Аталарымыз қасқырдың қайсар мінезі, жылқының жүйріктік һәм жатырға шаппас тектілігі, қыранның алғырлығы сынды асыл қасиеттерін ерекше бағалап, оны адам бойында да болуы тиіс сындарлы сипатқа балаған. Адам баласы әрине Алланың өзге мақұлық біткеннен артық, абзал етіп жаратқан ерекше жаратылысы. Алайда Абылды өлтірген Қабылға інісін қалай көмуді қарға арқылы көрсеткен Алла тағала адам баласының табиғаттан да үйренері аз емес екенін білдірсе керек.
Ал аспан серісі қыранды қолға қондырып, қансонарда қызығына батқан қазақтың қыран жайлы ұғымы да ерекше, құрметі де бөлек. Содан да аталарымыз баласына «қанатың талмасын!» деп бата беріп, қыранға балайды. Еркіндігін қыранның самғауымен елестететін жұрттың мемлекеттік туында бүркіттің бейнеленуі де заңды құбылыс. Ендеше қазақ сол қыранның қансонардағы қызығына батып қана жүрген жоқ, сол барыста ұлттың ұлы болмысын құрайтын ұғымдарды да қалыптастырды. Осы ретте соның бүгінге жеткен, қазірде қолданыста бар сөздердің бір парасы жайында әңгіме өрбітуді мақсат қылдық.
Түлек. Ахмет пе, Ыбырай ма, тіпті одан да ары ма, кім болса да осы сөзді мектеп бітірушілерге алып келген адамға мың алғыс! Бұл бүркітке, қыран құсқа байланысты сөз. Жаз бойы жемдеп, семіртіп, ескі жүнін тастатып әбден түлетіп алып қар жауғанда қайырып түлкіге салады ғой қыранды. Біздің осы күнгі мектеп бітірген түлектеріміз де тура сол секілді. 11 жыл бойы оқытып, білім беріп соңғы жылы аңға салған қырандай білімнің додасына саламыз. Алғыры һәм бағы мен бабы келіскен түлектер мемлекеттік грантты жеңіп алады. Ол түлектер де бүркітті түлетуден шыққаны түсінікті.
Ұя. Сонымен бірге «Алтын ұя мектебім» дейміз. Ол да қыранның ұясынан шығып тұр. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Ұядағы балапанына аталығы мен аналығы, яғни ұябасары мен саршасы бұғы, марал, таутекенің етін әкелетіндей қыран болса, балапаны да сондай текті қыран болады. Біз айта беретін тектілік осы жерде айтылып тұр. Ол ұяны мектепке де, отбасына да балауға болады.
Тұғыр. Тағы да сол мектепке байланысты «түлеп ұшқан тұғырың», «тұғырынан түлеп ұшқан» деген сөздер айтылады. «Сұрасаң жағдайымды жаным Әсет, Жатырмын ұшайын деп тұғырымнан» деп нар Кемпірбай жырлайтыны және бар. Тұғыр – қыранның тағы. Тұғыр үш аяқты болады. Сонымен «тұғыр» сөзі де біздің қазіргі сөздік қорымыздан «Тұғырнама» болып ойып тұрып орын алып, мемлекеттік саяси термин ретінде қалыптасты.
Тегеурін. Әдетте «тегеурінді журналист», «тегеурінді қаламгер» деген тіркестерді жиі кездестіреміз. Бүркіттің бүкіл күші аяғында, аяғындағы негізгі күш тегеурінінде (тегеурін – артқы саусақ), сосын жембасарында (алдыңғы – бір саусақ). Бүркітің тегеурінді болса, қырандықтың негізгі бір сипаты сол болады. Бұл тұйғын, қаршыға, сұңқар секілді ұшып жүрген құстарды аяқпен теуіп түсіретін қырандарға да көп қолданылады. Ал бүркіт тегеурінді болса түлкінің кеудесін бүре шеңгелдеп бір уыс қып бір-ақ сығады.
Шеңгел. Шеңгел – тегеурінмен алдыңғы үш тұяқтың арасы. Шыңғыс ханды «қан шеңгелдеп туыпты» дейтін аңыз сол қыранның шеңгелінен шығып «қанатың талмасын» деген секілді адами ұғымға ауысып кете барған. «Тегеурінім тегіс тисе шегедей» деп жырлаған әйгілі айтыс ақыны Құрманбек Зейтінғазыұлының жыры да солай. Ал атақты Елбай жыраудың:
Татусыздың белгісі –
Бытырап шығар шеңгелден.
Шеңгелден кетсе ел жұрты,
Қайғымен қарттар шерленген, – деп келетін жыры да қыран шеңгелінің қазақ ұғымындағы кең ауқымын көрсетсе керек.
Шалғы. Мұқағали ақынның «Жетелеп сонау жылдар қара шалды, Қарасазда жүруші ең, қара шалғы» деп жырлайтын кәдімгі шөп шабатын шалғының атауының өзі қыран қанатының атауынан шыққандай. Әдетте бүркіттің ең ұзын сыртқы төрт қанатын «шалғы» деп атайды. Бір жағында төрттен сегіз шалғы болады. Ал оның сыртқы көрінісі, яғни формасы шөп шабатын шалғыдан аумайды.
Біздің мақсат бүркітке байланысты сөздерді түгендеу емес, әрине. Әйтпесе бүркітке байланысты қаншама мақал-мәтелдер бар. Мысалы: «Түлкі алмас қыран жоқ, құсбегісі кезіксе, жақсы болмас жігіт жоқ, ақылшысы кездессе», «Кәрі қыран – аңшының бастаушысы», «Сыншы сырын айтпайды, бүркітші шынын айтпайды», «Алса – құсым, алмаса – желпуішім», «Сонаршыға із керек, із танырға көз керек», «Жеріне қарай бұланы, тауына қарай қыраны», «Саятшы бапшыл болса бүркітке бақ», «Құс тұзаққа жем үшін түседі», «Бүркіттің сайрағаны – өлгені», «Бүркіт аш болса алады, тазы тоқ болса алады», «Бүркіт бабына келгенде қасқыр алады, қаршыға бабына келгенде түлкі алады», «Бүркітін мақтағанның ұясын сұра, жігітін мақтағанның нағашысын сұра», «Құстың алғанынан салғаны қызық», «Алса – бүркіт, алмаса – лау мінген шүршіт» деген секілді тізбектеліп кете береді. Бұл мақалдың мәндеріне үңілсек, бәрі де бүр жарып шыға келетін бір-бір бұтақ.
Баулу. «Еңбекке баулу», «баланы баулу» деген секілді мағыналарда қолданылатын бұл сөз де бүркітке байланысты сөз. Әлі есімде, бала күнімде әкем жұмыртқа жарғанына екі-ақ күн болған қызылшақа балапанды алып келді. Мойыны қылжыңдап бос жатыр, көтере алмайды. Енді оған дәл ұябасар бүркіт секілді ұя салу керек қой. Сонда ұяны жұмсақ емес, қарағайдың, аршаның жуан бұтақтарынан салып жатқан әкеме біреу «Неге жұмсақтап салмайсың? Балапанның ұясы жұмсақ болмай ма?» деді. Сонда әкем «Ұя жұмсақ болса, балапан жата береді де, сарбуын болып қалады» деп қысқа қайырды. Кейін толықтай түсіндім. Жалпы, бүркіт кеудесімен немесе шалқасынан жатып ұйықтамайды ғой, отырып ұйықтайды. Атқа алып жүргенде де күні бойғы ырғақ жүрісте екі аяқпен отырады. Балапан күнінде буыны қатты бекімесе ұзақ күн алып жүргенге жарамай құлап түсетін жағдайлар да болады екен. Ал ұядағы қатты бұтақтар балапан сәл ғана жата қалса батып, қайта-қайта тіктеліп отыруға мәжбүрлейді, сөйтіп сарбуын болмай, тез жетіліп, мықты бекиді екен.
Қонақтау. Қазақтың бай тілінде аңшының, құсшының, түйешінің, жылқышының өз тілі болады. Мысалы, бүркітті «ұйықтады» демейді, «қонақтады» дейді. «Томағасын алды, көзін ашты» демейді, «томаға тартты» дейді. Сол секілді бүркіттің қонақтау жайынан қысқа бір қызық жағдайды айта кеткенді жөн санадық.
Бүркіт әдетте мойынын қайырып тұмсығын екі топшысының арасына салып қонақтайды. Ал түзде жүрген бүркіт түнде қонақтағанда кеудесін жартасқа тіреп қойып қонақтайды екен. Әкемнің айтып келе жатқан әңгімесінің арасындағы осы бір жағдай сөз бола қалғанда «неге олай?» деп сұрап қалғанымда әкем, «Бүркіт пен үкі екеуі өш қой! Түнде бүркіт қонақтағанда жемсауы ашық қалады емес пе? Көзі түнде көретін үкі бүркіт қонақтап отырғанда жемсауына шеңгел салса болды, оп-оңай жарып кетеді, бүркіттің ең әлсіз жері – жемсауы» деді. Мінеки, бұл сөзіміздің басында айтқан әлі ғылым аша бермеген табиғат құпияларының бірі болса керек.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»