Ұлттық экономика вице-министрінің айтуынша, осы жылғы 20 желтоқсандағы жағдай бойынша жылыту тарифтері еліміздің үш өңірінде, атап айтар болсақ, Ақмола облысында – 36,8 пайызға, Солтүстік Қазақстан облысында – 1,1 пайызға, Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласында – 2,8 пайызға арзандаған. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап қалған 14 өңірде тарифтерді төмендету жоспарланып отыр.
− Елімізде 2015 жылдан бастап жаңа тарифтік саясат енгізілді. Онда ұзақ мерзімді тарифтер қарастырылған. Бірақ әр жыл сайын тарифтердің құны салынған инвестиция көлеміне байланысты өзгеріп отырады. Осы негізде келер жылға жасалған болжам бойынша инфляция деңгейінде кейбір өңірлерде 1-2, тіпті 7 пайызға дейін тариф құны қымбаттауы мүмкін еді. Берілген тапсырмаға сәйкес, субъектілердің ішкі резервін тарту және заң бұзған субъектілерге тарифтер бағасын төмендету бойынша жұмыстар жүргізілді, – деді С.Жұманғарин.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық тарифтерін төмендету бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде келер жылдың 1 қаңтарынан бастап жылумен жабдықтау тарифтері Астана қаласында 10 пайызға, Алматы қаласында 11,4 пайызға, Алматы облысында, Ақтөбе облысында, Жамбыл облысында, Батыс Қазақстан облысында, Қызылорда облысында 10 пайызға, Қарағанды облысында 2,2 пайызға, Қостанай облысында 8,9 пайызға, Түркістан облысында 15,3 пайызға, Маңғыстау облысында 3,1 пайызға, Павлодар облысында 5 пайызға, Ақмола облысында 36,8 пайызға, Семей қаласында 2,8 пайызға, Өскемен қаласында 3,4 пайызға, Шымкент қаласында 11,7 пайызға, Солтүстік Қазақстан облысында 1,1 пайызға арзандайды. Нәтижесінде халық қаражатының үнемделуі жылумен жабдықтау қызметі үшін 6 млрд теңге шамасында болмақ. Ал сумен жабдықтау саласында да келер жылы тариф құны халыққа қолжетімді бола түспек. Су бұру және су жабдықтау бойынша биыл жыл соңында Жамбыл облысында тарифтің айтарлықтай төмендегені анықталып отыр. 2019 жылы бұл салалардағы бағаның арзандауы барлық өңірлерде сақталады деген болжам бар.
− Біздің елде судың тарифі салыстырмалы түрде аз деп айта аламыз. Мысалы, көрші Ресей, Беларусь, Украина, Өзбекстан сынды елдерде судың тарифі айтарлықтай қымбатқа түседі. Бізден кейінгі орында Қырғызстан тұр. Соған қарамастан, бұл саладағы бағаны бақылауда ұстап отырмыз, – деді С.Жұманғарин.
Межелі жоспарға сәйкес, 2019 жылы газ тарифін төмендету арқылы 5 млрд теңге үнемделмек. Әсіресе Алматы облысының тұрғындары қазіргі бағамен салыстырғанда текше метріне 5,6 теңге үнемдесе, алматылықтар текше метріне 3,7 теңге үнемдейді. Қалған Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Түркістан облыстары және Шымкент қаласында да тариф құны арзандайды деп күтілуде.
Ал атқарылған жұмыстар нәтижесінде келер жылы қазақстандықтар электр қуатына кететін шығынды 7,8 млрд теңгеге азайтады. Ал тарифтерді төмендету нәтижесінде жалпы халықтың коммуналдық қызметтері үшін қаражатын үнемдеу шамамен 27,5 млрд теңгені құрайды деп жоспарланып отыр.
Айта кетерлігі, кеше Парламент Сенатының отырысында «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасы қабылданды. Онда жоғарыда аталған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық тарифтерін төмендету бойынша белгіленген межелі міндеттер қарастырылған.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»