Тарих • 21 Желтоқсан, 2018

«Алтын адамның әлем му­зейлеріне шеруі» атты шара ұйым­дастырылды

496 реткөрсетілді

Ұлы даланың рухани мұрагері – қазіргі қазақтың жазирасы. Сондықтан да болар бұл дала жәдігерге толы. Атап айтсақ, соңғы жылдары отандық археология жарты ғасырға жуық уақыт (1969-2017 ж.ж) аралығында даламыздан бірнеше «Алтын адам» тапты. Бұлардың алғашқысы, Есік қорғанынан табылған құнды жәдігер алтын сауытты сақ көсемі болса, одан кейін Атырау облысы, Жылыой ауданы Аралтөбе қорғанынан шыққан алтын адам, сондай-ақ Шілікті және Талды-2 қорымдарынан табылған алтын тонды билеушілер мен «Тақсай», «Үржар» алтын ханшайымдары, осылардың соңғысы – өткен жылы анықталған Шығыс Қазақстандағы Елеке сазында сақталған алтын адам.

Осы орайда Мәдениет және спорт министрлігі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласында айтылған бағдарламалық жоспарды жүзе­ге асырып, жоғарыдағы Ұлы дала­ның құнды мұраларын әлемге таныстыру мақсатында өткен жылдың желтоқсан айынан бас­тап «Алтын адамның әлем му­зейлеріне шеруі» атты шара ұйым­дастырған болатын.

Шеру-жоба аясында мыңға жуық құнды жәдігеріміз Минск қаласындағы Беларусь Ұлт­тық көркемөнер музейі, Мәс­кеу қаласындағы Бүкілресейлік қол­дан­балы-сәндік және халық­тық өнер­­ музейі, Ба­кудегі Әзер­байжан тарихы Ұлттық му­­зейі, Қытай еліндегі Шэньси про­­вин­циясының тарих музейі, Гданск қаласындағы поляк тарихи музейі, Корея ұлттық музейі қатарлы мекемелерді аралап шыққан екен. 

Кеше әлемді шарлап шық­қан алтын адамдар мен құнды бұйымдар көрме жобасын қоры­тындылау мақсатында Мә­дениет және спорт министрлігі мен Ұлттық музей әкімшілігі бас­пасөз мәслихатын өткізді. Ке­лелі кездесудің маңызы жайлы айтып, сөз сөйлеген министр Арыс­танбек Мұхамедиұлының  ай­туынша, Ұлы даланың ежелгі және дәстүрлі өнер туындыларын әлемнің алдыңғы қатарлы музейлерінде көрсету арқылы біз еліміздің тамыры терең тарихын, бай мәдениеті мен теңдессіз қолөнерін паш ету, насихаттау ісін  сәтті аяқтаппыз.  Яғни, көрмені 200 мыңнан астам адам келіп тамашалапты. 

Жоғарыдағы әлемнің алты елін аралап шыққан жәдігерлерге кел­сек, бұлардың дені ерте темір дәуірінде өмір сүрген ал­ғашқы далалық мемлекеттер мұ­расы саналатын аң стиліндегі бұйымдар екен, сонымен қатар қазақтың дәстүрлі мәдени жау­һарлары саналатын сәндік қол­данбалы өнер туындылары да бар. Халықаралық көрменің өтуі­не атсалысушылардың бірі Ұлттық музей жанынан құрылған «Халық қазынасы» ғылыми-зерт­теу институтының жетекшісі Ақан Оңғарұлының пайымынша, Ұлы дала мәде­ниетінің әрбір жә­дігеріне те­рең мағыналы да­лалық пәл­сапа сіңірілген, сол себепті ға­сырдан-ғасырға жал­ғасқан ұр­пақ сабақтастығын шетелдерге танытуымыз үлкен істің бастауы көрінеді.

Басқосудың соңы қазақстан­дық және шетелдік музей ма­мандарының пікір алмасуы­на ұласып, өз кезегінде Әзер­байжан тарихы Ұлттық му­зейі директорының орынба­са­ры­ Махфуза Зейналова, Бүкіл­ресейлік қолданбалы-сәндік және халықтық өнер музейінің кеңесшісі Галина Андреева, Бе­ларусь Ұлттық көркемөнер музейі директорының орынбасары Сер­гей Вечер, Қытай елінен келген музей маманы Ван Чжинсун, Корея Ұлттық музейінің Азия өнері департаментінің директоры Чой Сеон Джу, еліміздің танымал археологі Зейнолла Самашевтар өз ойларын ортаға салды.

 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

 

Соңғы жаңалықтар

Жаңа үлгідегі көліктер

Қоғам • Бүгін, 09:08

Grand Slam жарысында белдеседі

Спорт • Бүгін, 08:30

Мексикалықтың қарсыласы атануы мүмкін

Кәсіпқой бокс • Бүгін, 08:29

Оқырманмен ой бөлісті

Руханият • Бүгін, 08:17

Қиянатқа қарсы тұрған газет

Руханият • Бүгін, 07:49

Жемқорлық жерге қаратады

Қоғам • Бүгін, 07:48

«Бір сынаған жаманды...»

Аймақтар • Бүгін, 07:46

Ерлі-зайыптылардың ерлігі

Аймақтар • Бүгін, 07:43

Ел игілігін еселеген жан

Руханият • Бүгін, 07:32

Ең қымбат ұлттық брендтер

Әлем • Бүгін, 07:23

Теңгенің тегеуріні

Қаржы • Бүгін, 07:21

Сенім капиталы

Экономика • Бүгін, 07:18

Қор алдында үлкен міндеттер тұр

Қазақстан • Бүгін, 07:04

Ұқсас жаңалықтар