Тарих • 21 Желтоқсан, 2018

Қазақстанның танымал тұлғалары

10478 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

 «ТАӨ» сериясынан «Абай», «Нұр­сұл­тан Назарбаев» және «Шо­қан Уә­ли­ханов» кітаптары кіретін «Қазақ­­­­­­стан­­ның ұлы адамдары» үш­том­­­дығы Тәуелсіздік күніне орай Қазақ­стан Республикасының Пре­зи­­дентіне сыйға тартылған болатын.

Қазақстанның танымал тұлғалары

Эксклюзивті сыйкәде түрінде безен­діріліп басылған жинақтың бір данасы Мемлекет басшысына үштомдық туындыға енген авторлардың бірі, Төтенше және өкілетті елші, саяси ғылымдар докторы Тайыр Мансұров­тың атынан ұсынылған еді.

− 2018 жылдың қаңтарында «Моло­дая гвардия» баспасының бас дирек­торы Валерий Федорович Юркин маған бірнеше жыл бойы оның баспасы мүдделі тараптармен бірге «Ресейдің ұлы адамдары» жобасы шеңберінде жыл са­йын тақырыптық үштомдықты басып шығарып келе жатқанын айтқан болатын. Валентин Юркин­нің ұсынысы бойынша менің тарапымнан «Тамаша адамдар өмірі» − «Абай», «Нұрсұлтан Назарбаев» және «Шоқан Уәлиханов» кітап­тар сериясынан тұратын үштом­дықты шығару жүзеге асырылды. Үш­том­дықтың аталған кейіп­кер­лері әлемде өз халқының аса көр­­нек­ті перзенттері ретінде таныл­ған тұл­ғалар, − деп атап көр­сет­ті жаңа басы­лымның жарыққа шық­қаны туралы айтқан Тайыр Мансұров.

Үш кітаптың әрқайсысы кезін­де атақты «ТАӨ» деректі-био­графиялық сериясымен шық­қан болатын. Олардың біртұтас жинақ ретінде қайта жарық көруі қазақ халқының өзіндік болмыс-бітімі қа­лып­тасуына ерекше үлес қосқан тұл­ғаларға деген ұстанымның қи­сынды шешімі болып табылады.

Абай өміріне арналған кітап 2008 жылы ресейлік ғалым-әде­биетші, М.В.Ломоносов атындағы ММУ профессоры, филология ғылымдарының докт­оры Николай Анастасьевтің автор­лығымен басылып шығып, Қазақстанда да, Ресейде де лайықты бағасын алған еді.

Тайыр Мансұровтың атап өтуінше, АҚШ пен Батыс Еуропа әдебиетін зерттеуші белгілі орыс оқы­мыс­тысы Абай мұрасын әлем­дік мәдениет приз­масы ар­қылы оның көпғасырлық дамуы және шығармашылық идеялары мен бағыттарының әртүрлілігі негізін­де қарастырады. Абай Құнанбаев – Ұлы даланың адал перзенті және оның мұңын мұң­дап, жоғын жоқтаушы. Абай шығармашылығының ірге­тасы­на қазақтардың бай тарихы мен мәде­ниеті негіз етіп алынған. Соны­­мен бір мез­гіл­де ол Шығыс пен Батыс­тың аса ірі тұлғалары – Хафизден Низамиға дейінгі, Байроннан Гетеге дейінгі аралықта шығармашылық байланысқа түсіп, Авиценнадан Джон Милльге дейінгі әлемдік философия ой­шыл­дарының өкілдерімен өзара үнқатысқан. Абайдың орыс классикасымен, бірінші кезек­­те Пушкин поэзия­сымен шығар­машылық байланыстары ерек­ше қызығушылық туғызады. Бұл жайтқа Анастасьевтің кітабын­да да жан-жақты назар аударылған.

− 2006 жылы Мәскеуде Прези­денттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің қатысуымен Абайға ескерткіш ашылуы аталған ойшыл және ақын ұлылығының тағы бір айқын айғағы болып табылады, − дейді ойын сабақтай түскен Тайыр Мансұров.

«ТАӨ» сериясымен «Шоқан Уәли­­ханов» кітабы кеңес дәуірін­де-ақ, яғни 1983 жылы жарық көрген болатын. Оның авторы белгілі кеңес жазушысы Ирина Стрелкова тамаша ғалым және саяхатшының өмірі мен қызметін зерттегені үшін Қазақ КСР-інің Мемле­кеттік сыйлығымен атап өтілген еді.

Тайыр Мансұров қазақ хал­қы Шоқан Уәлихановты өзі­нің тұңғыш ғалымы және револю­циялық ойшылы санайтынына назар аударады. Аққан жұлдыздай қысқа ғана ғұмырында ашқан жаңалықтары оны әлемнің аса көрнекті географтарымен бір қатарға қойды. Шоқан Уәлиханов − Қазақ­­станның географиясы, тари­хы, этно­графиясы, экономикасы, социологиясы сияқты аса құн­д­ы еңбектердің иесі, ол қазақ фольк­лорын қағазға түсіріп, ғы­лым­­ға қырғ­ыздың «Манас» эпосын ашты.

Жинақтың үшінші кітабы – «Нұрсұлтан Назарбаев» − алғаш рет «Молодая гвардия» баспасында бас­талған «ТАӨ»: Өмірбаян жал­ғасу­да...» деп аталатын жаңа сериясын­да 2015 жылы жарық көрді. Кітапқа ен­­ген еңбектер заманы­мыздағы аса көр­­нек­ті мем­лекет және қоғам қайрат­керлеріне арнал­ған. Мәселен, осы серия­мен «Владимир Путин», «Михаил Пистровский», «Лео Боке­рия» және басқалары жарық көрген. Қазақстанның Тұңғыш Прези­дентіне арналған туын­дының авторлары – Тайыр Мансұров пен Валерий Михайлов. «Нұрсұлтан Назарбаев» кітабы шыққан жылы ол Орыс биография институты, «Ли­те­ра­турная газета», Ресей мем­ле­­кет­­­тік кітап­ханасы мен «Орден» мә­де­ни-ағарту орталығы таға­йын­даған «Үздік кітап және баспа» ұл­ттық сый­лығына ие болды.

− Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев жаңа тәуелсіз Қазақ­станның қазығын қа­ғып, оны құрушы болып табылады. Рес­пуб­ликаның Тұңғыш Президенті – Елбасы отыз жылға жуық уақыт бойы серпінді даму үстіндегі, яғни өзі­нің әлемдік аренадағы орнын дәйек­тілік­пен нығайтып келе жат­қан мемлекетті басқарып отыр. Шынайы стра­тегия­лық таланты мен ұтымды сая­си тәжірибесі, әлемге әйгілі анти­ядролық бастамалары мен халықтар арасындағы өзара түсіністікті қалып­тастыру­дағы ізде­ніс­тері және орасан тұл­ға­лы­лығы Нұрсұлтан Әбіш­ұлын заманы­мыздың аса көрнек­ті сая­саткерлері мен мемлекет қай­рат­­керлерінің бірі мәртебесімен қам­тамасыз етіп отыр. Кітапта өз Отаны мен ТМД-да ғана емес, сон­дай-ақ бүкіл әлемде бар­ша­ның құрметіне ие болып қана қоймай, жалпыға ортақ мо­йын­далған біздің аса танымал зама­н­дасымыздың өмір жолы, оның көп­қырлы саяси қызметі жан-жақты көрініс тапқан, − деп атап өтеді кітап авторы.

Кітапта Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың посткеңестік мем­лекет­тер­дегі интеграциялық өзара ықпал­дас­тықты дамытудағы тұл­ғалық рөлі бөле-жара бағаланған. Ұзақ уақыт бойы ЕурАзЭҚ-тың Бас хатшысы болған, Еуразиялық экономикалық комиссия­да Энергетика министрі қызметін атқарған, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшісі болған Тайыр Мансұров кітапта Елбасының ішкі жан дүниесіне «көкірек көзімен» қарай білген. Ол Қазақстан Президентінің тең­дес­сіз көшбасшылық қасиеті, оның сарқылмас күш-қуаты, пас­сио­нар­лық ерік-жігері бірте-бірте еура­зиялық интеграцияны құрып, ЕурАзЭҚ, Кеден одағы, Бір­тұтас экономикалық кеңістік және Еураз­иялық экономикалық одақ қа­лып­тастыруда табысқа жетуге көмек­тескенін ерекше атап көрсетеді.

«Қазақстанның ұлы адамдары» үш­том­дығын біздің еліміздің рухани өмірі қазынасына қосылған тамаша үлес деп айтуымызға әбден болады.

 

Самат МҰСА,

«Егемен Қазақстан»