26 Қыркүйек, 2012

Жиырма жыл жазылған роман

569 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Жиырма жыл жазылған роман

Ақын-жазушылардың әлі сиясы кеуіп үлгермеген көркем шығармасын қаламгерлер ортасында талқылау, көркем әдеби сын деген ұғымдар санамыздан көшкен бұлттай тарап бара жатқан сияқты әсер қалдыратын. Қазақ әдебиетінің «алтын ғасыры» аталған кеңестік дәуірде тың туындылардың қай-қайсысы болсын қаламгерлер назарынан тыс қалмай, әдебиет сыншылары тарапынан лайықты бағасын алып келсе, сол дәстүрдің діңгегі кешегі аласапыран кезеңде зардап шекпеді деп айта алмаймыз. Тәуелсіздіктің 20 жылдық белесін артқа ысырған кезеңде қолға алынып отырған елордалық қаламгерлердің бастамасы көзі бітеліп, көмескі тарта бастаған рухани арнаның жүзіне қайта қан жүгірткендей рухтандырады. Жазушылардың астаналық филиалында алғаш рет тарихи көркем туынды талқыланды.

Ақын-жазушылардың әлі сиясы кеуіп үлгермеген көркем шығармасын қаламгерлер ортасында талқылау, көркем әдеби сын деген ұғымдар санамыздан көшкен бұлттай тарап бара жатқан сияқты әсер қалдыратын. Қазақ әдебиетінің «алтын ғасыры» аталған кеңестік дәуірде тың туындылардың қай-қайсысы болсын қаламгерлер назарынан тыс қалмай, әдебиет сыншылары тарапынан лайықты бағасын алып келсе, сол дәстүрдің діңгегі кешегі аласапыран кезеңде зардап шекпеді деп айта алмаймыз. Тәуелсіздіктің 20 жылдық белесін артқа ысырған кезеңде қолға алынып отырған елордалық қаламгерлердің бастамасы көзі бітеліп, көмескі тарта бастаған рухани арнаның жүзіне қайта қан жүгірткендей рухтандырады. Жазушылардың астаналық филиалында алғаш рет тарихи көркем туынды талқыланды. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген қанатты қағида әдебиеттегі өсіп келе жатқан қаншама жас өркендер қаламын қатайтуға себепші болатыны рас десек, ал халқына өткен тарихтың кескін-келбетін, кесек тұлғаларын шынайы баяндауды барынша мұрат тұтқан майталман жазушылар үшін де мұндағы ортаға салынған сын-пікірлер мен ой-байламдардың орны бөлек саналады.

Жақында Қазақстан Жазушылар ода­ғының Астана қалалық филиалы  және  С.Сей­фуллин мұражайының ұйымдас­ты­руымен елордалық қаламгерлер Қажы­ғали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» тарихи романын талқылады. Жазушылар одағы қалалық филиалының директоры, көрнекті ақын Несіпбек Айтұлы жүр­гіз­ген әдеби талқылауға Төлен Әбдік, Әнес Сарай, Сайын Назарбек, Мәди Айымбетов, Марат Мәжитов, Қуаныш Жиенбай сияқты белгілі ақын-жазушылар қатысып, пікір білдірді.
– Бұрын да мұндай әдеби талқылаулар болған, бірақ бүгінгі басқосудың жөні оларға қарағанда мүлде бөлек, – деп сөз бастаған Жазушылар одағы Астана қа­лалық филиа­лының директоры Несіпбек Айтұлы романды өзі де жақында оқып шыққанын айтты. – Қажығали Мұханбет­қалиұлының романы – тәуелсіздік жылдары тұсындағы үлкен бір сүбелі дүние. Жалпы, әр жазушының шығар­машылығында ерекше бір басты кітабы болады. Айтайық, М.Әуезовтің керемет небір шығармалары бар, бірақ «Абай жолының» алар орны бір төбе. Сол сияқты Ә.Нұр­пейісовтің «Қан мен тері», М.Мағауиннің «Аласапыраны», Әбіш Кекілбаев­тың «Елең-алаңы» сияқты жазушының өзінің бір шыңы, жанын-қанын, бүкіл өмірін арнаған шы­ғар­малары болады. «Тар кезең» романы Қажекеңнің жиырма жыл көз майын тауысып зерттеп жазған сондай шы­ғармасы екені көрініп тұр. Себебі, шығарманы жазу бар да, оған пәленбай жыл тапжылмай отыру деген жауапты іс тағы бар, ал мынадай үлкен, күр­делі шығармаға келу үшін адам оны көп уақыт зерттеуі керек. Әсіресе, орыс-қазақ қатынас­тары, Ресей­дің Қазақстанды отарлау саясаты, бүгінгі күнге дейінгі дәуір, кеңестік кезеңде шынайы ашылып айтыла қойған жоқ. Өйткені, орыс империя­сы­ның қол астында отырған уақытта олар­дың қазақ даласын отарлау саясатын бү­ге-шігесіне дейін қазып айту мүмкін емес еді. Қажекең болса бұл тақы­­рып­ты тәуелсіздік тұсында көтеріп отыр. Өткен тарихқа шындық тұрғысы­нан қарап, тіпті Пе­тербордағы тұрған көше­лерді, ондағы ғимарат­тарды суреттегенде ол жү­регінің сүзгісінен, көңілінің көзінен өткізіп, анық байқап жазғаны көрініп тұр. Шы­ғар­маның ғажаптығы, қазақ даласын жаулауда­ғы орыс импе­риясының неше түрлі сұрқия саясатын баронның, орыс офицерінің кө­зімен керемет көр­сете білген. Және Сырым батыр бастаған қазақ даласының қарсылығы, ХVIII ға­сыр­дың екінші жарты­сындағы тар кезең үлкен суреткерлікпен бері­ліп отыр.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Әнес Сарай «Тар кезең» романын түгел оқып шыққанын айта келіп, Сырым батыр мен ол өмір сүрген кезең тарихына қатысты қызықты деректер келтірді. «Мен Қажекең­нің шығарма­сы­ның алғашқы тарауын осыдан он бес жыл бұрын оқыған­мын. Жақында түгел оқып тауыс­тым. Сондықтан, бұл шы­ғар­маның тағдыры, жазылу кезіндегі қи­ыншы­лы­қ­тары мен күрмеу­лері менің көз алдымнан өтті деуге болады.
Орыс отаршылдығына қарсы бірден-бір қарсы күрескен адам осы Сырым Датов. Тарихи, ресми дерек бойынша орыс отарлауына қарсы шыққан бірінші көте­рілісші де, ал ресми емес тарих бойынша екінші көте­рілісші. Бірін­ші көтерілісті таманың Сапура есімді қызы бастаған. Отарлау саясатына қарсы шыққан ұлт-азаттық көтерілісінің басында қашанда Сы­рым Датұлының есімі ерекше аталуы заңды. Үкіметке, саясатқа, айтылмай жүрілетін идея­ларға қызмет етеміз деп кейбір тарихшылар хандардың барлы­ғын шетінен мақтап, олардың ішінде осалы жоқ, барлығын данышпан етіп, ал енді халық көтерілісін бастағандарды «тентек» дейтін болдық кейде. Сондай идея жер-жерде жүріп жатыр. Егер де біз хандарымызды ұлт үшін жанын пида қылған ұлт-азаттық көте­рілісінің көсемдеріне қарсы қойып сөйлейтін болсақ, онда отаншылдық деген сезімнен жұр­дай боламыз. Елі үшін қан төккен Сырымды, Кенесары мен Наурызбайды, Есет Көті­ба­ровты, Исатай мен Махамбетті, Иса мен Досанды, Жанқожа мен Бұқарбайды, Бекболат пен Имановқа дейінгі ұлт-азаттық көтерілісінің батырларын жалаулатып көр­сет­песек, онда ұлт-азаттық көтерілісі бәсеңдеп, ұмыт болады. Бірақ ұмытты­р­мау үшін бүгінде міне, мынадай романдар жазылып жатыр. Сырым Датовтың тарихы адам айтқысыз ұшан-теңіз. Оны түгел жеткізу мүмкін емес. Бұл өзі орыстың атақты қолбасшысы Суворовтың өзімен күрескен адам ғой. Сырымның тарихта Есімханды (Нұралы­ның баласы) өлтірген кезі және бар. Қызылқоға ауданында Сырым бөгеті деп аталатын атау кездеседі. Сырымның мәйіті қазақ шекарасынан тыс Қоңырат дейтін маңда жатыр. Қажекең соның бәрін сырып тастап, ұшан-теңіз осынау дүниеден не алған десек, ол шы­ғармасына орыстың Қазақ­станды отар­лау­ға келген саясатын ғана алған. Мен Игельстромды онша жек көр­медім. Қа­же­кең сүйсініп жазыпты оны. Өзі сүйкімді, өзі орыс емес, бірақ орыс саясатын, отарлау саясатын жүргізер кезде бұл­тарт­пайды. Амандасып, жылмаңдап тұрған­мен халықты отарлау саясатына келгенде беті міз бақпайды. Соны Игельстромның бо­йынан көрдім. Ол қазақты орыс әкім­шілі­гінің заңына бағынды­руға, елдің тұрмысын бұрынғы шариғат емес, дәстүрлі қазақтың дала заңымен емес, ата жолымен емес, орыстың заңымен реттеу үшін келген адам ғой. Қазақты орыс билігіне түгел аударамын деп келген Игельстромның сол саясатын жүзеге асыруға қарсы адам – Сырым. Сы­рым­ның батырлығынан гөрі саясаткерлігі басымдау. Сырымның ұлылығы да, қазақ үшін істеген ісі де осы жерде көрінеді. Осыны Қа­жекең жақсы берген. Жалпы, көркем шығар­мада сюжет, екіншіден характер болуы керек. Үшінші, тіл керек. Сол үлкен шығар­маға қа­жет­ті үш компонент те Қажекеңнің туындысынан табылып тұр, әдемі үйле­суімен шығар­масы құлақ-бауы келген домбырадай. Егер де өнерлі адам болса, әндет­кісі келіп тұр. Қазақта ең озық шығармалар тарихи тақырыпқа жазыл­ған – «Абай жолы», «Қан мен тер», «Ботагөз», «Аққан жұлдыз» «Хан Кене», «Көш­пенділер». Бұл жағынан жинаған тәжіри­беміз аз емес. Марқұм Рымғали Нұрғалиев қазақ әдебиетінің өткен ғасырдағы тұрмысын «алтын ғасыр» деп атады. Бұл биік сірә енді алғызбайтын шың болса керек. 40 том жазған Сәбит Мұқановтың өзі не тұрады?! Соның он алты томын шы­ға­руға қатыстым. «Қазақ елі» деген бір кітабы шықты. Қазақтың ру, тайпалары туралы алғаш­қы кітап. Соны алдыма әкеліп тастай салғанда, шаңы бұрқ ете қалды. Осы кі­таптың іші толған факт, осыдан кітап шығар деді. Әлгіні мық­шыңдап отырып біраз жұмыс істедім. Бірақ кейін Мамажанов сұ­рап алып кетті. Осындай тарихи кітаптар аз емес. Соның бұл соңы болмасын деп ті­леймін. Қажекең сол жақсы дәстүрді жал­ғастыра білді», – деді Ә.Сарай.
Жазушы Төлен Әбдік: «Тарихи шы­ғар­ма­лардың даңқын шығарған – халық­тың тарихқа деген ықыласы, – деді. – Шөлдеуі. Өйткені, кешегі Кеңес өкіметі тұсында тарихымыз бұр­маланды. Шын тарихты білме­йінше адамның өз халқына деген сүйіс­пеншілігі болмайды. Сон­дық­тан тарихи шығармалар кейбір кем-ке­тігіне қарамастан халыққа ұнады, халық қа­был­дады. Тарихи шығармалардың кей­бі­рінен дайындықтың аздығы, толық тәптіштеп зертте­мегені, зер­делемегені байқалып тұратын. Бірақ біз оған қараған жоқпыз, жақсы қабылдадық. Ал енді Қажекеңнің романын оқып шыққанда менің байқағаным, жазушы тарихты бүге-шігесіне дейін зерттеген. Бүкіл ресми бұйрық­тарға, хаттарға дейін мұрағаттан қарау деген қыруар уақытты қажет ететін нәрсе. Бұл – бір, екіншіден, тарихи нәр­сені зерттеу аз, оны зерделеу керек, мән-мағынасын айқын­дау, бойға сіңіру, жү­ректен өткізу керек. Осы тұрғыдан келгенде, Қажекең тағы да жақсы зерде­ле­гені көрініп тұр. Үшіншіден, әдебиетте тіл болма­йын­ша көркем шығарма қалай туады. Қажекең­нің тілі ерекше тіл екен. Жазушы шығармасын бұрыннан білем дегенмен де, бірақ мұнда өте жанын салғаны көрініп отыр. Әсіресе, басынан бастап суреттелетін барлық оқиға көз алдың­нан кино көргендей өтіп отырады. Бұл – үлкен жетістік. Көзге осылай елестемесе, дұрыс сурет салынбайды. Ал­ғаш­қы төрт тараудың тілі ерекше. Өйт­кені, керемет детальдар бар ішін­де. Ке­йіпкер бейнесін суреттеп отырып, қамыс арасынан шыққан қабанкөзденіп дейді. Көз алдыңа адамның бейнесін әкеледі. Қажекең адамдардың қимылына дейін, сөйлеген сөз­деріндегі ерекшеліктерді, көзге түсе бермейтін қылықтарды, осы­ның бәрін керемет жасаған. Сырымға келсек, сәл стильдік ерекшелік байқа­ла­ды. Себебі, қа­зақтың тарихын қалыпқа түсіру оңай шаруа емес. Баяндау жағы басымдау болып кө­рінеді. Сырым би болған соң, ол халықтық кеңесте, дау-дамайда жүретін адам бол­ғандықтан оның бейне­сін диалог арқылы өте жақсы береді. Үшіншіден, сюжеттік қию­ласу бар. Роман өте көркем жазылған. Тілі сондай тамаша, образдар ашылған. Әрине, кітап өзінің оқырманын табары сөзсіз. Бірақ енді келесі басылымдары болуы мүмкін. Жазғанына елу жыл болған «Қан мен терін» Ә.Нұрпейісов әлі күнге редакциялап жүр ғой. Соны қаламгер назарына ілсе деймін. Халқымыздың азап шегуінің басты себептері болған. Ол – пат­ша­­лық Ресей. Бұл ел тарихта әлемдегі отарлау саясатын жүргізген елдердің ішіндегі ең қаталы болған. Ресей тек қазақтарға қиянат көрсеткен жоқ, бүкіл Орта Азия халықтарына, оның ішін­де Кавказ халықтарын бұғауда ұстады. Кавказда ең көп халық болып саналатын черкестерді ұлт есебінде жойды. Ноғай халқы ұлт ретінде ысырылды. 1782 жылы Суворов аз уақытта 500 мың ноғайды қырған екен. Нағыз геноцид емес пе? Көз көргендердің айтуы бойынша, олардың қолына түс­кен­дер қалай өлтірілетінін білген соң, но­ғайлар өздерінің балаларын өздері өлтіре бастаған. Отаршыл Ресей қарамағын­да­ғы елдерге адал болды деп айта алмаймыз. Бірақ қалай дегенде де олардың ішінде кейбір жеке адамдардың демократ болуы ғажап емес еді. Игель­стром­ның бейнесі соған сендіреді. Бірінші тарауды оқыған кезде оқырманға Ресейдің тарапынан қазақ халқына бір үлкен жақсылық жа­салған, осылар тыныш болса екен деген сияқты саясат елестейді. Ертең мұны оқыр­ман қалай қабылдайды, мен ол жа­ғын қазір айта алмаймын. Үшіншіден, Сы­рымның ең үлкен жауы тек Нұралы деп қана қарайтын болсақ, онда Сыр­ым­ның рөлі сәл-пәл төмен­дей­ді. Біз тарихтан Сырымды отаршылдыққа қарсы қазақ халқының қарсылығын бірінші бас­таған күрескер ретінде қараймыз. Ресейге жетіскеннен кіреміз деп қол қойылған жоқ. Қалмақтың, жоңғардың шабуылын жасат­тыр­ған Ресей араға алауыздық отын тұтатты. Яғни, бізге шабуыл жасатқызып, сосын өздерінің қол астына кіргізуге мәжбүр еткен. Екіншіден, Орта Азия халықтарын бір-біріне айдап салу саясаты өте дұрыс саясат делінген. Міне, осыны аздап болса да Сы­рымның ішкі ойларымен бе айтып кету керек еді. Үшіншіден, бірінші бөлімді сәл-пәл қысқартуға болатын шығар. Сырымның хандық билікке қарсы болуы – өте қауіпті пікір. Хандық саясатты жою Ресейдің саясаты болған. Бұл жойылса, жұрт бет-бетімен кетеді. Сондықтан, аға сұлтан де­ген­ді енгізген. Ал аға сұлтан бірлесіп әскер жинай алмайды. Біз Жоңғариядан неге жеңіл­дік? Себебі, елді билер биле­ген­діктен, хандар емес. Хан билеген кезде армия мемлекеттік болады. Билік билерге кеткен соң, әркім өзінің руын ғана билейді. Қазақстан ру­лардың одағына айналды сол кезде. Жұрт кейін осыны білген соң, Кенесарыны хан сайлады. Өйткені, күресу керек болды. Жалпы, маған роман ұнады, әріптері үлкен, басынан бастап аяғына жеткенше сырғисың да отырасың. Құтты болсын!» – деп романға сәттілік тіледі.
Сәулетші, ақын Сайын Назарбек шы­ғар­маны оқып шыққанда, әсіресе, тіл бай­лығына қайран қалғанын, қойын дәп­теріне романнан өте сирек кездесетін 126 сөзді түртіп алғанын, тарихи романның ешбір көркем шығармадан кем оқылмайтынын айтса, жазушы Мәди Айымбетов романды үш күнде тез оқып шық­қанын тілге тиек ете келіп, мұрағаттан көп дерек жинаған жазу­шының еңбегін ерекше атап өтті. Тақырыбы тағы да екін­ші, үшінші кітаптың жазылуына сұранып тұр деді. Жазушы Марат Мәжитов шы­ғар­маның көркемдік деңгейі туралы тоқ­тала келіп, орыс тіліне аударылса, орыс­тардың жерге түсірмей оқитын шығар­ма­сы болар еді деген пікір білдірді. Белгілі қаламгер Қуаныш Жиенбай тарихи романдарда әдетте атыс-шабыс, өлім-жітім сияқ­ты нәрселер кездеседі десек, мұнда ондай оқи­ғалар көрініс таппайды, жалпы алғанда, тарихи шығарма оқырманның кө­ңілінен шығатын тың туынды деген ойын жеткізді.
Әдеби талқы­лаудың соңында Қажы­ғали Мұханбетқалиұлы роман туралы пікір-ұсыныстарын білдірген әріптестеріне риза­шылық білдірді. Мені жиырма жылға жуық уақыт оқырманым әдебиеттен жоғалтып ал­ғандай болды. «Тар кезең» тарихи романы арқылы халықтың алдындағы бір парызымды ақтап шықтым деп ойлаймын деді.
Қазақ әдебиеті сонымен тағы бір тарихи туын­дымен толықты деп қуану­да­мыз. Өйт­кені, бұл шығарма тәуелсіздік сиясымен жазылған бірден-бір рухани қазынамыз болып табылады. Сәттілік тілейміз жаңа кітапқа.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».