Ғарышқа ұмтылу – табысқа ұмтылу
Қазақстандағы енді жетіліп, дұрыс жолға түсе бастаған ғарыш қызметі еліміздің индустриялық-инновациялық тұрғыдан дамуына, технологиялық революцияның жаңа толқынының туындауына, қоғамды жаңа дәуірлік өзгерістерге бейімдеуші негізгі күштердің бірі болып отырған халықты ақпараттандыру ісінің жетілуіне қомақты үлес қоса алатын маңызды салалардың бірі болып табылады. Осы саланың тарихы мен бүгінгі жағдайын, даму бағыттары мен болашақта алар орнын білмек болып Ұлттық ғарыш агенттігінің жауапты хатшысы Ерғазы НҰРҒАЛИЕВТІ әңгімеге тартқан едік.
Қазақстандағы енді жетіліп, дұрыс жолға түсе бастаған ғарыш қызметі еліміздің индустриялық-инновациялық тұрғыдан дамуына, технологиялық революцияның жаңа толқынының туындауына, қоғамды жаңа дәуірлік өзгерістерге бейімдеуші негізгі күштердің бірі болып отырған халықты ақпараттандыру ісінің жетілуіне қомақты үлес қоса алатын маңызды салалардың бірі болып табылады. Осы саланың тарихы мен бүгінгі жағдайын, даму бағыттары мен болашақта алар орнын білмек болып Ұлттық ғарыш агенттігінің жауапты хатшысы Ерғазы НҰРҒАЛИЕВТІ әңгімеге тартқан едік.
– Ерғазы Мейірғалиұлы, Ұлттық ғарышагенттігінің тарихы жеріміздегіБайқоңыр ғарыш айлағынан бастау алдыдесек, көп қателесе қоймаспыз. Сіз осыістің басы-қасында болған адам ретіндеәңгімемізді сол кезден бастап таратыпайтсақ. Ең алдымен Байқоңыр ғарышайлағы туралы айта кетсеңіз. КеңесОдағы кезінде Байқоңыр қандай рөлатқарды? Байқоңырдың біздің елімізгетигізген қандай пайдасы бар? Оныңқазіргі күйі қандай? Байқоңырға қатыстыРесеймен арадағы қарым-қатынастарқалай реттеліп отырады?
– «Байқоңыр» ғарыш кешені өткен ғасырдың еншісіне жазылған адамзат баласының теңдесі жоқ жетістіктерінің бірегейі десек артық болмас. Әлемдегі ең ірі «Байқоңыр» ғарыш кешенін көпшілік – «Жердің бірінші ғарыштық айлағы» деп мойындайды.
1955 жылғы 12 ақпанда бұрынғы Кеңес Одағының Министрлер Кеңесі Қызылорда облысының Қазалы және Қармақшы аудандары аралығында Р-7 зымыранын (алғашқы континентаралық зымыран) сынау полигонын құру туралы №292-181 қаулы қабылдап, сол жылы жаңа полигонның – ғарыш кешенінің іргетасы қаланды.
Алғашында полигонның атауы құпиялықты сақтау мақсатында «Ташкент-90», «Қызылорда-50», «Заря», «Тайга» нысаны деп аталса, Кеңес Одағы Қорғаныс министрлігінің 5-ші ғылыми-зерттеу-сынау полигоны кейіннен «Байқоңыр» ғарыш кешені деген атауға ие болды. Бұл жылдарда Кеңес Одағы Ұлы Отан соғысының салдарынан болған қиыншылықтардан әлі де айыға қоймаған еді. Әйтсе де, ғылыми-техникалық прогресті дамыту және ел қорғанысын нығайту мақсатына жұмсалған күштің нәтижесінде әлемдегі ең бірінші, ең үлкен, ең қуатты ғарыш айлағы «Байқоңыр» салынды.
«Байқоңыр» ғарыш кешені бұрынғы Кеңес Одағы республикалары азаматтарының, оның ішінде Қазақстанның да орасан зор еңбегінің жемісі.
Байқоңырдан 1957 жылы 4 қазанда жердің алғашқы жасанды серігі ұшырылды, 1961 жылы 12 сәуірде адамзат тарихында тұңғыш рет Юрий Алексеевич Гагарин «Восток» ғарыш кемесімен ғарышқа аттанды. Байқоңырдан Марсқа және Шолпанға алғашқы автоматтандырылған планетааралық стансалар, «Салют», «Мир» орбиталық стансалары, халықаралық ғарыш стансасының барлық құрылымдары әртүрлі мақсаттағы жердің жасанды серіктері ұшырылды, барлық кеңестік ғарышкерлер және шетелдік ғарышкерлердің көпшілігі ғарышқа осы Байқоңырдан аттанды.
Ұшқыш-ғарышкерлер, алғашқы қазақ ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры Тоқтар Әубәкіров және тәуелсіз еліміздің тұңғыш ғарышкері, «Халық Қаһарманы», Ресей батыры, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев та үш мәрте ғарышқа осы Байқоңырдан аттанды.
Сонымен бірге, Байқоңыр КСРО мен оның одақтастарының зымыран-ядролық қалқаны болды, онда континентаралық баллистикалық зымырандар сыналып, ел тыныштығын күзетіп әскери кезекшілікте тұрды. «Байқоңыр» ғарыш айлағы жарты ғасырдан астам уақыт ішінде ғарыш кеңістігін игеруде көптеген жаңашыл бастамалардың бастауына айналды.
Кеңес Одағы тарап, Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздігін жариялағаннан кейін «Байқоңыр» ғарыш айлағы еліміздің меншігі болып жарияланды. Алайда сол жылдарда кеңестік ғарыш саласындағы кәсіпорындар түрлі тәуелсіз мемлекеттер аумағында орналасқандықтан арадағы байланыс үзіліп, «Байқоңыр» ғарыш айлағының жағдайы қиындап, болашағы бұлыңғыр күндер туды.
Дегенмен, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында мемлекетаралық келісімге қол жеткізіп, Байқоңырды сақтап қана қоймай, оны әрі қарай дамыту мүмкіндігіне ие болдық.
1994 жылғы 28 наурызда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдаланудың негізгі қағидалары мен шарттары туралы мемлекетаралық келісімге қол қойылып, «Байқоңыр» кешені Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы 1994 жылғы 10 желтоқсандағы шарт бойынша Ресей Федерациясына жалға берілді. Аталған шарт бойынша Ресей Федерациясы «Байқоңыр» кешенін пайдаланғаны үшін еліміздің бюджетіне жылына 115 млн. АҚШ долларын төлейді.
Сонымен қатар, бүгінгі күні Ресей Федерациясы ғарыштық, мақсаттық, халықаралық, коммерциялық бағдарламалар шеңберінде «Байқоңыр» кешенінің пайдаланылатын нысандарын: старттық, техникалық, құрастыру-сынау жайларын, ғарыш жанармайы кешендерін және т.б. жетілдіру жұмыстарын жүргізіп отыр. Сонымен бірге, біз стратегиялық әріптесіміз Ресеймен бірлесіп Байқоңырда «Бәйтерек» ғарыштық-зымыран кешенін құру жұмыстарын жүргізуге де келіскен едік. Демек, «Байқоңыр» ғарыш айлағының адамзат баласы үшін де, еліміз үшін де пайдасы зор.
«Байқоңыр» ғарыш айлағы бүгінгі күні достық пен ынтымақтастықтың нышанына айналды. Байқоңыр барлық кластағы «Союз», «Зенит», «Протон», «Днепр» ғарыштық зымырандардың нақты старттық алаңы болып табылады, әлемде зымырантасығыштарды ұшыру саны бойынша және коммерциялық ғарыш аппараттарын ұшыру саны бойынша бірінші орынды иеленді.
Қазіргі уақытта Байқоңырдағы құқықтық қатынастар 40-тан астам халықаралық шарттармен реттелген. Сонымен қатар, «Байқоңыр» кешенін пайдаланудан туындайтын мәселелер Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның «Байқоңыр» кешені бойынша кіші комиссиясының отырыстарында қарастырылып отырады.
– Әлем бойынша алғанда ғарыш саласын дамытудың қазіргі жағдайықалай? Бұл іспен қандай елдер шұғылданады? Олардың қандай қызықты,тиімді бағдарламалары бар? Ғарыш саласындағы бәсекелестік қалай өрісалуда?
– Қазіргі таңда ғарыш қызметі байланыс, геология, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, қорғаныс және қауіпсіздік сияқты түрлі салаларда қажет болатын және мемлекеттік маңызы бар міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Дүние жүзіндегі ғарыш қызметі, оның ғылыми-өндірістік базасы жаһандық экономиканы дамытудың әмбебап заңдылықтары мен үрдістеріне бағынатын, табиғи қызмет атқаратын сала болып қалыптасты.
Өмірдің өзі ғарыштық құралдарды кеңінен пайдаланбай жаһандық проблемаларды шешу мүмкін емес екендігін дәлелдеді. Әлемдік тәжірибе жоғары технологиялық индустрияның негіздерін құрудың тиімді жолдарының бірі ғарыш қызметін дамыту, елдің ғарыштық бағдарламасын іске асыру және ғарыш технологияларын өнеркәсіптік өндіріске енгізу болып табылатынын көрсетті. Сондықтан да адамзаттың ғарышты зерттеуі, игеруі өте маңызды.
Дүние жүзінің жетекші елдерінің экономикасында ғылымды қажетсінетін, ресурстарды сақтайтын технологиялар мен өндірістер рөлін арттыру үрдісі байқалып отыр. Біздің еліміздің де ілгері дамуы үшін ғарыш саласының стратегиялық мәні аса жоғары.
Әлемдегі ғарыш державаларының қатарына Ресей, АҚШ, Франция, Украина, Қытай, Үндістан, Жапония, және Израиль сияқты елдер кіреді. Бұл елдер әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан, ғарыштық бағдарламаларды одан әрі дамытуға қыруар қаражат бөліп, өздерінің ғарыш саласындағы елеулі орнын иеленуде. Яғни, бұл ғарыш саласына жұмсалатын қаражаттың бірнеше есе артық қайтарымы болатынын дәлелдесе керек.
Олай болса, біз де еліміздің индустриялық-инновациялық даму стратегиясының жүзеге асуына, ғарыш индустриясы кластерінің құрылуы мен дамуына, маңызды жобалардың іске асуына және әлемдік ғылыми-техникалық кеңістікке енуге жол ашатын толыққанды отандық ғарыш саласын жасауымыз қажет.
Осы мақсатты көздей отырып, «Қазғарыш» агенттігі шетелдермен, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты белсенді дамытуда. Нәтижесінде, ғарыш саласын игеру аясында көптеген меморандумдар мен келіссөздерге қол қойылды. Бүгінгі таңда ғарыш қызметі саласындағы стартегиялық әріптестермен (Ресей, Франция) және ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалану саласындағы әлемдік көшбасшылармен халықаралық ынтымақтастықты орнатып, дамуды жолға қойдық. Бұл елімізге ғарыш саласын құру мен ғарыш ғылымындағы жетістіктерді, экономиканы дамыту мүддесіндегі техника мен технологияларды пайдалану бойынша міндеттерді барынша тез және тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Кейінгі жылдары ғарышты бейбіт мақсатта зерттеп, пайдалану жөнінде 4 үкіметаралық және 8 салааралық келісімдерге қол жеткіздік. Бүгінде осы мемлекеттермен тығыз жұмыс жүргізіп жатырмыз. Былтырғы жылдың өзінде Ресей Федерациясымен, Біріккен Араб Әмірліктерінің перспективалық ғылым және технология институтымен, Сауд Арабиясы Корольдігі Әбдел Әзиз атындағы Ғылыми-техникалық қалашығымен, Жапония мемлекетімен ынтымақтастық жөніндегі келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Осы бағыттағы жұмыс одан әрі қарқынды дами бермек.
– Елімізде ұлттық ғарыш агенттігі қашан құрылды? Оған қандайміндеттер жүктелді және ол міндеттер бүгінгі күні қалай жүзегеасырылуда? Алдағы уақытта елімізде ғарыш саласын одан әрідамытудың нақты қандай жоспарлары бар. Ол жоспарларды жүзегеасыруға кедергі болып отырған жәйттер бар ма?
– Ұлттық ғарыш агенттігі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2007 жылғы 27 наурыздағы Жарлығымен құрылды. Бұл Қазақстанның ғарыш саласын дамытудағы жаңа кезеңді белгілеп берді. Қазіргі таңда, «Қазғарыш» Елбасы мен Үкіметтің жан-жақты қолдауының арқасында осы саланы сапалы құрып, жоғары технологиялы секторды қалыптастыруға бағытталған жобаларды дәйекті іске асырып отыр.
Ғарыш қызметінің стратегиялық бағыттары Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасына енгізілген. Онда ғарыш саласына қатысты елдің Индустрияландыру картасына енген төрт ірі жобаны іске асыру көзделген. Олар: «KazSat» байланыс және ақпарат тарату жүйесін құру; Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыштық жүйесін құру; «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенін құру; Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін құру.
Бүгінгі таңда осы ауқымды әрі маңызды жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мәселен, былтырғы жылдың шілде айында «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылған «KazSat-2» ғарыш аппаратын Қазақстан тарапы 2011 жылдың 25 қарашасында толық пайдалануға қабылдап алды. Бүгінгі таңда отандық спутник қалыпты жағдайда өз мақсатына сай жұмыс атқаруда. Қазіргі уақытта 8 ірі қазақстандық оператор өз жұмысын Kazsat-2 спутнигі арқылы іске асырып отыр. Сондай-ақ, 2014 жылы «KazSat-3» жер серігін ұшыру жоспарланып отыр. Алдағы уақытта «KazSat-4» жер серігін де жасаудың уақыты келіп қалар, өйткені бұл үлгідегі кешеннің тиімді әрі сапалы жұмыс атқаруы үшін орбитада кемінде 3 жер серігінің болуы қажет.
Ал, «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенін құру Қазақстанның ұлттық мүддесі үшін стратегиялық маңызы бар дүние. Экологиялық жағынан таза «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенін салу – үлкен болашағы бар жоба. Бұл жоба арқылы нақты жетістіктерге қол жеткізуге болады. Мәселен аталмыш жоба көнерген нысандарды жаңарту арқылы «Байқоңыр» ғарыш айлағын сақтап қалу, «Байқоңыр» ғарыш айлағын біртіндеп Қазақстанға өткізуді қамтамасыз ету секілді маңызды мәселелерді шешуге тікелей ықпал етеді, Қазақстанның экологиялық проблемаларын еңсеруге үлкен көмегін тиігізеді. Сонымен қатар, «Бәйтерек» жобасы Қазақстанның «Байқоңыр» ғарыш айлағына нақты енуін және әлемдік коммерциялық ұшыру рыногына кіру мүмкіндігін, зымырантасығыштарды әзірлеу және ұшырудың технологиялық операцияларына тікелей қатысуын қамтамасыз етеді.
Өкінішке қарай, «Бәйтерек» ғарышзымыран кешенін құру мәселесі жобалық кезеңнен аспай тұр. Жобаның басты проблемасы оны одан әрі қаржыландыру мәселесінде болып отыр. Соңғы рет Ресей тарапы ұсынған техникалық-экономикалық негіздеме бойынша жобаның құны жеті есеге өсіп, 1 млрд. 640 млн. АҚШ долларын құрады. Сондай-ақ бұл кешен ұшуға тиіс «Ангара» зымырантасығышының негізгі сипаты жасалынбай, оны ұшыратын қондырғыны құру және пайдалануға беру мерзімі де нақты анықталып белгіленбей отыр. Бұған қоса, бұл жобаны іске асыруда барлық шығындарды Қазақстан жағына арту мәселесі туындап отыр. Өйткені, Ресей тарапы жобаны бірлесіп қаржыландыруға қаржы тапшылығынан бара алмайтыны мәлім болды. Бұл мәселе бірнеше рет «Қазғарыш» пен «Роскосмос» деңгейінде талқыға салынды. Қазіргі таңда қалыптасып отырған жағдайға сәйкес, Қазақстан мен Ресей арасында жоғары деңгейде саяси шешімдер қабылдау қажеттігі туындауда. Әрине, бұл жерде ел мүддесі басты назарда тұруы тиіс.
Сонымен қатар, 2013 жылы қабілеті орта Жерді қашықтықтан зондтау аппаратын, 2014 жылы қабілеті жоғары Жерді қашықтықтан зондтау аппаратын іске қосу жоспарланып отыр. Бұлар да жоғары технологияның барлық жетістіктерінің алғы шебінде жүрген шетелдік компаниялардың пәрменімен жасалуда.
Бұл жобаларды сәтті жүзеге асыру үшін ғарыш қызметінің ғылыми және ғылыми-технологиялық базасын дамытудың маңызы зор. Біз осы межелі міндеттерді уақытылы әрі тиімді жүзеге асыру арқылы отандық ғарыш қызметінде оң нәтижелерге қол жеткізе алатынымызға сенімдіміз.
– Қазіргі күні отандық ғарыш саласының инфрақұрылымдары жетілдірілу үстінде. Бұл қандай инфрақұрылымдар және оларға қандай міндеттер жүктеліп отыр?
– Ең алдымен, Есілдің сол жағалауында құрылысы қарқын алып жатқан ірі нысан жөнінде айтып өткен жөн. Осыдан екі жыл бұрын, 2010 жылы 3 шілдеде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов пен Франция Үкіметі өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш орталығының құрылысы ресми түрде басталып, сол жерге естелік белгі орнатылған болатын. «Ұлттық ғарыш орталығы» мега-жобасының шеңберінде ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені, ғарыш техникасының арнайы конструкторлық-технологиялық бюросы, Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесінің жерүсті сегменттері, жоғары дәлдікті навигация жүйелері, Қазғарыштың әкімшілік ғимараты, басқа да әлеуметтік нысандар сияқты ғарыш инфрақұрылымының нысандары бой көтереді.
Осы жобаны іске асыруда стратегиялық әріптес ретінде 2009 жылы ғарыш саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі – француз компаниясы EADS Astrium таңдалды. Сондай-ақ, осы компания ғарыш аппараттарын, пайдалы жүктеме бөлшектерін және ғарыш техникасының элементтерін жинау және сынау үшін жоғары технологиялық кәсіпорын – ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін құру жобасын іске асыруға қатысады.
Жалпы, Қазақстан мен Францияның ғарыш саласындағы стратегиялық әріптестігі Елбасының 2008 жылғы маусымдағы Францияға сапарынан бастау алды. Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін жалпы жобалау келісім-шарты «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ-пен «EADS-Astrium» жетекші француз компаниясының арасында 2009 жылы маусымда Ле Буржеде өткен Халықаралық авиағарыш салонында жасалды. Франция президентінің Қазақстанға 2009 жылғы қазан айындағы мемлекеттік сапары кезінде 24 құжатқа қол қойылса, соның төртеуі ғарыш қызметі саласына қатысты болды. Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасының арасындағы Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісім Қазғарыш пен Франция Ұлттық ғарыштық зерттеулер орталығының арасындағы негізгі құжат болып табылады.
Сонымен қатар, отандық ғарыш саласы инфрақұрылымдарының қатарында Алматы қаласындағы Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығын ерекше атап көрсетуге болады. Оның құрамына В.Г. Фесенков атындағы Астрофизика институты, Ионосфера институты, Ө.М. Сұлтанғазин атындағы Ғарыштық зерттеулер институты, Ғарыштық техникалар мен технологиялар институты сияқты төрт ғылыми-зерттеу институттары кіреді.
Ақмола облысы Ақкөл қаласында отандық байланыс және хабар тарату спутниктерін жерден басқару кешені орналасқан. Осы жылы телекоммуникациялық «Казсат» жер серігі жүйесінің тірлігін қамтамасыз ету сапасын көтеру үшін жасалып жатқан Алматы облысындағы ғарыш аппараттарын резервті жерүсті басқару кешені және байланыс мониторингі жүйесінің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.
– Ғарыш саласын алғашқы болып игерген мемлекеттер бұл саладан көл-көсір пайда тауып отыр деп естиміз. Ол пайда қалай құралады? Біздің жаңадан құрылып жатқан ғарыш саласынан болашақта қандай саяси және әлеуметтік-экономикалық тиімділіктер күте аламыз?
– Әлемдiк ғарыш қызметiнiң қазіргі ахуалы мен даму келешегі оның жаһандық экономикада жеке толыққанды рынок ретінде қалыптасқанын көрсетедi.
Мәселен, 2011 жылдың қорытындысы бойынша әлемдiк ғарыш рыногының бірлесіп тапқан пайдасының мөлшері 2010 жылға қарағанда 12,2 пайызға өсіп, жалпы жиыны 289,77 млрд. АҚШ долларын құрады. Осы уақыттағы ұшырулар саны 2010 жылы 74 болса, 2011 жылы 80-ге дейін өскен, сондай-ақ пайдалы жүктің саны 118-ден 127-ге дейін артты.
Әлем бойынша азаматтық және әскери ғарыш жобаларына жұмсалатын жалпы шығындар 2010 жылға қарағанда 2011 жылы 2 пайызға төмендеп, 70 млрд. АҚШ долларын құраған. Яғни бір жылдың ішінде түскен пайда шыққан шығыннан бірнеше есе асып түсіп отыр.
Ал, Қазақстан байланыс және хабар таратуға бағытталған «KazSat-2» спутнигін ұшырып, қазақстандық байланыс операторларының өз елінің бюджетіне пайда түсіруін қамтамасыз етіп отыр. Одан түсетін пайда мен әлеуметтік-экономикалық тиімділіктерге көп ұзамай көз жеткізетін боламыз.
Негізінен, ғарыштық даму, ғарыш саласы, ғарыштық инфрақұрылым дегенде, біз көбінесе Байқоңырды, ондағы зымыран-тасығыштарды, ғарыш айлағын жалға алу мерзімін, одан түсетін пайданы сөз етеміз. Ал, шын мәнінде, біз ғарыш индустриясы дамыған ел боламыз десек, ғарыштық ғылыми-зерттеулер, ғарыштық техника жасау жұмыстарына айрықша мән беруіміз қажет. Өскелең ұрпақты ғылым-біліммен сусындауға көп көңіл бөліп, өз мамандарымызды тәрбиелеуге күш салуымыз керек.
– Ғарыш саласын кадрлармен қамтамасыз етудің жағдайы қалай? Бұл істе қандай елдердің көмегі мен тәжірибесіне сүйеніп отырсыздар? Болашақта ғарыш саласына қатысты кадрларды өз елімізде дайындаудың мүмкіндіктері бар ма?
– Әрине, экономиканың кез келген саласы үшін білікті мамандар ауадай қажет. Біздің мемлекеттің дамуында ғарыш қызметі тың сала болғандықтан, кәсіби мамандар тапшы деуге болады.
Негізінен, бүгінде біздің мемлекетіміз осы күрделі саланы игеруге талпынғандарға жан-жақты жағдай жасап, қолдау көрсетуде. Мәселен, ғарыш саласындағы мамандарды кешенді даярлауды ұйымдастыру бойынша Қазғарыш пен Білім және ғылым министрлігі арасында ынтымақтастық және өзара әрекеттестік туралы келісімге қол қойылып, Қазғарыштың ұсынысымен ғарыш саласына арналған мамандарды даярлау бойынша базалық жоғары оқу орындары ретінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Алматы энергетика және байланыс институты, Азаматтық авиация академиясы анықталған. Аталмыш жоғары оқу орындарында 70-ке жуық студент мамандық алуда.
Сонымен қатар, 1996 жылдан бастап Байқоңыр қаласында орналасқан «Восход» Мәскеу авиациялық институтында 205 қазақстандық азамат білім алуда. Осы мақсатта еліміздің Білім және ғылым министрлігі 2008 жылдан бері жыл сайын 45 оқу грантын бөліп отырады.
Сондай-ақ, авиация саласы бойынша білікті мамандар дайындау «Болашақ» бағдарламасының аясында да жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 29 стипендиат Ресей, Ирландия, Малайзия, Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Нидерланды және Канада мемлекеттерінде өз білімдерін шыңдап жүр.
Ғарыш саласындағы жұмыстар күрделі қызметтердің бірі болғандықтан, жоғары білім алып келген маманның да жұмысты бірден алып кетуі мүмкін емес. Сондықтан, Қазғарыш республикалық бағдарлама шеңберінде ғарыш саласындағы мамандарды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша жүйелі түрде шетелде тағылымдамадан өтуді және оқу семинарларын ұйымдастырып келеді.
Сонымен қатар, Қазғарыштың іске асырып жатқан жобаларының шеңберінде ведомстволық бағынысты ұйымдар кадрларының біліктілігін арттыру бойынша бірқатар іс-шаралар өткізуде. Мысалы, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен «Astrium SAS» француз компаниясы арасындағы келісім-шарт аясында Францияның кәсіпорындарында жиырмадан астам қазақстандық инженер өндірістік тәжірибеден өтіп, практикалық білім алу үшін Англияға аттанып кетті. Ал, ағымдағы жылдың наурыз айында Францияға кезекті қазақстандық инженерлер тобы жіберілді.
Ғарыш саласына қажетті білікті маман даярлау ісі еш уақытта назардан тыс қалмайтыны аса маңызды мәселе. Қазғарыш бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше көңіл бөледі және жас азаматтарымыздың ғарыш мамандықтарын игеруіне қолдау көрсете бермек.
– Ғарышқа ұшатын спутниктерді дайындаудың жайы қалай? Ол спутниктер қандай елдердің, қандай компаниялардың қатысуымен дайындалады? Спутниктерді дайындауға кеткен қаражат ақтала ма?
– Ғарыш қызметін дамытудың салалық бағдарламасы және 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстанды индустрияландыру картасына сәйкес Ұлттық ғарыш агенттігі «Kazsat» спутниктік байланыс және хабар тарату жүйесін құру жобасын іске асыруда. Осы жоба шеңберінде «Kazsat-2» аппаратының жұмысын қамтамасыз ету және «Kazsat-3» ғарыш аппаратын ұшыру, ғарыш аппараттарын резервтік жерүсті басқару кешенін құру жұмыстарының сәтті атқарылып жатқанын айтып өтуге болады.
Былтырдан бері «KazSat-2» ғарыш аппараты іске қосылғанын айтып өттім. Қазіргі уақытта «KazSat-2» спутнигінің транспондерлерін ұсыну бойынша қызмет көрсетуге 8 ұйыммен шарт жасалды. Жалпы, шарттық міндеттемелер бойынша «KazSat-2» спутнигінің ресурсын жүктеу 43,17 пайызды құрайды.
Көлік және коммуникация министрлігі бекіткен «KazSat-2» спутнигіне қазақстандық байланыс операторларының ауысу жоспар-кестесіне сәйкес спутниктің жүктелуі жылдың соңына дейін 48,5 пайызды құрауы тиіс.
Меншікті байланыс спутниктік жүйесін құру, Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және шетелдік байланыс спутниктері ресурстарын жалға алғаны үшін жылына шамамен 35-40 млн. доллар көлемінде жұмсалатын қаражатты үнемдеу мақсатында «KazSat-2» жобасын қаржыландыру мемлекеттік бюджеттен жүзеге асырылады. Осы қаражат 7-8 жылдың ішінде 115 млн. АҚШ доллары көлемінде ақталып шығады деп күтілуде.
«KazSat-3» жобасы бойынша бас мердігерді таңдау бойынша екі рет конкурс жүргізіліп, нәтижесінде «М.Ф.Решетнев атындағы Ақпараттық спутниктік жүйелер» акционерлік қоғамы бас мердігер ретінде белгіленіп, қазір жұмыстар кестеге сәйкес тиісті деңгейде жүріп жатыр.
– Өзіңіздің көңіліңізде жүрген мәселелер болса, оны да ортаға сала кетсеңіз.
– Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері өткен 20 жылда саяси, экономикалық және технологиялық мүмкіндіктер болмағандықтан, ғарыш қызметімен айналысуда белсенділік таныта алмады. Кейінгі 5 жыл ішінде Елбасының қолдауымен Ұлттық ғарыш агенттігі құрылғаннан бері қарқынды жұмыстарды жүргізу қолға алынуда. Әрине, ғарыштық жобалардың іске асырылуы қомақты қаржы мен ұзақ уақытты талап ететіні анық. Бірақ, бұл жобалар іске асқан кезде, басқа салалардың да дамуына сеп болып, ел экономикасына қыруар пайда әкеліп, қауіпсіздік пен қорғаныс мәселелеріне де септігін тигізері сөзсіз. Әлемдік экономиканың болжауында ғарышқа жұмсалған әр доллар 6-7 доллар өсім болып кіретіні ескеретін жәйт болар. Осы себепті әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері ғарыш саласын дамытуға қаржы аяп жатқан жоқ.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».