Қоғам • 20 Желтоқсан, 2018

Қазақстан Сирияға трансшекаралық гуманитарлық көмекті жалғастырады

363 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Сирияға трансшекаралық гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыру туралы қарарын қолдады. 

Қазақстан Сирияға трансшекаралық гуманитарлық көмекті жалғастырады

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүше­лері халықаралық қоғамдастық пен БҰҰ-ның Астана процесі аясын­­да­ғы іс-қимылын қоса алған­да, Сирия­дағы дағдарысты реттеудегі күшін жоғары бағалады. Қабылданған қарарда Астана форматындағы келіссөздер ұсталған адамдардың, әсіресе әйелдер мен балалардың тез арада босатылуына, сондай-ақ қайтыс болғандардың мәйітін тапсыруға, жоғалған адамдарды анықтауға елеулі үлес қосатынын атап өтті.

Қарарға сәйкес, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі «барлық тараптар БҰҰ-ның Сириядағы қажеттіліктерін кеңінен бағалау негізінде барлық сұралған аудандарға және халықтың барлық топтарына БҰҰ-ның гуманитарлық жасақтары және оның орындаушы серіктестері үшін, соның ішінде дәрі-дәрмектер мен хирургиялық жабдықтардың қауіпсіз, кедергісіз және тұрақты қолжетімділігін қамтамасыз етуін талап етеді».

Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров кездесу барысында Қазақстан Сирия­дағы гуманитарлық ұйымдар­дың, соның ішінде БҰҰ агенттіктері мен ҮЕҰ-ның қызметін қолдай­тындығын атап өтті. «Біз үкімет бақы­лауындағы, үкіметпен бақы­ланбайтын аумақтарда бар­лық адамдарға көмек көрсетуде гуманитарлық бейтараптылық пен әділеттілік принциптерін сақтаудың маңыздылығын атап өтеміз», деді елші. 

Қазақстан Иордания мен Түркия­дан Сирияға гуманитарлық көмек көрсетуді қайта жандандыру мен оны ұлғайтуды қолдады. Сонымен қатар БҰҰ-ның гуманитарлық мис­сия­ларына қауіп төндіретін терро­ристік ұйымдардың арандату әре­кеттеріне алаңдаушылық білдірілді.

Сондай-ақ Қ.Омаров БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасы және Халық­аралық Қызыл Крест Комитеті өкіл­дерінің 28-29 қарашада Астана қала­сында өткен Сирия жөнін­дегі келіс­сөзіне қатысуын қолдады. Аста­на форматындағы өткен кездесу осы елдегі бейбіт күштерді нығай­ту­ға және халықтың жапа шегуін тоқ­татуға бағытталғанын атап өтті. 

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Марк Лоукоктың баяндамасы тыңдалды. Өз баян­­дамасында ол 13 миллион адам­ның гуманитарлық көмекке мұқ­таж екенін, оның ішінде 3 мил­­лионнан астам адамға жедел көмек қажеттігін атап өтті. Рук­бан лагерінде тұратын 40 мың адам­ның жағдайы тұрақты түрде гума­нитарлық көмек көрсетуді талап етеді. 2018 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында БҰҰ мен оның гуманитарлық әріптестері ай сайын үш миллион адамға көмек көрсетті. Жалпы алғанда, БҰҰ мен оның гуманитарлық әріптестері көмекке мұқтаж адамдардың 40 па­йы­зына көмек көрсетті.