Жапандағы жапондар
ОЛАРДАН НЕ ҮЙРЕНУГЕ БОЛАДЫ?
2011 жылдың наурыз айында Жапонияда 9 балдан асқан сұрапыл жер сілкінісі болып, соның дүмпуімен теңізде туған, биіктігі кей жерлерде 40 метрге дейін көтерілген алып цунами жағалауды түгел шаюымен қоймай Фукусима-1 атом электр стансасының жарылуына да әкеліп, елді орасан зор радиациялық апатқа ұрындырды. Хонсю аралының шығыс жағындағы елді мекендердің бәрі қирап, мыңдаған адамдар үй-күйсіз қалды. Эпицентрі жапон аралынан 70 шақырым жерде ғана болған зілзаланың тасқыны 15-20 минутта-ақ елді мекендерге жетіп үлгерген. Бұл уақытта ешкімнің апаттан қашып құтылу мүмкіндігі де болмай қалған. 69 минуттан кейін цунами Сендай әуежайын су астында қалдырды.
ОЛАРДАН НЕ ҮЙРЕНУГЕ БОЛАДЫ?
2011 жылдың наурыз айында Жапонияда 9 балдан асқан сұрапыл жер сілкінісі болып, соның дүмпуімен теңізде туған, биіктігі кей жерлерде 40 метрге дейін көтерілген алып цунами жағалауды түгел шаюымен қоймай Фукусима-1 атом электр стансасының жарылуына да әкеліп, елді орасан зор радиациялық апатқа ұрындырды. Хонсю аралының шығыс жағындағы елді мекендердің бәрі қирап, мыңдаған адамдар үй-күйсіз қалды. Эпицентрі жапон аралынан 70 шақырым жерде ғана болған зілзаланың тасқыны 15-20 минутта-ақ елді мекендерге жетіп үлгерген. Бұл уақытта ешкімнің апаттан қашып құтылу мүмкіндігі де болмай қалған. 69 минуттан кейін цунами Сендай әуежайын су астында қалдырды. Автомобильдер мен ұшақтар қақпақылданған ойыншықтардай соғылып, су бетінде қалқып жүрді. Қаншама үйлер мен ғимараттар су астында қалды. 12 префектурадағы өлген адамдардың жалпы саны 15870 адамға жетті, 2846 адам хабарсыз кетіп, 6110 адам жараланды. Фукусима-1 атом электр стансасының айналасындағы 20 шақырымдық радиустағы шеңбер қауіпті радиациялық аймақ деп жарияланды.
Осының бәрін еске алып отырған себебіміз – сол апат кезіндегі жапон халқының ұстамдылығын еске салу еді. Көрсетілген телехабарлар, репортаждарға қарағанда бірде-бір адам шарасыздық танытып, байбалам салып, сабырынан айырылған жоқ. Бәрі де салмақты, ештеңе болмағандай, байсалды түрде оқиғаның зардабын артық-ауыс сөз қоспай, адамгершілік қасиетін жоғалтпай, салқынқандылықпен жеткізіп жатты. Ешкім де жапон өкіметін, әсіресе апат туралы алдын ала хабар бере алмаған «бәрін де алдын ала біледі» дейтін мақтаулы сейсмологиялық қызметтер туралы ауыр сындар айтқан жоқ. Ешкімге қарғыс та жаудырған жоқ. Бұл не деген ұстамды, рухы мықты халық деп бізде таң қалмаған адам жоқ шығар. Әлде ұлылық деген осындайдан көріне ме екен?
Ал бізде ше… Басқаны айтпай-ақ үстіміздегі жылдың көктемінде ел оңтүстігінде болған тасқынды еске алайық. Онда арнадан асқан су 7 үйді шайып кетіп, 83 тұрғын үйді апатты жағдайға қалдырды. Адам қазасы болған жоқ. Соның өзінде, тәубе, әйтеуір өзіміз аман қалдық деген бір адамды көргеміз жоқ, теледидардан сөйлеген әйелдердің бәрі тек шарылдап, еркектер байбалам салып, біреулерді кінәлі қылып жатты… Әрине, оларды түсінуге болады, көмек те уақтылы жетпей жатқан болар, бірақ адами ұстамдылықтан да айырылмау керек еді ғой. Ешкім оларға қасақана залал келтірген жоқ, ал табиғат апаты айтып келмейді. Сөздің шынын айтатын болсақ, осы байбаламшыл, қайтсе де біреуді жазғыруға дайын тұратын кінәмшіл, жаман мінез бізге орыстардан жұқты. Әрине, олардан турашылдық, әділдік шыншылдық секілді жақсы мінездер де жұққан-ақ шығар, бірақ осы – қандай да бір проблемаға біреуді кінәлі қылып, көзді қызартып шыға келетін жаман мінез де солардан келіп, бізге әбден сіңіп кетті. Әйтпесе, қазақтың өзі ежелден төзімді жұрт болатын, «құдайдың басқа салғаны шығар, өзіміздің аман қалғанымызға тәубе, алдағыны Алла көрсетер, ел көмектесер», деп байбалам салмай-ақ, басалқылықпен сөйлейтін халық еді.
Міне, осындай ұстамдылығымен тәнті еткен жапондар туралы жазғым келіп, қолға қалам алдым. Шынын айтатын болсам, тілі басқа, ділі мен діні де басқа, бірақ жері мен түрі бір, көз нұрының жылылығы да өзіміздің қазақтар секілді басқа азиялықтарға қарағанда молдау келетін жапондарға деген сүйсініс менде ежелден бар болатын. КСРО қоластында тұрғанда, кім қалай ойласа өзі білсін, мен орыстар мен жапондар қандай да бір жарысқа түссе де соңғыларға жанкүйер болатын едім. Бізге ешқандай пайдасы болып, қоржынымызға олжа салмаса да жапондардың дүние жүзіндегі жетістігіне қуанатынмын. Осының өзі еуроцентризм деген озбыр саясатты жақтап, азиялықтардың бәрін өздерінен кем тұтатын «ұлы орыстық» шовинистік, колониалдық режімге деген қарсылықтан туған күй шығар деп ойлаймын қазір. Олар өздерін Еуропаға ғана теліп, өнер-білімнің бәрі еуропалықтарда дегенді басымызға ерікті-еріксіз үйіп жатқанда, өзіміздей азиялық жапондар оза шауып, алға түскеніне іш бұрып, жасаған дүниелерінің сапасы, сәні, технологиялық озықтығы КСРО-ны шаң қаптырып кеткеніне қуанатынмын. Соларды көріп тұрып: қане, азиялықтардың кемістігі, сендерден артық болмаса кем емес деп Жапонияны мысал етіп, өзімізбен ойынды-шын айтысатын талай орыс таныстарымыздың да аузын жабатын едік. Осы жағдайдың өзі бізді жапондарға ежелден жақын етті-ау деймін.
Еуропалық жұрттың көбі, соның ішінде орыс империясы да бар, озбыр саясат ұстанып, өзгелердің байлығын тартып алып әрі өздерін өзгелерден артық санап, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда от қарудың күшімен барлық әлемді жаулап, өзінің тас бауырына, жат бауырына басты. Езді, еңсесін түсіріп, құлдыққа салды. Азияда еуропалықтар құлдыққа сала алмаған екі-ақ жұрт болды. Оның бірі біздің туысымыз – осман түріктері, екіншісі осы жапондар еді. Осы екі халық қана еуропалықтардың отарлық езгісіне түспей, азат өмір сүре алды.
Жапония аралдарда орналасқан мемлекет болғанымен шағын ел емес, дүние жүзінде жер көлемі бойынша ол 61-ші орын алады. Барлық жер аумағының 97 пайызын үлкен төрт арал құрайды. Қалған аумақ 6852 ұсақ аралдардан тұрады. Ең қиыны – жерінің көп бөлігі таулы, вулканды болып келеді. Қазір халқының саны 127 млн. адам. Қазақстанмен салыстырғанда Жапонияда бір күрек те пайдалы қазба жоқ деуге болады. Салыстыру үшін айтатын болсақ Жапониядағы барланған мұнайдың барлық көлемі 3,8 миллион тонна, ал Қазақстандағы осы көрсеткіш 6,5 миллиард тонна. Бірақ соған қарамай Жапония әлемде барлық сауда айналымы бойынша төртінші орында тұрған экспортер, алтыншы орында тұрған импортер болып есептеледі. Аса сапалы, өнер мен ғылымның ең жетілдірілген жетістіктерін қолданумен шығарылатын оның жоғары технологиялы тауарлары мен өнімдері әлемдік бәсекелестікте жұрттың бәрін жеңгізіп, ең бай елдердің қатарына көтеріп тұр. Қазір Жапония ІЖӨ-нің номиналдық көлемі жағынан АҚШ пен Қытайдан кейінгі үшінші орында. Соңғы кезге дейін алдына тек Американы ғана салатын еді. Ал ІЖӨ-нің жан басына шаққандағы көлемі 34600 доллар.
Жапондар өз несібесі үшін болған 1904-1905 жылдардағы орыс-жапон соғысында Ресей империясын ойсырата жеңді. Ұзақ жылдар бойы КСРО тарихының оқулығы бізге Ресейдің жеңілуін халық арасындағы төңкерісшіл көңіл-күйдің кедергі болуымен, патшалықтың армияны дұрыс басқара алмауымен түсіндіріп келді. Сонымен бірге «жеңімпаз империя» тас-талқан болып жеңілген бұл соғысқа аса мән берілмей, оны аймақтық кикілжіңге балаған күй де байқалатын. Ал шын мәнінде бір жыл жеті айға (1904 жылдың қаңтарынан 1905 жылдың қыркүйегіне дейін) созылған бұл соғысқа Ресей империясынан 500 мың, жапон жағынан 300 мың жауынгер қатысып, соғыс театры құрлықта Қиыр Шығыстағы қазіргі Ресей аумағын, Қытай, Корея, Жапония жерлерінің үлкен бөлігін, ал суда Сары теңіз бойының алып аймағын шарпыды. Бір ауыз сөз оның алғышарты туралы да айта кетелік. 1894-95 жылдары жапон-қытай арасында үлкен қанқұйлы соғыс болған. Оның қорытындысы бойынша Жапония жеңіске жетіп, Симоносек келісімі бойынша Қытай Кореядан бас тартатын болды, ал жапондар бірнеше аралдармен бірге Ляодун түбегін меншігіне алған. Сонымен бірге Қытай 200 млн. лян (7,4 тонна) күміске тең контрибуция төлеуге мәжбүр болған. Сөйтіп, Жапония соғыста жеңіске жетіп, қуанышын тойлап жатқанда Ресей, Франция және Германия үшеуі бірігіп, үшжақты қысыммен жапондардың стратегиялық маңызы зор Ляодун түбегінен бас тартуға мәжбүр етті. Артынан Қытайдың осы түбегін жалға алған дегенді сылтау қылып, Ресей басып алды. Сөйтіп, суы қатпайтын теңіздегі Порт-Артур мен Дальный (орысша атаулары, қытайшасы басқа) атты екі портты өзіне меншіктеп алды. Іс жүзінде Ресей өзінің жақтастарымен бірге қысым көрсету арқылы жапондардың соғыс жетістігін тартып алған еді. Өз мүддесін өзгеге жібермейтін Жапония содан бері орыс патшалығымен соғысуға тісін басып, дайындалып жатқан. Ақыры оның сәті 1904 жылдың қаңтарында келіп, Жапония Қиыр Шығыстағы Ресей меншіктеріне тап берді. Бұлар туралы мектепте біз оқыған КСРО тарихында мүлде айтылмайды, онда тек Жапония басқыншы, соғысқұмар ел ретінде ғана суреттелетін еді.
Жапонияның шабуылы орыс қоғамын күтпеген жерден топтастырып, көшелерде бұрын-соңды болмаған патриоттық манифестациялар ұйымдастырылған. Тіпті төңкерісшіл көңіл-күйде делінетін Петербордың студент қауымы да бірігіп, «Қысқы сарайдың» алдына барып, «Боже, царя храниді» айтып тұрып алған екен. Оппозициялық ұйымдар да соғыс біткенше өздерінің талаптарын қоя тұру жөнінде шешім қабылдаған. Бірақ сондай топтасуға қарамай жапондар орыс империясын тас-талқан қылып жеңді.
1905 жылдың ақпан айында жапондар Мукденде болған ең басты шайқаста 100 шақырымдық майдан шебі бойы орыстарды қатты тықсырып, шегінуге мәжбүр етті. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін бұл шайқас жаяу әскердің адамзат тарихындағы ең үлкен ұрысы болып есептелді. Екі айға созылған осы шешуші ұрыста жапон жағы сөзсіз жеңіске жетті. 1905 жылғы 9 тамызда Американың Портсмут қаласында болған келісім бойынша Ресей империясы тізе бүгіп, Сахалин аралының жартысын және барлық Курил аралдары мен Ляодун түбегінен бас тартуға мәжбүр болды. Орыс тарихшылары контрибуция төлемедік деп мәз болғанымен аталмыш аумақтардан жапон жағы 500 млн. сомға жуық пайда көрген (Ол кездегі орыс сомының бәсі доллардан әлдеқайда артық болған).
Сөйтіп, жапондар орыс империясын күші өздерінен артықтығына қарамай сонау моңғол шапқыншылығынан кейінгі жаңа тарихта қақырата жеңген аз елдердің бірі болды. Бұл азиялық жапондардың батыр, ержүрек халық екендігін көрсететін бір факті ғана.
Жапондар азуын айға білеген АҚШ-қа 1941 жылдың 7 желтоқсанында шабуыл жасап, оның Тынық мұхитындағы ең ірі әскери-теңіз және әскери-әуе базасы Пёрл-Харборды отқа орағанын жақсы білеміз. Бұл айқаста жапондар АҚШ-тың 200-ден артық әскери ұшағын, 4 линкорын, 2 эсминецін және минаға қарсы тұратын қорғанын жойып, төрт үлкен кемесін, үш крейсерін, үш эсминецін жарамсыз қылды, 2400-дей адамын қазаға ұшыратып, 2 мыңдайын жаралады. Өздерінің шығындары 29 ұшақ пен 4 шағын сүңгуір қайық, өлгені және жараланғаны бар 65 адам ғана болды. Әрине, кез келген соғысты ақтауға болмайды, бірақ жапондардың АҚШ-қа шабуылының толып жатқан толымды себептері мен алғышарттары бар екені даусыз. Біздің міндетіміз оның ақ-қарасын айыру болмағандықтан себептерін ашуды да жөн көрмедік. Мәселе жапондардың қай күнде озбыр саясат ұстанып, Батыс Еуропадағы әріптестерімен бірігіп, Тынық мұхитындағы адымын аштырмай, түрлі келіссөздерде өздерінің мүддесіне үнемі қол сұғып отырған елге батылдықпен ойсырата соққы беруінде болып отыр.
Осы соғыста жапон халқы тарапынан жасалған бұрын-соңды дүниежүзілік тарихта болмаған айрықша ерлік туралы айтуды жөн көрдік. Ол – жапон жастарының «бомба-ұшақпен» зулап келіп, жаудың кемесін бүйірден соғып, бомбасын жаруы. Мұндай соққы алған қандай кеме болса да істен шығып отырған. «Камикадзе» (тайфун желінің атауы) деп аталатын ерліктің осынау айрықша түрімен жапон жастары жаппай айналысып, Отан үшін, жер үшін өздерін құрбандыққа шалған. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталар сәтте студент жастар арасынан өз еріктерімен 2525 ұшқыш-камикадзелер дайын болған екен. Бұлардан басқа камикадзе болуға өз еріктерімен 1327 әскери ұшқыштар жазылыпты. Сондықтан жапон авиациясы камикадзелерден еш тапшылық көрмеген. Керісінше, ұшақтардың санына қарағанда камикадзе боламын деушілер үш есе көп жиналыпты. Олардың көбі университеттердің 20 жастағы студенттері болған, олар ата-бабалары самурайлардың патриоттық өрлігін қайталап, Отан үшін ерлікпен қаза табуды өздеріне бақыт санаған. Соған орай жапон қоғамы да камикадзелерге үлкен құрмет көрсетіп, көңіл тебірентерлік салтанатпен шығарып салып, оларды бірден батырларға балаған. Камикадзелер дәстүрлі түрде ұлттық сусын – сакэден татып, маңдайларын хатимаки деп аталатын ақ шытпен таңып алатын болған. Бұл олардың ақ өлімге бет алғандығының белгісі. Ал оған қадалатын бір тал хризантема гүлін сүйген қызы немесе жиналған көптің арасынан өз еркімен шыққан сұлу қыз тағып берген. Сосын камикадзе Жапонияның оңтүстік батысындағы Каймон тауын бір айналып ұшып, туған еліне соңғы рет көз тастап, онымен қоштасқан. Ал жердегі халық бұл уақытта отшашулар атып, батырға ақ өлім тілеген. Камикадзе атанып, жауға аттанған жастың ата-анасы мен жақын туысқандары да бірден, осындай ержүрек ұл өсіргендері үшін, аса құрметті адамдар қатарына еніп, бүкіл ел болып оларды алақандарына салып, қадірлеген. Діни храмдарда камикадзелердің құрметіне дұға оқылып, Құдайдан олардың рухына жеңілдіктер тіленген. Міне, ерлікке осындай тағзым көрсетілген елде патриотизм жалынының алаулауы да сөзсіз ғой.
Камикадзелердің ұраны – «бір ұшақ – бір кеме» болған, яғни бір камикадзе бір кемені жаруға міндетті. Осынша камикадзе ұшатын болса, одақтастардың жауынгерлік кемелері де жетпеген болар еді. Америкалықтардың атом бомбасына жүгінуінің бір сыры да осы. Жапон мәліметтеріне қарағанда камикадзелер жаудың 81 кемесін суға батырып, 195-іне ақау келтіріп, істен шығарған. Америкалықтардың есебі бойынша 34 кемені суға кетіріп, 288-іне залал шектірген. Қайсысы болса да аз емес, оның үстіне одақтастар әскерінің арасында камикадзелер үлкен үрей жасап, қорқыныш дүрбелеңін тудырған. Мұның өзі әскердің жауынгерлік рухын жасытып, әбден абыржытып тастаған. Ол кездегі кемелердің судың үстімен атқан оқтай зуылдап келіп, бүйірден соғатын камикадзелердің ұшақтарына қарсы әрекеттері әлсіз болыпты.
ІІ Дүниежүзілік соғыс тарихындағы осы айрықша ерлікті үлкен үлгі ретінде насихаттау жеңілген елге жеңіл болмаған секілді. Сондықтан камикадзелер туралы біздің де білігіміз орыс авторлары жазған әдебиеттерден аспайды. Камикадзелердің ерлігіне бүкіл әлем таңырқап, патриоттық ерліктің үлгісіне балайды. Жалғыз жапондар ғана емес, олардың ерліктерін басқа халықтар да ән-жырға қосқан. Соның ішінде 90-шы жылдары Санкт-Петербургте «Камикадзе» атты әншілер тобы болған. Олардың «Камикадзенің махаббаты» атты жақсы әні бар еді. Сондай-ақ белгілі композитор Александр Розенбаум да «Камикадзе» атты ән шығарып, айтып жүрді. «Алиса» тобында да камикадзе туралы ән бар. Біздің қазақ ақындары арасынан осы жүрек жұтқан ерлікті жырға қосқан адамды білмейміз, басқадан тәуелді болған бізге жас ұрпақты мұндай ерлікке үндеуге сірә цензура рұқсат бермеген секілді. Ал енді, тәуелсіз ел атанғанда осынау көзсіз болса да саналы да сапалы ерліктің маңызына мән беретін кез жетті.
Жапонияны соғыста тізе бүкті деп билеуші тобы қол қойса да ержүрек жапон әскер басшылары мен жауынгерлері соғысты жалғастыра беруді қалаған. Олардың кейбірі императордың әрекетіне қарсылық ретінде Токиодағы орталық алаңға келіп, өздеріне өзі харакири жасаған көрінеді. Кейбір тарихшылар жапондар АҚШ-тың сол кезде екі-ақ атом бомбасы болғанын білмей қалды, білгенде соғысты одан әрі жалғастыра беретін еді деген ойлар айтады. Сонымен бірге КСРО тарихындағы «Жапония сөзсіз тізе бүкті» деген тіркес те дұрыс емес көрінеді. Жапон жағы капитуляцияға ғана қол қойған, ал ол тек жапон әскерінің жеңілгенін мойындайтын құжат екен. Бұл капитуляция бойынша Жапонияның императорлық басқаруы мен саяси жүйесі, территориялық тұтастығы толық сақталған көрінеді. Ал «сөзсіз тізе бүккен» болса, бұлар бұзылатын еді. Соғыста сөзсіз тізе бүккен Германия екі елге бөлініп, саяси жүйесін де өзгертуге мәжбүр болды ғой.
Жапондар соғыстан кейін алты жылдай АҚШ-тың оккупациясында болды, бейбіт келісім-шартқа тек 1951 жылы Сан-Франциско қаласында қол қойылды. Алымды Америка «қырғи-қабақ соғыс» жылдарында Жапониямен жақын болу өте тиімді екенін біліп, оны Тынық мұхитындағы өзінің ең жақын әріптесіне айналдырды. Саясаттағы демократиялық өзгерістер мен ұтымды экономикалық реформалардың нәтижесінде әрі еңбекқор, әрі талантты жапон халқы елдерін күрт дамытып, бәсекелестікте бәрінің алдына түсті.
Жапондар – ділі икемді, дәстүрлі құндылықтарды ешқашан аяққа баспай, оларды қастерлеп ұстай білетін діңгегі берік халық. Елшіл, мемлекетшіл мінездерді қастерлеуі халықтық патриотизммен астасып, саналарға берік орнаған. Жоғарыда біз Фукусима-1 АЭС-індегі жағдай туралы айттық. Оның зардабын жоюға баратын еріктілер шақырылғанда жапондықтар бұғып қалған жоқ, барлығы да жағдайдың аса қауіпті екеніне қарамай, отбасымен мәңгілік қоштасып, ел үшін керек іске батыл кірісіп кетті. Осының өзі олардың бойында батыстық прагматизм егілсе де баяғы самурайлық өрлік пен ерліктің мәңгілік қалғанын көрсетеді. Сонымен бірге отбасының жылылығын сақтаудағы шығыстық құндылықтар да мұнда берік күйінде қалып отыр. «Тұрмысқа шыққан әйелдің үйде отырғаны дұрыс па?» деген сауалнамалық сұраққа барлық ерлер мен әйелдер де «дұрыс» деп жауап берген. Сондай-ақ «ерлердің әйелдерден ақылы артық деп санайсыз ба?» деген сұраққа ерлердің 62, әйелдердің 63 пайызы «артық» деп жауап беріпті.
Мамандардың айтуына қарағанда, жапондардың мінезінде жаппай еңбексүйгіштік, сонымен қатар эстетикалық талғам, табиғатқа деген сүйіспеншілік, дәстүрге беріктік көзге ұрып тұратын көрінеді. Сондай-ақ олар тәртіпті, беделге бас иеді және өз міндетін ешқашан ұмытпайды. Күнделікті өмірде тиянақты, сыпайы, өзін-өзі салмақты ұстай біледі, үнемшіл және білмекке құштар халық. Мұндай қасиеттерді қазақтың бойынан да табуға болады, бірақ бізде көбінесе еркіндікке ерік беріп, арқаны кеңге салуға құштарлық басып тұрады. Сонымен бірге тәртіпке, низамға бағынғымыз келмей кететін ежелгі аламан мінезіміз де кейде көрініс беріп қалады. Оның үстіне орынсыз турашылдықпен, қоршаған ортаның қалыбымен санаспай кететін тұрпайы мінезіміз де кейде көрініс беріп қалады. Жалпы қазақтарға жапондармен жақындасып, соларға еліктеген дұрыс, қай күнде дүниенің азғанынан емес, абзалынан үлгі алған озады емес пе?
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».