Әдебиет • 21 Желтоқсан, 2018

«Қазақ өнерінің антологиясы» толыға түсті

1168 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанадағы Ұлттық кітапханада жиырма бес томға жоспарланған «Қазақ өнерінің антологиясының» VIII-IX томдарының тұсаукесері өтті. «Шешендік өнер» (VIII-IX том) кітабында қазақ халқының шешендік өнерінің философиялық мән-мағынасы жайында баяндалады.

«Қазақ өнерінің антологиясы» толыға түсті

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын қолдау мақсатында жүзеге асырылып жатқан жобаға Ұлттық өнер университетінің жанынан құрылған Қорқыт Ата ғылыми-зерттеу институты мұрындық болып отыр. «Бізде өнер және филология мамандарын дайындайтын оқу орындары бар. Бірақ сондағы жастарды оқытатын қазақ өнерінің тарихы туралы дүниелер жұтаң. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында осыдан 5 жыл бұрын «Қазақ өнерінің антологиясы» деген 25 томдық жобаны қолға алдым. Бұған дейін «Қазақ айтысы» атты жеті томдық дүние жарық көрді. Ендігі кезек шешендік сөздер туралы еді. Ол жоспар бойынша бес томды құрайды. Соның бүгін екі томының тұсауы кесілуде», – деді мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбеков. Алдағы уақытта өнер антологиясының жалғасы ретінде жыршы, жыраулар және ән мен күйлерге арналған туындылар жарыққа шықпақ.

Сондай-ақ, белгілі қобызшы, зерттеуші Әлқуат Қазақбаевтың «Қорқыт ата аңыздары мен күйлері» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді. Кітапта Қорқыт ата туралы аңыздардан бөлек, қобызшының орындаған күйлері мен олардың тарихы баяндалған. Сондай-ақ автор Қорқыт мұрасын зерттеуші ғалымдардың еңбектерін, тарихи тұлға туралы әртүрлі тақырыпта жазылған әңгімелерді реттеп, бір жүйеге келтірген. «Бұл еңбек кең көлемде шығарылып отырған алғашқы дүние. Туындыны жазбас бұрын бабамыздың күйлерін тереңінен зерттеуді қолға алдым. Қорқыт атаға қатысты бұл еңбектің ішінде бұрын-соңды жарық көрмеген жаңа аңыздар да бар. Мәселен, АҚШ дипломаты, тарихшы Ю.Скайлердің (Eugene Schuyler) «Turkestan: Notes of a Journey in Russian Turkestan, Khokand, Bukhara and Kuldja» кітабындағы аңызды айтуға болады. Ол кітап бүгінде Франция ұлттық кітапханасында сақтаулы. Бұл Қорқыт ата туралы Сыр бойында айтылатын аңыздардың ең алғашқы деректерінің бірі. Одан бөлек, бабамыздың 19 күйі түгел нотаға түсірілді», – Әлқуат Қазақбаев.  

Сонымен қатар бүгінгі шара барысында алғаш рет Қорқыт атаның жүріп өткен жерлері көрсетілген түрлі-түсті карта таныстырылды. «Аталған картаның түссіз нұсқасын осыдан 2 жыл бұрын Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың өзі Мырзатай Жолдасбековке тарту еткен болатын. Ол Сібірдің тарихы, этнографиясы жөнінде материалдар жинаған швед офицері Табберт фон Иоган Страленбергтің сызған географиялық картасы. 1737 жылы жасалған картада Қорқыт ата мазары белгіленген. Бұл қазіргі таңда Сыр бойында өмір сүрген Қорқыт ата туралы ең алғашқы тарихи дерек. Соның тұңғыш түрлі-түсті нұсқасы көпшілікке ұсынылып, бір данасы Ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсаходжаева сыйға тартылды.

«Бірінші осы еңбекті іске асырған Мырзатай Жолдасбековке, ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарына үлкен алғыс айтамын. Қорқыт бабамыздың қобызы бүгінгі скрипканың шығуына әсер еткен. Бұл алтыншы ғасыр. Кейін ХІІ, XVIII ғасырларда жаңғыртылып, бүгінгі біз ойнап жүрген скрипканың түрлері шықты. Біз осы үш жүз жыл толған нұсқасымен ойнап жүрміз. Әлқуат Қазақбаевты бұрыннан білеміз. Енді біздің университетке келіп, ғылыми жұмыстарын іске асырып жатыр. Бұл ең алдымен өнерге жасалған құрмет, халыққа сіңіріп жатқан еңбек деп ойлаймын», деді оқу орнының басшысы.

Шара барысында, сондай-ақ М.Жолдасбековтің «Ойтолғау» кітабының да таныстырылымы болды.  «Ойтолғау» кітабында ел мен жер тағдыры, рухани мұра, кісілік тұлға туралы нақыл сөздер, сондай-ақ автордың үзеңгілес достары, замандастары мен ізін қуған әріптестерінің жылы лебіздері берілген.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»