Осы орайда Мәдениет және спорт министрлігі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған бағдарламалық жоспарды жүзеге асырып, жоғарыдағы Ұлы даланың құнды мұраларын әлемге таныстыру мақсатында өткен жылдың желтоқсан айынан бастап «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты шара ұйымдастырған болатын.
Шеру-жоба аясында мыңға жуық құнды жәдігеріміз Минск қаласындағы Беларусь Ұлттық көркемөнер музейі, Мәскеу қаласындағы Бүкілресейлік қолданбалы-сәндік және халықтық өнер музейі, Бакудегі Әзербайжан тарихы Ұлттық музейі, Қытай еліндегі Шэньси провинциясының тарих музейі, Гданск қаласындағы поляк тарихи музейі, Корея ұлттық музейі қатарлы мекемелерді аралап шыққан екен.
Кеше әлемді шарлап шыққан алтын адамдар мен құнды бұйымдар көрме жобасын қорытындылау мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық музей әкімшілігі баспасөз мәслихатын өткізді. Келелі кездесудің маңызы жайлы айтып, сөз сөйлеген министр Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, Ұлы даланың ежелгі және дәстүрлі өнер туындыларын әлемнің алдыңғы қатарлы музейлерінде көрсету арқылы біз еліміздің тамыры терең тарихын, бай мәдениеті мен теңдессіз қолөнерін паш ету, насихаттау ісін сәтті аяқтаппыз. Яғни, көрмені 200 мыңнан астам адам келіп тамашалапты.
Жоғарыдағы әлемнің алты елін аралап шыққан жәдігерлерге келсек, бұлардың дені ерте темір дәуірінде өмір сүрген алғашқы далалық мемлекеттер мұрасы саналатын аң стиліндегі бұйымдар екен, сонымен қатар қазақтың дәстүрлі мәдени жауһарлары саналатын сәндік қолданбалы өнер туындылары да бар. Халықаралық көрменің өтуіне атсалысушылардың бірі Ұлттық музей жанынан құрылған «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының жетекшісі Ақан Оңғарұлының пайымынша, Ұлы дала мәдениетінің әрбір жәдігеріне терең мағыналы далалық пәлсапа сіңірілген, сол себепті ғасырдан-ғасырға жалғасқан ұрпақ сабақтастығын шетелдерге танытуымыз үлкен істің бастауы көрінеді.
Басқосудың соңы қазақстандық және шетелдік музей мамандарының пікір алмасуына ұласып, өз кезегінде Әзербайжан тарихы Ұлттық музейі директорының орынбасары Махфуза Зейналова, Бүкілресейлік қолданбалы-сәндік және халықтық өнер музейінің кеңесшісі Галина Андреева, Беларусь Ұлттық көркемөнер музейі директорының орынбасары Сергей Вечер, Қытай елінен келген музей маманы Ван Чжинсун, Корея Ұлттық музейінің Азия өнері департаментінің директоры Чой Сеон Джу, еліміздің танымал археологі Зейнолла Самашевтар өз ойларын ортаға салды.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»