Қазақстан • 20 Желтоқсан, 2018

Солтүстік Қазақстанда қылмысқа қарсы күрестің шекаралас ынтымақтастық мәселелері талқыланды

358 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шекаралық ынтымақтастық аясында Ресейдің Қорған, Омбы, Түмен облыстары полицейлерінің қатысуымен бірлескен үйлестіру тобының отырысы өтті.

Солтүстік Қазақстанда қылмысқа қарсы күрестің шекаралас ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Оған аймақ басшысы Құмар Ақсақалов,  Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің төрағасы, полиция генерал-майоры Игорь Лепеха, криминалдық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин, ғылым қайраткерлері Марат Қоғамов, Айдархан Сқақов, облыс құқық қорғау органдарының басшылары мен жұртшылық қатысты.

Отырысты Қ. Ақсақалов кіріспе сөзбен ашып, екі ел полицейлерінің тығыз қарым-қатынасы өз тиімділігін беріп келе жатқанын  атап өтті. Қылмысқа қарсы күрес саласында серіктестік қатынастарды нығайтуға қосқан үлесі үшін полиция генерал-майоры Олег Ильиныхқа, Юрий Алтынов пен Леонид Коломиецке құрмет грамоталарын табыс етті.

Солтүстік Қазақстан полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов атап өткендей өңір аумағында халықаралық іздеуде жүрген 24 қылмыскер ұсталған.

Отырыс барысында 2019 жылға арналған қылмысқа қарсы іс-қимыл, қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бірлескен іс-қимыл жоспары қабылданды. Өзара тәжірибе алмасу  бағытында оқыту семинарлары өткізілетін болды.

Іс-шара соңында ҚР ІІМ жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы, белгілі заңгер-ғалым Марат Қоғамов СҚО ПД жанындағы консультативтік-кеңесші органның мүшелеріне Ішкі істер министрлігінің грамоталары мен алғыс хаттарын табыстады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы