Ағылшын-саксондықтардың арғы тегі де сақтардан тараған деген тұжырым біздің заманымыздан бұрын қалыптасқаны жөнінде дәйекті дәлелдер баршылық. Мәселен, кезінде сақтар Каспий бойынан шығысқа қарай жылжып, Бактрияға ғана емес, сонымен қатар батыста жатқан Армения жерінің өте шұрайлы аймағында қоныстанғаны туралы біздің дәуірімізге дейінгі 63-жыл мен біздің дәуіріміздің 24-жылдары аралығында өмір сүрген гректің атақты тарихшысы әрі географы Страбон жазып кеткен. Ғалым келтірген дерек бойынша, кезінде әлгі аймақ Сакасина (Sаkаsіnа) деп аталған. Ал біздің дәуіріміздің 23-79-жылдары өмір сүрген Римнің аса көрнекті жазушысы әрі ғұлама тарихшысы Плинийдің пайымдауынша, жоғарыда сөз болған әлгі аймаққа қоныстанған сақтар Сакассани (Sakassani) деп аталған. Әлгі атау Сака-суну (Saka-sunu), яғни сақтың ұлы (ұрпағы) деген ұғымды білдірген. Бұл этимологияны алғаш ұсынған 1519-1572 жылдары өмір сүрген фламандық философ әрі филолог Горопиус Беканус (Goropius Becanus) болатын. Бұл тұжырымды атақты неміс теологы әрі гуманист ғалым Меланчтонмен (Melanchthon) қатар, алғаш рет латын тілінде жарық көрген «Британия» атты кітаптың авторы В.Камден (William Camden – 1777-1855) де толық қуаттайды.
Аталған дерек көздерін негізге ала отырып, британдық ғалым Шарон Турнер де, ағылшындар мен саксондықтардың арғы тегінің сақтардан тарайтынына еш күмән келтірмейді. 1827 жылы жариялаған «Сақ па, парсы ма?» деген ғылыми мақаласында Шарон Турнер өз пайымының негізсіз емес екенінің бұлтартпайтын дәлелі ретінде сақтардан тамыр алатын, ағылшын-саксон және парсы тілдеріне ортақ 262 сөзді көлденең тартады. Әлгі мақаланы қазақ тіліне аударып, оның бірнеше ақпарат көзінде («Егемен Қазақстан», «Ана тілі» газеттерінде, «Ақиқат» журналында) жариялаған едім. Зер салған оқырман олармен кезінде танысып та үлгерген болар деген ойдамын. Дей тұрғанмен, сол материалға осы мақалада да сілтеме жасаудың реті келіп тұр.
Жоғарыда келтірілген дерек көздерін ескере отырып, осы арада және бір пайымға назар аударған жөн. Ол мынау: ағылшындар мен саксондықтардың арғы тегі сақтардан бастау алады деген тұжырымды тек ағылшындармен немесе саксондықтармен ғана шектеуге болмайды. Бұл пайымның Еуропа құрлығындағы тілдері герман тобына кіретін өзге халықтарға да, дәлірек айтқанда, орталық Еуропадағы немістерге де, солтүстік Еуропадағы скандинавиялықтарға да тікелей қатысы бар. Себебі немістер де, скандинавиялық норвегтер де, шведтер де, даниялықтар да о бастан-ақ, ағылшын-саксондықтармен генетикалық және лингвистикалық тұрғыдан туыстас әрі тамырлас екені ешбір дәлелді керек етпейді.
Сөзіміз дәйекті болу үшін бірнеше нақты дәлелдер келтірейік. Мәселен, 2010 жылы Норвегия астанасы Ослода өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымықтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының жазғы сессиясына қатысып, сол сессия аясында арнайы ұйымдастырылған мәдени шара шеңберінде тарих және әлем өркениетінде өзіндік орны бар, жиһангер әрі жауынгер викингтердің бастапқы қалпына келтірілген байырғы кемелерінің музейімен жан-жақты танысудың сәті түсіп, экскурсия соңында викинг кемелері туралы толыққанды мәлімет беретін Арне Эмиль Кристиенсеннің «Викинг кемелері музейіне жолнұсқа» («Guide to Viking Ship Museum») атты кітапшасын сатып алған едім. Міне, сол кітапшамен танысу барысында Норвегияның Берген қаласына жақын жерде орналасқан Осеберг елді мекенінің маңайындағы қорғанда 1904 жылы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстардың нәтижелері туралы ақпараттан терең әсер алғанымды жасырмаймын.
Біріншіден, ең таңғаларлығы, Осеберг қорғанынан норвег археологтары викинг кемесін және сол кемеге жерленген екі әйелдің мумиялары мен он төрт жылқының қаңқа сүйектерін, емен ағашынан жасалған төрт доңғалақты арба мен төрт шана, бедерлі оюлармен әшекейленген абдыра, үш тағанды темір мосы мен соған іліп ас пісіретін шойын қазан, ағаш сапты темір пышақ, еменнен ойылған астаулар мен ожаулар, сондай-ақ қол диірмен, жұмсақ былғарыдан тігілген қысқа қонышты екі мәсі және бұғы мүйіздерінен жасалған тарақтарды қазып алған.
Екіншіден, әлгі кітапшаға 1880 жылы Норвегияның Сандар дейтін елді мекені маңайындағы «Гокстад» фермасына жақын орналасқан, сондай-ақ «Король қорғаны» деп аталып кеткен үлкен қорғанды қазған норвег археологтарының жазба деректері де қоса тіркеліпті. Әлгі деректер бойынша, бұл қорғаннан да викинг кемесі мен сол кемеде жерленген жас шамасы 50 мен 70-тің арасындағы ер адамның мумиясы және Осеберг қорғанынан табылған артефактарға ұқсас бұйымдармен қатар, 12 жылқының қаңқа сүйектері табылған. Қазір әлгі кеме де бастапқы қалпына келтіріліп, Ослодағы викингтердің кемелер музейінде сақтаулы тұр.
Норвегиядан елге оралған соң, викинг музейінен алған әлгі кітапшаны қайта сараптау нәтижесінде Солтүстік Еуропада да сақ қорғандарының бар екеніне титтей де күмән қалмады. Себебі Норвегияның жоғарыда аталған қорғандарынан табылған артефактар мен Алтайдағы Берел қорғандарынан табылған артефактардың ғажап ұқсастығы скандинавиялық викингтер мен сақтардың түпкі тегі бір екенін толық дәлелдеп тұрғандай. Бұл − үшіншіден.
Төртіншіден, Норвегиядағы викинг қорғандары мен еліміздегі сақ қорғандарының арасындағы көзге ұрып тұрған әлгіндей ұқсастықтарды жай ғана кездейсоқтық деуге мүлде болмайды. Өйткені бұлайша пайымдауға себеп болып отырған бұлтартпас дәйектің және бірі төмендегідей.
2000-2001 жылдары Қазақстанның Ұлыбритания, Ирландия және Норвегия мемлекеттеріндегі елшісі қызметінде жүрген кезімде соңғы елдің мұнай астанасы Ставангер қаласында іссапармен болып, сол қала орналасқан мұнайлы аймақтың тарихи-мәдени мұраларына бағышталған «From Runes to Rigs» («Руника жазуынан мұнай мұнарасына дейін») атты кітаппен, сол сияқты 2006 жылы жарық көрген Ян Ове Екебергтің «Норвегия: өткені, бүгіні, келешегі» (Jan Ove Ekeberg: past // present // future») атты туындысымен танысудың сәті түскен еді. Міне, сол кітаптарда байырғы викингтердің тарихы, ұстанған діни наным-сенімдері және олардың жоғарыда аталған қорғандарымен қатар, киелі саналатын өзге де қорғандары, атап айтқанда, осыдан 3000 жыл бұрын тұрғызылған Regehaugen және Tangarhaug (Тәңірқорған болуы ықтимал – Ә.А.) секілді ірі қорғандар тобы жөнінде де нақты мағлұматтар кездеседі. Cодан соң аталған қорғандардың қос сөздерден тұратын құрама атауларындағы -haugen, -haug деген сөздердің өз тіліміздегі қорған деген сөзбен айтылуы жағынан да, мағына жағынан да өте жақын екені көзге ұрып тұр.
Бесіншіден, ашық ақпарат көздерінен байқалып отырғандай, викингтердің кемелері көмілген қорғандар тек Норвегия аумағында ғана емес, сонымен қатар Британия аумағында да, Дания мен Швецияда да, тіпті Ресейде де кездеседі.
Олай болса, күллі Еуропа кеңістігінде мыңдап саналатын қорғандардың (олардың ішінде Скандинавия қорғандары да бар) әлгі географиялық аймақтан мүлде шалғайда, тіпті ит арқасы қиянда жатқан скиф-сақ қорғандарымен, атап айтқанда, алып Азияның кіндігі саналатын Тыва, Хакасия немесе Алтай қойнауындағы Берел, Пазырык, Басадар, Тұйықты немесе Жетісу өлкесіндегі Бесшатыр, Алатау етегіндегі Есік қорғандарымен сабақтастығы және Азия мен Еуропа қорғандарының арасындағы ғажап ұқсастық жоғарыда сөз болған, ағылшын-саксондардың арғы тегін сақтардан тарататын ғылыми болжамдар мен тұжырымдардың шындықтан тіпті де алыс еместігін дәлелдеп тұр деуге толық негіз бар.
Алтыншыдан, қорғандардың тарихы және оларды тұрғызған байырғы халықтардың мәдениеті мен олар сомдаған өркениеттер Еуразия аумағымен ғана шектелмейді. Өйткені бұл құбылыс Тынық мұхиттың арғы жағындағы, АҚШ кеңістігінде орналасқан қорған мәдениетімен де сабақтас екенін назардан тыс қалдыруға болмайды.
Айтса айтқандай-ақ, кезінде байырғы америкалықтардың («үндістердің») Миссисипи мәдениетіне тән Кахокия секілді 4000 жылдық тарихы бар алып қорғандардың да Еуразия қорғандарымен тамырлас екенін оқырмандарға 2003 жылы жарық көрген «Азия – Берингия – Америка» атты еңбегімізде жеткізген болатынбыз.
Жетіншіден, қорғандар туралы, оның ішінде скиф-сақ қорғандары жайлы жүргізілген арнайы зерттеу жұмыстарының нәтижелері өте мәнді. Мәселен, Тамара Т.Райстың «Скифы: строители степных пирамид» деген кітабына қосымша ретінде берілген деректерден Кубань, Таман, Қырым, Днепр, Дон, Киев, Полтава, Волга, Орал, Алтай, Солтүстік Моңғолия, Германия, Мажарстан және Румыния жерлеріндегі қорғандар шоғырының, яғни қорған мәдениетінің біздің дәуірімізге дейінгі VІІ ғасырдан бастап, біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырға дейін жалғасқан құбылыс екенін байқаймыз. Сонымен қатар аталған туындыдағы қорған атаулары да көп нәрседен хабар береді. Мәселен, Кубань тобындағы: Карагоденашх, Келермес, Курджип, Уль, Уруп; Қырым тобына кіретін: Ак-Мечет, Алтын-Оба, Дорт-Оба, Эль-Теген, Кара-Кият, Куль-Оба, Темир, Сальгир; Днепр тобындағы: Башмак, Чертомлык, Чмыр, Огюз; Полтава тобындағы: Акют; Волга тобындағы: Астрахан; Орал тобындағы: Биш-Оба; Алтай тобындағы: Басадар, Катанда, Курай, Пазырык, Шибэ, Туэкт; Солтүстік Моңғолиядағы Нойн-Ула; Румыниядағы Косьюрул-Маре, Сату-Маре Еуразия кеңістігіндегі байырғы скифтердің (бұл гректер берген атау) сақтармен тамырлас екенін айғақтап тұр.
Орыс ғалымы Ю.А.Шилов өзінің «Прародина ариев» (Киев, 1995) деген монографиясында «қорған» деген ұғым байырғы шумерлердің «кур-ан» немесе «кур-галь» («аспан тау» немесе «алып тау») деген сөздерінен тарайды және қорған тұрғызу мәдениеті Қара теңіздің солтүстік өңірінде б.д.д. 4000-2000 жылдар аралығында араттар мен ари тайпаларынан басталып, дами бастаған дей келіп, байырғы қорғандардың о баста антропоморфтық және астралдық белгі ретінде дүниеге келгенінен ақпарат береді.
Әлемдік тұрғыдан қарағанда, қорғандар Аустралия мен Антарктидадан басқа континенттердің бәрінде де кездесетін мәдени құбылыс екені дәлелденіп отыр. Әдетте, қорғандар қайтыс болған адамдар жерленетін бейіттердің үстіне тұрғызылған немесе жаратқанға жалбарынатын киелі орын ретінда сомдалған және олардың формалары да әртүрлі болып келеді. Содан соң Еуразия кеңістігінде Батыс Еуропадан бастап, сонау Қиыр Шығыста жатқан Жапонияға дейін әр заманда тұрғызылған қорғандардың бәрі дерлік көрініс тапқан. Алғашқы дала қорғандары б.д.д. 4000 жыл бұрын энолит дәуірінде басталып, орта ғасырларға дейін жалғасқаны байқалады. Мәселен, арғы тегі литвалық америкалық ғалым Мария Гимбутастың «Қорған гипотезасы» (Marija Gimbutas «Kurgan hypothesis») деп аталатын зерттеу жұмысында алғашқы қорғандарды үндіеуропалық халықтармен қатар, скифтер мен скандинавиялықтар да тұрғыза бастаған деген дерек бар.
Ресей жерінде де қорғандардың неше түрі кездеседі. Олардың аса көп шоғырланған жері – Хакасия. Ондағы ең әйгілісі − Үлкен Салбық қорғаны. Оны 1739 жылы Г.Ф.Миллер ашып, С.В.Киселевтің жетекшілігімен қазба жұмыстарын 1954-1956 жылдары Кеңес Одағы Ғылым академиясының экспедициясы жүргізген.
1971-1974 жылдары Тываның солтүстігіндегі Уюк (Ойық) өзенінің бойындағы «Патшалар алқабы» атанып кеткен Аржан, Тарлық елді мекендерінде орналасқан скиф заманынан қалған қорғандарда жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижесі де айтуға тұрарлық. Диаметрі 120 метр, биіктігі 3-4 метр болатын Аржан-1 қорғанынан археологтар бір бекзаданың және 16 адамның мумиясы мен 160-қа жуық жылқы қаңқасын, алтын мен күмістен жасалған өте бағалы бұйымдарды табады. 2001 жылы археологтар Аржан-2 қорғанынан әлеуметтік мәртебесі жоғары ерлі-зайыпты екі адамның мумиясын және олардың қасынан таза алтыннан жасалған 20 килограмға жуық бағалы бұйымдар, темірден жасалған қару-жарақтар, әскери сауыт-саймандар, киім-кешек және ыдыс-аяқ, т.б. табады.
Солтүстік Американың байырғы халықтары сомдаған алып қорғандардың да әлемдік қорған мәдениетінен алатын орны ерекше. Олар екі топқа бөлінеді. Бірінші топқа зооморфтық, яғни тотемдік қорғандар, ал екінші топқа кәдімгі төбе іспеттес қорғандар жатады. Олар неғұрлым биік әрі көлемді болса, онда жерленген адамдардың әлеуметтік мәртебесі да солғұрлым жоғары болғаны байқалады. Мәселен, Американың Миссури штатындағы Сент-Луис қаласының маңындағы Какохия қорғандарының мәні ерекше. Олардың жалпы саны 120 болған. Қазір олардың 80-і сақталған.
Британ аралдарында да қорғандар бар. Әсіресе онда төңкерілген табақ тәріздес қорғандар жиі кездеседі.
Мария Гимбутас «Қорған гипотезасын» 1956 жылы ұсынған болатын. Оның негізгі нысанасы археологиялық дерек көздерін лингвистикалық деректермен ұштастыра отырып, үндіеуропа тілдерінде сөйлейтін халықтардың байырғы отанын анықтау болған. Бұл гипотезаны қолдаушылар қорған мәдениетін Қара теңіздің теріскей жағы мен Оңтүстік-Шығыс Еуропаны б.д.д. бесінші мыңжылдықтан үшінші мыңжылдыққа дейін мекендеген протоүндіеуропалық халықтардан бастау алады деген көзқарасқа иек артады. Ал генетика тұрғысынан қорған мәдениеті, негізінен, хромосомасы Ү R1a1 гаплотобына жататын Орталық Азия, Батыс Азия, Үндістан және Шығыс Еуропа халықтарына тән, ал Батыс Еуропа халықтарында бұл генетикалық маркер өте сирек кездеседі. Керісінше, жаңағы генетикалық маркер норвегтердің 23,6 пайызына тән болса, олармен туыстас шведтердің 18,4 пайызына және алдыңғы екеуіне етене жақын болып келетін даниялықтардың да 16,5 пайызына тән екен. Демек, ағылшын-саксондар мен скандинавиялықтардың арғы тегінің сақтардан бастау алатынын аталған генетикалық факторлар да нақты дәлелдеп тұр.
Ағылшын-саксондық Британия және Норвегия мен Дания халықтарының тілдерінде байқалатын лингвистикалық ұқсастықтар да көзге ұрып тұр. Мәселен, түркі тілдеріндегі тіс, тіл, бел, белдік, елік, өгіз, сор (ащы), жер, сор (мұң), дала, абад деген сөздер мен тура сол ұғымдарды білдіретін, ағылшын және скандинавия тілдеріндегі дәлме-дәл немесе ауыспалы метонимиялық баламалардың ұқсас екенін байқамау мүмкін емес. Бейжай қалдырмайтын және бір лингвистикалық фактор мынау: норвег тілінде қазақ тілінің көптік жалғауларына ұқсас: – r, – er секілді көптік жалғаулар бар. Демек, жоғарыда атап өткеніміздей, сақтар мен скифтердің ағылшын-саксондар мен скандинавиялықтарға генетикалық тұрғыдан бір табан жақын тұрғандығы лингвистикалық тұрғыдан да айқын байқалады. Ендеше, сақтар мен скифтерді тілдері үндіеуропа тобына жататын парсылармен ғана туыстастыру шындықтан алыс жатыр. Өйткені жоғарыда келтірілген генетикалық және лингвистикалық дәйектер біздің пікірімізді толықтай дәлелдеп тұр.
Дәл осы тұрғыдан, яғни генетикалық және лингвистикалық тұрғыдан зер салсақ, осыдан 40 мың жыл бұрын Азиядан Америкаға қоныстанған байырғы америкалық «үндістердің» де арғы тегі түркі өркениетімен сабақтас екенін бұл күнде ғылым толық дәлелдеп отыр. Демек, Солтүстік Америкадағы қорғандардың да бастау көзі Еуразиядағы скиф, сақ, ғұн қорған мәдениетімен тікелей сабақтас әрі тамырлас деуге толық негіз бар.
Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық жоғары мектеп Ғылым академиясының академигі