Әкімшілік жауаптылықты алып тастауды ұсынды
Үкімет сағатында баяндама жасаған Әділет министрі Марат Бекетаев жылжымайтын мүлікті уақытында тіркеп-тіркемеудің артықшылығы мен маңызы жоғалғандығын атап өтті. Оның айтуынша, бұл норма 2007 жылы салықтық әкімшілендіру және халықты жылжымайтын мүлікке өз құқықтарын тіркеуге мәжбүрлеу мақсатында енгізілген.
– Өз кезегінде, мемлекет мүлікті заңдастыру бойынша екі акция өткізді, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін оңтайландыру жөнінде шаралар қабылданды. Нәтижесінде соңғы жылдары осы құрам бойынша аздаған әкімшілік іс қозғалғандығы байқалады. Осыған орай жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу мерзімін өткізіп алғандығы үшін әкімшілік жауаптылықты алып тастау туралы мәселені қарау ұсынылады, – деді Әділет министрі.
Министрдің айтуына қарағанда, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу функциясын әділет органдары 2007 жылдан бастап жүргізуде. Осы уақыт аралығында жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу саласы жаңа тенденциялар және халықаралық тәжірибе негізінде жүйелі түрде жаңартылған.
– Жыл сайын елімізде орташа алғанда жылжымайтын мүлікке 1,7 миллионнан астам құқықтар тіркеледі. Сондай-ақ он миллионнан астам электронды форматта анықтамалар беріледі. Бұл көрсеткіштер жыл сайын өсуде, – деді М.Бекетаев.
Әділет министрі жылжымайтын мүлік құқықтарын мемлекеттік тіркеу әділет органдарына берілген уақыттан бергі жетістіктерді де толық қамтып өтті.
Тіркеу ісіне жаңа технологиялар қажет
Жалпы, бұл сала Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметтерді көрсету процестерін барынша оңтайландыру, осындай қызметтерді автоматтандыру арқылы әкімшілік кедергілерді азайту, мерзімдерді және сұратылатын құжаттардың санын қысқарту бойынша тапсырмаларын орындау үдерісімен ілгерілеп келеді. Осы орайда Әділет министрі жылжымайтын мүліктерді тіркеу мерзімінің 15 күннен 3 күнге дейін қысқартылғандығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар мүлікті тіркеу үшін азаматтардан бар-жоғы екі ғана құжат талап етіледі.
Оған қоса мемлекеттік қызметтерді ұсыну бойынша бизнес-процестерді автоматтандыруда елімізде ең алғашқы жобалардың бірі болған «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік деректер қоры жұмыс істеуде.
– Қазіргі таңда жылжымайтын мүлік тіркелімімен мемлекеттік органдардың 28 ақпараттық жүйесі біріктірілген. 2015 жылдан бастап нотариустар куәландырған барлық мәмілелерге құқықтарды электронды тіркеу енгізілді. Бұл мәмілелер бір күн ішінде тіркеледі. Осылайша әрбір төртінші тіркеу электронды форматта жүргізіледі. Құқықтық кадастрдағы анықтамалар түріндегі барлық ақпараттық қызметтер электронды форматқа ауыстырылды. Бұл E-gov шеңберіндегі қызметтер арасында қажеттілігі жағынан екінші қызмет болып табылады. Күн сайын отыз мыңнан астам ақпараттық анықтамалар беріледі, – деді М.Бекетаев.
Министр осылай дегенімен, Үкімет сағатында қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіров саладағы әлі де шешімін табуы қажет мәселелерді жіктеп берді. Оның айтуына қарағанда, депутаттар осы жиын алдында мәселені тереңнен зерттеу мақсатында бірқатар талдау жасаған. Оның нәтижелері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу ісінде заңнамалық және ұйымдастыру сипатындағы жетілдіруді қажет ететін кемшіліктер анықталған.
Атап айтқанда, біріншіден, жер қоры туралы мәліметтердің біртұтас ақпараттық дерекқорын қалыптастыру және жер мәселесіндегі түйткілдерді шешу қажет. Бұл жөнінде Елбасының биылғы Жолдауында нақты тапсырма берілген болатын. Өйткені қазіргі уақытта жылжымайтын мүлік нысандарына құқықтарды тіркеу жер телімдеріне құқықтардың есебінен бөлек жүргізілуде. Екіншіден, мәмілелердің заңға сәйкестігін тексеруді, меншік құқығын қорғауды жетілдіру қажет. Мұның сыры мынада – қазір тапсырылған құжаттардың сәйкессіздігі мен техникалық қателікке жол берушілерге ешқандай жауапкершілік көзделмеген. Үшіншіден, жылжымайтын мүлік пен оның иелеріне қатысты ақпарат әлі жабық күйінде қалып отыр. Әлемдік тәжірибеде, оның ішінде көршілес Ресейдің өзінде мұндай мәлімет – ашық. Төртіншіден, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында немесе оған жол бермеу үшін жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу мақсатында блокчейн технологиясын жедел түрде енгізу керек.
Н.Әбдіровтің ұсыныстарына Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко да толық қолдау білдірді. Жүргізілген реформа – бұл қолданыстағы екі кадастрды біріктіру арқылы бірыңғай кадастрды құруға жасалған алғашқы қадам.
Үкімет сағаты барысында ақпарат берген Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясының төрағасы Абылайхан Оспановтың айтуынша, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу аталған ұйымға өткелі бері барлығы 700 мыңнан аса қызмет көрсетілген.
Бүгінде аталған саладағы қызметті электронды тәсілмен алушылар саны артқан. А.Оспановтың айтуынша, заңнамаға енгізілген өзгертулерге сәйкес, Қазақстанның «Doing Business» рейтингіндегі көрсеткіштерін жақсартуға бағытталған жұмыстар аясында жаңадан салынған жылжымайтын мүлікке мемлекеттік техникалық зерттеу жүргізілмейтін болған.
Үкімет сағаты барысында депутаттар құзырлы орган басшыларына тақырып бойынша сауалдарын беріп, талқылауларға қатысты.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»