Әдебиет • 21 Желтоқсан, 2018

«Өнегелі өмір» мен «Тіл-ғұмыр» кітаптарының тұсаукесері өтті

1108 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті А.Байтұр­сынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында институтта академик Әбдуали Туғанбайұлы Қайдар­дың ғылыми ғұмырбаянына арналған «Өнегелі өмір» сериясының кезекті басылымы мен «Тіл-ғұмыр» кітаптарының тұсаукесерін және ака­демик Әбдуали Қайдар атындағы этнолингвистикалық кабине­тінің ашылу рәсімін өткізді. 

«Өнегелі өмір» мен «Тіл-ғұмыр» кітаптарының тұсаукесері өтті

Тіл білімі институтының ди­рек­торы, филология ғылым­дары­ның­ док­торы, профессор, ҰҒА кор­рес­пондент-мү­шесі Ер­ден Қажыбек кіріс­пе сөзінде ака­демик Қайдардың тіл білімін дамытуға сіңірген орасан еңбегін атап өтті. Бұ­дан кейін сөз алған академик­ Өмірзақ Айтбайұлы ға­лымның бірнеше ғылыми ер­ліктерін баян­дап берді. Тіл бі­лімінде жаңа салалардың негізін сал­ғандығын, шәкірттерге жа­са­ған қамқорлықтарын айтты. Ака­демик Әбдуали Қайдар ғылыми қызметінде 14 ғылым док­торын, 75 ғылым кандида­тын тәр­биелеп шығарған екен. Академик Әб­дуали Қай­­дар Қа­­зақстанның латын әліп­биі­не көшу мәселесін ең алғаш бо­лып көтерген ға­лым.

«Жер­ жүзі өркениетті ел­­дер­дің­ бар­лығы өздерінің жазу мәде­ниетін компьютер техникасы арқылы дамытып отырған бү­гінгі таңда мұндай болашағы зор мүмкіншілікті біздің де толық пайдалануымыз керек. Ал бұл техниканың тетігі латын жазуында екені айдай анық. Сондықтан да ла­тынды қа­былдау деген сөз – болашақпен санасу» деп жазды академик өзінің мақалаларының бірінде. Сол тұста көрнекті тіл­­­ші ғалым, академик Ра­биға Сыз­­дықова: «Академик Ә.Қай­да­ровтың ана тіліне істеген қыз­метінің екінші түрі – 1990-жыл­дардан бастап қауырт жан­данған тіл саясатына қа­тысты қо­ғамдық іс-әрекеттері. Бұ­­ған ғалымның азаматтық ар-ұж­да­ны мен ұлттық намысы апарды.­ Ә.Қай­даров принциптілік пен та­бан­дылық көрсетті» деп жазды.

Тұсаукесер рәсімінде ғалым­ның профессор А.Жұбанов, профессор Ж.Мән­кеева, профессор Р.Шойбеков сияқ­ты әріптестері, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верси­тетінің профессоры Ф.Ораз­баева, әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық уни­верситетінің профессоры Г.Смағұлова сияқты шә­кірттері академик туралы ізгі ниет­терін арнады.

 

Талғат СҮЙІНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ