31 Қазан, 2012

Ғұлама

387 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін

Ғұлама

Тарих тағылымдары

Адамзаттың шынайы рухани тірегі имандылыққа негізделгенін бүгінгі жа­һандану деген қым-қуытқа толы өмір ай­қын көрсетіп отыр десек, шындықты жа­сырғанымыз да, асыра баға­лаға­ны­мыз да емес. Өйткені, кешегі атеистік қоғамның жұртты имандылықтан айырып, адам­дар­дың рухани азғанына бар­шамыз куәміз.

Кейбіреулер: «Қазақта дін болма­ған, біз көшпенді едік», десе, екінші бір топ тағы бір уәж айтып, ат ­төбе­лін­дей хал­қы­мызды: «Біздің дініміз – тәңір­шілдік», деп Исламнан алыстатуға тырысатынын кө­­ріп жүрміз. Ал шын­ды­ғында, ата ді­ні­міз әлімсақтан-ақ – Ислам. Ата-бабаларымыз осы хақ дінді ұстанып, ғасырлар бойы Алланың тура жолымен жүрген. Хакім Абайдың: «Алланың өзі де рас, сө­зі де рас. Рас сөз ешуақытта жалған болмас», де­ген қағидасын берік ұстанған жұр­­ты­мыз әрдайым имандылыққа ұйы­ған.

Тарих тағылымдары


Адамзаттың шынайы рухани тірегі имандылыққа негізделгенін бүгінгі жа­һандану деген қым-қуытқа толы өмір ай­қын көрсетіп отыр десек, шындықты жа­сырғанымыз да, асыра баға­лаға­ны­мыз да емес. Өйткені, кешегі атеистік қоғамның жұртты имандылықтан айырып, адам­дар­дың рухани азғанына бар­шамыз куәміз.

Кейбіреулер: «Қазақта дін болма­ған, біз көшпенді едік», десе, екінші бір топ тағы бір уәж айтып, ат ­төбе­лін­дей хал­қы­мызды: «Біздің дініміз – тәңір­шілдік», деп Исламнан алыстатуға тырысатынын кө­­ріп жүрміз. Ал шын­ды­ғында, ата ді­ні­міз әлімсақтан-ақ – Ислам. Ата-бабаларымыз осы хақ дінді ұстанып, ғасырлар бойы Алланың тура жолымен жүрген. Хакім Абайдың: «Алланың өзі де рас, сө­зі де рас. Рас сөз ешуақытта жалған болмас», де­ген қағидасын берік ұстанған жұр­­ты­мыз әрдайым имандылыққа ұйы­ған. Ді­нім Ислам деп түрлі көлдер мен шөл­­дерді, тау мен тастан арлы-берлі өт­кен Құ­нанбай қажы Кербаланың шөлінен де асып, жыл дегенде қажылықтан елге орал­ған. Тіпті, 1896 жылы Үндістанда оба ауруының шығуына байланысты Ресей патшалығы қажылыққа баруға тыйым салса да, қазақтар осы сауабы мол ізгі сапарға рұқсатсыз барған. Сөйтіп, XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ға­сырдың басында да талай қазақ мұсыл­мандық парызын өтеп қайтқан.

Қазақ жерінде ежелден мыңдаған ме­шіт болған. Бас мүфтиіміз шейх Әб­саттар қажы Дер­бісәлі хазірет «Қа­зақ­станның мешіттері мен медреселері» (2009 ж.) атты ең­бе­гінде Қазақ же­рін­дегі алғашқы мешіт­тердің ІХ-Х ға­сыр­ларда салына бас­та­ғанын тарихи деректер арқылы дәйек­теген. Осы мағлұ­мат­тардың бәрі Ис­лам­ның ежелден ұстап келе жатқан асыл дініміз екендігін айғақтай түседі.

Менің атам Ысқақ пірәдар ислам дінін берік ұстанған, имандылықты өмі­рінің мақсаты еткен кісі еді. Сол себепті туған жерім Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма ауылынан осыдан бір­не­ше жыл бұрын мешіт салдырдым. Ха­лық­тың қуанышында шек болмады. «Ауыл­ға Ысқақ пірәдар ту ет­кен иман­ды­лық қайта оралды», дес­ті. Оған реті келгенде барып тұрамын. Мешітке кіріп, дұ­ға жасаймын. Жаратушы иемізден еліме, халқыма тілек тілеймін. Асыл дініміздің көптің жү­ре­гіне ұялап жатқанын көріп қуанамын.

Иә, Ислам діні Отанымызда ор­ны­ғып, даму үстінде. Әйтсе де, оған жал­пы­ха­лық­тық қолдау қажет. Сонда ғана ол биіктен биікке көтеріле бермек. Ұл­тым деген әр­бір қазақ әлемдік жаһан­да­нудың құрбаны болмас үшін ана ті­лін, ата-баба діні мен ділін көзінің қа­ра­шығындай сақтауға бар күш-жігерін жұмсауы тиіс. Егер осы рухани құн­ды­лықтардан айы­рылсақ, жер бетінен қа­зақ деген ұлттың жо­ғалып ке­туі әбден мүмкін. Бұл жай сөз, әншейін да­быра емес. Тарихқа көз жү­гіртсек, алыс­қа бар­май-ақ Ресейдің бо­дандығы мен атеизм тұсында КСРО деген империяда діні мен тілінен айы­рыл­ған әлденеше ондаған ұлт пен ұлыстың айдың, күн­нің аманында-ақ жоғалып кеткенін кө­реміз. Соның мысалына Сібір халық­тарын алайықшы. Діні жоғалып еді, тілі де, өзі де оп-оңай құрдымға кетті. Құдай одан сақтасын дейік.

Еліміз егемендік алғаннан кейін ді­ні­міз бен төл мәдениетімізге біржола бет­бұ­рыс басталды. 1990 жылы дін мә­се­ле­лерімен шұғылданатын діни бас­қар­ма дү­ниеге келгенімен, басшы­ла­ры­ның білімі мен біліксіздігінің кем­шін­дігінен қалып­тасуы тым баяу жүр­ді. Олардың пен­де­ші­лік іс-әрекеттерін көріп мен де діндар­лардан шет жүруге тырыстым. Сөйтіп жүр­генде, 2000 жылы дінбасына белгілі ғалым, араб тілі мен мәдениеті, тарихы мен Ислам діні­нің білгірі, иманды азамат Әбсаттар қа­жы Дербісәлі келді. Оны мен әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ұстаздық етіп жүрген жыл­дардан бері жақсы білетінмін. Кез­де­сіп, пікірлесіп, сұхбаттасып тұрушы едік.

Ол дін қызметіне келгеннен соң ара­да 6 жыл өткеннен кейін Бас мүфти дін іс­те­ріне қандай оң өзгерістер әкел­ді? Діни іс­тер­дің бүгінгі жағдайы қа­лай деген оймен 2007 жылы арнайы ма­қала жаздым («Жас алаш», №1, 2007, 1 қаңтар). Міне, одан бері де та­ғы да 6 жыл өтіп үлгеріпті. 12 жыл ішінде рухани басшымызға ай­нал­ған шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хаз­ірет­тің жұрт сүйсінер істеріне тағы бір көз жүгіртсем деген оймен қолыма қалам алдым. Өйткені, дін саласына жақын жү­ре­мін. Кешегі мен бүгінгіні салыс­тыра­мын. Бас мүфтимен түрлі мешіт ашылу­ла­­рында, конференциялар мен сим­по­зиум­дарда бірге болып, уағыз­да­рын, баян­дамаларын тыңдап жүрмін. Намаздарда да болып тұрамын. Ол жалпы халық пен зиялы қауым арасына алтын көпір бола білуде. Дін адамымен діни тілде, зия­лы мен зиялыша, жазушымен қалам­гер­лерше сөйлесіп, тіл табыса біледі. Сөйтіп, ол өткен 12 жыл ішінде отандас­та­рымызға ғана емес, жалпы, мұсылман дүниесіне де жақсы таныс, белгілі тұл­ғаға айналды.

 

Ірі тұлға

Ол дінге ғылым арқылы келді. Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі, ең алдымен, үл­кен ғалым, парасат иесі. Оның, әсіресе, Қа­зақ даласынан шыққан тек 30-дан ас­там әл-Фарабилер, 50-ге жуық Таразилер, Баласағұни деген атпен – 10, Сайрами деген лақаппен 40-тан астам парасат иелері, сондай-ақ, өзіне ру, жер, қала аттарын ныс­пы етіп алған, әлем таныған 200-дей ғалымдарымыз бен ғұ­ламаларымызды тап­қаны үлкен жаңалық болды. Соларды іздеп табу, халыққа таныту мәдени тарихымызды Бұқар жыраудан бері қарай ғана қарастыру дертінен айықтырып, өскелең ұрпақтың ғасырлар тұңғиығында жатқан шындыққа үңілуіне мүмкіндік берді. Сондай-ақ, оларды табу арқылы «Қазақ халқы көшпелі болды, сон­дықтан бұларда мәдениет пен білім, ғылым дамымады» деген сыңаржақ пі­кір­дің үстірт әрі негізсіз екендігін бағам­дай­сыз.

Алла тағала сүйген пендесіне ғана ғы­лым сыйлайды екен. Олай болса, ол Ал­ла­ның сүйген пендесі. Сол себепті де Жаратушы иеміз оған дінбасылық се­кіл­ді өте жауапты міндетті ең бір қиын да күрделі кез­дері жүктеді. Елбасылық пен Дінбасылық Алланың қалауымен ғана болатын іс де­генді оқығаным бар. Ол шынында да солай.

Әбекеңнің ғұламалығының өзегі иман­дылықта жатыр. Ғұламаңыз иманды болса, зор сый деп қабылдаңыз. Әб­сат­тар қажы Алланың бізге берген сол сыйы! Ендеше, қасиетін танып, қадірін білуіміз керек. Дінбасымыз Әбсаттар қа­жы Дер­бі­сә­лінің сол қасиеті мен қадірін әлемнің біраз елдері біліп, танып та үлгерді. Таны­ған­ды­ғы сол емес пе, осыдан біраз жыл бұрын мұ­сылмандар мен христиандар арасында кикілжің туғанда Францияның бас мит­ро­по­литі Эммануель Әбсаттар қажы Дер­бі­сәліге хат жазып, татуластыру ісіне қолға­быс етуді сұрағаны.

Бас мүфтиіміздің бүкіл әлем сүн­нит­терінің және әл-Әзһардың ұлық шейхы доктор Мұхаммед Саид Тантауи, Дү­ние­жү­зілік ислам лигасының Бас хатшысы шейх Абдолла Әбдел Мухсин ат-Түрки, Мәскеу және Бүкілресейдің соңғы екі патриархы, Қазақстандағы Православие епархиясының екі митрополиті, сондай-ақ, Түркия, Египет, Кувейт, Малайзия, Син­гапур, Италия, Үн­дістан, Пәкстан, Балқан елдері, Франция, АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері, Сирия, Ресей, Тәжік­стан, Өзбекстан, Қырғыз­стан­ның ислам діні жетекшілерімен кездесіп, өзек­жар­ды діни мәселелер жайлы үнемі ақыл­дасып, кеңесіп тұруы да оның ғұла­ма­лы­ғын, білімдарлығын, ақыл мен парасатын, биік пайымын дәлелдейді дер едім.

2012 жылы мамыр айында Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының IV съезі қарсаңында Мәс­кеу және Бүкілресей патриархы Ки­риллдің өзі өтініп, біздің Бас мүфтимен кездесуді сұ­раған. Ұшырасуда діни іс­терге байланыс­ты келелі мәселелер тал­қыланған.

Бас мүфти жарғақ құлағы жастыққа тимей еліміздің аймақтарын аралап, шет ел асып, ислам дінінің алтын діңін, шынайы болмысын насихаттау жолында ты­ным таппай келеді. Көптеген халық­аралық және рес­публикалық конгрестер мен конферен­ция­ларға, симпозиумдарға қатысып қазақ, орыс, араб тілдерінде маз­­мұнды баяндамалар жасап жүр. Әлем­нің небір аузы дуалы ділмарлары мен биік деңгейлі маман­да­ры­ның алдында жыл өткен сайын ақ кемесі айдынданып келе жатқан Қазақ елі қана­тын жайып, тамырын тереңдете түскен ис­лам­ның мән-маңызы хақында көсілте кенен де кемел сөз сабақтап келеді. Бұл, ең алдымен, еліміздегі мұсылмандар қауы­мы­ның абыройы дер едім. Ол қазір елі­міз­дің ислам дінінің басшысы ретінде әлем­дік дең­гей­дегі дін басшыларымен тең тұ­ратын, мо­йын­далған ірі тұлғаға айналды.

 

Мәңгілік мұралар

Орта Азияның дінбасылары 2007 жылы Алматыға жиналып, оны Мүфтилер кеңе­сі­нің төрағасы етіп сайлағаны да жай­дан-жай емес. 2012 жылдың көкте­мінде Лондонға ба­рып келді. Англия астанасында оның мұ­нан екі жыл бұрын Алматыда орыс тілінде жарық көрген «Ислам – религия мира и созидания» атты кітабының ағылшынша нұс­қасының тұсауы кесілді. Қазақстан түгілі Ислам елдерінің дін істері министрлері мен мүйізі қарағайдай қайраткерлері, ғалым­да­рының, дінбасыларының Еуропаның Англия сияқты елінде кітабы шығып, оның тұсаукесері қашан өтіп еді? Осы еңбегі ар­қылы ол Қазақстанды, оның тарихын, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, тілі мен дінін, мә­де­ние­тін әлемге танытты. Қазақ қазақ бол­ға­лы да мұндай жайт бірінші рет болып отыр.

Ислам, ең алдымен, білім – ғылым. Мұ­ны жақсы түсінген Бас мүфти діни қызмет­ке кіріскеннен бері руханият айнасы саналатын имамдардың біліміне, білігіне ерекше көңіл бөліп келеді. Қазір халықтың бәрі сауатты, оларды құрғақ сөзбен иландыра ал­майсың. Сондықтан бүгінгі діни қызмет­керлер тек діни білімді ғана емес, дүниәуи ғылымды да меңгеріп, көзі ашық, көкірегі ояу болғаны абзал. Ол үшін үнемі ізденіс қажет. Міне, осы мәселеге Бас мүфти ерекше көңіл бөліп отыр.

Еліміздің үш мыңдай дін қызмет­кер­лерін аттестаттаудан өткізді. Мешіттер бір орталықтан басқарылатын болды. Мешіт­тер­дің ұлттық сипатқа қарай бөлінуін тоқ­татты. Мұсылмандарға бірлік келді. Бұл біле білгенге аз жетістік емес.

Діни білімдерін жетілдіру мақсатында көптеген діндарлар өзара келісімге сәйкес бірқатар мұсылман елдерінде қысқа мер­зімді курстарда оқып келуде. Мұның өзі дінге көрсетіліп жатқан қолдау. Өйткені, елі­міздің болашағы жастар. Елді алға сүй­реп, діни істі де алып барушы жас мамандар. Тағы айта кететін бір ж?айт – соңғы жылдары ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан діни сенім мектебі Әбу Ханифа мәзһабы аясында оқу бағдарламасына діни пәндермен қатар, дүниәуи сабақтарды да оқытатын Ақтөбеден, Алматыдан, Үш­қоңыр­дан (Шамалған), Астанадан, Оралдан, Шымкенттен, Сарыағаштан, Павло­дар­дан, Тараздан ашылған медреселер Әділет министрлігі және Білім және ғылым министрлігі тарапынан лицензия алды.

Мұсылман қауымына осы мәзһаб бойынша дін насихатын тарататын «Асыл арна» кабельдік телеарнасы тәулік бойы діни-танымдық материалдар беруде. Осының бәрі – Алла тағаланың тәуелсіз елімізге бер­ген жақсылығы. Ал ол осындай сәтті қалт жібермей, уақытында пайдаланып қалуға күш салуда.

 

Ұтымды ұсыныстар

Ғылым, білім дегеннен шығады, Мүфти хазірет Дінбасы болып сайлана салысымен, Елбасы алдына жоғары діни оқу орнын ашу керектігі жөнінде мәселе қойып, көмек беруін өтінді. Ол үшін Алматы қаласында мысырлықтар тарапынан оған дейін тұр­ғы­зылып, бос тұрған Ислам мәдени орта­лы­ғының ғимаратын Діни басқармаға беруді сұрады. Елбасы ұсынысты қабыл алып, бұл мәселені шешу үшін Мысырға үкіметтік комиссия жіберді. Нәтижесінде, Алматыда қос ел президенттерінің есімін иемденген «Нұр-Мүбәрак» Ислам мәдениеті уни­вер­ситеті ашылды. Ол жоғары білімді имамдар мен исламтанушыларды, араб тілі мен әде­биетінің мұғалімдері мен аудармашыларды дайындауда. Сондай-ақ, онда Ислам не­гіз­дері мен араб тілін үйренгісі келетіндерге тұрақты курстар да жұмыс істейді. Уни­вер­ситеттің ендігі мақсаты – тек имамдар ғана дайындап қоймай, жоғары білімді, ғылыми дәрежесі бар мамандар дайындауға қол жет­кізу. 2012 жылы Білім және ғылым ми­нис­трлігі оқу ордасының өтінішін қанағат­тандырып, исламтану мамандығы бойынша магистратура және докторантура ашуға рұқсат беріпті. Бұл да үлкен жетістік. Бұл да шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің ті­ке­лей еңбегінің нәтижесі деп білемін. Өйт­кені, Бас мүфти жанын сала отырып, 2001 жылы университет ашуға талпыныс жаса­мағанда, мұның бәрі тәтті арман болып қалар еді.

 

Ілкімді істер

Имамдардың білім деңгейін үнемі же­тілдіріп отыру – ҚМДБ қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Өйткені, терең білімді, исламның қыр-сырына қанық, дініміздің түрлі саласын жетік меңгерген имам ғана халыққа дұрыс жол көрсетіп, ақиқатты жет­кізе алмақ. Түрлі ағымдар және оның шығу тарихына бойлай отырып, ақ-қараны ажыратып бере алады. Ал мұнан хабары шала-шарпы дүмше жұртқа не айтпақ? Осыны жете ұғынған Діни басқармаға имамдардың білімін жетілдіретін ислам инс­титуты ауадай қажет еді. Бірақ, бұған арналған не оқу ғимараты, не құрылысқа қажет қаржы да тапшы болатын. Осындай қысылтаяң шақта Бас мүфти Ислам даму банкінен көмек сұрады. Олар хазіреттің өтінішін жерге тастамай, Қ.И. Сәтбаев пен Тұрғыт Өзал көшелерінің қиылысындағы екі қабат ғимаратты сатып алып, күрделі жөндеуден өткізіп, Діни басқарманың мен­шігіне берді. Ондағы бөлмелер дәріс­ха­на­ларға айналдырылып, намазхана, медпункт, кітапхана, асхана мен жатақхана да іске қосылды. 2002 жылы институт ашылысымен алғашқы 40 имам оқу мерзімі 4 айлық курсқа қабылданды. Содан бері имамдарға Діни басқарманың жетекші қызметкерлері мен «Нұр-Мүбәрак» Ислам мәдениеті уни­вер­ситетінің тәжірибелі ұстаздары дәріс бе­ріп, имамдардың білімдерін шыңдап келеді.

Тағы бір байқағаным, соңғы жылдары дінімізді мерзімдік басылымдар арқылы насихаттау ісі де жақсы жолға қойылды. Рес­публика көлемінде шығатын «Ислам және өркениет» газеті мен «Иман» журналы дін­нен ұзақ уақыт бойы қол үзіп қалған қан­дас­тарымыз үшін сырттай оқып, үйрететін үлкен рухани мектеп іспетті. Бұл басы­лымдардың таралымы жылдан жылға өсіп, еліміздегі беделді басылымдардың біріне айналды. Жалпы, ұлтына, дініне, халқының болашағына алаңдайтын еліміздің бұқа­ра­лық ақпарат құралдары дініміздің насихатына, имандылықты арттыруға өз үлестерін қосып, халықты жік-жікке бөлгісі келген іріткі салушы жат ағымдардан сақ­тан­ды­рып, олардың теріс-ниет пиғылы мен іс-әрекетін әшкерелей беруі тиіс.

 

«Біріңді, қазақ, бірің дос…»

2012 жылы 20 сәуірде «Егемен Қазақ­стан» газетінде Бас мүфтидің осы ба­сы­лым­ның прези­ден­ті Сауытбек Абдрахмановқа берген ғибратты сұхбаты жария­ланды. Оны оқи отырып, дін саласы бойынша танымым одан да бетер артып, көкжиегім кеңейіп қалды. Сонда айтыл­ғандай, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет, әсіресе, хал­қы­мызға имам Ағзам Әбу Ханифа жолын кеңінен насихаттап, бар қазақты осы мәзһабта болуға шақыруда екеніне көзім жетіп риза болдым. Біз төрт мәзһабты да дұрыс санайды екенбіз. Дегенмен де, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұстанып келген Ханафи мәзһабы біз үшін абзалырақ екенін білдім. Халқымыздың көптеген салт-дәстүрі осы мәзһабпен са­бақ­тасып, астасып жатыр. Дініміздегі шамалы алауыздықтың өзі дінге бет бұра бастаған қандасымызды адастыруы мүмкін. Ол үшін мызғымастай бірлікпен қатар, діни білім де керек. Осы ынтымақ-бірлікке еліміздің мұ­сылмандарын бір шаңырақтың астына бі­рік­тіруге күш салып келе жатқан Әбсаттар қажы Дербісәлі басқаратын Қазақстан мұ­сылмандары діни басқармасының өлшеусіз қызметіне Алла тағала разы болсын дегім келеді. Өкінішке қарай, соңғы кездері ын­тымақ-бірлігімізге сызат түсіруді қалайтын, бірнеше аят пен хадисті жаттап алып, асыл дінімізге терең бойламай жатып: «Мен мазһабпен жүрмеймін, олар адасқан» деп ұлық имам – Әбу Ханифаға көпе-көрінеу тиі­сетін дүмшелер шыға бастапты. Бұл, әрине, сауатсыздық. Осындай топтың негіз­сіз пікірі мен қалың бұқараны түсінбестік пен күмәннан арылту мақсатында Бас мүфтидің «Ұлық имам Әбу Ханифа» атты көлемді еңбегі былтыр құрылған «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау» қорының де­меушілігімен мыңдаған таралыммен жа­рық­қа шығып, еліміздің барлық мешіт­те­ріне тегін таратылды. Іле орыс тіліне де аударылып, оқырман қолына тиді. Бұл қор­дың да құрылуына Дінбасының ықпал-әсе­рі аз емес. Бұл күнде осы қор отыздан ас­там бүгінгі сұраныстағы отызға тарта ең қа­жетті діни оқулықтар мен кітап, кітап­ша­ларды шығарып, мешіттер арқылы жама­ғатқа тегін таратуда.

Кешегі атеистік кезеңнен қалған әсер болуы керек, қоғамымызда әлі де болса діни қызметкерлерге күдікпен қарап, дінге үрке қарау бар. Әсіресе, менің қата­рым­да­ғы аға буын өкілдерінің сөзі кесек болға­нымен, имандылық жолындағы әрекет­те­ріне көңілім толмайды. Сонымен қоймай, солардың көбі сын таққыш. Егер де дініміз дамысын десек, бірінші кезекте, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет бастаған діни қызметкерлерге басшы-қосшы, жас-кәрі демей құрмет көрсетуіміз керек. Сонда ғана елімізде дініміздің мәртебесі көте­ріледі.

 

Өлеңмен өрілген өсиеттер

Қазақстан мұсылмандары діни бас­қар­масы 2010 жылдың басында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы «Аллаға мадақ» діни өлеңдер мүшәйрасын өткізді. Мақсат – Исламның құндылықтарын тек ме­шіт­тер­дегі діндарлардың уағызы немесе баспа­сөзде жарияланатын мақалалар арқылы ғана емес, сонымен қатар, халқымызға етене жақын жыр жолдары арқылы да насихаттау еді. Қазақтың жай сөзінің өзін ұй­қас­тырып, өлең етіп сөйлейтіндігіне өз ке­зінде немістің әйгілі ғалымы В.В.Радлов та тамсанған екен. Халқымыздың дана ақыны Абай да өлеңді сөз патшасына теңеген.

Мүшәйра «Шеберді шебер дегенше, Алланы шебер десейші», «Әз пайғамбар Мұ­хаммед (с.ғ.с.)», «Көркем мінез – көркіміз» де­ген тақырыптар аясында М.О.Әуезов атын­дағы біздің академиялық драма театрында өтті. Жұрт сыймай қалды. Себебі, бұл үш тақырып та Исламның не­гізгі маз­мұ­ны мен мәнін қамтиды. Мү­шәй­раға мыңнан астам өлең түсті. Оған мектеп оқушылары мен орта арнаулы және жоғары оқу орын­дарының студенттерінен бастап, қазіргі әде­биетімізде өзіндік орны бар, танымал ақын­дар мен суырыпсалма айтыс ақындарына дейін қатысып, өз өлеңдерін бәйгеге қосты. Жыр додасына түскен өлең­дермен қалың көпшілік те таныссын деген ниетпен www.muftyat.kz сайтында жарияланды. Жеке жи­нақ та шықты. Бәйгені қо­рытындылауға арналған салтанат кешінен түскен қаржы қаладағы жетім балалар үйлеріне аударылды. Бұған қуандым, сүй­сін­дім, риза болдым.

 

Қажылардың қамы

ҚМДБ атқарып отырған ауқымды жұ­мыс­тардың бірі – қажылық. Жыл өткен сайын қажылық парызын өтеуші отан­дас­тарымыздың саны да, сапасы да артуда. Мәселен, былтыр 4 мыңнан астам отандасымыз қажылық парыздарын өтеп қай­тып­ты. Биыл бес жарым мың отандасымыз Меккеге барды.

Қажылық фирмалардың жұмысын діни басқарманың қажылық істер бөлімі үй­лес­тіруде. Сонымен қатар, жыл сайынғы қа­жылық маусым Қазақстанның Сауд Арабия­сы Корольдігіндегі елшілігінің атсалысуымен іске асады. ҚМДБ-ның араласуымен 2008 жылдан бастап, Әділет ми­нистрлігімен бірлесе отырып Қазақстанның қажылық миссиясы қызмет етуде.

Бүгінде миссияға қажетті қаражат жағы да тиісінше шешіліп келеді. Миссия Меккеде уақытша офис пен көлік жалдауға, қажыларға дәрігерлік көмек көрсетілетін арнайы жабдықталған бөлмелер ашатын жағдайға жетті. Сондай-ақ, қажылыққа бар­ған азаматтарға жетерліктей дәрі-дәрмек алып баруға да миссия жауапты. Бұл дә­рі­герлерге қажылық кезінде Мекке, Мединеде тегін дәрігерлік көмек көрсетіп, ем жасау­ына елеулі септігін тигізуде. Миссия құ­рамында журналистердің атқарар істері де аса маңызды. Олардың уақтылы жі­бер­ген ақпараттарының арқасында ел мұсыл­ман­дары өміріндегі үлкен іс-шараның барысы мен ондағы хал-ахуалды біліп оты­руға мүм­кіндік туды.

Аллаға шүкір, еліміздің халықаралық қауымдастықта беделі жыл өткен сайын артып келеді. 2010 жылы Еуропадағы қа­уіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымына абыройлы төрағалық етсе, 2011 жылдың мамыр айынан 57 мемлекеттің басын бі­рік­тіретін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төраға. Мұсылман елдерінің басын қосып отырған халықаралық беделді ұйым жөнінде, оған төрағалықтың маңызы мен мәні, оның мақсаты мен құрылу тарихы турасында және т.б. мәселелерге байланысты баспасөзге сараптамалық материал беруді Дінбасының өзі қолға алған. Қысқа уақыт ішінде ол «Қазақстан – Батыс пен Шы­ғыстың алтын көпірі» (Ислам Конферен­ция­сы Ұйымы және Қазақстан) атты кө­лемді мақала жазып еліміздің бас газетіне жариялады («Егемен Қазақ­стан», №529-532 (26375), 14 желтоқсан, 2010 ж).

 

Діни мерекелердің мерейі артты

«Мәуліт ән-Набауи аш-шариф» Алла Елшісінің (с.ғ.с.) туған күнін атап өту – ел мұсылмандары үшін ерекше мереке. Бұл мейрам жыл сайын атап өтіледі. Онда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өміріне кеңінен тоқталып, мәуліт оқылып, салауат айтылып жүр. Ал 2012 жылғы мәуліт мерекесі ерекше өтуімен мұсылман­дар­дың есінде ұзақ уақыт сақталады десек, артық айтпағанымыз. Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына 6 мыңдай адам жиналып, тамаша діни-мәдени шараның куәсі болдық. Әсіресе, театрландырылған көріністер көптің кө­ңі­лінен шығып, көздеріне жас алысты. Ді­ни айтыс пен илаһи әндер де жинал­ғандарды серпілтіп, ата-дінімізге деген махаббатын күшейте түскені сөзсіз. Әри­не, республикалық деңгейдегі мұндай ша­раны өткізу өздігінен оп-оңай бола қоймайды. Бұл да шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет бастаған діндар­лары­мыз­дың ізденіске толы жемісті еңбегінің нәтижесі деп ұғындық.

Ал қасиетті Рамазандағы мың айдан қайырлы Қадір түні 2000 жылдан бері жалпыхалықтық мерекеге айналғаны көп­шілікке аян. Содан бері «Қазақстан» және «Хабар» арналары тікелей эфир арқылы репортаж беріп жүр. Оның бағ­дарламасы телеарна қызметкерлерімен алдын ала діни басқармада пысықталып, елордадағы «Нұр Астана» мен Алматы орталық мешіттерінен тікелей эфирге шығып жүргені сүйсінтеді. Мұндай шаралар халқымыздың ислам жөніндегі білімін көтеруге үлкен ықпалын тигізуде. Бұрындары Қадір түнінен мағлұматы аз жұрт бүгінде сол түнді бүкіл отбасы мүшелерімен асыға күтетін жағдайға жетті. Қадір түні туралы толыққанды материалдар алдын ала республикалық басылымдарда да жариялануы үрдіске айналды. Алла нәсіп етіп, Құрбан айт еліміз бойынша ұлттық мерекеге айналды.

Әрине, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазіреттің ата дініміздің дамып, аяқтан тұруы үшін атқарған жұмыстары ұшан-теңіз. Мен тек соның жаныма жақын деген білім беру, мәдени-діни шараларының бір парасын ғана тілге тиек еттім.

 

Дінің тұрсын дін аман

Ол үнемі «Еліміз ресторандар мен казинолардың көптігімен емес, иманды азаматтарымыз бен мешіттеріміздің көп­шілігімен мақтануы керек», дейді. Бұл – қазіргі таңдағы маңызды мәселелердің бірі. Өйткені, кейде болса да ұшырасып қалатын жағымсыз да келеңсіз жайттар имансыздықтан да туындайтыны ешкімді де таңдандырмайды.

Әйтсе де, тәуелсіз Қазақстан мем­ле­ке­тінің іргетасын қалау кезінде дін мәсе­лесінде де өз шешімін таппай жатқан өзек­ті мәселелер әлі де жетерлік. Соның бірі мешіт имамдары мен молдаларының тұрақты жалақы алмауы, оларға әлеу­меттік жағдай жасалмауы дер едім. Осы қиындық аудан мен ауылдардағы ме­шіт­терде білімді де білікті діндарларды тұ­рақтандыруға кедергі болып келетіні айтылуда. Мұны шешу үшін Дінбасының тікелей бастамасымен республикалық «Зе­кет қоры» құрылды. Оның қаншалық нәтиже берерін уақыт көрсете жатар. Қазақ елі өзінің мемлекетінің құрылу, қалыптасу кезеңін бастан кешіп жатқан кезде Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасының төрағасы тұтқасын шейх Әб­саттар қажы Дербісәлі хазіреттей бел­гілі ғалымның ұстауы, халықтың діні­міз­ге деген құрмет пен құлшынысын туғыз­ғаны көңілде сенім ұялатады. Аллаға шү­кір, бүгінде сол сенім ақталды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан талай іргелі жұмыстар атқарылып, халқымыздың Исламның қайнар бұла­ғы­нан сусындауына бар мүмкіндіктер жасалуда.

Жыл сайын қасиетті Рамазан айы қар­саңында Дінбасымыз үлкен үндеумен шы­ғып жүр. Онда ол осы қасиетті ай құр­метіне азық-түлік, киім-кешек бағаларын еш болмаса 10 пайызға дейін төмендету, осы айда әзәзіл арақ-шарапты сатпау, дас­тарқандарға оларды қоймау, ұсынбау, ресторандарға жолатпау секілді ша­қы­рулары халық көңілінен шығуда. Мұны да Бас мүфтиміздің қарапайым халық жағдайын ойлаудан туған ұсынысы деуге болады. Бұл оның қашанда халқымен бірге болып, оның өтініш, тілегіне құлақ қойып отыратынын білдіреді.

2012 жылы мамырда өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезінде осындай ерен еңбегі, үлкен беделінің мойындалуы ретінде оның Әлемдік дінбасылары кеңесінің мүшесі болып сайлануы еліміз үшін де үлкен абырой, құрмет деп білемін.

Қазір республикамыз өзінің қалып­тасу кезеңін бастан өткеруде. Егер Елбасы мемлекет басшысы ретінде Отанының амандығы, экономикасы, саясаты, ха­лық­ара­лық қатынасы секілді сүбелі істерді жүзеге асырып жатса, Бас мүфти оның ру­хани таянышы, сүйеніші ретінде дін­ара­лық, ұлтаралық ынтымақты, иманды­лықты жүзеге асырып, Президентімізге, халқымызға рухани тірек бола білуде.

«Халықтың ризалығы Алла тағала­ның ризалығы» деп жайдан-жай айтыл­маған. Сол себепті, Бас мүфтиімізге ризамыз.

Асанәлі ӘШІМОВ,

КСРО халық әртісі,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.