31 Қазан, 2012

Қазалыдағы алғашқы мектеп

1154 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Қазалыдағы алғашқы мектеп

Оны кім салдырған?

2010 жылдың 9 қыркүйегінде Қызылордада Жалаңтөс баһадүрді еске қалдыру шарасы атқарылды. Үлкен де жан-жақты дайындықпен басталған шара мәнді болды. Қолбасшыға ескерткіш ашылып, мазмұнды ғылыми конференция өтті. Сол жолы қонақтарға берілген дәм үстінде: «Ендігі жылы Сердалы Бекшориннің Қазалыда мектеп салдырғанына 150 жыл толады. Сол білім ұясына аты беріліп, алдына ескерткіші қойылатын болды», – деген сөз айтылып қалды. Бұған біз таңғалдық. Сөйттік те марқұм бабамызға әлдеқандай ағат пікір айтылып кетпеу үшін нақты дерек көзі – мұрағатқа отыруды жөн көрдік. Себебі… Баукең – Бауыржан Момышұлы ағамызша айтсақ: «Аспанда – құдай, жерде – архив қой». Бәрін анықтайтын – мұрағат. Иә, сол. Сонымен…

 

Оны кім салдырған?


 

 

2010 жылдың 9 қыркүйегінде Қызылордада Жалаңтөс баһадүрді еске қалдыру шарасы атқарылды. Үлкен де жан-жақты дайындықпен басталған шара мәнді болды. Қолбасшыға ескерткіш ашылып, мазмұнды ғылыми конференция өтті. Сол жолы қонақтарға берілген дәм үстінде: «Ендігі жылы Сердалы Бекшориннің Қазалыда мектеп салдырғанына 150 жыл толады. Сол білім ұясына аты беріліп, алдына ескерткіші қойылатын болды», – деген сөз айтылып қалды. Бұған біз таңғалдық. Сөйттік те марқұм бабамызға әлдеқандай ағат пікір айтылып кетпеу үшін нақты дерек көзі – мұрағатқа отыруды жөн көрдік. Себебі… Баукең – Бауыржан Момышұлы ағамызша айтсақ: «Аспанда – құдай, жерде – архив қой». Бәрін анықтайтын – мұрағат. Иә, сол. Сонымен…

Патшалы Ресей ұшы-қиыры жоқ Орынбор өлкесін жаулап ал­ғаннан кейін далалықтарды рухани жағынан отарлау шараларын жүргізе бастады. Өзіне қараған алып аймақтың орыс үлгісінде тіршілік етіп, православие дінін қабылдауы құба-құп, түсінісуге де оңтайлы, басқаруы да оңай. Әкімшілік арасында бұл күрделі мәселеге «ыстықтай» ұрын­ған­дар да болды. Мұрағат құжатта­рын­да шоқынғандардың «заң­дас­ты­рылған» тізімдері кезде­се­ді. Бұ­лар көбіне жесір әйелдер, қор­ған­сыз қалған қаріп-қасірлер. Ашықтан-ашық зорлық жасал­ған жайттар да жеткілікті.

Кеңес Одағы төңкеріске де­йін қазақтардың екі-ақ пайызы сауатты болатын деп тұқырт­қа­ны­мен, бұлардың арасында іші­нара орыс үлгісінде, көбіне-көп діни үлгіде арабша сауат­тан­ған­дар бол­ды. Ауқатты адамдардың бір­сыпырасы жас баланы жер түбі – Хиуа мен Бұхараға асырмай мұ­ға­лім жалдап, үйлерінде оқыт­­қан. Олардың көбі татар не но­ғай болып келеді. Мұра­ғат­тарда араб қарпімен жазылған ресми құжаттардың татаршаға барып сүрінетіндігі сол.

Енді «бұратаналарды» жат­жұрт­тықтардың ықпалына беріп алмау үшін мектеп ашу қажеттігі туды. Ұлттық мектеп, алайда Ресей мүддесіне қызмет ететін мек­теп. Сөйтіп, патша «қырғыз­дарға» мектеп ашу жөніндегі арнаулы Ережеге 1844 жылдың 14 маусымында қол қойды. Сұлтан Сүлеймен Жәңгіров Орынбор шекара комиссиясының төра­ға­сына форпостар мен ставкаларда, яғни бекіністерде мектеп ашу­ға қазақтар қарсы емес деп кепілдеме берген.

Сөйтіп Орынборда ең алғаш Ыбырай Алтынсарин бастап оқи­тын қазақ балаларын оқыту 1850 жылы басталды. Ыбекеңнің ұс­таз­дары шынында да мектеп көр­ген. Құжаттар мұрағаттарда міні құралмай сақтаулы тұр. Мұн­­таз­дай жинақы. Журналда Ыбекең ылғи да бірінші. Тәртібі, баға­ла­рының бәрі де «өте жақ­сы».

Қазалыда қазақ мектебін ашу қарекеті Орынбор әкімшілігі жо­ба­лағандай, 1860 жылы бастал­ған­мен, қаржы тапшылығы, құ­ры­лыс саймандарының жер тү­біндегі орыс қалаларынан жет­кі­зілуі, дайын мұғалім де жоқ, баяу жүзеге аса бастады. 1862 жыл­дың 3 қарашасында Орынбор генерал-губернаторы А.А.Ка­­тенин сенімді инженер Геннрихке 25 оқушыға арналған қазақ мек­тебінің сызбасын дайындауды тапсырды. Үй – алты бөлме. Бір сынып, оқыту­шы­лар­ға арналған екі бөлме, асханасы да бар (ҚРОММ. №382 қор, №11 іс). Сызба Қазалыға губер­на­тор­дың №2413 қатынасымен жетті. Оқу – төрт жылдық. Жылына 1703 рубль жұмсалуға тиіс. Тек се­нім­ді қазақтардың балаларын ғана оқыту керектігі де қатаң тапсы­рылған (ҚРОММ №382 қор. №1 тізбе, №16 іс, №119-бет).

Генерал-губернатор Қазалы қаласының комендантына 1862 жылдың 20 қарашасында жол­да­ған сол қатынасында оған қар­а­у­ын­дағы офицерлер мен қала тұр­ғындарымен жиын өткізіп, осы мектептің салыну жайын тал­қы­лап, мұнда жатқызып, оқытуға қа­зақ балаларын алуға сай бол­ғаны ләзім деп тапсырма береді. Нұсқауда мектептің 1863 жылы ашылуын қарастырған.

1862 жылы мектептің іргесі қазылған. Қыркүйекте ашылады деген үміт бар. Мектеп құ­ры­лы­сын басқарып, оған қажетті саймандарды есептеп жүрген инженер-поручик Кононов. Осы жыл­дың қаңтарында мектеп дайын емес. Оқушы қабылдауға мүм­кіншілік жоқ. Сол уақытта қазақ мектебіне жазылған 18 ер, 8 қыз баланың арасында бір де бір қазақ жоқ. Балалар 15-3 жас аралығында. Екінші бір тізімде 26 бала тұр. Бұнда да бір де бір қазақ баласы көрінбейді.

1863 жылдың 24 мамырында Орынбор әкімшілігі №1 форт­тың қазақ мектебінің смот­ри­тель-мұғалімдігіне 100 рубль ең­бекақымен Жолмұхаммед Бай­жа­новты бекіткен. Ол Қазалы­дағы қазақ мектебін ашуға бір жерде сол жылдың 23 маусымында, екінші жерде 11 шілдеде келді деп көрсетілген. Мұғалім өзімен бірге араб, парсы, татар тілдерін оқытатын 12 кітап ала келген. №1 форттың бастығы смотрительге пәтер, қажетті қыз­метші бермеген.

Құжаттардағы мәліметтерге сүйенер болсақ, Қазалыдағы тұң­ғыш қазақ мектебі 1863 жыл­дың 1 қыркүйегінде ашылған. Сол жылы форт басшылығында қазақ мектебінің смотрителі Жолмұхаммед Байжанов орыс тілін нашар мең­гер­ген, орыс балаларын үйрете алмайды деген шағым түскен. Демек, жұмыс істеп тұрған қазақ мектебінде мойындары қылқиып орыс-казак балалары отыр. Мұ­ғалімнің өтініші бойынша қазан айының 10-ы күні форт бас­шы­лы­ғы мектеп мұқтажына бір ша­қырым жерден құдық қаздырып берген.

Мұғалім Жолмұхаммед Бай­жа­новпен форт басшылығы дүр­дараз. Бірінің үстінен бірі жазған шағым едәуір. Байжановтың көр­сетуінше, еңбекақысын сұрап барса, форттың мас бастығы бұған «иди к черту» деген. Форт басшылығына сенсек, бұның ұстаздығы күмәнді.

1864 жылдың 14 қаңтарында Жолмұхаммед Байжанов Сырдария жүйесінің бастығы Веревкинге көзім ауырады, Орын­борға жіберіңіз деп арыз жазады. Веревкин оны ақпан айында қызметінен босатады. Дәл осы кезде қазақ мектебінде 10 ер бала оқып жүр деген мәлімет бар.

1864 жылдың 12 қараша­сын­да Қазалыға Орынбор қырғыз мектебінің түлегі «учитель киргизской школы» болып Момын Байдосов келді. Орынбордан шы­ғар­да оған 16 рубль 36 тиын «прогон», жүз рубль «подъемный» берілді.

Қазалыға келген алғашқы ұс­таздар Жолмұхаммед Байжанов та, Момын Байдосов та Орынборда тұңғыш ашылған шекара комиссиясының жетіжылдық орыс-қазақ мектебін Ыбырай Ал­тынсаринмен бірге оқып бі­тірген. Сонымен Қазалыға қазақ мек­тебін ашуға келген тұңғыш мұғалім Жолмұхаммед. Алайда оның оқытуына жинап берген балалардың басымы орыс. Сабақ ана тілінде емес, орыс тілінде жүргізілді. Татарша, қазақша ара­лас шатты-бұтты ауызша аударма жасалған. Нұсқау бойынша орыс балалардың қазақ тілін үйренуі міндетті емес. Өзі бар болғаны оншақты ай ғана жұ­мыс істеді. Әрекет бастал­ғаны­мен, істе береке жоқ.

Қазалы уезінің ағарту саласы бізден бұрын да тиянақты зерттелген. Олар сол жайттарды кө­зімен көрген кісілердің дәйегін былай деп көрсетеді:

«1914 жылы Қазалыдағы үш сыныптық ерлер училищесі қа­лалық 6 сыныптық училище болып қайта құрылды. Бұлардың материалдық базалары нашар-тұғын. Мысалы, орыс-қазақ учи­лищесі арендаға алынған үйдің 2 бөлмесіне орналасты, кейін бұ­зылған, ізі де жоқ. 4 сыныптық қалалық училище жай үйге жай­ғасты. Бірнеше сыныптары, жалпы дәліз, мұғалімдер бөлмесі болды. 1915-1916 жылдары бұл үй бұзылды».

«Қазақ балаларына арналған мектептің тұрақты ғимараты бол­мағандықтан 1939 жылға дей­ін әр кезеңде әр жерге орын аударып отырған» («Тамыры терең Қазалы». Алматы. 2009 жыл. 15,16-б.б.)

Сонда С.Бекшорин «сал­дыр­ған», алдында ескерткіші қойыл­мақшы мектеп қайда?

Дәйекті құжаттарға ора­лай­ық.

…Қазақ мектебін ашу жыры аттай бес жылға созылды. Мектеп үйі шағын болғанмен, оны тұрғызу оңайға соқпады. Өйт­кені құрылыс жабдықтары түгел дерлік 933 верст Орынбордан тасылды. Есіктің тұтқасы мен топсасына дейін… Империяның өзі сала алмай жатқан мектепті хорунжий Сердалы Бекшорин салдырды деудің өзі қиялдың ғана шаруасы.

…Момын Байдосов қыпшақ руының терей бөлімшесінен. Қо­­ныс ірг­е­лес болғандықтан орыс­­пен ерте араласқан. Ісіне мығым адам тәрізді. 1865 жылы жылына 340 рубльдің есебінен осы жылдың ақпанына «смотрителю и учителю киргизкой школы 28 рубль, 33 копеек» төлеуді сұрайды. Момын Байдосовтың қо­лы бар. Мек­тептің іс қағаз­да­рын өз қо­лы­мен толтырып отыр­ған. Еркін жазады, жазуы әсем. Мұға­лім­дік­пен қатар, қоғамдық жұмыс­тарға да тартылған. 1873 жылы Қазалы уезі басқар­масы­ның аудармашысы ретінде қамқа шапанмен марапатталған. Тағы бір құжат: «на основание предписания управляющего тузем­ны­ми населениями правого фланга туркестанской области от 21 декабря 1868 года за №1435 выдано учителю киргизской школы Байдосову за усердную и ревностную его службу сто рублей»

Момын Байдосов туралы 1878 жылдың 24 қаңтарында Сырдария облысының әскери губернаторы полковник Маевский Түркістан генерал-губернаторына: «Хотя Мумун Байдусов, по происхождению на поступление на государственную службу право не имеет, но принимая во внимание с одной стороны хорошее его поведение и весьма добросовестное исполнение им объязанностей вольнонаемного переводчика при Казалинском уездном управлении с 1868 года и смотрителем, и учителя Казалинской русско-киргизской народной школы с 1864 года, и с другой, что Байдусов успешно окончивший полный курс наук русско-киргизской школы (7 летний) в Оренбурге при бывшей Оренбургской пограничной комиссии », – деп жазған.

Момын қала маңынан екі десятина жер алып, егін салған. Демек қарапайым еңбекқор да кісі. Ол алғашқы алағай да бұ­лағай ұйымдастыру кезеңіндегі қиыншылықтарға қарамастан, бұл мектепте 1877 жылдың 1 қыр­күйегіне дейін үзбей 13 жыл ұстаздық қызмет атқарған. Ау­дар­машылық қызметіне 1873 жы­лы 600 рубль алған делінген, дерек бар.

Біздің танымда жас ұрпаққа бейтаныс Момын Байдосов қа­зақ­қа Ыбырай Алтынсарин қан­дай қадірлі болса, Сыр өңіріне сондай қадірлі қайраткер. Ол қиын-қыстау кезеңде патша қыз­меткерлерінің көңілін таба жү­ріп, қазақ мектебінің отын өшір­меді. Бірі келіп, бірі кетіп бер­кесіздік жайлаған, оқу атаулыдан үркіп жүрген дала жұртын тө­зім­ділікпен сауаттандыра білді, бұлақ көзін ашты. Қазалы қа­ла­сында ғана емес осы өңірдегі мә­дени білім ошақтары осы ұстаз­дың бастамасымен өріс алды. Ол ағамыз ашқан сол бұлақ бұл күндері игілігін ұрпағы көріп отырған телегей теңіз. Қолға түскен осы аз ғана де­ректердің өзі алғашқы ұстаздың қабілетті, ісіне адал, төзімді де тиянақты кісі болғандығын көр­се­теді.

Мен Қазалыда қызмет етіп жүрген кезде, кейін де, бұл кісіге сұрау салған, осы күні әдетке ай­налған атына көше сұраған, музейге материал не болмаса мектепке бұрыш ұйымдастыру жайын ізденіп жүрген кісі көрмедім. Қазалыда ұрпақтары болмауына қарағанда, алғашқы ұстаз сол кезде өзге жаққа, бәлкім ата­жұр­ты Қостанай бетіне қоныс аудар­ған тәрізді.

Алғашқы ұстаздың ұрпақта­ры­нан кім бар? Кейінгі тағдыры қалай болды? Ол жағы әзірге бел­гісіз. Жергілікті өлкетану­шы­лар бәл­кім Қостанай жақтан, бәл­кім Орынбордан, оқу минис­тр­лік­те­рі­нің мұрағаттарынан ең­бегі адал ұстаз Момын Бай­до­совтың ізін шығарса кәні.

Қолға түскен осы деректер мынадай қорытынды жасауға алып келеді. 1. Мектептерді ашу тікелей орыс өкіметінің қолында болып, солар арқылы жүзеге ас­ты. 2. Мектептерге қаржы алғаш өкімет тарапынан бөлінді. Сол қаржы көзі қазақтардан жи­нал­ған түтінсалық болатын. Ерікті көмек орыс мектептері үшін ұйымдастырылды. 3. Алғаш 1865 жылға дейін қазақ мек­те­бі­нің атымен орыс балалары оқы­тылды. 4. Мектепте сабақ негі­зі­нен «божий законнан» басталып, еуропалық үлгіде жүргізілген­дік­тен, қазақтар оған үрке қа­ра­ды. Таза қазақ мектебі қалыптас­қанша жергілікті жұрт мектепке бала беруге айтарлықтай ынталы болған жоқ. 5. Қазалы қаласына еуропалық үлгідегі қазақ мекте­біне мұғалім болып бірінші келген Жолмұхаммед Байжанов екен­дігі рас. Алайда ол оқытқан алғашқы оқушылардың құрамы түгелдей орыс. Бұны істің бастамасы, орындалмаған әрекет деп бағалау ләзім. 6. Қазалыда қазақ мектебі 1865 жылы іске қо­сыл­ды. Дәйекті даярлығы бар ұстаз, ең бастысы аз да болса қазақ балаларының құрамы түзілген­дік­тен қазақ мектебін Момын Байдосов бастаған осы жыл деп есептеу шындыққа сай келеді. 7. Қазалыда қазақ мектебін салу, ашу, оның шаруасын жүргізуде Сердалы Бекшориннің қатысы болды деген шындыққа мүлде жанаспайды. Құжаттарда тілге тиек етуге жарарлық мұндай деректің қиқымы да жоқ.

Қазақ мектебі үшін есіктің топсасы мен тұтқасынан бастап, оқу құралдары – сызғыш, қа­рын­дашқа дейін түгелдей Орынбордан жеткізілді. Бұл мектептің, ине-жібіне дейінгі барлық шы­ғы­ны қазына есебінен. Күмәні бар кісі Қазақстан Республикасы Орталық мұрағатынан №384 қор, №1 тізбе, № 52 істі қараса жетеді.

1865 жылдан осы күнге дейін Қазалы қаласында бір де бір мектеп жеке кісінің қаржысына салынған емес.

… Мәселеге орай көпке салатын мынадай да пікір бар.

Қазалы қаласындағы М.Горький атындағы мектептің ғима­раты 1912 жылы салынды. Оның құрылысына Ташкенттен арнайы жіберілген Сұлтанқожа Қа­сымқожаев басшылық етті. Мұн­да Ғани Мұратбаев оқыған. Партасы тұр.

Қазіргі Ғани Мұратбаев атын­дағы мектептің ғимараты 1938 жылы салынып, сол жылы кейін оқу министрі болған Кенжалы Айманов директорлық етті. Сыншы Қалжан Нұрма­ха­нов та осы білім ұясын бітірген.

Қазақтың ежелгі дәстүрінде иесіне керек мүлікке өзге жұрт­тың өкпесі жүрмейді. Қазіргі сол А.Горький атындағы мектептің шын иесі 1914-1917 жылдары осында оқыған Ғани Мұратбаев.

Жетпісінші жылдары Момын негізін қалаған №17 мектепке Ғани атын беру мәселесі туын­да­ғанда пролетариаттың ұлы жазушысына ешкімнің тісі бат­пағаны түсінікті жайт. Қазір ен­ші­міз бөлек. Мүлде өзге мемле­кетпіз. Жазушының табаны бұл жерге тиген емес. Қазақ деген ұлт­тың бар екендігін есітті, біл­ді. Қазалы деген қаланы есіткен, есітпегені белгісіз. Бастысы   А.Горький бөтен ел, бөтен жұрт­та­ғы бұл мектепке зәру емес. Мил­лиондаған оқырманы бар, даңқы бір басына жетеді, бізсіз де ұмы­тылмайды.

Қазалы қаласының азғантай көшелері талапайға түсіп жат­қан­да да іздеушісі болмаған­дық­тан еңбегі еш, тұзы сор Момын мүлде ескерусіз қалған. Қаланың бұрынғы әкімдерінің біріне сұ­рау салғанымда: «Бұндай атты бірінші естіп тұрмыз», – деді. Айттық. Қазалы өңірінде Ыбырай Алтынсариннің рөлін орын­да­ған Момын Байдосовтың із­деу­шісі жоқ екен деп ысыра салу ақылға қонымсыз шаруа. Бүкіл халық мүддесі мен абыройы ауыл­аралық ағайыншылдықтан, әсіресе рулық мүддеден, қа­шан­да биік тұрмағы ләзім. Бұл ел­дік­ке сын іс.

Сондықтан Ғанидың өз мек­тебін өзіне қайтарып, Қаза­лы­дағы қазақ мектебінің алғашқы сорабы – №17 мектеп атын ал­ғаш­қы ұстаз Момын Байдосовқа беру лайық тәрізді. Тарихи ақи­қат сонда ғана қалпына келер еді.

Молдахмет ҚАНАЗ,

жазушы.

––––––––––––––

Суреттерде: ХІХ ғасырдағы ес­кі Қазалы көріністері www.filokartist.net сайтынан алынды.