Қазақстан • 20 Желтоқсан, 2018

«KazSTSat» алғашқы түсірілімін жасады

686 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан ғарышты игеруде кезекті рет жоғары нәтижеге қол жеткізді. Атап айтқанда, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында отандық «KazSTSat» микроспутнигінен алғашқы ғарыштық түсірілім алынды. Қазақстанның ғарышта қалықтап жүрген алтыншы жерсерігі Оңтүстік Америка аумағының үстінен ұшып өткенде Аргентинаның оңтүстігіндегі ірі портты қала – Рио-Грандені суретке түсірген. 

«KazSTSat» алғашқы түсірілімін жасады

Жобаны жүзеге асырушы­лардың бірі, Аэроғарыш коми­тетіне қарасты «Ғалам» ЖШС-нің жетекші инженер-конструкторы Берік Жұмажановтың ай­туын­ша, жақын арада мұндай сурет­тердің ел экономикасының бар­лық саласында маңызы жоғары болмақ.

– Мұндай спутниктен түсі­рілген суреттер дамыған елдерде жоғары сұранысқа ие. Біз­дің елімізде де қазір кең қол­да­ныста. Мәселен, ауыл ша­руа­­шылығына қатысты айтар бол­сақ, кең алқаптарды 10 тәулік немесе екі апта сайын мо­ни­торинг жасап, егіннің шығы­мын, қураған аумақтарын, зиян­кес­тердің қозғалысын ғарыштан бай­қайтын боламыз. Мұның нәти­жесі болжам жасауға және жедел әрекет етуге мүмкіндік бермек, – дейді Б.Жұмажанов. 

«KazSTSat» микроспутнигі – Калифорниядағы Ванденберг іске қосу базасынан 4 желтоқсан күні Астана уақыты бойынша сағат 00.32-де ұшырылған ғылыми-технологиялық мақ­сат­тағы екі ғарыш жүйесі аппа­ра­ты­ның бірі. Америкалық «SpaceX» компаниясының орта клас­ты «Falcon» сериялы зы­­мы­­ран-тасығышы «KazSTSat» микроспутнигі мен «KazSciSat-1» наноспутнигін орби­таға сәтті шығарған болатын. 

Бұл жерсеріктерді Қазақстан мен Ұлыбритания инженерлер командасы бірлесе жасап шыққан.

– Еліміз алғашқы спутник­терді тапсырыспен жасатты. Ал соңғы екеуінің құрылысына біз белсенді араластық. Тіпті ғылыми-технологиялық спут­никтің өн бойында Қазақстанда жасалып, ғарышта сынап көруге арналған технологиялар бар. Олар – оптикалық жүйе, борт­тағы компьютер, жерасты стан­сасы, күн датчигі. Оған қоса, бағ­дарламалық қамтамасыз ету жүйесі және басқа да бағ­дар­­ламалар – Қазақстан инженер­лерінің еңбегі, сондай-ақ олар­дың қолдарынан жоғары технологиялы іс келетіндігінің дәлелі, – дейді Б.Жұмажанов. 

Осы жаңашылдықтардан және жобалардан-ақ еліміздің ғарыш саласындағы ілгерілеушілікті аңғаруға болады. Мәселен, ғылыми-технологиялық мақсаттағы ғарыш жүйесін құру төменгі орбиталы ғарыш аппараттарын жобалауға, құрастыру және сынау технологияларын пысықтауға, жер ионосферасына ғылыми-зерттеулер жүргізуге, технологиялық жүктеме үшін ұшу тарихын алуға мүмкіндік бермек. Оның үстіне, жоба шеңберіндегі жұмыстар еліміздің болашақта жасалатын спутниктерінің құнын төмендетуге және шетелдік тапсырыс беру­шілер үшін ғарыш­тық жүйелер өндіру кезінде қазақ­стандық үлесті арттыруға жол ашады. 

Ең бастысы, жобаны жүзеге асыру аясында көптеген жергілікті мамандар алыс-жақын шетелдерде оқытылды, тәжірибе жинақтады. Қазір олар елімізде жұмыс істеп жүргендіктен адами байлық ұлы мұраттардың сарқылмас көзі екендігін аңғару қиын емес. Бұл мамандар еліміздің үшінші ғылыми-технологиялық маңызы бар ғарыштық жүйесін жасаудың басында тұрды. 

Сөйтіп қазір ғарышта еліміздің алты спутнигі жүр. Олардың екеуі – жерді қашықтан зондтауға, екеуі – байланысты қамтамасыз етуге арналған және соңғы екеуінің мақсаты туралы осы материалда айтып отырмыз.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»