Соңғы он жыл төңірегінде аймақ картасынан 48 ауыл жойылып, орны ойсырап қалған. Былтыр төрт ауылдың тұрғындары басқа жерлерге көшірілсе, биыл бұл көрсеткіш он есеге көбейген. Басқарманың ауылдық аумақтарды дамыту бөлімінің жетекшісі Жанар Ахмиеваның айтуынша «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңына сәйкес халқының саны 50 адамнан аз шаруа қоныстары мен өзге де қоныстар ең жақын маңдағы елді мекеннің құрамына енгізіледі. Өйткені оларды қаржыландыру экономикалық жағынан тиімсіз саналғандықтан ешқандай қолдау көрсетілмейді.
Облыста осындай 103 ауыл болса, 17-сі шекара маңында орналасқан. Тұрғындардың өмір сүру деңгейі қанағаттанарлық, әлеуметтік нысандар толық жұмыс істейтін жерлерге көшірілуі ерікті түрде жүзеге асырылады. Тұра бергісі келетіндерге шектеу қойылмайды. Жергілікті атқарушы органдар өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мониторингін жүргізіп, келешегі күмәнді-ау деген ауылдарды тағы бір нақтылап шыққан. Соған орай адамдар саны 10-нан аспайтын 38 елді мекенді жою жөнінде шешім қабылданып, оңтайландыру шаралары басталып кеткен. Бұларда инфрақұрылымдар тоқтап тұр. 5 ауылға ауыз су тасып жеткізілсе, 33 ауыл орталықтандырылмаған су жүйесін тұтынады.
Жуырда қоғамдық кеңес отырысында тағы 15 ауылдың жайы қаралып, ұсыныс облыстық мәслихаттың қарауына жіберіліпті.
Солардың бірі – Есіл ауданында орналасқан шөбі шүйгін, топырағы құнарлы Калиновка. Мұнда 3 отбасы ғана тіршілік етеді. Кезінде 300 тұрғын болды, сауын фермасы, мал бордақылау алаңы жұмыс істеді дегенге сену қиын. Пашковтар отбасы кіндік қаны тамған жерден кеткілері келмейді. Отағасы Сергей әйелі Галина екеуі ірі қара малдарын өсіріп, ешкімге салмақ салып отырған жоқ. Бірі жалға берілген көлді бақыласа, екіншісі хат-хабар тасумен айналысады. Қатты қинайтыны – жол қатынасы. Нөсерлі жауын-шашындарда «Нива» көлігінің өзі батпақтап қалады. Қоныс аудару жайлы әңгіме шыққалы кіндік кескен жерге әбден бауыр басып қалған қимастық сезімнен арыла алмай жүр. Әлдебір алаңдаушылық, беймаза күй де көңілге маза берер емес. Ұшарын жел, қонарын сай білетін қаңбақтың халін кешкендей сезінеді өздерін. Келешекті ойласа, алды тұман, арты жар сықылды. Қайда аттың басын тіремек – ол жағы белгісіз. Көрші Аманкелді ауылына көшу туралы ұсыныс айтылғанымен, ондағылардың да аузынан ақ май ағып, шылқып отырмағаны белгілі. Көшіру жұмыстары қандай қаражат есебінен атқарылады, баспана, жұмысқа орналасу жайы қалай шешіледі деген сауалдарға жергілікті биліктегілердің екіұштылау жауап берулеріне қарағанда шетін жайттар аз емес тәрізді. Оседлое елді мекенінің кебін киіп қаламыз ба деген қауіп те жоқ емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын Мәдениет ауылының тұрғындарын Оседлоеге көшіру жөніндегі бұйрық сайтандай сап ете қалған. Шаш ал десе, бас алатын кей атқамінерлер тарапынан айтқанға көнбесеңдер электр қуатынан ажыратып тастаймыз деген сықылды нешетүрлі қысым көбейген. Қырда астығын өсіріп, ойда малын бағып отырған 9 үйлі ауыл қоқан-лоққыдан ыға қоймаған. Күштеу-зорлауға бой бермеген күйі күрежолдың бойындағы ежелгі тұрағында қала берген. Қазір түтіні түзу. Қымыз, балық өндірумен де айналысады. Ал «мақтаулы» Оседлоеңіз тарап тынған. Бұдан шығатын қорытынды, оңтайландыру саясатына мемлекеттік мүдде тұрғысынан байыппен қарамаса сападан гөрі санға жүгіру салдарынан төрт аяғынан нық тұрған аз үйлі елді мекендер қосақ арасында кетіп қалуы ғажап емес. Осы ауданға қарасты Бірлік ауылы да кезінде «қара тізімге» ілігіп, тараудың аз-ақ алдында тұрғанда сырттан келген ағайындар орналастырылып, бастауыш мектеп қайта ашылып, тіршілік тамырына қан жүгірген. Сондықтан түпкілікті шешім қабылдамас бұрын ел-жұрттың ой-пікірлері жан-жақты сараланып, қиындықты еңсерудің ұтымды жолдары бірлесіп қарастырылғаны дұрыс. Екіншіден, құлаққа түрпідей тиетін, жүрекке инедей қадалатын «болашағы жоқ» елді мекендердің негізгі ауыртпалығын жергілікті жерлерге арта салу толғақты проблемалардың жібін толық тарқата алмасы анық. «Ауылдарды тарату, көшіру, жұмыспен қамту міндеттері аудандық әкімдіктерге жүктелгенімен, оған қауқары жете бермейді. Сондықтан Үкімет республикалық қазынадан қаржы қарастырған жөн», дейді көшуге бейіл, бірақ мүмкіндігі жоқ тұрғындар. Шекаралас аймақтағы Янцино ауылында жалғыз ғана шошайып қалған отбасы да өз күшімен көшуге дәрменсіз болып отыр.
– Жаңалық пен Орталық ауылдарын көшіру шығындары республикалық қазына есебінен өтелген болатын. Қазір жаңа бағдарламаға сәйкес бұл міндеттер жергілікті билік орындарына жүктелген. Егер сіз айтқандай Калиновка таратылған жағдайда әрбір отбасы мүшесіне 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өтемақы төленеді. Ал жалға берілген баспананы кейін сатып алуына болады, – деді хабарласқанымызда Есіл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Бекзат Ынтықбайқызы. Алайда оңтайландыру біртіндеп жүргізіледі дегеннің өзінде тұрғындарды көшіруге қажетті қаржыны табуға шарасыз аудандар жоқ емес. Жамбыл ауданы Островка ауылындағы 32 тұрғынның бірі Болат Байтелесов қартайғанда қаңғып қаламын ба деп қорқады. Шаруа қожалығында еңбек ететін әйелі екеуі азын-аулақ мал өсіреді. Отағасының еркіне салса, аудан орталығына көшуге дайын. Алайда онда үйлердің бағасы жалына қол апартпайды. Баспананы сатып алмақ түгіл жалдаудың өзі – ол үшін ауыр салмақ. Әкімдіктегілер болса нақты іс-шара жоспары қабылданбағандықтан бюджеттен қаражат қарастырылмағанын, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде болашағы жоқ ауыл тұрғындарына баспана әперу, т.б. әлеуметтік қолдау жасалып келсе, бұдан былай мұндай жеңілдіктер көрсетілмейтінін алға тартады.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Алтай Қожахметтің ойынша алдымен қандай ауылдар келешегі күңгірт санатына жатқызылуы керек деген мәселенің басын ашып алған жөн сияқты. Оның пікірі ауылдың әлеуеті тек түтін санымен өлшенбеуі тиіс, ақылға қонбайтын ұсыныстардың ақыры орны толмас зардаптарға соқтыруы ықтимал дегенге саяды. «Даму деңгейі орташа ауылдарға қарағанда 60 түтіні ғана бар Дайындықтың өмір сапасы әлдеқайда көш ілгері. Тұрғындар жұмыспен толық қамтамасыз етілген. Орташа жалақы 90 мың теңге төңірегінде. Керісінше, ахуалын өзім жақсы білетін кей ірі ауылдарда қордаланған проблемалар шешілмеген күйінде тұр. Шама келсе, жергілікті жерлерде кәсіпкерлікті өрістетіп, жаңа жұмыс орындарын құрып, жер телімдерін қалталы азаматтардың игеруіне беріп, шашыратпаудың мүмкіндіктерін, сондай-ақ «Оңтүстіктен – Солтүстікке», «Серпін» бағдарламалары шеңберінде келетін отбасыларды, жастарды қоныстандыру арқылы ішкі көші-қөн үдерісіне басымдық берген абзал. Жолдауда өңірлердегі мейлінше өткір проблемаларды шешуге күш жұмылдыру қажеттігі әкімдерге қаратыла айтылды. Үкіметке бұл міндетті жүйелі қолға алып, қаржыландыру көздерін іздеп табу жүктелді. Демек, Елбасы тапсырмалары елді мекендерді ірілендіру ісін ынталандырып, қаражатты пайдалану тиімділігін арттырары сөзсіз», дейді экономист-ғалым. Шалғайдағы Айыртау ауданында тұратын еңбек ардагері Тайлақ Жалмұрзенов жоғарыға қарап қол жая беру дұрыс емес. Ауылдардың жүдеу тірлігін көтеру тұрғындар мен шаруашылық жетекшілеріне де байланысты деген ойын нақты мысалдармен сабақтайды. «Туған жерім Бірлестікке келген сайын көңілім көтеріліп, ерекше шабытқа бөленемін. Уақыт ағымы қанша құбылса да, құт-береке дарыған дәстүрінен айныған емес.Тәуелсіздік жылдарынан бері 65 үй тұрғызылды. Жастар саны да, бала туу көрсеткіші де артып келеді», деп шаттанады ақынжанды ақсақал. Оның бұл ойын Қамысақты ауылдық округінің әкімі Жақсылық Әбдірұлы да қуаттайды. Округ құрамында алты ауыл болса, бірлігі бекем Бірлестік қай жағынан болсын үлгі етуге тұрарлық. Мұнда тұрмысы нашар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы жоқ. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша түлектердің ұшқан ұяға оралуы қалыпты жайт. Кезінде жатақхана үлгісінде асығыстау салынған мектептің бір бөлмесі асханаға айналдырылыпты. Ауылдың білікті азаматы Мұхтар Қайыржановтың өз меншігіне рәсімдеп алған ескі клуб үйі асар әдісімен қалпына келтірілуде. Келесі жылы пайдалануға беріліп, оқушылар спорттың волейбол, баскетбол, күрес, гимнастика, акробатика сияқты түрлерімен алаңсыз айналысатын болады. «Туған жер» бағдарламасы аясында қолға алынған бастамаға жырақта жүрген мектеп түлектері қызу үн қосып, құрылыс материалдары үшін біржарым миллион теңге жинап беріпті. «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр» дейдінің бір мысалы бұл! 40 шаңырақ бие байлап, қымыз, басқа да ұлттық тағамдар дайындайды. Солардың бірі – алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Бауыржан Әленов. Оның қосалқы шаруашылығында елуден астам жылқы, онға жуық ірі қара малы бар. Саят Оспанов жеңілдікті мемлекеттік бағдарламаға қатыса отырып кәсіпкерлік ісін дөңгелетіп әкеткен. Несиеге 14 сиыр сатып алса, бүгінде екі есеге дейін көбейген. Міне, «қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген осы. Ел десе, емешегі үзілетін малсақ жандар «алма піс, ауызға түстің» дәурені өткенін, бар қадір-қасиет қажырлы еңбекте, маңдайтерде жатқанын жақсы түсінгендіктен туған жердің гүлденуіне қалтқысыз үлес қосып келеді. Ауыл іргесін сетінетпей отырған, кез келген көмекке әркез даяр тұратын «Жарқын СК» және «Арай-1» серіктестіктерінің басшылары Александр Пономарев пен Талғат Құрманғожинге деген бірлестіктердің ыстық ықыласы ерекше. Десек те, Бірлестік ауылының тұрғындары көп жылдардан бері сапалы ауыз су мен жаңа мектеп ғимаратына мұқтаж. Жол жайы да көңіл көншітпейді. Урбанизация үрдісі салдарынан қордаланған әлеуметтік мәселелерді өз күштерімен шеше алмайтыны айтпаса да түсінікті. Бұдан былай түйінді күйінде қала берсе, «болашағы жоқ» деген сыңаржақ ызғарлы үкімді естіп қалуымыз әбден кәдік.
Ошақтың үш тағаны секілді билік, бизнес және тұрғындар жұмыла кірісіп, бірігіп іс-әрекет жасайтын болса, ауылдардың еңсесі тіктелетініне, тұрмысы түзелетіне еш шүбә жоқ. Сонда ел иесіз, жер киесіз қалмайды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы