің туған жер­ім­нің қос атауын тіл астында тәтті талмап көріңізші: Қыз­бел және Қыземшек! Арғы жа­ғын балалатып жатпай, кілт үзіп, доғара салсам қайтер еді? Ныспысынан бар­лық мі­нез-ажары белгілі болып тұр емес пе? Көкіме сөзбен се­зім­нің көрбілтесін сорайтып алып, со­с­тиған мәннен сорым шы­ғып қалмас па? Бірақ, бірақ… атауынан аңғарып тұрсыз ғой, сұ­лулық сырын өмір барда, кім тәрік етті десейші… Тір­ші­лік­тің темірдей тезіне түссе де, жақ­ұттай жүзі мәңгілік кіреу­ке­лен­беген махаббаттың маз­да­ғымен ұшқынын шашырата жаятын, жү­рек­ті суырып та суаратын әлгін­дей сиқырлы сөз­дер салтанат құ­ра беріпті-ау! Менің Қызбелім мен Қыз­ем­шегім – сондай сұра­пыл сезім қылын дірілдетуімен дара!

Қызбел мен Қыземшекке қа­р­­ап Міржақып түлеп өскен! Бүл­кіл көмейлі ақын болған. Жү­регі «Алаш» деп сыздап тұр­ып, өлең­ге мұңын шаққан. Күллі Қазақ елін музаның кү­ші­мен ұйқыдан оятпақ болып, аласұрған. Ақын­дық­тың дәмі мен дәні туған же­рі­нен да­ры­ған Міржақып, сонда Қыз­белі мен Қыземшегіне қарыз­дар екен­дігін бір сәт ұмытты дей­сіз бе? Сонау Қиыр Шығыста ай­дау­да жүріп: «Жаза гөр, то­пы­рақ­ты елден, Алла!» деп күңі­рен­ген­де, қапалы көңілін «ту­ған жеріме жетіп жығылсам!» деген арман піскілеген шығар… Ұлылардың аң­сауы Алланың құлағына жете­ді-міс! Жетіпті. Кіндік қаны там­ған жерін құш­ып тынды… Мір­жа­қып мәңгілік тыныс тапқан бүгінгі Бидайық ауылына Қызбел мен Қыз­ем­шек шоқылары қа­рау­ыл қарап тұр! Елі Ерін, Ері Елін жоқ­тау­дың керемет кебі де…

Әрқалай аталатын Қызбел мен Қыземшек, қалай мүсін­дел­се де халық арасында Қыз­бел тауы мен Қыземшек шо­қы­сы деп хатталып қалған. Қыз­­бел тауы, Қызбел қы­раты, Қыз­бел белесі, Қызбел үс­тірті деп және жіктеп әкете бе­ре­ді. Қыз­емшекке қатысты да сондай түрлендіру жат емес. Қай­сы­сына илансақ та, бәрібір олардың дәрежесі кеміп, төбелері төмен­деп, асқарлары аласарып қал­май­ды. Қайта, жамыраған жалқы да жалпы мазмұнымен тіптен өр­кеш­теніп, көркейіп, алғаш көз сүз­генге «көрімдігіңді бер!» де­- г­ен­дейін тәкәппарланып, таң­дай­ын қаққыза түсетін паңдығы бар. Алдымен «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясына жүгініп алай­ық­шы. «Қызбелтау – Торғай қолаты мен Торғай үстірті аралығындағы дөңес тау. Қостанай обл-ында, Наурызым қорығының оңт. жа­ғ­ында, бойлық бағытта 60 км-ге созылып жатыр. Ені 5-15 км, абс. биікт. 232 м. Қ. жоғ. олигоцен мен миоцен дәуірлерінің сазды, карбонатты жыныстарынан тү­зіл­ген; дөң бетін палеогеннің теңіз­дік шөгінділері жапқан. Беткей­лері жыра-сайлармен қатты ті­лім­делген. Шығыс және оңт. етек­­тері құлама жарқабақтанып, Торғай қақпасына тіреледі. Бетеге, жусан, селеу өседі. Мал жайылымына қолайлы», деп анық­тама бе­ріл­ген (155 бет).

Ғылыми тұжырымға, әрине, алып-­қосарамыз жоқ. Әлгінде, әр­­қалай атауларының да ел аузынан қатарласа түспей келе жатқанын да меңзеген болатынбыз. Бұл, әри­­не, қалыпты құбылыс. Біреу өсі­ріп, біреу өшіріп айтады. Ел ау­зы­на қақпақ қойылмайтыны әл­ми­сақтан белгілі ғой. Қызбелді белес дейтіндерге келсек, Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаб­ба­тын­дағы» Бүркіттің (Қызбел тумасы Сұлтанбек Әбеуов) «1.Ту­ған жерім туралы» деген тол­ға­ны­сына көз жіберелікші: «…Со­лар­дың ішінде ең ірісі – біздің ауылдар жайлайтын «Қызбел» бе­ле­сі. Бұл ат бұл белеске жайдан-жай берілмеген: жазық далада сағымды күндері алыстан мұн­арт­қан оның түрі, шалқасынан көсіле жатқан қыздың денесіне ұқ­сайды!.. Осы «дененің» кеуде тұсына қатарлана өскен екі тас діңгекті, тұрғын ел «Қыземшек» деседі…»

Бұл романда осы тау, шоқы­ларға қатысты біраз шыны мен асырмасы қоса өрілген деректер мөлтектеп тұр. Қызбел тауының тұрқы жөніндегі әралуан пікір­лердің қақтығысы да ойнақтап сала береді. Тіпті бір кейіпкерлер Қызбел тауының ұзындығы көл­де­неңінен небары екі есе ғана артық екендігіне жүгініп, осынша өлшем қызға жараса ма, мұ­ның өзі «Қатынбел» болуға ла­й­ық қой дегендей әзілмен әжуа­лап, жеңгесінің жуандығын келе­келегенін жасырмайды. Әйтеуір, қағытпадан да қалайда ұпай асы­р­маққа бекінгеннен нендей ауыр, ебедейсіз теңеулер шықпайды дей­сіз. Артынша, мәмілеге келген екеуі Қызбел көркін бірінен-бірі асыра, нақтылап мақтап, жөнді сөзге жүгінгендерін сезбей қа­ла­ды. Мұндай тоқайласудың сыры – сайтан алғыр сұлулықтың си­қы­ры екендігін мойындайды… «Ха­лық айтса, қалп айтпайды» дегендей, халық жер-суға білмей ат қоя ма?.. Жаздыгүні сағымға бөленген шағында, алыстан қара­ған кісіге, шалқасынан көсіле жатқан қыздың денесі сияқты көрінуі рас қой, Қызбелдің?» – деп «растатып» алған Найза­бек­тің сөзін іліп әкеткен Нұрбек былайша тамсаныс білдіреді: «Талай жерлерді кезе жүре, талай аласалы-биікті белестер мен тауларды көре жүре, дәл Қызбелдей жүрегімді тартып, көзімді қызық­тырған жерді көрген жоқпын!..» Паһ, шіркін, манағы «Қатынбел» деген жеңілтек мінезді жігітің қалыпқа түсе қалыпты ғой!…

Өзімізге жолбарыс терілі таудай боп елестейтін Қызбелге шаң жұқтырғымыз келмейді-ақ. Бірақ естіген құлақта жазық жоқ… Өт­кен ғасырдың алпысыншы жылдары Қызбел тумасы, белгілі ән­ші Бақыт Кошмұхамедов зайыбы, КСРО халық әртісі Роза Жамановамен бірге елге гастрольге ке­- л­іп­ті. Алматыға қайтарда, ұзақ жол­дың сұлбасына түскенде Роза жең­геміз күміс көмейін сың­ғыр­латып: «Бақыт-ау, аузыңнан тас­тамайтын Қызбел тауы қайда, осы?», – деп білмекке, көрмекке ынтығыпты. Бұл кезде көліктері Қызбел қыратының қырлауытына өрлеп шығып, желдей есіп жүйт­кіп бара жатқан мезет еді. Бақыт: «Біз сол Қызбел тауының үстімен келеміз»,– деп күпінгенде, Роза жеңгеміздің езуіне күлкі жиыры­лып­ты-ау! Аласартпайтын туған жер, түлегіңде де, сенде де ти­тімдей кінә жоқ қой!.. Әйт­кен­мен, Тоңқаймадан жербауырлап тө­менгі жазыққа кенедей жа­б­ысқан көліктің ішінде зәре-құты қалмай отырған атақты әнші, тас­па жолға түскенде артына бұры­лып қарап, таудай еңселенген биік шоқыларға разы кейіппен қолын бұлғапты ғой!.. «Қош, Қыз­бел тауы!»

Осы тау өз аңғарындағы Қыз­бел жайлауының сақшысындай қал­ғымай, сергек күйінде, селт етпей тұрар еді, әманда. Оның балалап, бірінен-бірі зорайып аға­тын сыңғырлы бұлақтарын көр­сеңіз ғой. Көзі бітеліп, таза­лан­ған бір құдығына түсіп көрің­із­ші, тереңдігіне қарамай-ақ тү­бі­не дейін сәуле шашырайтынын байқайсыз. Күміс бақыр тас­та­саң, жалтырауықтай жалтырап жатады. Талай тарих ойранын бас­тан кешкен жер осы – Қызбел жайлаулары. «Патша қазақтан сол­дат алады-мыс» дегенде, дүр­кі­реп, дүлей күшке кенеліп, қар­сылық бақанын алдымен ала жүгірген де осы өңірдің сарбаздары… Ал тау еңісіндегі Сары­қо­паның сыры азаттық жолындағы талай күрестің өшпес белгісімен таңбаланғаны тағы ақиқат… Са­ры­қопада қыраулы қыста ыс­тық сүйіс те болған!.. Бүркіт пен Бәт­ес­тің балдай тәтті сүйісін айтам да… Осы сүйіс жайлы айтпасам, Сарықопаның реңкі кірмей тұра­тындай… «Биіктен маған қарай секірген Бәтесті қалай қағып ал­ға­нымды, сол қағып алған қал­пыммен кеудесін кеудеме жапсыра құшақтай алғанымды, құша­ғыма қатты қысқан қалпыммен, қып-қызыл, ып-ыстық ерніне ер­нім­нің қалай жабысқанын, құ­мар­та қадалған еріннің екпі­ні­мен, сүп-сүйір, ып-ыстық тілін қал­айша суырып, таңдайыма бас­қан тілдің балын қалайша сорып жұтқанымды білмей ғаппын!..»,– деп сезіміне бал жағып ап баяндайтын Бүркіттің есін жия ал­мағанына куәміз. Міне, Сары­қо­па сырының бір бақытты сарасы, осы еді… Қасіреті сол, биылғы қуаң­шылықта Сарықопаның «сүй­­кеніп сиыр жықпаған» қамы­сы­ның өрт­ке аяусыз шалынғаны…

Аңыз ізіне түспей, Қызбел мен Қыземшектің сұлу да сирек атау­ын терең түсініп, жіті діттей алмайтын сыңайлымыз. Қарт ше­жіреші, көрнекті ұстаз Кәрім Әлмағанбетұлынан естігенімізге жан бітірсекші бір… Бір байдың сұлу қызы, жасы келіп тұрмысқа шығатын кезде, кедейдің өте кел­бетті, сегіз қырлы, бір сырлы баласына өлердей ғашық болыпты. Ол кездегі әдет-ғұрыпта кедей ба­л­асы байдың қызына жа­қын­дай ала ма? Қызын әкесі бас­қа байдың түрсіз, өнерсіз, ынжық баласына беруге бекінеді. Бірақ кедей жігіт қызбен жолын тауып оңашада кездесіп жүреді. Оны сезіп қалған атастырған күйеу жағы кедей баласын ұстап алып, зәбірлеп ұрады. Сүйгеніне тие ал­майтынына көзі жеткен сұлу қыз ұйқы-күлкі көрмей әбден қаж­ып-қалжырайды. Бір Аллаға жал­барынып, көңіліне медет сұр­­айды. Алладан аян түсіп, ақса­қал­ды әулие: «не сұрайсың, пақ­ырым, айт» дегенде, қыз: «бүйтіп тірі өлік болғанымша, мені тас мүсінге айналдыра көр!» деп шашын жайып, шарасыздықпен ті­лек етеді. Махаббат құрбаны – сор­лы жүректің өтініші орындалса керек… Әне, өмірден әбден түңілген, ішқұса болып ғазиз жанын сүйгені жолында құрбан­дық­қа қиған сол қыз әл-дәрмені құр­ып, шалқалай сұлап түскенге ұқ­сайды. Ақтық демі үзілерде қос аяғын әрең-мәрең ышқына созып үлгерсе керек… Шашы әлі күнге шашылып жатқандай, сірә, тарам-тарам жылғалы арналарға ұқ­сап, көлбеңдейді. Ынтық­тық­тан ерні кезеріп, аузы ашылып, аң­сарын аңсаумен күтетіндей ме? Тө­сіндегі «қос алмасы» өркеш­те­ніп, тас берішке айналған. Нағыз қыз емшегінің суретіндей екен. Ен­ді сол жәудір көріністі «Қыз­емшек» атамағанда қайтеді?! Ал тау сілемдерінің өрнегімен, сирек сән-салтанатымен құйылып түс­кен қыпша белдің үзілер-ау деген тұ­сынан жанар айыра алмасыңыз ап-анық! Нағыз қыз белінің еле­сін­дей екен-ау, пәлі! Енді сол си­қыр­лы да бейнелі құбылысты «Қыз­бел» демегенде қайтеді?! Сол Қызбел мен Қыземшектің тағы бір ғаламат сыры бар… Әлгі қыз мүсініне көз тоқтатып, тіктеген жанарды қоз­ғалт­пай, кірпік қақпай ұзақ тел­міріп, қарар болсаңыз, о, ғажап, көсіліп жатқан бейнеге жан бітіп, діріл қағып, сәл-пәл жыбырлап, тіріле бастағандай әсерге бөлей­ді екен! Сондай сәтіне де куә бол­­ғанымыз бар еді, бала кезі­мізде… Жолыңыз түссе, өзіңіз де байқай саларсыз… Тек, бір әтте­ген-айы, Қыз­емшек қазір бір емшегінен ай­ы­рылған!.. Сыңар ем­шегімен қалған! Өткен ғасыр­дың алпы­сын­шы жылдарында жап­пай кең­шар салу үрдісі қау­лай жө­нел­генде, оның бір ем­ше­гінің тастарын құрылысқа жаратып, ойып әке­тіп, ойрандап тас­та­ған… Осы күйкілік еске түс­кен­де, кәдім­гі­дей жаның егіліп ке­теді екен…

Менің осы өмілдірігі мен құй­ысқаны келіскен өлкем жөнінде талай ақын тебіреніп жыр төк­кен! «Сонау Торғай Қыз­белінде, Бұлақтардың қыз үні. Ай шал­қа­лап өзенінде, Ойнайды жел сы­бызғы», – деп сыршыл Сырбай таби­ғатпен біте қайнасып кете­тін. Ақпа ақын Назарбек Бекте­міс­ұлы: «Қызбелдің Қыземшегін сүйген бұлақ, Тоғысар Тоңқай­маға бәрі құлап», – деп жай­лау­дағы малшылар ауылына жетелей жөнелетін. Осындай бал бұ­лақ­тардың бебеулеген үніне елти мас болған асау Ғафу: «Қызбел тау­дың белін орап ағушы ең, Жібек белбеу секілденіп судырап», – деп екпінін тежей алмай, Құт­ты­бай бұлағынан сусын қан­дыруға ша­қы­рар еді-ау!

Көзін Қызбелден алатын тоқ­сан бұлақтың: Тасқұдық, Ші­дер­лі, Шелек кеткен, Шолпы батқан, Қатын қазған, Құлан ішкен се­кіл­ді атауларынан-ақ анда­ғайлап талай оқиға өре түрегелетіндей…

…Иә, тіршілігіңде туған жерің туралы тағатсыз тәнтілене түсер­сің. Түгесіліп бітпес әңгімең. Құ­лақ құрышын қандыратын ән-күй ең! Әзірше Ғафудың ақындық өне­рінің тылсым бастауындағы «Қызбел суреттері» балла­да­сы­ның мына тұсынан әсерге бөле­ніп, тұшына тұралық:

…«Арқаның жер сұлуы жалғыз мен! – деп, –

Өзгенің салтанаты менен кем!» – деп,

Жамылып жер-дүниеде бар асылды,

Тәкаппар Қызбел тауы жатыр көлбеп.

Қиылған аруға ұқсап қыпша белі,

Шақырып тұрғандай-ақ: «мұнда кел!» – деп.

Тамаша төсіндегі Қыземшек тау,

Болмаса жүрегің тас, әсер бермек!

…Бұдан арғы сөз артық боларын білемін. Қызбел мен Қыз­ем­шегім, сағынып жүрмін-ау!.. Көр­­кіңмен көлбеңдейсіңдер түс­ім­де!..

Қайсар ӘЛІМ,

«Егемен Қазақстан».

Қостанай облысы,

Жангелдин ауданы.

––––––––––––––––––

Суретші

Мұханбетқали Рахалиевтің

«Қызбел, Қыземшек» эскизі.