Әйел әлемі
Балуан Шолақ ұрпағының ұйытқысы
Бүгінгі әңгіме Балуан Шолақтың кіші келіні Ғазиза Мәткенқызы жайлы. Ол Көкшенің көркем қойнауындағы Бурабайдың Кіндікқарағай ауылында туып-өсті. Әкесі Мәткен оқыған-тоқығаны мол, әрі молда, әрі кең жауырын балуан болғанын жазушы Естай Мырзахметовтің кітаптарынан білеміз. Анасы Ұмсынай 17 бала тәрбиелеп өсірген ғазиз жан еді. Ғазиза апамыздың біз көрген інілері Құрбан – колхозда есепші, Ғани – отыз жылдай мектеп директоры, Қадер – Жезқазғанның Қарсақпай зауытында директор қызметін атқарды. Сіңлілері Нәсипа айтулы ұстаз, Қазина Ұрымқайдағы кірпіш зауытының бригадирі ретінде ел есінде. Бұл да дүние тұтқасынан тәлім тарқатар ойға жетелейді.
Балуан Шолақ ұрпағының ұйытқысы
Бүгінгі әңгіме Балуан Шолақтың кіші келіні Ғазиза Мәткенқызы жайлы. Ол Көкшенің көркем қойнауындағы Бурабайдың Кіндікқарағай ауылында туып-өсті. Әкесі Мәткен оқыған-тоқығаны мол, әрі молда, әрі кең жауырын балуан болғанын жазушы Естай Мырзахметовтің кітаптарынан білеміз. Анасы Ұмсынай 17 бала тәрбиелеп өсірген ғазиз жан еді. Ғазиза апамыздың біз көрген інілері Құрбан – колхозда есепші, Ғани – отыз жылдай мектеп директоры, Қадер – Жезқазғанның Қарсақпай зауытында директор қызметін атқарды. Сіңлілері Нәсипа айтулы ұстаз, Қазина Ұрымқайдағы кірпіш зауытының бригадирі ретінде ел есінде. Бұл да дүние тұтқасынан тәлім тарқатар ойға жетелейді.
Бұл күндері 91 жастағы Ғазиза апамызды 1986 жылы Бұланды ауданындағы «Отрадный» мемлекеттік орман шаруашылығы мекемесі аумағындағы Тастыөзек ауылында көргентұғынмын. «Ұлы дала» қозғалысы төрағасының бірінші орынбасары, белгілі кәсіпкер Марат Нәбиевтің бастамасымен Балуан Шолақ қорымына ескерткіш тас қойылған. Сонда ғазиз ана тәубе сөзін айтып, тебірене сөйлеген. Одан кейін Жамбыл облысының әкімі бастап келіп, баба бейітіне 16 метрлік мемориалдық ескерткіш орнатылғанда Ғазиза апайымыздың зыр жүгіре қызмет еткенін көргенім бар еді.
Міне, енді Ғазиза апамыздың ұлдан үлкені, Бұланды ауданының орталығы Макин қаласының әкімі Шайдолла Шолақовтың бастауымен Тастыөзекке келе жатырмыз. Жанымда «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Шыңғыс Тәшенов бар. Айналаның көркем көрінісі бізді еріксіз баурап, Балуан баба заманына жетелеп бара жатқандай сезіндік. Алайда бұралаң бір тұста көлігіміз селк ете қалды. Шайдолла жымиып отыр екен.
– Ұқсастықты қараңызшы, – дейді Шәкең сонау бір өткен күндердің сілемінен сөйлеп тұрғандай кейіпте. – Салт атты әкем Құдайберген «Кызыл кардонның» дәл осы бұрмасына келе бергенде май батпаққа батқан мәшинені көреді. Бірсыпыра адам жол талғамайтын «Уаздың» әуресімен қызыл терге түсіпті. Соны әкем жарықтық иығымен итеріп шығарыпты. Сәбит Мұқанов, Ахмет Жұбанов, Жайық Бектұров, Естай Мырзахметов еңбектерінде балуан атамызға қатысты дәл осындай көрініс бар. Ол қос ат жегілген үйме шөпті арбаны жалғыз қолымен тартып шығарған. Орыстың риза мұжығы жүгенін қолына ұстап, жаяу кете барғанда бәстің бәсіресін бұзып, арбасын қос атымен қайтып берген екен.
Шындығында, Құдайбергенді «әкесінің аузынан түсіп қалғандай» деген сөзді жиі еститінбіз. Балуандығын былай қойғанда әнші, күйші, ағаш шебері болған көрінеді. Оның өз қолымен жасаған қара домбырасы қазір де сақтаулы. Қаршадайынан колхоз, совхоздың қара жұмысына араласып, Макин қаласындағы Ленин атындағы зауыттан зейнеткерлікке шыққан. Ғазизамен әй-шәйсіз 36 жыл отасып, 73 жасында дүниеден озды. Аузынан Алласы, қолынан Құраны түскен емес.
Төрт көшелі Тастыөзектің еңселі үйі бой көрсеткеннен-ақ Шайдолла мазасыздана бастады. «Қап, жаңа хабарласып алуым керек еді» дейді. Айтқандай, Ғазиза апамыз үйде жоқ болып шықты. Кеше ғана Астанадағы қызы Асыл өзімен бірге алып кетіпті. Шайдолла қызық, анасын қарындасы ұрлап алып кеткендей күйіп-пісіп жүр. Мен еш өкінген жоқпын. Дәм бұйырса, кездесе жатармыз. Он екі құрсақ көтерген кейуананың тоқсаннан асқан шағында ұрпағын аралап жүруі, ал жігіт ағасының анасын іздеп қиғылық салуы кез-келгеннің басына жазбаған бақыт.
Үлкен үйден дәм татып, Балуан бабамыздың кесенесіне тәу еттік. Қайтар жолда Шайдоллаға алыстан орағытып сауал қойдым. «Кіндіққарағай тумасы, журналист досым Мәули Әлімовті білесің. Марқұм мынадай өлең айтушы еді: «Шолақова шонтиды, Партаға кеп қонжиды…». Бұл кім?
– Бұл менің әпкем Әйбат қой. Екеуі сыныптас, деп жанары жарқырай әңгіме бастады. – «Қонжиды» деген сөзде мән бар. Үлкен апамыз Манат екеуінің арасында бала тұрақтамай, шетіней бергендіктен кіндігін Қыстауқарағай ауылының қияңқылау бір ұл баласына балтамен кестірген екен. Атамызға тартқан алып қыз болды. Мазақтап, намысына тиген балаларды ұрып жығып, сынып бөлмесінің ортасына үйіп қояды екен. Көкшетауға таяу Кенесары ауылында тұрады, кіре кетсеңіздер болады.
Межелі жерге жеткен соң жұмысы көп әкім Макинкада қалып, Кенесарыға да келіп жеттік. Жол жиегіндегі коттедж үйде тұрады екен. Алдында екі қызыл бұзау арқандаулы тұр. Осы сәт орнымда қалшиып тұрып қалдым. Құдайдың құдіреті, әлгі бұзаудың біреуінің маңдайында «7» әрпі тайға таңба басқандай көрініп тұр. Оны ұялы телефоныма түсіріп алдым.
Енді мына қызықты қараңыз, Әйбат апа 2006 жылғы 31 желтоқсанда, Құрбан Айттың бірінші күнінде бүйірінде «Алла» деген жазуы бар қозы туғанын айтып, ұлы, ауыл имамы Мұрат Қабылбаевтың қозыны ұстап тұрған суретін көрсетті. Діндар ана қажылыққа барып келген. Халық емімен айналысады. Енді білдік, Шайдолла да, оның келіншегі Дәмелі де қажылық парызын өтеп қайтыпты. Мұның барлығын Балуан Шолақ бабаларының аруағы желеп-жебегені деп біледі.
– Шешеміз шілде айының соңында біздің үйге келеді. Тіпә-тіпә әлі ширақ, –дейді Әйбат апа. – Әкеміз қайтыс болғанда Манат, мен, Қайролла, Шайдолла ес біліп қалғанымызбен, Асыл, Хамидолла, Есенбайлар әлі кішкентай еді. Үкіметтің берген 4 рубль жәрдемақысымен бәрімізді жеткізді. Қой бақты, сиыр қайырды, балшық илеп үй салды, қара жұмыстың бәрінен қайыспады. Қолы шебер. Түбіт шәлі тоқып, текемет, алаша басатын. Мойымайтын қажырлылығының арқасында Шайдолла Алматы физкультура институтын, Асыл Қарағандыдағы кооперативтік институтты, Есенбай Целиноград машина жасау техникумының күндізгі бөлімін бітірді. Баршамыз ел қатарлы жұмыс істеп, анамызды қуантқандаймыз. Ол кісінің 20 немересі, отызға жуық шөбересі бар. Марапаттан да кенде емес. Соның ішінде Шу қаласына арнайы шақыртылып, Балуан бабамыздың ескерткішінің ашылуына қатысқанын, арнайы медаль алғанын мақтан етеді. Баба ұрпағының ұйтқысы болып жүрген анамызды әрқашан ардақ тұтамыз.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы,
Бұланды ауданы.
Қарлаг құрбандарын түгендеу бүгінде журналист Екатерина Кузнецованың
басты мақсаты болып отыр
Қарағандылық Екатерина Кузнецова кезінде Кеңес Одағы халықтарының шетсіз-шексіз далалық түрмесіне айналған атышулы Қарлаг туралы 30 жыл бойы тірнектеп жинақтай келіп, талай мақала жазған еді. Ол еңбектері оқырман қауым назарына ілікпей қалмады. Соларды құрастырып, былтыр жарыққа шығарған «Қарлаг ОГПУ-НКВД: Столыпиннен Гулагқа дейін» туындысы тіпті, шетелдік тарихшылар тарапынан да қызығушылық тудырды. Жалпы алғанда бұл оның шығармашылық жолындағы алғашқы сүбелі еңбегі емес. Олай дейтініміз, «Қанды 37. Қуғын-сүргіндегі Қазақстан», «Темір тордағы Қарлаг» атты және ату жазасына кесілгендердің тізімі жарияланған жинақтары тозақ отының бұрын-соңды мәлімсіз сырларын бүге-шігесіз алғаш алға жайған болатын.
Екатерина Борисовнаның аталған тақырыпты қаламға қазық қылуы жайдан-жай емес-ті. Қытайдың Далян қаласында дүниеге келген ол осындағы ортадан кеңестер еліндегі саяси зорлық-зомбылықтарды естіп өсті. Ағылшын, қытай тілдеріне жетік әкесі ашылып сыр шашпаса да өміріне, балаларының болашағына алаңдаушылық көңіл-күйі жағдайларының бұлдырлығын аңғартатын. Үнемі үрей үстінде тірлік кешкен Колоколовтар отбасы Сталин өлгеннен кейін ғана Хрущевтің жылымық кезін пайдаланып, тарихи отанға оралуға бет алыпты. Соның өзінде елдің ірі қалаларының біріне қоныстануға рұқсат етілмей, тың игеруге тілек білдірушілер ретінде Қазақстанда қалдырылады. Ақмоланың іргесіндегі Киевка селосына тап болған бұлар ес жинаған соң Қарағандыға табан тірейді.
Тағдырдың жазуын қараңызшы, жас қыздың мұнда Қарлагтың қыл көпірінен өткен, бірақ елдеріне қайтуға жолы кесілген жандармен аралас-құралас болатындығы қаперінде жоқ-тын. Олар қалада көп екен. Өзі білім жалғастырған мектепте ағылшын тілінен, физика пәнінен сабақ беруші ұстаздарының Қарағандының айналасындағы тікенек сымды қоршауларда 10 жылдан астам жазықсыз зардап шеккендерін кейіннен білді.
Жастайынан армандаған мамандығына қолы жетіп, облыстық «Индустриальная Караганда» газетіне жұмысқа орналасқанда зобалаң жылдар зұлматын көріп, тақсыретін тартқандар әлі аз болмайтын. Редакцияға жиі соғатын аға әріптесі Жайық Бектұровтың сталиндік зұлымдықтың куәгері екенін зайыбы арқылы біліп, сыр тартуға талай талаптанған. Адам төзгісіз азапты бастан кешірген осы бір аяулы жанның кейде оңаша сәттерде айтып қалатын әңгімелері қойын дәптеріне түртіле беретін. Көптен көкейін мазалаған тақырыпқа осылайша сүрлеу салынып, өткендегі алапат-кесапаттардың себеп-салдарын ашып көрсетуге құлшыныс күшейген. Зерттеулік ізденістерді тоқтатпауы ақырында жемісі мен жеңісін әкелді. Қоғамда күрт өзгеріс туып, талай жылғы құпиялар ашыла бастағанда саяси тұтқындар тоғытылған кеңестік лагерьлердің алыбы Қарлаг жайлы алғашқы деректі материалдар бұл уақытта қалам тәжірибесі толысқан Кузнецованың қолынан бірінен соң бірі шығып жатты.
– Олар әрқилы қабылданды. Әсіресе, осынау лагерьдің Спасскідегі, Долинкадағы, Дубовкадағы, Ақтастағы бөлімшелерінің бұрынғы көзі тірі лауазымды қызметкерлері мен күзетшілері арасында қатты ашу-ыза туғызды. Мақалаларды жариялауды тоқтатуды талап еткендер де болды. Алайда, бұлтартпас дәлелдер, заманның жылы лебі өрекпушілер желігін су сепкендей тез басты. Содан бері 200-ден астам материал жарияланып, таңдаулылары кітаптарыма енгізілді.
Расын айтқанда, бұл ауыр тақырып. Жазу барысында жан сыздатып, өзек өртеп отырады. Бірақ ақиқат үлкен сабақ. Сондықтан Қарлаг қасіретін барынша ашып көрсетуді жалғастыру қаламгерлік парызым деп білемін, дейді Екатерина Борисовна.
Әділетін айтқан жөн, оның мақалалары арқылы соңғы уақытқа дейін тағдыры белгісіз болып келген біраз адамдардың есімдері қайта тірілді. Мәселен, Кәрібоз Шектібаев атты азаматтың Қарағанды қаласының тұңғыш басшысы міндетін атқарғаны былтырдан бері ғана мәлім болды. Оған қызметі жоғарылау кезінде жалған жала тағылып, ату жазасына кесілгені туралы деректі жария еткен де осы кейіпкеріміз. Сол үшін Кузнецоваға Шектібаев ұрпақтарының алғысы шексіз. Округтік прокурор Хамза Дәуітовтің заңдылықты қорғап, әділдікті талап етуге тырысуы баскесерлерге ұнамауы салдарынан өзі құрбан болуы жаңадан ашылған мағлұматтардың бірі. Қарлаг құрсауында кәмелетке толмаған жасөспірімдердің де аз болмағандығын, атап айтқанда соғыс жылдарында 16 жасқа дейінгі 40 баланың, ал 18 жасқа толмаған 180 жеткіншектің ересектермен бірге азап шеккенін анықтаған да сол. Бір айта кететін жайт, сол жеткіншектердің ішінде Ленин туралы деректі фильмдер түсірген Борис Гибердің, Коминтерннің мүшесі Александр Пятницкийдің балалары болғаны да айғақталды.
Бұл күнде қаламының басты тақырыбын зерттеп, тың мақалаларды жазуды жалғастырушы, қиыннан қия қазған әріптесіміз Екатерина Кузнецова шығармашылық мақсатына берік.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.
Суретте: Е.Кузнецова мен Ж.Бектұров.
Алтын басты аналар көп қазақта
Әрбір қазақ әйелі – даналық мектебі, сұлулық символы. Мысал үшін әкемЙамұхаммедтің Үрәйла, Шоқан деген екі анасы жайлы айтқым келеді.Атам Әділбек бел құдалықпен алған алғашқы әйелінің денсаулығы сырберген соң, өзі ұнатқан жас жесір Үрәйла анамызға үйленеді. Атамыздыңанасы алғашқы келініммен бірге боламын деп, еншісін алып бөлек кетеді.Үрәйла анамыз екі ұл табады. Аттарын Йамұхаммед, Жармұхаммед деп өзіқояды. Өзі арабша еркін білген, Құран оқып, дұға жасап, халықтыемдеумен айналысқан адам. Абысындарының «Жәкеміз қыздай алмады»деген сөзі әсер етті ме, қырыққа келгенде Үрәйла анамыз 20 жасарнемере сіңлісі Шоқан анамызды атамызға өзі қосады. Оның өз атыІзбайда болған, атамыз еркелетіп Шоқан атап кетіпті.
Әжелер атамыздың үш күн бойы жас қалыңдығының жанына жоламағанын айтатын. Төртінші күні де екі құлынын иіскеген болып жанына жантая берген атамызды Үрәйла анамыз «Бар жанына!» деп қамшымен салып қалған дейді. Өз төсегіне бұдан кейін атамызды жолатпапты. Сіңлісіне мал-жанды табыстаған Үрәйла анамыз сол кеткеннен ел аралап, халықты емдеген. 30-шы жылдардағы ашаршылықта Әулие Ата аймағындағы Құмбел, Қарақұм, Құмжота белдерінен түрлі шөп тамырларын тасып, бір рулы елді аман алып қалғанын білетіндер тамсана айтатын. Өзі де сол жылдары қайтыс болыпты. Құдайдың құдыреті ғой, Шоқан анамыз құрсақ көтермепті. Әпкесінен қалған екі ұлды өз баласындай етіп өсірген.
Әкеміз Йамұхаммед анасы Үрәйла қайтыс болған соң Тараз қаласына барып, сол жердегі балалар үйіне орналасыпты. Көп ұзамай соғыс басталып кетіп, әкеміз бес жыл бойы майданда болған. 1947 жылы кеудесі орденге толып еліне оралған. Шоқан анамыз қайратты адам болған екен. Соғыс жылдары картоп, қызылша жинаудан дүниежүзілік рекорд жасап, Социалистік Еңбек Ері атағын алады. Калинин қол қойған қағазды Алтын жұлдызымен бірге Күләш Байсейітова өзі әкеліп, кеудесіне тағып кетеді. Қазір Байзақ ауданында Шоқан анамыздың бюсті тұр. Жармұхаммед ағамыз соғысқа қатысады, соңынан әскери қызметте қалып, елге 1949 жылы денсаулығына байланысты оралады да, бір ай ішінде қайтыс болады. Біз Үрәйла-Шоқан аналарымызға бас иіп өстік. Оларды бөлмей-жармай жақсы көрдік. Әкеміз Йамұхаммедтен үш ұл, үш қыз тарадық. Өсіп-өніп отырмыз. Әкеміз де, анамыз да бүгінде о дүниелік. Шоқан анамыз 1969 жылы қайтыс болған. Өз анамыз Арзан да енесі Шоқан анамызды аялап өтті. Әр қазақ отбасында алтыннан ескерткіш қоярлық аналар бар екеніне сенімдімін.
Ләззат
ЙАМҰХАММЕДҚЫЗЫ,
Қазақ қыздар
педагогикалық
университетінің доценті.
Неге қаштың, қалқам?
Ата-анасына айтпай өзге босағаны аттап жататын қыздарға құлаққағыс
Ауылдан келген жиенім қолыма бір жапырақ қағаз ұстатты. Апайымның жазған хаты екен. Асығыс жазған хаттан ұққаным –сені бір жігіт алып қашып кетіп, ағайындары үйге кешірім сұрап келіпті. «Балалардың уәделері бар екен. Қыздарыңыз біздің үйге келін болып түсті». Кешелі бері өзіңді жоғалтып, дел-сал болып отырған ағайын дүрліге көтерілгенде, олар сенің қолыңмен жазылған хатты кесе-көлденең тартады: « Мама, папа, кешіріңіздер. Мен өз еркіммен келдім». Бір жапырақ қағаз ашулы ата-анаңның аузын буып, босағамызды бүгін аттап отырған бөтен жандардың алдында бейшара күй кештірді. Қыз қашып кеткен үйде осылай боларын сен ойламаған шығарсың, қалқам…
«Қашып кетті» деген сөз қандай ауыр еді…
Неге қаштың?
Аппақ арманына баратын жолға адам ұрланып, қашып шығатын заман ба қазір? Қашып кету деген – теңсіздіктен, қорлықтан бас сауғалағандардың амалы құрығаннан баратын жолы ғой. Ал сен қашып кететіндей ата-анаңның үйінде, оң босағаңда қандай қиындық көріп едің, қалқам?
Сен бір үйдің отының алды, суының тұнығы едің Айжаным. Бұл күнде марқұм болып кеткен әжеңнен бастап бүкіл әулет, одан қалды нағашы жұртың сені еркелетіп, бетіңе жел боп тимей өсірді. Әр қадамыңа қуанып әр ісіңе сүйсініп, келешегіңе үлкен үміт артып отыр едік. Мынау ісіңмен ата-анаңның көкте шарықтаған көңілін жерге бір-ақ ұрдың ғой.
Иә, артыңнан ерген екі ұлдың жөні бір бөлек, өзіңнің жөнің бір бөлек екенін біліп өскен бала едің. Бойжеткеніңді біліп, «Қызымды сән-салтанатымен ұзатар кез де алыс емес» деп, анаң былтырдан бері жасау жинай бастаған. Ата-анаңның алдынан өтіп, батасын сұрасаң жолыңды кім кес-кестер еді? Ағайын-туғанның басын қосып, ақ тілектерін айтып, құтты орныңа үлпілдетіп апарып қондырмас па едік? Алды-артыңа қаратпай, түн жамылып қаша жөнелетіндей не күй түскен екен бастарыңа?
«Қашып кетті» деген сөз қандай ауыр еді… Бірақ қанша ауыр болса да, ата-ана баласы үшін не нәрсеге төзбейді? Біз де төздік.
Тек барған жерің бағыңды ашсын, қалқам!
Камал ӘЛПЕЙІСҚЫЗЫ.
Ең жас батыр ана
Бұ қазақта балағынан бала саулаған аналар аз болмаған. Алаштың айбарына айналған, қазақтың қаймағына баланған, ұлттың ұятты ұлдары мен қылықты қыздарын дүниеге әкелген алтын құрсақты аналар талай қиын-қыстау күнде де ұрпақ жалғастыруды тоқтатпағанына тарих куә. Нәубет қырғында, сұрапыл соғыста, аштық алқымнан алғанда да қарға тамырлы қазақтың кіндігінен бала өрбіп жатқан. Заман тыныш, бейбіт өмірде бір баламен шектеліп жатқан адамдарды көргенде ата-бабаларымыздың ұлтты сақтаудағы жанкештілігі еріксіз осылай еске түсе береді екен.
«Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар». Біз айтқан сөз емес. Бабалардан қалған аталы әфсана. Бүгінде қанша қазақтың «шығар-шықпас жаны бар» екенін білмейміз. Бірақ аз еместігін ішіміз сезеді. Дағдарысты сылтау етіп, қымбатшылықты тілге тиек қылып, баспана мәселесін алға тартып талай отбасы бала санына саналы түрде шектеу қойып отыр. «Алдымен осы көзге көрінгенді жетілдіріп алайықшы». Көп аузындағы ақталу сөздің бірі осы.
Дегенмен, бұлай қайғының қамытын киіп алуға да болмайды. Бірді екіге жалғай алмай жатса да, баспаналы болу бақыты бұйырмай тұрса да, тұрмыстық жағдайы тым төмен болса да өмірге баланың бірінен кейін бірін әкеліп жатқан отбасылар бар. Сондай отбасының бірі Қызылорда қаласында тұрады. Өмірге жеті бірдей жеткіншекті әкелген ана туралы айта бастасақ, сіздің көз алдыңызға кексе келіншектің елестеуі мүмкін. Бірақ, қателесесіз. Ол – бар-жоғы 26 жасқа жаңа толған, қылықты қыз күні кеше ғана өткен Нәзира Сарбалиева. Мына заманда жап-жас болып жеті бала тапқан ананы кездестіру оңай емес. Біз батыр ананы қала әкімі Мархабат Жайымбетовтің қабылдауында кездестірдік. Шаһар басшысы қаладағы батыр аналардың басын қосып, «Алтын алқа» мен «Күміс алқаны» табыстауға арнайы жинаған екен. Сол аналардың ортасында Нәзира да болды. Ол – Қызылорда облысындағы ғана емес, бүкіл республика шеңберіндегі ең жас ана. Нәзира сол жолы қала әкімінің қолынан «Күміс алқа» алып шықты. Заң бойынша ол «Алтын алқа» иегері болуға тиіс-тін. Сөйтсек, осыдан бес ай бұрын өмірге келген Нұрмұхаммед бір жасқа толғанда «Алтын алқаны» тағы алады екен.
Нәзираның жұбайы Самат Аязбай деген азамат. Ағыл-тегіл ақшасы жоқ. Күнкөрісін жеке көлігімен адам тасып тауып жүрген жігіт. Сөйте тұра Құдайдың берген қарақұлақтарын қабыл алып, шиеттей бала-шағасын шамасы келгенше асырап, тарықтырмай жүрген адам. Жеке баспаналары да жоқ. Қолында анасы бар. Пәтер жалдап тұрады. 7 баланы жаутаңдатпай асыраудың өзі оңай емес екенін білесіз. Самат пен Нәзира соның бәрін қыңқ етпей көтеріп, алдарына асқақ арман қойған жас отбасы. Енді осыған риза болмай көріңіз.
Жас отбасының алғаш көрген қызығы – Нұрбибі. Бүгінде ес жиып, артындағы іні-сіңлілеріне қарайтындай дәрежеге жеткен. 6-сыныпта оқып жүр. Одан кейін өмірге келген Аруна 5-сыныптың оқушысы. Екі қыздан кейін Жаратқан жас отбасыға егіз сыйлады. Сол егіздер қазір 4-сыныпты аяқтады. Аттары да әсем – Нұрсұлтан және Нұрсара. Егіздерден соң жарық дүние көрген Нұрдәулет 5 жаста. Алтыншы баланың аты – Нұрислам. Ол екі жасқа келді қазір. Әзірге кенжелері – Нұрмұхаммедтің 5 айлық екенін жоғарыда айттық. Солайша, бір отбасында өрімдей үш қыз бен тұлымды төрт ұл өсіп жатыр.
Жас отбасы Қызылорда қаласында жаңа ғасырдың басынан бері тұрады. Нәзира осындағы «Өркениет» педагогикалық колледжіне түскен. Мамандығы – бастауыш сынып мұғалімі. Бірақ бірінен соң бірі жарық дүниеге келіп жатқан балаларының жағдайымен оқуын толық тәмамдай алмай жүр. Дегенмен, жеті баланы өмірге әкелген жап-жас анадан жап-жақсы маман шығатынын ішіміз сезеді.
– Құдайға шүкір, Самат ұлымнан жеті немере сүйгеніме өзімді бақытты санаймын. Ұлым мен келінім бір-біріне адал, мейірімді. Күнкөрісіміз де жаман емес. Біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, тұрмыс кешіп жатқан жайымыз бар. Басты арманым, ұлым мен келінім балапандарының қызығына бөленіп, тұрмыста таршылық көрмесін.
Жас отбасының көп жылдан бері көксеген арманы да жоқ емес. Ол – баспана. Өздерінің күшімен баспана алуға не салуға шамалары жетпейді. Сондықтан мемлекет тарапынан бір қамқорлықтың болғанын қалайды.
– Қазіргі баспанамыз – Саматтың нағашыларының үйі. Балаларымыздың алды алтыншы сыныпта оқитындықтан, басыбайлы өз пәтеріміз болса деп армандаймыз. Қала әкімінің қабылдауында болғанымда, кiшi баламыз 1 жасқа толғанда «Алтын алқа» тағатынын жеткізді. Ендігі кезекте мемлекет тарапынан бір үй берілсе қуанышымыз шексіз болар еді ,– дейді батыр ана.
Жеті сәбиді өмірге әкеліп, жиырманың бел ортасында батыр ана атанған Нәзираның жағдайы елге тез тарап кетті. Көптеген баспасөз құралдары жас отбасының баспана мәселесіне алаңдап, сол тұрғыда қалам тербеп жатты. Осы орайда біз Қызылорда қаласының әкімі Мархабат Жайымбетовтен жас отбасының баспана мәселесін қалай оңтайлы шешуге болатынын сұраған едік.
– Өзіңіз білесіз, өткенде Нәзира Сарбалиеваға «Күміс алқа» тақтық. Енді «Алтын алқа» алатыны да күмәнсіз. Еліміздегі ең жас батыр ана біздің аймақта, оның ішінде Қызылорда қаласында тұратынына шын қуаныштымыз. Жас болса да өмірге жеті бала әкелген батыр ананың баспана жағдайынан облыс әкімі толықтай хабардар. Алдағы уақытта аймақ басшысының қолдауымен Нәзира Сарбалиеваның баспана жағдайын шешеміз деп отырмыз.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
ҚЫЗЫЛОРДА.
Кәдеге асар кеңестер
Лимонды 5-6 минут ыстық суға салып қойса, шырыны жақсы бөлінеді.
Лимон қабығын тастамаңыз. Ыдыс жуғанда суға салсаңыз, әсіресе шыны ыдыстар жарқырап шыға келеді.
Сүттің түбі күйіп кетсе, оны дереу басқа ыдысқа құйып, бетін төрт қабатталған сулы шүберекпен жауып, тағы да бір қайнатып алсаңыз күйік дәмі қалмайды.
Егер шыныдан жасалған бұйымды қапелімде сындырып алсаңыз, оның сынығын қолмен жинамаңыз. Ол үшін мақтаны сулап жинаңыз, майда сынықтардың бәрі соған жабысады.
Пиязды, сарымсақты аршыған соң қолды ылғалды тұзбен немесе помидормен сүртіп барып жусаңыз, иіс қалмайды.
Тұз құрғақ әрі сусып тұрсын десеңіз, тұз салғышқа 2-3 түйір күріш салсаңыз, күріш дымқылды сорып алады.
Картопты және басқа да көкөністерді аршып тазартқанда саусақта дақ қалады. Ал қолыңызды бір қасық сірке суы қосылған ыстық суға бес минуттай уақыт батырып отырсаңыз, қолыңыз дақтан да тазарады әрі теріні де жақсартады. Болмаса тіс пастасымен саусағыңызды сүртсеңіз де дақ оңай кетеді.
Қамыр илегенде қолыңызға өсімдік майын жағып алсаңыз, қамыр жабыспайды.
Сұрақ сізден, жауап бізден
Қыс кезінде суық тиіп ауырмайтын адам аз шығар. Сол кезде уыс-уыс дәріішетініміз де өтірік емес. Ал қайсыбіреулер сол дәрілерді мүлдемқолданбаймыз дейді. Өздерінің айтуынша, олар дәрілік шөптердіпайдаланады екен. Ең қызығы, олар бұл шөптерді дәріханалардан дасатып алмайтын көрінеді. Оларды жаз кезінде өзіміз жинап, кептіріпаламыз дейді. Мұндай тәсіл қауіпті емес пе, соны білгіміз келеді.
Қорабаевтар отбасы.
Астана.
Дәрілік шөптерді қай кезде қалай жинауды білмейтіндер бұл іспен әрине, әуестенбегені жөн. Өйткені, дәрілік шөптердің шипасы болуы дәл осығанқатысты. Түйіп айтқанда, дәрілік шөптерді қай кезде, қалай жинауды білуменқатар, оның нендей сырқатқа пайдалану қажеттігін білу шарт. Бұл сөзіміздіңбір дәлелі ретінде біз бүгін емдік қасиеті де, түрі де жұртқа кеңінен таныс әріеліміздің бар аймағында дерлік кездесетін бірер дәрілік шөпті жинау жайынайта кетпекпіз.
Шайқурай. Бұл шөпті енді бүршіктеп гүлдей бастағанда жинайды. Сабағыныңжоғары жағын қырқып алған шөпті шатырдың астында не жақсыжелденетін үйде ауық-ауық аударыстырып тұрып кептіреді. Егер оны дұрыскептірмесе, онда шөп қызып, қарайып кетеді.
Бұл шөп емге тұнба ретінде қолданылады. Яғни 20 грам шөпті бір кесе ыстықсуға салып булайды да, әбден суыған соң сүзіп, бір ас қасықтан күнінен үшмезгіл ішеді. Тұнбасы асқазан-ішек, бауыр ауруларына және іріңдеген жараныжууға пайдаланады. Әрине, бұдан басқа да жағдайда қолдануға болады. Алайдаоны дәрігердің айтқаны дұрыс болмақ.
Жолжелкен. Бұл шөпті жол жиектерінен, бақшалардан, шабындықтардан жиікездестіруге болады. Оны гүлдегеннен бастап», қурағанша жинауға болады.Яғни, түбінде тұқым қалдырып жапырақты зақымдамай қырқып алады. Бұлшөпті халықтың медицинада сөлін алып та, тұнба жасап та жиі пайдаланған.
Сүйіктімнің сүйген асы
Қарыннан жасалған орама
Әдетте жас келіншектер қарынды тазалаудан ерінеді. Көбіне қоқысқа тастайсалады. Оның бәрі қарыннан өте дәмді ас даярлауға болатынын білмегендіктенғой. Ендеше, біз бүгін қарыннан жасалатын тағамдардың бірі жайлы әңгімелепберейік.
Қарынның бүрін қырып, тазалап жуып, үстелдің үстіне жан-жағынан тартыпжаяды да төрт бұрышты формаға келтіріп, құрышын кесіп алады. Құрышымен қарынның қалыңдау кесінділерін қазанға салып, тұзы татымды суда әбденжұмсарғанша пісіреді. Піскен соң сорғытып алып кеспеше жіңішкелеп турайды.Бұған пісірілген тіл, ет пен сәбізді де кеспе тәрізді турап, ал пиязды майға сәлғана қуырып алып қосады. Осылардың үстіне шикі жұмыртқа қосып, оны жақсылап араластырады.
Енді қарынды тақтайдың үстіне жайып (бүрін сыртына қаратып), үстіне жұқалап тілінген құйрық май тілімдерін, оның үстіне манағы дайындалған қосындыны жаймалап салады. Одан кейін қарыннан орама жасап, оның сыртынан дәкемен орап, жіппен айналдыра байлап тастайды. Одан кейін қазанға су құйып, шамалы тұз салып ораманы баяу отта 4-5 сағат қайнатады. Дайын ораманы сүзіп алып, әбден салқындаған соң жіп пен дәкені еппен шешеді. Қарынды дөңгелектеп турап (4 мм қалыңдықта) жайпақ тәрелкеге салады. Ораманың жан- жағын зәйтүн жемісімен, көкжелкен жапырақтарымен, қияр тілімдерімен сәндейді. Дастарқанға салқын күйінде беріледі. Бұл тағамды әзірлеу үшін шамамен 2 000 грамм қарынға 150 грамм тіл, 200 грамм піскен ет, 4-5 пияз, 1 ас қасық маргарин, 1 ас қасық ұн, 2 жұмыртқа, 120 грамм құйрық май, 2 түйір қара бұрыш, 2 түйір хош иісті бұрыш, 50 грамм сәбіз, 2-3 тал көкжелкен (петрушка) жапырағы, 1 қияр, зәйтүн жемісі қажет екенін де есте ұстағаныңыз жөн.