Қазақстан • 19 Желтоқсан, 2018

Ибрагим Ескендір көк туды бокста желбіретті

729 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Көк тудың желбірегені»  әнімен халыққа танылған әнші, Қазақстанның алғашқы Денсаулық елшісі Ибрагим Ескендір Мәскеуде өткен кәсіпқой бокс кешінде қарсыласын нокаутқа түсіріп, ТМД чемпионы атанды.

Ибрагим Ескендір көк туды бокста желбіретті

15 желтоқсан күні Ибрагим Ескендір әзірбайжандық Анар Абдуллаевпен шаршы алаңға шығып, 90,7 кг ауыр салмақта Pro Box нұсқасы бойынша ТМД чемпионы титулына таласқан болатын. 10 раундқа есептелген жекпе-жекте қазақстандық боксшы алғашқы үш минутта-ақ нокаутпен жеңіске жетті.

Елге жеңіспен оралған кәсіпқой боксшы жеңісін Тәуелсіздік мерекесіне арнағанын атап өтті.

"Тәуелсіздік қарсаңында рингке шыққан мен үшін ерекше рух берді. Ата-бабаларымыз тәуелсіздік үшін күрескен, ал бүгінгі Қазақстанның ұрпағы Тәуелсіздікті сақтап қалумен күресуіміз керек. Ол өнер, спорт, ғылым жолы болуы мүмкін. Әрбір қазақтың баласы ту көтерсем деп армандайтын болса, біздің еліміз жаман болмайды", - деді боксшы.

Айта кетсек, осыған дейін 76 кг салмақта шаршы алаңға шығып жүрген боксшы соңғы жекпе-жекте 90, 7 кг ауыр салмаққа ауысты.

"Жекпе-жек өте жақсы өтті, өзімді еркін ұстадым. Өйткені менің бапкерлерім, промоутерім Жалғас Төкешов, Бауыржан Рысбекпен өте жақсы тактикада жаттығулар жасап, дайындалдық",- деп бапкерлеріне алғысын білдірді.

Ән әлемінде көк байрақты желбіреткен Ибрагим Ескендір соңғы жылдары көк туымызды кәсіпқой бокста желбіретіп жүр. Бұл – оның кәсіпқой мансабындағы алтыншы жекпе-жегі. Бұған дейін ол 5 жекпе-жекке шығып,  бәрінде нокаутпен жеңіске жеткен болатын. 2001 жылдан 2007 жылға дейін кәсіби түрде бокспен айналысқан ол, 2007 жылы жаттығу барысында ауыр жарақат алуына байланысты бокстан қол үзіп кеткен. Алайда, 10 жылдан соң өзінің сүйікті ісі, бала арманы боксқа қайта келді.

Сонымен қатар, соңғы уақытта Ибрагим Ескендір Қазақстанның алғашқы Денсаулық елшісі ретінде жастар арасында салауатты өмір салтын,  дұрыс тамақтану тәртібін дәріптеп жүр.

Айта кетсек, қазан айында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов еліміздің белгілі спортшылары, әншілерімен кездесу өткізіп, оларға «Денсаулық елшісі» атағын берген болатын. Олардың қатарында Ибрагим Ескендір де бар.