Қазақстан • 20 Желтоқсан, 2018

Спорт журналистикасының жай-күйі талқыланды

1205 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен апта соңында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің ұйымдастыруымен «Қазақ спорты» газетінің 60 жылдығы аясында «Қазақ спорт журналистикасы: кеше, бүгін, ертең» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Спорт журналистикасының жай-күйі талқыланды

Елімізге белгілі спорт жур­­­­налистері қатысқан ал­қалы жиында спорт саласын­да қалам тербеп жүрген тіл­шілердің біліктілігі және оны жетілдірудің тетіктері сөз болды. Мәселен, елімізге та­нымал спорт журналисі Қыдырбек Рысбек қазіргі жур­налистердің және спорт комментаторларының тіл та­залығын сақтамайтынын, спорт терминдерін дұрыс қол­да­нылмай жүргенін тілге тиек етті. Ал «Егемен Қазақстан» га­зе­тінің шолушысы Бекен Қай­­ратұлы ұлттық спорт түр­лерін жай спорт ретінде емес, жауынгерлік өнер ретінде қа­растыру керек екенін айтты. «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының бас­пасөз хатшысы Назерке Сұлтанбек PR, яғни спорттық жарыстарды қалай насихаттау керектігін, еліміздегі ірі-ірі спорттық жарыстарды жарнамалау барысына кеңінен тоқталып, өз ойын ортаға салды. 

Осы ретте «Қазақ спорты»­ газетінің бас редакторы, ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің оқытушысы Дү­рәлі Дүйсебай болашақ спорт журналистерін даярлау­ барысы жөнінде әңгіме қоз­ғады. «Жалпы, ЕҰУ спорт журналистерін сапалы да­яр­­­лауға ұмтылып жатыр. «Ком­ментатор шеберлігі», «Спорт шолушысы», «Спорт журналистикасына кіріспе» деген пәндерді оқыдық. Қазір содан тәлім алғандар осы саланы жазып жүр. Жеке салалық журналистика ретінде мамандар даярлау – алдағы күннің еншісінде».

Сонымен қатар ғылыми-тәжірибелік конференцияға Ұлттық Олимпиада комитеті Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшысы Раухан Тоғымбаева, «Қазспорт» телеарнасының директоры Павел Цыбулин, спорт журналистері Нұрғазы Сасаев, Дина Тұрарқызы, «Қазспорт» телеарнасының продюссері Асхат Сағынаев, «Қазспорт» телеарнасының тілшісі Ермек Төренияз және еліміздің өзге де өңірінен келген журналистер қатысып, өздерінің пікірлерін, ұсыныс-тілектерін білдірді.

Мадияр ҚҰДИЯРҰЛЫ