Ақан серіге арналған шығармалар қатары бүгін мазмұны терең жаңа туындымен толып отыр. Ұрпаққа рухани азық болар құнды дүниелерді құрастырып, сері бабаның өлеңдері мен айтыстарын топтастырған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, драматург Жабал Ерғалиев.
– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес, бұл іс Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің тікелей бастамасымен және қолдауымен жүзеге асырыла бастады. Биылдың өзінде облыс басшысының қолдауымен академик, батыр әрі ғалым Мәлік Ғабдуллиннің 11 томдығы, «Мәлік Ғабдуллин – қазақтың Оқжетпесі», «Жер жәннаты Ақмола» фотоальбомдары, Сәкен Жүнісовтың «Заманай мен Аманайы» Лондонда ағылшын тілінде, тарихшы Қадыржан Әбуевтің кітаптары жарық көріп, оқырмандардың ықыласына бөленді. Менің де «Әлемге! Ғарышқа! Болашаққа жол ашқан Тұңғыш!» атты Елбасы жайлы кітабым да әкімнің қолдауымен басылып шықты. Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің тапсыруы және қолдауымен «Сал–серілер» кітапханасы сериясымен Көкшетау мен Қараөткел өңірлерінің сал-серілерінің мұраларын жинақтап кітап шығаруды қолға алдық,–деді Жабал Ерғалиев.
«Сал-серілер» кітапханасы сериясының алғашқы кітабы «Ақан сері» жарық көріп, оқырман қолына тиді. Тағылымды кеште ел ағасы Шияп Әлиев, Иран сал Тасқара, Мейрамбек Қиықов, ғалым, әдебиетші Мұсатай Ғалым, ақын Құдайберлі Мырзабек, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Ақмарал Қоңырқызы және тағы басқалары сөз сөйлеп, кітаптың құндылығы хақында өз ойларын ортаға салды.
Тұсаукесер барысында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Рүстем Бикенов тағы бір жағымды жаңалықты ортаға салды. Басқарма басшысының айтуынша, алдағы жылы «Астана-Көкшетау» тас жолының бойына Үкілі Ыбырай, Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ және Кенесары ханның ескерткіштері қойылады.
Әдеби кеште облыстық филармонияның әншілері әуелете ән шырқап, шөліркеген шөлді қандырды. Тағы бір айта кетерлігі жастар Ақандай өр тұлғаның өмірі мен шығармашылығын паш етер кітап көрмесінен мол мағлұмат алды.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»