«Әлемнің жарығын сыйладың сен маған»
(эссе)
1959 жыл. Желтоқсан айының соңғы күндері. Қара сұр аспан жаңбырсыз, қарсыз тұнжырап, қалтыратып тұрып алды. Алматының сыптай түзу зәулім теректері жапырағынан айырылып, ұшар басында қобыраған ескі ұяларда құжынаған қара қарғалар мен тынымсыз шықылықтаған шымшықтар ғана қалыпты. Олардың шуы табиғат үйлестіре қойған ғажайып бір симфонияның қиял тербейтін иіріміндей жүріп жатқан тіршілік тынысы, тылсым ғұмыр. Жұрт жұмысқа асыққан таңғы сәт…
(эссе)
1959 жыл. Желтоқсан айының соңғы күндері. Қара сұр аспан жаңбырсыз, қарсыз тұнжырап, қалтыратып тұрып алды. Алматының сыптай түзу зәулім теректері жапырағынан айырылып, ұшар басында қобыраған ескі ұяларда құжынаған қара қарғалар мен тынымсыз шықылықтаған шымшықтар ғана қалыпты. Олардың шуы табиғат үйлестіре қойған ғажайып бір симфонияның қиял тербейтін иіріміндей жүріп жатқан тіршілік тынысы, тылсым ғұмыр. Жұрт жұмысқа асыққан таңғы сәт…
Шәмші үстінде көнетоз қара пальто, басында милықтыра киген жұп-жұқа сұр кепка, қоңыр шалбарының екі балағы далақтап, консерваторияға жүгіре басып, дірдектеп жетті. Сырт киімін тез-тез шешіп, өзін дәйім еркелете сөйлейтін вахтер Валя тәтейге ұстата салып, екінші қабатқа көтерілді. Ұстазы профессор міндетін атқарушы Василий Васильевич Великановтың класына кірді (Великанов 1937 жылы Ленинград композиторлары Одағының тапсырмасымен Алматыға келген өнер иесі. Абай атындағы опера балет театрында көркемдік жағынан жетекші боп қызмет етіп жүріп: «Тұтқын қыз» операсын, «Қалқаман-Мамыр», «Қамбар-Назым» балеттерін, «Қазақ симфониясын», «Амангелді» симфониялық поэмасын, «Ленинградтық өрендерім!» хор-поэмасын, Абай мен Жамбыл сөздеріне ән-романстар, Садық Кәрімбаев әндерінің негізінде симфониялық сюита жазған ғажап жан. Ол әріптесі Евгений Брусиловский секілді қазақтың музыкалық фольклорын терең зерттеген композитор еді. – И.Ж.).
–Ва…а…Василь…Ва-а-сильевич, сәлеметсіз бе? Ғапу е…ті-ңіз, трамвай… кешігіп, – деген сөздерді көзі жыпылықтап, кекештене тұтығып, зорға айтты.
Великанов заты жұмсақ, үлкенді де, кішіні де: «Сіз», – деп сөйлейтін ізетті жан. Ақсары жүзі күлімсіреп, өзінің сыпа қалпымен:
– Отырыңыз. Еш оқасы жоқ. Бүгін уақытым кеңдеу. Басқа шәкірттерім бір себептермен сұранып кетті. Жаңа жылдың алды. Бір шәкіртімнің шешесі науқас екен. Ауылында біраз бөгелетін түрі бар. Ал, сіз екеуміз осы күндері емін-еркін дәріс өткіземіз. Қане, не жазып әкелдіңіз? – деді.
Шәмші елпектей ізет білдіріп, терезенің алдында тұрған столға қомпиған папкісінен біраз ноталарды жайып салып, ішінен үшеуін алды да рояльдің қақпағына қоя бастады. Великанов ноталарға ойлана үңіліп:
– Өзіңіз ойнайсыз ба? – деді.
Шәмші үнсіз бас изеді. Сөйтті де:
– Пьеса для фортепьяно, – деді естілер-естілмес қана.
Шәмшінің етсіз арық, жіңішке саусақтары әр нотаны жеп-жеңіл басты. Аккордтар мақпал үнмен балбырады. Великанов бір лирикалы ән тыңдап отырғандай сырлы сезімге бөленді. Сансыз көкек сұңқылдаған тоғай ішінде жыландай ирелеңдеген жіп-жіңішке жылғалардан еркелей жүгірген бұлақ үнін естіді. Пьеса ән болып төгілді. Шығарма ойналып біткенде ұстаз сәл ойланып отырып, сөйлей жөнелді:
– Сіздің жүрегіңіз қайнап жатқан мелодия кәусары. Мелодия… Симфонияның ұлы атасы Гайдн шәкірті Вольфганг Амадей Моцарттың фортепьяно октаваларына сыймай асып төгілетін ұшы-қиыры жоқ мелодиясына таң-тамаша боп: «Вся прелесть музыки в мелодии», – дейді ғой. Пенде шіркін не демейді, біреулер сізді «мелодист» деп бекер жазғырады, ондай оғаш сөзді қаперіңізге алмаңыз. Жүрегіңіз не дейді, соның дегенін істеңіз.
Мен берген тапсырма осылайша сауатты жазылып, көркемдік деңгейі жоғары болса, бірте-бірте форма мен жанрды меңгере береміз. Композициядан ақсамайсыз. Гармония мен сольфеджио… Осы пәннің керемет оқулығын жазып, музыка теоретиктеріне тәңірдей көрінетін профессор Игнатий Дубовский сабақта қатал болғанмен, негізі жақсы адам. Бұл кісінің сабағына салғырт қарамаңыз. Өте қиын пән. Оған ерекше көңіл бөліңіз. Менің сөзім ұстаздық сөз ғана емес, әкелік тілек. Мен сіздің әкеңізбен жастымын ғой, екеуміз де 1898 жылы туыппыз.
Шәмші жазып әкелген мына пьеса Великановты қатты толқытты. Бір жарым минутқа жетер-жетпес шап-шағын пьесаға ұстаз қалам тигізген жоқ. Жұпар самалдай желпіген лиризміне сүйсіне беріліп: «Жақсы», – деді.
Шәмші енді прелюдияға кіріскенде саусақтары клавиш бетінде шапшаң жүгірді. Сол қолы аккордтарды үйіріп, орай басқанда тағы да жаңағы пьесадағыдай шуақты, сергек, сәулелі иірімдер мөп-мөлдір күміс үн төкті. Великановты бір тәтті қиял Ленинград консерваториясына қарай тартты. Студент кезі. Екі профессорда екі мамандық бойынша оқып жүр. 1930 жылы ол В.Щербачевтың класында композициядан, ал, 1931 жылы В. И. Миклашевскийдің класында фортепьянодан бітіріп шығып еді. Студенттік жылдарда осы екі профессордың алдында дәл осындай пьеса, прелюдия, ноктюрнге машықтанғаны есінде әлі күнге дейін сақталып қалған. Шәмшінің бүгінгі көрсеткен шығармаларын тап өзі жазғандай бір сәулелі оймен тамылжыды. Шәкірті соңғы аккордты естілер-естілмес лүп еткізіп қана тоқтағанда, Великанов тағы да: «Жақсы», – деді.
Шәмшінің жүзі нұрлана түсті. Іштей ширап, серпіліп отырды. Великанов ноталардан көз алмай:
– Сирек талантты композитордың бағы – сол, оның әр нотасы, әр аккордынан өз ұлтының музыка колориті жарқыраған гауһардай, немесе, өз даласының қырмызы гүліндей құлпырады. Мысалы, о, шіркін, анау армян Арам Хачатурянның, әзербайжан Кара Караевтың, қазақ Мұқан Төлебаевтың шығармаларындағы тұмадай тұнық мелодия адамды еріксіз елең еткізіп, тілмен бейнелеп жеткізуге болмайтын құдіретті әсердің тылсым күшімен баурайды ғой! Жаңағы фортепьянолық пьесаңыз бен мына прелюдияңыз маған осы сөзді айтқызып отыр. Ойыңыз сондай айқын, әрі жинақы. Мұндай шағын форма салдыраған, сусылдаған, не болмаса ешбір әсерсіз дікілдеген жадағай тактылардың әуезден жұтаң, реңсіз жиынтығы емес. Сіздің діттеген сезім шарықтауыңыз бен идеяңыз маған көркем мелодиямен жарқын түрде көрінді. Өзіңізбен бірге оқуға түсіп, Брусиловскийдің класында дәріс алып жүрген қырғыз жігіті Алтынбек Жаныбеков мұндай пьеса, прелюдия, вариацияларды сол өзі оқып бітірген Мұрат Күреңкеев атындағы музыка училищесінің қабырғасында-ақ еркін игеріп келіп, дәл қазір аса күрделі жанр – сонатаға батыл кірісті. Жақсы. Таңғаларлық құбылыс. Профессор Дубовский Жаныбековті өте жақсы көреді. Гармония мен сольфеджиоға алғыр екен, – деп өз пікірін жанға жайлы сөздермен қиырдан қайырып, ойландыра бітірді.
Неге екені белгісіз, Шәмші бір қызарып, бір сұрланып, беймаза халде қозғалақтай қобалжыды. Великановтың байсалды үнін тыңдап отыр, тыңдамай отыр. Тіл ұшында мақпалдай жұмсақ әуез: «Көзіңнен күн күліп, Жайнаттың әлемді», – деген сөз.
Бұл еш ақынның сөзі емес, өз сөзі. Біраздан бері ділі мен дітін билеп алған сөзі. Тебіреніс отына күйдіре бастап, тағы бір әннің бастауы, қайнар көзіндей сезілген жүрегіне ыстық сөз. Он екі тактыға түзіле қалған осы сөз, о, тоба, сонау Шәуілдірге, «Темір» совхозына қарай елеңдетіп, анасы Сақыпжамалдың ақ жүзіне емірентеді. Великановтың әлгі бір сөздері бірте-бірте бәсеңдеп, баяулап барып біткен майда қоңыр аккордтай, енді мүлде естілмей қалды. Шәмші әп-сәтте құлазып, көзіне мұң тұнып, алдындағы ноктюрнді үн-түнсіз ойнай бастады. Жаңағы фортепьянолық пьеса мен прелюдиядай емес, ноктюрн жан түкпірінің тұңғиық тереңінен шымырлап, жүрек сыздатты. Ноктюрнды үш күндей жазып еді, ә деп басталған сәтте биыл қайтыс болған анасының қазасына бара алмай, еш уақытта… еш уақытта кешуге болмайтын ыждағатсыз, болымсыз қылығы әбден қорынтып, езіліп, егіліп жүрген-ді. Сол дәрменсіздігі жанын жегідей жеді. Күллі қазақ даласына еркін жайылған «Қаракөз», «Жүрек сыры», «Қайықта» әндерінің буына мастанып, ресторан жағалап, оқыс отырыстар мен дарақы, даңғаза жиындардың мақтанына айналып бара жатқан әулекі ісі еріксіз өкіндірді. Және әр кез ұмытылып, алмағайып қайта оралып: «Қайран дүние… есіл апам!» дегізіп, үһілеткен әннің әлгі екі жолға сыйған он екі тактысы өксігі басылмайтын өкінішті қайғысының азабын ауырлата берді. Ноктюрн баяу аккордтармен аяқтала бергенде Великановтың күрсінісін сезді. Ойнап біткен соң ұстаз алдындағы нотаға қадалған күйі:
– Ноктюрнді жазбаған композитор жоқ. Бұл өзі адам сезімін терең қозғайтын әуезі ауыр, тұңғиық сырға булыққан өте тебіреністі, толғанысты бітімі бар форма. Жақсы меңгеріпсіз. Аяқталған шығарма. Консерваторияда әр кез өтіп жататын концерттерде пианистерге ойнатуыңызға әбден болады. Осындай ноктюрн, пьеса, прелюдия, сонаталары үшін кезінде Фредерик Шопенді: «Фортепьяно ақыны», – деп атады ғой. Өзінің өте шағын пьесалары кейде шөп басына ілініп тұрған таңғы шықтай мөлдірейді. Қайсыбірі құсалы жүректің көз жасындай клавиштің бетіне бырт-бырт үзіліп түсіп жатады. Шопеннің қай суретіне қарасаңыз да қабағының астындағы көлеңкелі тұңғиық жанарынан жылт еткен үміт сәулесін көре алмайсыз. Ал, ол осы шерлі кейпімен «Жетінші вальсін» фортепьянода қалай шалқытты! Бір ойды бір ой жетелейді. Мына ноктюрніңіз жаңа әніңізді қозғап жүр екен. Соны сездім, –деді.
Ұстазының осы сөзі желпінтіп жібергендей болған Шәмші:
– Ва-Ва-Васильевич! Сізге сол жаңа әнімнің бастапқы тактыларын көрсетейінші, – деді қымсына қызарып.
– Жақсы, ойнап көріңіз, – деді Великанов бас изей қоштап.
Шәмші лып ете түрегеліп, стол үстінде жатқан папкісінен жарты бет нота қағазын алды да рояль қақпағына қойып, оған ұз-а-ақ қарады. Бірте-бірте көзінің жан-жағы қоңырқай тартып, қабағынан кірбің көлеңкесі сезілді. Саусағын клавишқа салуы мұң. Әп-сәтте жан-дүниесіне не боп кетті, құдай-ау? Шәмші Великановтың көз алдында оқыс құбылды. Ұстаз тау қозғалса, қозғала қоймайтын сабырлы жан. Үндемеді. Шәмші нотаға қадалған күйі:
– Василь… Ва-а-асильевич, – деді үні дірілдеп.
Великанов Шәмшінің иығына қолын салып:
– Не… не жағдай болды? – деді аң-таң боп.
Шәмші іштей жылай-жылай шер күйігін тартып, діңкелеткен өксік тамағын қырылдатып, үнін шығармай қойған жан азабын ұстазының алдында ойда жоқта сездіріп алды. Ыстық жас кілкілдеген көзінен екі-үш тамшы тырс-тырс етіп еденге үзіліп түсті. Великанов:
– Айтыңызшы, не жағдай?.. –деп күмілжіді.
Шәмші екі иығы бүрісіп, мұң құрсаған кеудесі дір-дір етіп:
– Бұрын өзіңізге айтқам, Василь Васильевич. Әкем қолынан балға, балтасы түспеген ез бейнеттің адамы. Ұста. Шешем Сақыпжамал әкемізден сегіз жас кіші. Оңтүстік Қазақстан облысында Созақ ауданы бар. Сол жерде ағайынды Шәді, Бұқарбай есімді төре тұқымының белгілі, беделді адамдары болған. Шәді кезінде Бұқара медреселерінде дәріс алған, діни сауаты терең, болмысында көл-көсір ақындық дарыны бар және он саусағынан өнері төгілген зергер, шалқар сезімді бір ғажайып адам екен. Осы Шәдінің туған інісі Бұқарбай – шешемнің туған әкесі. Бұл кісі де зергер, ұста. Дүрбелеңді жиырмасыншы жылдардың аяғы. Бұқарбайдың әйелі қайтыс боп, шүпірлеген бес-алты баламен қалады. Тағдырдың мына бұйрығын қараңыз, әкем Қалдаяқ оты сөніп, қайғы жүгін арқалаған Бұқарбайға туған қарындасын қосады. Бұқарбайдың сөнген оты қайта жанады. Тұрмысы, дастарқаны түзеледі. Үйдің шырайы кіреді. Әкем Шәді мен Бұқарбайдың зергерлік ісіне ден қойып, қисса-жырларына бірде домбырасын, бірде қобызын қосып, бір-біріне ықылас-пейілі жарасып, әндетіп, сауық құрып жүріп, әншілігі жан-жүрегін тербеген Сақыпжамалға қосылыпты. Шешем ажарлы, ақылды… жүрегі мөлдіреген әнші еді… Әнші еді, – деді де кемсеңдеп. Сөйтіп зорға айтып отырған сөзі үзіліп кетті.
– Сабыр етіңіз, – деді Великанов. – Білем… биылғы жыл ауыр, сізге. Сол тамаша анаңыздан айрылғаныңызды айтқансыз… Қайтесіз, жазмыш ісі ғой бұл.
Шәмші әлі де сол солықтаған қалпы:
– Бір басымда көп қателік бар, Василь Васильевич… Сіздің алдыңызда да кінәм жетерлік. Бірінші курстан әлі көше алмай, бәр-бәріңізді ұятқа қалдырып, радиодан тынымсыз беріліп жатқан әндерім әбден әуейі қылып… Жұрт мені сөксе де, сөкпесе де жағдайым осылай боп тұр, – деді де тағы да кілт сынды.
Великанов Шәмшінің осы бір сөздері не үшін айтылып, неге тірелетініне үн-түнсіз ойланды да отырды. Шәмші күйзеле тұнжырады. «Анамның аруағы алдында ешуақытта өтелмейтін, орындай алмайтын қарызым бар. Қазасына барып, топырақ сала алмаған дәрменсіз басым… Енді осы өкінішпен өтетін шығармын», – деп айта беретін көлгір сөзін бүгін де қайталағандай боп, рояль қақпағында тұрған жарты бет нота қағазындағы он екі такты қоңыр әуез ойда жоқта ішкі дүниесін шайқап-шайқап жіберді.
Шәмші енді осы сөздерінен ыңғайсызданып, алдындағы нотаны жайлап ойнай бастады. Он екі такты ойналып біткенде Шәмші күрсіне тоқтады:
– Әрі қарай қолым жүрмейді, Василь Васильевич… Бірақ осы фраза есімнен шығар емес, анамның мейірлі жүзін көрем, қоңыр үнін естимін. Әннің басталуы, осы, Василь Васильевич… Осы он екі тактыдан әрі аса алар емеспін.
Великанов: «Терең толғаныстың лебі сезіледі, – деді баяу үн қатып. – Мұңға батырсаңыз ауырлап кетеді. «Оренбургский пуховый платок» әнінде анаға деген ізгі ой адам жанын тіл жетпес нәзік лиризммен керемет тербейді ғой, Людмила Зыкинаның жан рахаты дерлік үнінде. Тыңдаңыз:
В этот вьюжный неласковый вечер,
Когда снежная мгла вдоль дорог,
Ты накинь, дорогая, на плечи
Оренбургский пуховый платок.
Я его вечерами вязала,
Для тебя, моя добрая мать,
Я готова тебе, дорогая,
Не платок, даже сердце отдать…
Музыкада күрделі жанрдың құрсауынан шыға алмайтын біз сияқты композиторларға Понамаренконың бұл әні арман ғой… Арман… Мына он екі такты толғанысты сезіммен қоңырлап басталыпты, оған «Оренбургский пуховый платок» әніндегі сәулелі лиризм нұрын құйсаңыз… Сонда бұл әніңіз ауырламайды да, жеңілдемейді де. Анаға деген махаббатыңыз әр жүректі мамырдың қоңыр кешіндегі жібек самалдай аялайды, өбектейді, тебірентеді… Сөйтіп анаға деген іңкәр жүректің құштарлығы аһ дегізеді. Қазақтың арғы, бергі әндерінде ана бейнесін әлпештеген әндерді кездестіре қойғам жоқ. Ал, қазақ фольклорында ананың мейірлі үнінен шыққан «Бесік жырының» жүректі елжіретер тамаша нұсқалары көп-ақ… Көп. Оның лебі де осы әніңізге әсер етер, деп ойлаймын. Ана жүрегінің лүпілі, ол!
Великанов Шәмшінің әр жаңа әнін тыңдағанда дәйім осылай шешіліп, өз болмысына мүлде кереғар сергек ойлы лирик боп шыға келеді. Шәмшіден бұрынғы шәкірті Әбілахат Еспаевтың әндеріне ықылас білдіргенде дәл осы сәттегідей төгілетіні болушы еді.
Шәмшінің мұңды жүрегін жылы лебізбен желпи сөйлеген Великанов: «Бір тебіреністі әнді осылайша бастаған екенсіз, ендігі гәп –музыкалы логикада. Ол ешуақытта өз жүрісінен айнымайды. Мына тактылардағы тың ойды әрі қарай жетелей береді», – деп ойлана тоқтады.
Осы сәтте не құдірет биледі, Шәмші алдындағы нотаға шүйіле үңілді де қырылдаған үнімен:
Көзіңнен күн күліп,
Жайнатып өмірді.
Көзіңнен ай күліп,
Көркейтіп көңілді, – деп импровизация жасап, аузына қисынсыз іліккен осы бір «рыбаны» (композиторлардың бір дағдысы –жаңа жаза бастаған ән, романстың, тіпті, кантата, оратория сөздерін де буын өлшеміне орай «рыба» дей салады. Бұған әбден үйреніп алған ақындар композиторларға: «Қане, рыбаңды» көрсет деп, қағазына түртіп алып жатады – И.Ж.) емін-еркін қайталады. Еш кібіртіктемей мөлдіреп төгілді. Осы құбылысқа таңғалып: «Бөгеп жүрген ой қисынын тапты»,– деді ішінен ұстаз.
– Василь Васильевич… – деді Шәмші де осы кезде шабыт қызуын анық сезіп.
– Байқап отырмын. Он екі тактыны дамытып жібердіңіз. Қырық сегіз такты болып түзілді.
– Сіз айтқан музыкалы логика ма, бұл, Василь Васильевич? – деп Шәмші күлімсіреп, тұтыға булықты.
– Иә… иә. Қайырмаға кеп тірелдіңіз. Мамырлата қозғаған ойыңыз қайырмада шарықтауы тиіс. Логикалық ойдың жан-жүректі тебірентетін түйіні, ол! Моцарттың алдында он алты жасар Бетховеннің қолма-қол импровизация жасағанын елестеттім. Импровизация шалқуы қазақтың өз жаратылысында бар таңғажайып құбылыс қой. Біз күні кеше Иса Байзақовтың кез-келген тақырыпта ағылған импровизациясын көрдік. Соның сиқырлы құдіреті болар, Евгений Григорьевич Брусиловский Исаның атақты «Желдірмесін» Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестріне классикалық фантазия ғып түсірді ғой. Сізде де сондай импровизацияның таусылмайтын, еш суынбайтын қызулы лебі бар. Булықтырып, шешілмей жүрген әніңіздің түйінін таптыңыз – деп жымиды Великанов. – Бұл әнді не деп атайсыз?
– Василь Васильевич, сіз мені «Оренбургский пуховый платок» әнімен қозғап жібердіңіз. Мен бұ… бұл ә…әнді «Ана туралы жыр» деп атаймын. Басқа бірде бір сөз ойға оралар емес…
– Ал, қайырма… Ол әндегі ойдың – мәйегі.
– Қайырманың сұлбасы алыстан бұлдырап, әр кез елең еткізеді. Құбыла береді. Әзір ұстатар емес.
– Әннің бітімі қандай әншіге келеді, деп ойлайсыз? – деді Великанов әр сөзі сынап отырғандай сезіліп.
– Ришад Абдуллиннің ойлы үні өзіне қарай тарта береді. Ол кісіге осы жылдың басында Абайдың:
Буынсыз тілің,
Буулы сөзің,
Әсерлі адам ұғлына.
Кісінің сөзін,
Ұққыш-ақ өзің,
Қисығын түзеп тұғрыға, деп басталатын бар болғаны он екі жол өлеңін былайша толғадым, – деді де жайлап қана әндетті.
Великанов өз ойын ішке ірікті де:
– Абдуллин бұл әнді қалай қабылдады? – деді.
Шәмші басын шайқап, сәл үнсіз отырда да:
– Мен – Абаймын, бала! Абаймын! Абай сөзіне ән, романс жазған композиторлар сол дүниелерін маған Абайша толғаныспен жазып әкеледі. Олар кімдер? Мұқан Төлебаев, Сыдық Мұхамеджанов, Нұрғиса Тілендиев, Әбілахат Еспаев! Осы төртеуі ғана. Ал, сендердің қатарларың Абайға жолай алмай жүр. Шәмші шырағым, сен де солардың ішінен табылып қалып жүрме. Мына әніңді ыждағатты сезіммен асықпай қараймын. Әзірше уақытым тар деді, –деді.
– Әрине, қалай десе де Абайдың әнін биік профессионалдық деңгейге көтеріп, Абдуллиндей толғаған әнші жоқ. Бұл – шындық. Жүсіпбек Елебеков дала табиғатының дәстүрлі үлгісімен шырқады. Сондықтан, Абай сөзіне жазылған ән, романстарға бұл екі әншінің тәкаппар көңілмен қарауы заңды да. Басқа не деуге болады, жаңағы әніңіз бен мына әніңіздің бағын ашатын Абдуллин болғаны жақсы… өте жақсы. Көкейімде бір халық әні тақырыбына вариация жазып көрсеңіз деген түйткіл бар…
Великанов Шәмшімен өткізген бүгінгі сабағын осылайша ойландыра тәмамдады.
* * *
Шәмші дегбірсіз, тағатсыз жан. Есіл-дерті Ришад Абдуллин! Әнді осы түрінде қалайда сол кісіге көрсетуі керек. Осыны ойлап, іштей тыпыршиды да: «Оу, Шәмші шырағым, бұл әнің әлі бітпеген ән ғой, а где припев?» десе, не дейді?» Және Абай сөзіне жазылған «Буынсыз тілің» әні қозғаусыз жатыр. Одан еш хабар жоқ. Қанша мазасызданса да Абдуллинге бата алмай, амалсыз тосылды.
… Өстіп әрі-сәрі боп жүргенде біраз уақыт өтті. Шәмші көңілсіз. Бір күні Жамал Омарованың үйіне келді. Екеуі жайбарақат шай ішіп отырды. Жамал жігіттің жүдеу әлпетіне ойлана қарап: «Шәмші айналайын, «Қайықтаны» жұрттан бұрын мен шырқадым. Қандай ән екенін ел танып-білді. Мерейің әуелеп барады. Қанаты талмайтын ән ғой «Қайықта», ұзаққа… тым ұзаққа самғай береді. Оны әлемнің алыс-алыс түкпіріне Бибіш… өзіміздің Бибігүл Төлегеновадай бұлбұл әуезді әнші ғана жеткізеді. «Қайықтаны» енді өз қолыммен Бибішке беремін», – деді.
Ол кезде Шәмшінің Бибігүлмен еш қарым-қатысы жоқ. Мына сөзге елең ете түсті. Содан көп ұзаған жоқ, Құрманғазы атындағы Мемлекеттік ұлт аспаптары ор-кестрінің кезекті бір концертінде Бибігүл Төлегенова «Қайықтаны» сызылтты. Бұрын Жамал Омарованың орындауында бірден ел жүрегіне ұялай қалған «Қайықта» Бибігүлдің кәусар үнімен мүлде жаңа… бітімі өзгеше шуақты ән боп құлпырды. Күллі колоротуралық сопраноларды ішқұста қылған арманға айналды.
Шәмші сол күндерде оркестрдің бас дирижері Шамғон Қажығалиевпен танысты. Бұл кісі кез-келген жанмен шүйіркелесе бермейтін кірпияз, тәкаппар жан-тын. «Менмін» деген композиторлардың өзі қаймығатын маэстро жібектей сызылған жұмсақ үнімен: «Былтыр оркестрімізге конферансье етіп, тамаша актриса Нүкетай Мышбаеваны алдым. Шашы жерге түскен, көрікті қыз. Концерт жүргізгенде сахнаға ерекше сән береді. Дауысы әдемі. Осы Нүкетай бір отырыста «Қайықтаны» айтты. Толқытып орындағаны сондай әсерлі болды. Мен: «Бұл кімнің әні?» дедім. Нүкетай: «Шәмші Қалдаяқовтың әні» деді. Бұған дейін мен сен жайында еш нәрсе білмейді екем, «Қайықта» маған қатты ұнады. Оркестріміздің білікті дирижері Глеб Сафонцевке тапсырып, оркестровка жасаттым. Міне, енді, Бибігүлдің репертуарындағы концерттік әндердің ішіндегі ең шырайлысы – осы «Қайықта». Алғаш рет оны репетиция басталғанда Бибігүлдің тез үйренгені сондай, Глеб Сафонцевтің шалқыта дирижерлік етуіне шаттанып: «Браво, Шәмші Қалдаяқов – вальс королі!» деп қуана қол соқтым. Оркестранттар мәз болысып, дүрілдеп қоя берді. Қалқам, есіңде болсын, «Вальс королі» деген сөз мына менен шықты. Менен! Оған оркестр ұжымы куә! Бибігүл куә! Ал, қазақ музыкасына вальс жанрын енгізіп, «Қазақ вальсіндей» шедеврді жазған Латиф Хамиди нағыз – вальс королі! Алдыңда сондай құдірет бар, Шәмші! Сенен бұрын «Махаббат вальсімен» тербеткен Бекен Жамақаевқа да айтар сөзім осы, Шәмші. Бұрынғы жазғандарыңды, жаңа әндеріңді әкеліп, көрсетіп тұр», – деді.
Шамғонның ілтипатты сөзі Шәмшіні ой бір жадыратты дейсіз. Консерваториядағы күнделікті сабағына келуі сұйылайын деді. Ол радио мен «Қазақконцертте», «Қаракөз» әнін репертуарына алып, репетиция өткізе бастаған хор-капелласының буы еді. Композитор міне, осылардың арасында дедек қағып, жортақтады да жүрді.
* * *
Қысқы сессия басталды. Профессор Дубовский ректораттың алдына: «Қалдаяқов бірінші курста тағы неше жыл отыруы керек. Музыка теориясынан ноль. Бұл қай консерваторияның тарихында болған іс? Қалдаяқовты консерваториядан шығаруларыңызды өтінемін», – деп мәселе қойды. Дубовскийдің бұл пікіріне ректор Құдыс Қожамьяров келіспеді. Ашулы ұстаздың у-шуын елеусіз қалдырды.
Шәмші өзі үшін дүниедегі ең аяусыз, қатал адам деп осы Дубовскийді кінәлайтындай. Бірақ бәріне кінәлі өзі екенін білмейді емес, біледі де. Өзімен бірге композиция класына оқуға түскен қыз-жігіттердің легіне ілесе алмай, сол бірінші курста отырған күйі өз қатарларынан қалып бара жатты. Жүріс-тұрысы олпы-солпы. Жеке басының құнты жоқ. Тұрмыс-тіршілігі берекесіз. Жатын жері де тұрақсыз. Стипендия алмайды. Ауылдан келер қайраны да болымсыз. Әннің буы дедектеткен кербез кедей. Шығармаларын бәз біреулер қолпаштаса болды, лепіреді. Алмағайып жолыға кеткен пенделерге еш ойланбай ілесе жөнеледі. Кеу-кеулеп дуылдаған ортадан шыға алмай, кез-келген үйге қона салады. Саналы басын сергелдеңге салған қандай ғана бейопа өмір, бұл? Өзі қызыға әндететін: «Катится, катится голубой вагон», – боп кете бере ме? Әйтеуір бірі есінде, бірі есінде жоқ тұрлаусыз, дәйексіз күндер?
Жамал Омарова анда-санда үйіне шақырып алып, бірде: «Мен гастрольге кетіп бара жатырмын. Мына «папаняның» қасында бол (Жұпар есімді кенже қызын еркелетіп «папаня» деп атайтын-ды –И.Ж.) Бұл кішкентай ғой, әлі. Сабағына қара, мектебіне апар. Осы үй – сенің үйің. Қарның ашпайды. Сырғақтап жүгіре бермей, ана қара пианинода әндеріңді жаз», – десе, енді бірде: «Ой, құдай-ай, үсті-басың не боп кеткен, а? Мә, алшы, мына ақшаны! Бар да киім ал… Бас киімің мен бәтеңкең ұнамай-ақ қойды, маған. Сұлу әндерді шығарған сүйкімді жігіт боп жүрші, көкетай! Менің Нұрғисам мен Әбілахатымды әуейі қылған ана бір ішкіш ақындар сені де оңдырмайды. Ол құрғырлармен сусылдаған жүрісіңді тоқтат. Айналып кетейін Ахаң… иә… иә, сол Жұбановты алға салып, Қожамьяровпен сен үшін әлі күнге дейін қиыла сөйлесумен келеміз. Оқуыңды түзе! Қысқарт бәрін!» деп зірк ете түседі.
Бұл сөздерді мүләйімсіп тыңдаған Шәмші етек-жеңін жинап, киімін жаңартып, мұнтаздай таза боп, біразға дейін Жамалдың үйінде жүреді, келеңсіз тірліктерінен арылғандай боп. «Ана туралы жыр», деп жаза бастаған әнін ауық-ауық қарайды, жүректі балбырата, ойландыра қозғайтын «запевіне» қайырма жалғасатын емес. Анасына деген бар құштарлық сезімі осы қайырмада аһылаған аңсаулы көңілдің емін-еркін төгілген тәтті лебізі боп, шарықтап, күллі әлемді тербеп, шарлап кетуі тиіс. Сол керемет құбылысты елестетеді, ал клавишта саусағы жүрмейді. Сонда ғана… сонда ғана көзіне жас кілкілдеп: «Апа, бір тіл қатшы, апа!» дейді қабырғасы сөгіле дәрмен тілеп. Анасы үндемейді…
* * *
1960 жыл. Шәмшінің сырдаң тірлігі оңалмады. Бұл кездерді оның жары Жәмила: «Менің шешем – қаракесек руының бір белді, ықпалды, бай әулетінен. Өзі жас кезінде Орынборда оқыған. Әнші кісі. Әкем – төлеңгіт руынан, Қостанай жағында военком болған. Ол кезде мен іште екем. Әкем серілеу боп, бір татар келіншегімен желігіп, шешемді тастап кетіпті. Кейін сандалып, қайтып келіпті, бірақ, шешем сондай арлы кісі, әкемнің опасыздығын кешірмей, қосылмай қойыпты. Ол кісіні мен «әке» деп есептемеймін. Шешем байғұс жылап-сықтап, екі жасар мені жетектеп жүріп, Алматыда негізі Ұзынағаштан, қасқарау руының бір иманжүзді кісісіне қосылып, мен сол екінші әкемнің аялы алақанында өстім. Зайыбы қайтыс болып, шүпірлеген бала-шағамен қалған сондай мейірбан жан. Шешем келе-келе ұстамалы науқасқа ұшырады. Қантбала деген сіңлісі бар, соның үйінде Шәмші екеуіміз танысып, сол 1960 жылы қосылдық қой»,– деп еске алады.
* * *
1961 жыл. Алматыда күздің лебі сезілді. Құстар әлі қайта қойған жоқ. Көк аспанда тырналардың тыраулаған үні естілмейді. Ағаш басынан алтын жапырақтар судырай төгіліп, жұпар салқын желпіген, жанға рахат, тамылжыған тылсым шақ. Левитанның «Алтын күзі» дерлік тып-тыныш шуақ.
Шәмші сол күні Великановтың сабағына бір сағат бұрын ерте келді. Ұстазының өткен дәрістерде: «Вариацияға ден қойыңыз», – деген сөзі есіне түсті де, әрі ойланып, бері ойланып Сыдық Мұхамеджановтың «Балқадиша» әні тақырыбына жазған вариациясын қайта-қайта ойнап көрді. Ойнаған сайын «Ақан серінің» тұңғиық жүрегіне қалай-қалай сәуле, шуақ берген… ғажап», – деп еміренді. Сөйтіп отырып, оқыс қалғып кеткенін сезді. Екі-үш күн қайдағы бір шулы ортаға тап болып, әбден сілікпесі шығып, Жәмиланың ренішті сөздерін естіп, не істерін білмей, дағдарып, шаршап жүрген-ді. Қажыпты, қалжырапты. Ұсқыны өрт сөндірген жанның реңіндей сұп-сұр. Көзі кіртиіп, құр сүлдесі отыр. Солай мүжіле мүлгіп, тағы да кірпігі кірпігіне шалынысты. Орнынан сүйретіле тұрып барды да, столға жата жабысып, ұйықтап кетті. Езіліп жатып, түс көрді… Түс…
Анасы… ақ шәлі жамылып тұр, аппақ жүзі үлбіреп. Қарақат көзінен мейірнұры төгіліп: «Шаршадың-ау, құлыным!» дейді. Шәмші булығып: «Иә… иә… Жо-жоқ, апа, мен бұл дүниені таңғалдыруға келдім ғой, сол жолда шаршауым керек пе?» дейді. «О, жарқанаттай ғана болған құлыным, есіңде ме, сен Алматыға келіп, оқуға түскен жыл… дәл осындай тамызға бергісіз маужыраған қыркүйек?»… «Есімде, апа, сол жолы қара басып, ұмытып кетіп, күтіп ала алмадым ғой, апа!»… «Е, құлыным, ондай-ондайды елеп қайтесің, одан бері де біраз жыл өтіпті. Зымыраған уақыт… құлыным, сағындым сені. Сен шыр етіп дүние есігін ашқанда, Сырдың бойы, кіндік қаның тамған Сарыкөл… Сол төңіректе жамырасқан қалың ел Қалдаяқ пен Сақыпжамалға құдай берді… ұлды болды, оу, жарандар, келіңдер, келіңдер, түге… дарияның жағасында қауын-қарбыз егіп, суға ау салып, қоянға тұзақ құрып, оу, өстіп қана жанын жалдап, күн көрген бір жағалбайлыны жалғызсыратпайық, ағайын, дескен шулы дүбірді естідің бе, сен? Сен туа сала шырқырап жылай бердің, құлыным. Сонда қоңыраттың бір есті қариясы: «Бұл батыр жылап жатқан жоқ, ән салып жатыр… Ән!» деп көңілімізді көтере сөйлеп, жұрттың бәрін күлдіріп еді.
Сенің алдыңда айналып кетейін, Тұмаргүл бар, тұлымшағы желкілдеген. Сырдың жағасында жеркепеде «таңғы тамақ тәңірден» деп, сол тірлігімізге мәз болысып отырдық. Құдайдың таңы атады, алтын шапақ шашып, көкжиектен көтеріліп келе жатқан Күнге қол созып, «Алып берейін бе, саған, а?» деймін сені тал бесікте емірене емізіп. Сен терлеп-тепшіп, езу тартасың.
Мақпал түнде толықсып Ай қалқиды, дүн-дүниені жарық қып. Оған да ұмсынып, саған алып бергім келеді. Сен тал бесікке сыймай, бұлқынасың, құлыным, аппақ Айға жаутаң қағып.
Тәй-тәй бастың, талпынып. Сырдың жағасында таң нұрымен ашылған қырмызы гүлдің ең әдемісін үзіп беруші едім, сонда, а, құлыным!..»
«Айт, апа, айта бер…»
«Көктемде Сыр бойына жылы жақтан көк аспанды әнге бөлеп, құстар қайтады тізіліп. Соларға қарап, құшағыңды жая жығыла-сүрініп ұмтылушы едің, құлыным! Сонда… сонда саған сол құстардың әнін… тіпті қанатын алып бергім келген дәрменімді не деуге болады, а?»
«Апа, дүниеде не дәмді, не тәтті, соның бәрін аузыма салдың, сілекейімді шұбыртып. Ал, ақ сүтің… о, апа, оған не жетеді, не? Оны ақтау мүмкін бе, апа, мүмкін емес! Апа… апа, қайда барасың, кетпеші… кетпеші! Тоқта-а-а, а-па-а-а!»
Шәмші бастырылығып, шошып оянды. Көзін, бетін уқалап, бір нәрсе шалықтаған жандай елеуреп, тәлтіректей тұрды. Ұйқылы-ояу шайқалақтаған күйі рояльге кеп отырды. Жан-жағына қарады. Бір өзі. Ептеп сергіп қапты. Жұпар лебі желпіген салқын бақта ұйықтап, шаршауы басылған жандай. О, тоба! Ендігі бір сәтте әлгі түс қаз-қалпында көз алдында таң-тамаша ғып, өзіне елжірете тартып, іштей тамылжытты. Өңі ме, түсі ме? Анасы… күлімсірейді… осы сәт не құдірет биледі, Шәмшінің саусағы көл бетіндегі бала толқындай діріл қағып, «Ана туралы жырдың» запевін мамырлата жетелеп, қайырмаға жалғастырды. Қайырма бірден қанат жая әуелеп, анаға деген ынтызар көңілдің құштар лебін кәусар сезімнің тұп-тұнық нұры ғып мөлдіретті. Жаңа ғана столды жаншыла құшып, құдды бір вокзалда жатқан шаршаулы жолаушыдай езіле тыным алған Шәмші, енді міне, жарқылдаған жай отындай ыстық құштарлықпен қайырманың әр жолына бар мейірімін, жан ләззатын төкті. Қайырманы қайта-қайта қуалай шалқытып, бар дүниені ұмытқандай боп серпіп отырғанда сықыр етіп, есік ашылды. Великанов кіріп келді. Шәмші сасқалақтап, ұшып түрегелді.
– Отырыңыз… отырыңыз. Мен есік алдында ойыңызды бөлмей, тыңдадым да тұрдым. Жаңа әніңізді жеріне жеткіздіңіз. Керемет! Ришад Абдуллиннің тереңнен толғап, әуелете көтеріп, қиырдан қайыратын, иә, ана жүрегіндей кең, әрі биязы, балбыраған мейірлі үнін елестетіп көріңіз. Бұл әнді тек Абдуллинге ғана бергеніңіз жөн. Менің ақылым осы…
Шәмшінің жүзі өн бойында дуылдаған қызулы қанның нұрымен алаулап, кеудесін құрсап жүрген қырыс-тырысы жазыла түсіп, бірдеме деуге тілі күрмеліп, алабұрта толқып, кірпігінде қуанышты сезімнің маржан тамшысы жылт-жылт етті.
* * *
Шәмшінің көп әні о баста осылайша сөзсіз туады. Оны өз көңіліндегі алмағайып қиыса салатын «рыбасы» іштей «сөйлеп» түртпектеп, шабыт отына жел беріп, үрлеп, жетелеп отырады. Бұл – композиторлардың болмысында бола беретін құпия құбылыс. Шәмші дәл осы әнге дейін қанша ән жазды, соның бірі –«Буынсыз тіліңді» ғана Абай сөзіне барынша үңіліп отырып шығарған еді. Одан кейін мұндай дағдыға көндіккен жоқ. Ақынға «тәуелді» болмай, өз жүрегі не дейді, соның діті, соның әмірімен толғанды. «Ана туралы жыр» да осындай тебіреніспен дүниеге келді. Енді, жан-жүрегін бірде сыздата ұйытып, бірде мөлдірей қалып, ауыр толғанысқа салған махаббатын ойлы да асқақ сезіммен беретін ақыны кім болмақ?
Шәмші осы ойдың үстінде іштей мазасызданып жүргенде «Ана туралы жырды» опера театрының бір репетиция бөлмесінде жанындай жақсы көретін, әр әніне қызыға қарайтын ағасы Әбілахат Еспаевқа айтып берді. Ол кісі қатты толқыды. Өте ұстамды, байсалды жан боталаған бадана көзінде кілкілдеген ыстық тамшы… өз анасының дидарын көргендей бір пәк сезімнің шуағына бөленді. Біреулер секілді қазымырлана сөйлемейтін Әбілахат:
– «Анама керемет мазар тұрғыза алмаспын, балалық махаббатымды білдіретін бір ән жазсам», – дейтін тілегің орындалыпты, –деді ақырын ғана.
Шәмші бұл сөзге үнсіз бас изеп, жеңіл күрсінісін ішке тартып:
– Сөзін қай ақынға жаздырам? – деді көңілі әлі де алаң күйде біраз ақынды елестетіп.
Әбілахат үндемеді. Бірден не десін?
* * *
Сол күні кеште Шәмші Әбілахат Еспаев, ақын Ғафу Қайырбеков үшеуі «Алматы» ресторанында отырды. Әбілахат аспай-саспай «Ана туралы жырдың» мән-жайын, анасы Сақыпжамалды көргенін айтты. Ғафу шешек дағы торлаған қоңырқай жүзін қайта-қайта сипалап:
– Е, Шәмші, сенің жүрегіңдегі ол мұң менің жүрегімде де бар. Ана… ана… Ол – жайнаған жарық дүние! – деді қарлығыңқы үні күтір-күтір етіп. – Мына Әбілахат осы ресторанға келгенше, мені сол жаңа әніңмен балаша өбектеп келді. Жай ғана әндетіп көрші.
Шәмші бірсыдырғы баяу үнмен тебірене айтты. Ғафу шамырқана қозғалақтап:
– Әбілахат ағаң мені: «Поющий поэт», – дейді. Сенің әндеріңе сөз жазып жүрген ақындарыңның бірде-бірі мен секілді әндете алмайды. Мен еш ақынға дес бере қоймайтын Қасым Аманжоловтың «Дариға, сол қыз» әнін өз аузынан үйреніп, өле-өлгенше тәнті қылған жанмын, – деді. – Ол әнді, Әбілахат, сен менің айтуыммен нотаға түсірдің ғой. Ән шіркіннің не екенін білем, мен! Кез-келген әнге сөз жазбаймын. Арқаның классикалық әнімен өскен жанның сөзі деп біл, Шәмші бұл сөзімді! Жаңа әнің көңіліме қонды. Ана… Дәл қазір жасымыз нешеде? Ана алдында әлі де болса сәбиміз, баламыз…
Ғафу осылай дей бергенде Шәмші көзінде тұнжыр ой бұлдырап, ана жолы көрген түсін, анасымен «тілдескенін» қаз-қалпында езіліп отырып айтты. Ғафу мен Әбілахат селт етпей тыңдады.
* * *
Арада үш күн өтті ме, өтпеді ме, Ғафу «Ана туралы жырдың» сөзін жазып бітірді.
Әлемнің жарығын,
Сыйладың сен маған.
Даланың әр гүлін,
Жинадың сен маған.
Сен бердің құстардың,
Қанатын самғаған.
Балалық құштарым,
Өзіңе арнаған.
Қайырмасы:
Әлдилеп аялап,
Өсірген жемісің.
Самал жел, сая бақ,
Құшағың мен үшін.
Есейіп кетсем де,
Мен саған сәбимін,
Көңілді көктемдей,
Көзіңнен танимын.
Өтеуге борышым,
Анашым, жан сырым,
Іздедім сен үшін,
Әлемнің асылын.
Әлемнің байлығын,
Сыйлар ем, кеш мені,
Сыйлар ем ай, күнін,
Қолыма түспеді.
Ете гөр қанағат,
Әзірге берерім –
Балалық махаббат,
Балалық жүрегім.
Бол риза, анашым,
Қолдағы осы бар.
Өзіңе арнаған,
Әнімді қосып ал.
Осы сөзді қайта-қайта оқыған Шәмші бір сөзіне: «Мына жері қалай?» дей алмады. Рояльда осы сөзбен әндете бастағанда, клавишқа ыстық тамшы тырс-тырс етіп тамып тұрды.
* * *
Шәмші үшін тәңір иген бір жақсы күннің қисыны опера театрында үйлесе кетті. Әбілахат, Ғафу, Шәмші үшеуі алдын ала хабарласпай, Ришад Абдуллиннің репетиция бөлмесіне келді. Мезгіл ұлы сәске еді. Ришад үлбіреген ақ көйлегінің жағасын айқара ашып, тершіген маңдайын алақанымен желпіп отыр екен. Қоңырқай жүзі қызыл нұрмен албырап, ептеп алқынғаны сезіледі. Бұлар елпек қағып, сәлемдесіп жатқанда:
– Ә, серілерім келіңдер, –деді майда қоңыр мақпал үні жылы сезіммен баурап.
Амандасып, жөн сұрасып болған соң, Әбілахаттың ымдауымен Шәмші «Ана туралы жырдың» нотасы мен сөзін үн-түнсіз рояль қақпағына қоя берді. Ришад Шәмшінің мына тірлігіне таңғалып:
– Әлгі «Буынсыз тілің» дейтін әніңнің тағдырын білмей жатып, тағы бір ән әкелдің бе? Ал… ал… көрейік, – деп мырс-мырс күлді. –Әбілахат, мен саған үйренген жанмын, бұл әнді сен ойна. Солай ет… Концертмейстр қызым сендердің алдарыңда осы қазір ғана сұранып кетті.
Әбілахаттың барбиған жұмсақ саусағы «Ана туралы жырды» балбырата бастағанда, екі көзі қара бұлақтай тұнып, нотаға қадала қараған Ришад қалай қосыла кеткенін сезбеді. Бір шумағы біте бергенде:
– Играй… играй… дальше… дальше! –деп орнынан тебірене, толқып түрегеле берді.
«Ана туралы жыр» жарты сағат бойы опера театрын сүттей ұйытып, тербеді де тұрды.
Шалқар сезімнің нұрына бөленген Ришад Абдуллин:
– Бәрімізді жарық дүниеге әкелген құдірет – Ана… Ана! Оған деген махаббатың, Шәмші, мына әнге қалай ғана құйылып түскен? Гениально! Басқа сөз тілім