Алаш тарихында осындай алабөтен қасиетке ие асыл сөз туралы сөз саптау қашаннан жауапты іс болмақ. Ақиқатында әдебиет жайлы сөз екі-ақ алуандықтан тұрады: 1) Әдебиетті жасаушылар. 2) Сол жасаушылардың мұралары. Бүгінгі біздің әңгімеміз де осы екі өре тұрғысында өрбімек. Жасаушылардан айтар тұлғамыз – қазақтың ХХ ғасырдағы ең атақты жазушысы – Мұхтар Омарханұлы Әуезов те, мұралардан қарамақ болғанымыз атышулы кеңестік дәуір әдебиеті. Неге кеңестік дәуір? Өйткені М.Әуезов осы кеңестік дәуір перзенті, ол осы кезеңде пісіп-жетілген, толысқан тұлға. Демек кеңестік дәуір әдебиетін сараламай, М.Әуезов феноменін толық түсіну әсте мүмкін емес. Кеңестік дәуір төл ұлтымыз үшін ең бір күрделі, трагедияға толы, сыры да, қыры да көп жұмбақ кезең. Соған орай ол кездегі әдебиетіміз де оңай әдебиет болған жоқ. Оңай еместігі: сол кездегі әдебиетті әлі күнге зерттеп, зерделеп ұңғыл-шұңғылын ашып бере алмай отырмыз. Айтылып жатқан нәрсе көп, айтылмағы одан да орасан болары байқалады. Басқасын былай қояйық, бір ғасырға жуық әлемнің тең жартысын, соның ішінде қазақ елін қоса билеген алып империяның құрылымына себепші болған социализм деген терминнің жілік-майын шағып түсіндіріп берген бірде-бір қазақ философын, тарихшысын, яки мәдениеттанушысын, әлеуметтанушысын немесе саясаттанушысын әлі күнге көре алмай отырмыз. Жоғарыда айтқандай айтылып жатқан нәрсе көп, айтып жатқандар да жоқ емес, бірақ өкінішке қарай, ғылымдағы ең басты нәрсенің бірі – жүйе жоқ. Жүйе болмаған соң жүйелі ой жоқ. Мүмкін бұл мәселені әдебиеттанушылар қолға алуы керек шығар.
Қазақ әдебиеті тарихында да кеңестік кезең ең сұрағы көп тақырыптың бірі ретінде мұрты бұзылмай тұр десе болады. Өйткені әдебиет тарихын саралау ең қиын ғылыми жұмыстардың бірінен саналады. Әзірге қазақ әдебиеттану ғылымының бұл саласында профессор Бейсенбай Кенжебаевтың ғылыми мектебіндей мықты мектеп орнықпай тұр. Осы орайда аталған кезең әдебиеті жайында аз-кем бас қатырып жүрген әдебиетші ретінде азын-аулақ ойларымызбен бөлісе кетсек дейміз. Біз кеңестік дәуір әдебиетін бес бағытта қарастыруды ұсынар едік: 1. Ұлттық либералды бағыттағы әдебиет 2. Ұлттық социалды бағыттағы әдебиет 3. Ұлттық діни бағыттағы әдебиет 4. Кеңестік дәуірдегі эмиграциялық әдебиет 5. «Жылымық» (оттепель) кезеңінде пайда болған 60-жылғылар әдебиеті. Осы бес бағытты көркемдік-идеялық тұғыр ретінде қарастырсақ, кеңестік дәуір әдебиетінің сыры мен жыры қазіргіден де анағұрлым түсінікті, айқын болар еді деп ойлаймыз.
Енді осы бес бағытқа қысқаша тоқталып кетсек. 1. Ұлттық либералды бағыттағы әдебиет ол – ауызекі тілде алашордалықтар әдебиеті дегенді білдіреді. Алашордалықтар ХХ ғасыр басындағы қуатты әдеби-саяси толқын болды. Осы толқын шығармашылығының тең жартысы дерлік кеңестік дәуірге тиесілі. Мысалы, Жүсіпбек Аймауытов шығармашылығы түгелімен кеңестік дәуірде жазылды. Алаш қозғалысының айтулы көсемдері А.Байтұрсынов пен М.Дулатов та 1917 жылғы төңкеріске дейін шығармашылық тұрғыдан қалыптанғанымен, кеңестік кезеңде де аз еңбектенген жоқ. Мысалы, А.Байтұрсыновтың бүкіл ғылыми мұрасы осы кеңестік дәуір еншісіне тиесілі. Қазақ поэзиясының жұлдызы Мағжан шығармашылығына да осындай ерекшеліктер тән. Бірақ алашордалықтар шығармашылығының кеңестік дәуірге қатыстылығын айтуымыз – олардың идеялық ұстанымдарында осы кезең ыңғайына қарай өзгеріс болғанын білдірмейді. Олардың мұралары – төңкеріске дейін және төңкерістен кейін де идеялық-көркемдік тұрғыдан біртұтас, монолиттік қалпында калды.
Алаш әдебиетін тануға қатысты бүгінгі күні қандай мәселелерді өзекті деуге болар еді? Өзекті мәселелер көп сияқты. Мысалы, алашорда тұлғаларын, олардың шығармашылығын қарастыру көбіне статистикалық яки эмоционалдық сипатта болып келеді. Соңғы кезде тағы бір нашар үрдіс пайда бола бастаған сияқты. Оны «әркімнің көрпені өзіне қарай тарту» әдісі деуге болады. Мұндай қадамдармен ғылыми ақиқат ашылмайды. Алаш қозғалысының ең негізгі қозғаушы күші ол – жәдидизм. Жәдидизм – қазақ тарихшылары тарапынан мүлде зерттелмеді деуден аулақпыз. Бірақ жеткілікті түрде ме? Әрине, жоқ! Жәдидизм қозғалысының түпкі идеялық қайнарлары толық ашылмай алаш қозғалысы туралы түбірлі ғылыми тұжырымдар жасау әсте мүмкін емес. Ал, қазақ әдебиеттану ғылымында жәдидизм қозғалысы тым үстірт сипатталады. Бұл алаш тақырыбын төңіректеп жүрген барлық әдебиетшілердің еңбектеріне тән құбылыс деуге болады.
2. Ұлттық социалды бағыттағы әдебиет туралы. Бұл бағыт таза кеңестік саясат қалауынан туған әдеби ұстаным жолы болатын. Бұл бағыт серкелері – С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Мұқанов т.б. еді. Бұл бағыттың идеялық-көркемдік ұстанымдары пролеткульт, соцреализм принциптерінен туындайды. Тәуелсіздікке дейін бұл әдеби бағыт шектен тыс дәріптелсе, қазіргі кезде салқын қабақ танытушылықтың дәмін татуда. Оның өзі қалыпты жағдай. Өйткені қазіргі таңда саяси құлдық бұғауын серпіп тастаған азат елдің социализм идеяларын жырлаушы әдебиетке деген көзқарасы түбірімен өзгерген.
3. Ұлттық діни бағыттағы әдебиет туралы. Кеңестік қоғамның ең басты ерекшелігі оның атеистік сипатта болғандығы белгілі. Осыған қарамастан кеңестік дәуірде де қазақ әдебиеті діни желілерден біржола ажырамаған. Оған дәлел соңғы кездегі зерттеу жұмыстарында белгілі болған мәліметтер. Бір ғана мысал, 2000 жылы әдебиетші Саттар Өмірзақов белгілі ақын Мәди Меркішұлы шығармашылығы туралы кандидаттық диссертация қорғады. Мәди Меркішұлы кім еді? Мәди діни фундаментальды білім алған, кеңестік дәуірде саясат қазанында қайнаған, дәуір жыршысы болған ақын. Ол өз өлеңдерімен 20-жылдары біртұтас Түркістан республикасын кеңестік формада құрамын деп жанталасқан Тұрар Рысқұловтың идеясы мен саяси қайраткерлік істеріне дем берушілердің бірі болған. М.Меркішұлының идеялық негізгі ұстанымы – Ислам ұстындары еді. Бұл бағытта қалың оқырманға әлі белгілі бола қоймаған орыс коммунистерінен қашып барып, қытай коммунистерінің қолынан қаза тапқан ақын Көдек Байшығанұлын да атап кеткен жөн. М.Меркішұлы мен К.Байшығанұлы бұлар кеңестік дәуірде өмір сүрген кітаби ақындар Молда Мұса Байзақов пен Шәді Жәңгіровтерден мүлде бөлек сипаттағы ақындар екендігін айта кету керек.
4. Кеңестік дәуірдегі эмиграциялық әдебиет жайлы. Ия, қазақ әдебиетінде де эмиграциялық әдебиет бар. Оның тууына себепші болған әр түрлі кезеңдегі қуғын сүргін, зобалаңнан сырт елдерге қашып, ауып кеткен адамдар өмірі. Өз еліндегі қыспақтан әлемге тарыдай шашыраған қазақтардың тобы негізінен Қытай, Түркия, Еуропа жерлерінде пайда болды. Қазақтар әсіресе социализм бүлігінен көп теперіш көрді. Сондай бір атақты шет жердегі қазақ жазушысы Хасен Оралтай өзінің автобиографиялық «Елімайлап өткен өмір» кітабын жазды(Ыстамбұл, 1999). Кітапта сонау 1944-1945 жылдары Шыңжаң жерінде құрылған Шығыс Түркістан Ислам жұмхіриетінен бастап, 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздік алуына дейінгі аралықтағы қызу саяси өмірлер суреттелген.
Еуропа жеріндегі қазақ эмиграциялық әдебиетінің көрнекті өкілі ол сөзсіз – Мұстафа Шоқай. М.Шоқай қазіргі таңда ең көп зерттеу нысанына айналып отырған тұлғаның бірі. Эмигрант жазушылардың тағы бір тобын Ұлы Отан соғысында қолға түскен тұтқындар құрайды. Олардың біреуі – Мәжит Айтбаев. М.Айтбаев – нағыз эмигрант жазушы. Ол немістерге тұтқынға түскеннен кейін Берлин қаласында «Түркістан ұлттық бірлік комитетіне» мүше болып, «Милли әдебиет» альманағының бас редакторы болған. 1943 жылы Берлинде «Абылайхан және басқа өлеңдер» атты кітап шығарған. Кітаптың ксерокөшірмесін 1991 жылы Анкарада тұратын Ұядан Ақай деген қазақтан Сауытбек Абдрахманов алып келген. Мәжит өлеңдерін «Қобызшы Қорқыт» деген әдеби лақаппен жазған. М.Айтбаев 1945 жылы америкалық әуе шабуылы кезінде Берлин қаласында қаза тапқан. Екінші бір Ұлы Отан соғысының тұтқыны, эмигрант ақын – Мәулікеш Қайбалдин. Мәулікеш соғыстың алдында Мәскеу университетінің тіл-әдебиет факультетін үздік бітірген. Соғыс жылдары қолға түскен соң, Майндағы Франкфурт университетінің неміс философиясы мен ағылшын факультетінде оқыған. М.Қайбалдин Германияда 60-жылдары қайтыс болған. Мәжиттің Германиядағы әдеби лақап аты – «Асан Қайғы».
5. «Жылымық» (оттепель) кезеңінде пайда болған 60-жылғылар әдебиеті туралы. 60-жылғылар кеңестік дәуір әдебиетіндегі ең соңғы әдеби толқын, әдеби феномен. Оған Сталин құрсауынан босанған соң пайда болған аз ғана жылымық кезең түрткі болған. Сол жылымықтың арқасында қазақ әдебиетінде мінезді жастар легі пайда болды. 60-жылғылар біздің әдебиеттану ғылымында әлі мойындалмаған толқынға жатады. Олардың бәрі тұлға ретінде мойындалған, бірақ әдеби толқын, әдеби мектеп ретінде мойындалмаған. Бұл әдеби толқын өкілдері: І.Есенберлин, М.Мағауин, Ә.Кекілбаев, Ш.Мұртаза, А.Сүлейменов, М.Шаханов, О. Бөкеев т.б. Кезінде М.Әуезовтің өзі осы жас толқын топтың қарымын байқап, «Жыл құсындай жаңалық көреміз» деп айтқан еді.
Енді М.Әуезовтің осы біз жіктеген бес әдеби бағытқа қатысы қандай? Жалпы алғанда, М.Әуезовтің бес әдеби бағытқа да қатысы бар. Әйтсе де соның алдыңғы екеуіне тікелей қатысы бар деуге болады. М.Әуезов – алаштық қозғалыс рухымен қалыптанған тұлға. Ж.Аймауытов пен жақын дос, шығармашылық серіктес болған. Мағжанмен әсіресе Ташкент кезеңінде қатты жақын болған, оны өзіне ұстаз тұтқан. Мағжан өзінің ең үздік туындысы «Батыр Баян» поэмасын Ташкентте М.Әуезовтің пәтерінде жатып жазған. Жалпы М.Әуезов шығармашылығы екі ірі кезеңнен тұрады: 1. 20-жылдардағы шығармашылық кезең. 2. 20-жылдардан кейінгі шығармашылық кезең (1930-40-50ж). 20-жылдар М.Әуезовтің «Қалай жазғысы келсе, солай жазған» шығармашылық еркіндік бақытын шын сезінген тұсы болатын. Өйткені бұл кезде кеңестік саясат күшіне еніп, ҚазАПП ұйымының белсенділігі әлі арта қоймаған кез еді. Сондықтан жазушы өзінің шығармашылық қуатын еркін пайдаланып, өзінің дарындық қарым-қабілетін бар қырынан айқын көрсете білген. Көсемсөз саласында «Абай» журналын шығарып, драмада «Еңлік-Кебек», прозада «Қорғансыздың күні», «Оқыған азамат», «Қыр суреттері» сынды әңгімелерін, сондай-ақ «Қилы заман», «Көксерек» атты повестерін, әдебиеттану саласында «Әдебиет тарихы» атты үздік туындыларын жазған болатын. Бірақ бұл бақытты шақ тез аяқталды. 30-жылдардан соң жазушы шығармашылығының екінші кезеңі ең қиын, ең күрделі, әрі ең өнімді кезеңі басталады. Өнімді болатыны осы кезеңде ол өзінің ең басты шығармалары «Абай жолы» роман-эпопеясын және « Абай Құнанбаев» атты зерттеу монографиясын жазады. Ал күрделі, қиын болатыны осы кезеңде М.Әуезов кеңестік цензураның қыспағына мықтап түседі. Өз шығармаларын қаламаса да «социалистік реализм» әдісімен жазуға мәжбүр болады. Өкінішке қарай, жазушының ең басты шығармасы «Абай жолы» роман-эпопеясы осы «социалистік реализм» әдісімен жазылды. Бұл әдіс зор көркемдік талант иесінің шығармашылық карымын мықтап тұсаған болатын. Соған қарамастан суреткер қазақ әдебиетіндегі ең елеулі романды жазып шықты. М.Әуезовтің бүкіл шығармашылық ғұмырының мәні болған тақырып ол: сөзсіз – Абай тақырыбы. М.Әуезов абайтану ғылымының іргетасын қалаушы. Бұған ешкімнің таласы жоқ. Қазіргі абайтанушылар армиясы М.Әуезовке жүгінбей ғылыми қадам жасай алмайды. Кеңестік қысымға абайтану ғылымы да ұшыраған. Мысалы, М.Әуезов Абайдың мұраларын зерттегенде оның Шығысқа қатысын тереңдеп зерттей алмады. Басымырақ Батыс мәдениетіне қатыстылығын айтуға мәжбүр болды. Оның Шығысқа қатысты тұсын тереңдеп зерттеген профессор М.Мырзахметұлы еді. Шығыс тақырыбы кеңестік дәуірде жабық тақырыптардың бірі болған. Абайтанудың ең бір өзекті мәселелерінің бірі әлі күнге осы Шығысқа қатыстылығында болып келеді. Бір ғана мысал келтірейік: әңгіме Абайдың 38-қара сөзі туралы. Кезінде Шығыс тақырыбының білгірі болған профессор Ә.Қоңыратбаев «Осы күнге дейін Абайдың 38-қара сөзіне ешкімнің тісі батпай жүр» деген болатын. Бұл жердегі мәселелер шоғыры мынадай болып келеді: 1. Абайда 38-қара сөз деген шығарма болған емес. Ақиқатында Мүрсейт қолжазбасында «Китап тасдиқ» атты тақырыпта шығарма болған. Оны 38-қара сөз деп нөмірлеп, тақырып қойып өзгерткен кеңестік дәуірдегі редакторлар болатын. 2. «Китап тасдиқ» қара сөздерге кірмейтін Абайдың өз алдына бөлек, жеке дара шығармасы. 3. Бұл шығарма қазіргі қазақ тілінде емес, шағатай тілінде жазылған туынды. 4. «Китап тасдиқ» таза көркем шығарма емес, еркін толғаныс мәнерінде жазылған дін негіздері туралы ғылыми трактат. 5. «Китап тасдиққа» 100 жылдық абайтану тарихында текстологиялық және терминологиялық сараптама жүргізілмеген. 6. «Китап тасдиқ» шығармасын жүйелі түрде талдау үшін біріншіден, шағатай, араб, парсы тілдерін білу керек, екіншіден, ақида, фикх, тәфсир, хадистану атты ислам салаларымен қоса ересология ғылымы тарихымен жетік таныс болу қажет. 7. «Китап тасдиқ» шығармасы толық түрде талданбай, Абайдың дүниеге көзқарасы анық ашылмай, сол жұмбақ күйінде қала бермек. Мінеки, осы мәселелер шоғырынан кейін қазақ әдебиетшілерінің 38-қара сөзге неге тісі батпай жүргені түсінікті болса керек. Біз бүгінде М.Әуезов тұлғасына арзан, жылтырақ мақтаулармен емес, ол өзі негізін қаласқан және қалаған қазақ әдебиеттану және абайтану ғылымының түйіткіл мәселелерін тарқатып шешу арқылы құрмет көрсете аламыз. Жазушыға одан артық сый- сияпаттың да, марапаттың да керегі жоқ. Өйткені М.Әуезов кеңестік дәуірдің өзінде қазақ әдебиетінің ешбір өкілі қол жеткізе алмаған атақ-даңқ пен марапаттың ұшар биігіне шығып үлгерген болатын.
Ақжол Қалшабек,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты