Алғашқы болып «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы 2014 жылғы 23 желтоқсанда қол қойылған шартқа өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Бұл туралы баяндаманы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жасады. Оның айтуына қарағанда, ЕАЭО-ның қатарына Қырғыз Республикасының енуіне сәйкес кедендік түсімдерді бөлу тәртібінің мерзімі 2018 жылғы 12 тамызға дейін белгіленген. Енді ратификациялауға ұсынылып отырған Хаттама оның мерзімін 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартады.
Баяндамадан кейін бірнеше депутат сұрақ қойып, соның ішінде кеден түсімін бөлудің тәртібі неге тұрақты түрде бекітілмейтінін сұрады. Оған Т.Сүлейменов қазір тұрақты тәртіптің методикасы жасалып жатқанын, соңғы шешім шығаруға уақыт керек екенін, сондықтан уақытша тәртіптің мерзімі 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін созылатынын жеткізді.
Заң жобасы бойынша қосымша баяндаманы Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Тарас Хитуов жасап, жұмыс тобының отырысы және Комитеттің кеңейтілген отырысы өткізілгенін айтты. «Парламент Мәжілісінің тұрақты комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берді», деді ол.
Шағын талқылаудан кейін заң жобасы толық мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілді.
Жалпы отырыста қаралған екінші заң жобасы «Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» болды. Бұл туралы негізгі баяндаманы Қаржы министрі Әлихан Смайылов жасады. Аталған Келісімге 2018 жылдың 2 ақпанында Алматы қаласында қол қойылған. Келісімнің негізгі мақсаты – тауарлар айналымының заңдылығын қамтамасыз ету, тұтынушылардың құқығын қорғау, көлеңкелі экономиканы азайту, салықтардың бюджетке түсімін арттыру, одақ шеңберіндегі бизнесті жүргізудегі бәсекелестік шарттарын теңестіру, деді министр. Осы Келісім таңбалау енгізудің тәртібі мен мерзімін белгілеп, тауарлардың көрсетілген сапаға сәйкестігін және таңбаны жапсырудың бірыңғай талаптарын қарастырып, одақ көлеміндегі олардың құрылымы мен құрамын реттейді екен. Ал ортақ таңбаны қабылдағысы келмеген мемлекет болса, өз таңбасын енгізуге құқы бар көрінеді. Министрдің айтуына қарағанда, таңбалау тәжірибесі барлық дамыған елдерде бар. Соның арқасында тауарларды қолдан жасауға тосқауыл қойылады.
Заң жобасы бір көрмеге қарапайым болғанымен, ол депутаттар тарапынан көптеген сұрақ туғызды. Алдымен депутат Сапар Ахметов тері бұйымдарын таңбалау бойынша қанатқақты жоба осыдан тура бір жыл бұрын қолға алынғанын еске алып, оның нәтижелері қандай екенін сұрады. Ә.Смайыловтың айтуынша, жоба қазірдің өзінде оң нәтиже бере бастаған. Бір жылдың ішінде 240 мыңнан астам тері бұйымдары таңбаланған екен. Соның нәтижесінде тері бұйымдарын импорттаушылар саны 23 пайызға, ал олардан түскен кеден баждарының көлемі 70 пайызға өскен. Сондай-ақ ішкі рынокта тері бұйымдарын сататындардан түскен салық та артқан.
Депутат Евгений Козлов таңбаның өзін қолдан жасаушыларға қарсы қандай күрес жүргізілетіні жөнінде сұрады. Оған министр алкоголь тауарларының мысалымен жауап берді. Егер бұрын оларға акциздік маркалар жапсырылатын болса, қазір қолдан жасауы қиынға соғатын цифрлық код желімделеді, ал оның штрих-кодтарын жасау техникалық жағынан күрделі болғандықтан, алаяқтардың қолдан жасауына жол бермейді.
Депутат Зәуреш Аманжолова нақты қандай тауарлар таңбаланатыны жөніндегі тізімді және соның ішінде дәрі-дәрмектер бар-жоғын сұрады. Министрдің айтуынша, дәл бүгінгі таңда ЕАЭО бойынша таңбалауға тиісті тауарлардың нақты тізімі жасалмаған. Алдағы Жоғары кеңес отырыстарының бірінде бұл тізім қаралып, бекітілуі мүмкін.
Осы арада Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин де сөз қосып, барлық дамыған елдер өздері шығаратын дәрі-дәрмектерін таңбалайтынын айтты. Біз де бұл процестен тыс қалмауымыз керек. Халқымыз дәріханалар мен ауруханалардағы дәрі-дәрмектердің сапасы жоғары екеніне сенімді болуы керек, деді ол. Сонымен қатар Спикер дәрі-дәрмек өндірушілерге қажетті құрал-жабдықтар алуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілгені де жөн екеніне тоқталып, ал таңбалау олардың бағасын көтеруге жол бермеуі керектігі маңызды екенін айтты.
Заң жобасын талқылауға қатысқан депутат Азат Перуашев тауарларды таңбалау кәсіпкерлерге қосымша шығын екенін және бұл шығын бюджетке түспей жеке кәсіпкерге кететінін атап айтты. Сонымен бірге ол әрбір тауарды таңбалау министр айтқандай 3 теңге емес, 21 теңгеге дейін жететінін көріп жүргенін жеткізді.
Заң жобасы көпшілік дауыспен мақұлданды. Тек бір-ақ адам қарсы және алты депутат қалыс қалды.
Сонымен қатар жалпы отырыста «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» және «Кейбір заңнамалық актілерге қорғаныс және аэроғарыш қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары екінші оқылымда қаралып, мақұлданды. Бұлар туралы баяндаманы Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Құдайберген Ержан жасады. Алғашқы заң жобасы мемлекеттің қорғаныстық тапсырыстарын қалыптастыру, орналастыру және орындау тетігін өзгертуді, қорғаныс өнеркәсібін дамытуды, ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы ғылымды дамытуды, мемлекеттік органдардың және қорғаныс өнеркәсібі ұйымдарының қызметін үйлестіруді және қару-жарақ пен әскери техника айналымын реттеуді көздейді. Ал екінші ілеспе заң жобасы заңнамалық актілер нормаларын «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» Қазақстан Республикасы заңы жобасының ережелеріне сәйкес келтіру, құқықтық олқылықтар мен коллизияларды жою, сондай-ақ қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласындағы заңнаманы жетілдіруді көздеп, 4 кодекс пен 20 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң депутаттар орталық атқарушы органдарға арналған өздерінің депутаттық сауалдарын жариялады.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»