«Негізгі жұмысымыздың бірі – жұмыскерлер мүдделерін және құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік мәселелерін шешу, жұмыскерлердің еңбек жағдайларын жақсарту болып табылады. Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша статистикалық мәліметке жүгінсек, жұмыс істеп тұрған 13702 кәсіпорынның 5725-інде ұжымдық шарт жасалса, 7977-сінде әліге дейін шарт жасалмаған», дейді Берік Бекжанов.
Биыл Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша кәсіпорындар мен ұйымдарда 101 өндірістік жазатайым оқиғалар орын алып, оның салдарынан 122 жұмыскер зардап шеккен. Оның ішінде, 22-і қайтыс болып, 51-і ауыр жарақат алған. Ал 49-ы жеңіл жарақаттанған. Орын алған 101 өндірістік жазатайым оқиғалардың 28-іне еңбек инспекциясымен бірлесе зерттеу жұмыстары жүргізілген. Қалған мекемелерде кәсіподақ болмауына байланысты зерделеуге қатысуға мүмкіндік болмай отыр. Осыған орай, кәсіподақ құрылмаған мекемелерде бастауыш кәсіподақ ұйымдарын ашу және оларға мүшелер тарту жұмыстары жүргізілуде. Осы бағытта жаңадан 41 бастауыш кәсіподақ ұйымы ашылып, оған 3079 мүше тартылды.
Түркістан облысы мен Шымкент қаласы әкімдігінде әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты өңірлік комиссиялар құрылды.
Азаматтардың жалақы қарыздарын шешу мәселелері әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі (үшжақты) Түркістан облыстық және Шымкент қалалық комиссиясында қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілді.
Шымкент қаласы бойынша жалақы қарыздарды жою жөнінде үшжақты комиссия жүргізген жұмыстардың нәтижесінде 4 мекеме қарыздарын жапқан. Ал, 2 мекеме банкрот деп танылған. Бүгінге 6 мекемеде 910 жұмыскердің алдында 143,4 млн. теңге жалақы қарызы қалып отыр.
Шымкент қаласында 10 мекеменің 1294 жұмыскерге 192 млн. 892 мың теңге жалақы қарызы болған. Қалған 6 мекеме 910 жұмыскердің алдында 143,4 млн. теңге қарыз болып отыр. Олар жеке-жеке «Компания ZALI (ЗАЛИ)» ЖШС-і 722 жұмыскерге 92,3 млн. теңге, «KAZMEDPRIBOR HOLDING» ЖШС-і 132 жұмыскерге 26,7 млн.теңге, «Өркен» ЖШС-і 9 жұмыскерге 10,6 млн. теңге, Шымкент Газ Монтаж ҚМБ» АҚ 11 жұмыскерге 4,1 млн. теңге, ЖК «Ермекова Р.У.» 27 жұмыскерге 6,064 млн. теңге, «Са-Фари» ЖШС 9 жұмыскерге 3,66 млн. теңге қарыз болып отыр.
Ал, Түркістан облысы бойынша 2 мекеме қарызын жапқан. 73 жұмыскердің алдында 43 млн.735 мың теңге жалақы қарыз 2 мекеме болса, 82 жұмыскерге 126 млн. 667 мың 758 теңге жалақы қарызы бар 4 мекеме тұр. Жалпы 2 мекеме 73 жұмыскердің алдында 43 млн. 735 мың теңге жалақы қарызы қалып отыр. Олар: Сайрам ауданындағы «STARTUS-OIL» ЖШС-і 67 жұмыскерге 42 млн. 935 мың теңге, Арыс қаласындағы «Спец Атом Сервис» ЖШС-і 6 жұмыскерге 800 мың теңге қарыз.
Сондай-ақ, жұмыскерлердің денсаулығын жақсарту мақсатында биыл тамыз айында Кәсіподақтар орталығы жанынан «ПРОФТУР» туризм орталығы құрылған. Сонан бері «Мерке», «Жаңақорған», «Манкент», «Арман» шипажайларына жалпы саны 15 жолдама беріліпті.
ҚР Жоғарғы Сотымен және ҚР Кәсіподақтар Федерациясымен жасалған Меморандумын жүзе асыру мақсатында осы жылдың 28 тамызында Татуластыру орталығы құрылды. Онда кәсіби медиаторлардың кезекшілік кестесі құрылып, 7 медиатор кезекпен жұмыс істеуде.
Нұршат ТӨКЕН,
«Егемен Қазақстан»