Аударма • 26 Желтоқсан, 2018

Сегізаяқтардың неліктен ақылды екені белгісіз

1808 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сегізаяқтың қаншалықты ақылды екенін көрсету үшін Пьеро Амодио YouTube-тағы видеоны нұсқады. Онда сегізаяқ кокос ішіне тығылып, қабығын тартып, жауып алғаны бейнеленген. Кейіннен теңіз жәндігі қабықты бір-біріне салып, сүйретіп әкетті.

Сегізаяқтардың неліктен ақылды екені белгісіз

Сегізаяқтар өте ақылды, бірақ оларда басқа ақылды жануарларға тән қасиеттер жоқ.

«Бұл видео сегізаяқтардың келешекте пайдасы тиіп қалар деген ниетпен әлгі қабықтарды әкетіп бара жатқанын көрсетеді», дейді Кембридж университетінің студенті П.Амодио.

Алайда ол сегізаяқ әрекетіне таңғалып әрі оның іс-қимылының себебін таппады.

Талай жылдан бері зерт­теу­шілер қай жануардың ақылы қан­шалықты жетілгенін анықтаумен айналысып келеді.

Бірақ сегізаяқтар, кальмарлар және тарбақ аяқтар секілді басаяқтылар тобына келгенде бүкіл ғылыми теориялардың бәрі жоққа шығады.

Амодио бастаған тағы бес сарапшы мақұлықтардың ақылы туралы зерттеу жүргізіп, осындай нәтижеге қол жеткізді. Ғылыми жұмыс өткен айда «Экология және эволюция трендтері» журналында жарық көрді.

Ғалымдар ақылды саналатын жануарларға тән ортақ бірнеше факторды анықтады. Олардың бәрінде үлкен ми бар, ұзақ өмір сүреді және көпке созылатын әлеуметтік қарым-қатынас жасайды.

Осындай ұқсастықтар кей­бір мақұлықтардың ақылды­рақ бо­луының себебін түсіндіре­тін­дей.

Мәселен, ғалымдардың бірі мұндай ақылдылық тамақ табуға бейімделу үшін дамыған деген пікірде. Амодионың айтуынша, қалған зерттеушілер ақылды жануарлар сол түрге жататын басқа мақұлықтардан үйреніп, серіктес болады деп есептейді.

Басаяқтылардың әрекеті олар­дың ақылы басқа жануарларға қарағанда жоғары екенін көрсе­теді. Мәселен, таяуда Жаңа Зелан­диядағы Ұлттық аквариумнан «Ин­ки» есімді сегізаяқ қашып кетті. Ол кедергілерден қиналмай өтіп, құрғақ еденнен сырғып, теңіз­ге жеткен.

Израильдегі Еврей универ­си­тетінің зерттеушілері сегізаяқ­тыларға ішіне тамақ салынған L пішімі тәрізді қорап көрсеткен. Теңіз жәндіктері аквариумдағы шағын тесік арқылы қорапты ашып-жауып, тамақты алуды мең­геріп алыпты.

Басаяқтылар мен ақылды жануарларға тән тағы бір ортақ қасиет – олардың миы үлкен. Әйт­се де, олардың ұқсастығы осы арада аяқталады. Мидағы есептеу­ге қолданылатын нейрондардың көбі сегізаяқтың қолдарында орналасқан.

Ең таңғаларлығы, басаяқтылар тез өліп қалады. Бәлкім, кейбірі екі жыл­дай өмір сүрер. Ал қалған­дары небәрі бірнеше айдан арыға бармайды. Әрі басаяқтылар өзара әлеуметтік қарым-қатынас орнатпайды.

Амодио мен оның әріптестері басаяқтылардың эволюция тарихы осынау жануарлар ақылына қатысты парадоксты түсіндіреді деп есептейді. Шамамен 275 миллион жылдай бұрын олардың арғы тегі сыртқы қабығын жоғалтып алды. Содан кейін теңіз жәндігі жемтік аулау кезінде өздерінің кемшілігін білдіртпейтін тас­ты жырықтарды іздей бастауы мүмкін.

Қабығын жоғалту басаяқ­ты­лар­дың жыртқыштарға жем бо­лу ықтималдығын да ұлғайтты. Сон­дықтан олар алдау мен қашудың маманы болуға мәжбүр секілді. Әрі милары үлкейіп, туындаған жаңа мәселені шешіп, өмір сүруге талпынуына әкелуі ықтимал.

Зерттеушілер сегізаяқ пен оның туыстары туралы мә­ліметті әлі де толықтыра түсуі керек. Бәлкім, мұндай зерттеу жал­пы ақыл ұғымын тереңінен түсі­нуге мүмкіндік берер.

«Ақылды болудың жалғыз жо­лы ғана бар деп сеніммен айта ал­маймыз. Бәлкім басқа да тәсілі бар шығар», дейді Амодио.

 

Карл ЗИММЕР, «Нью-Йорк Таймс»

Фото: Фред ТАННЕАУ, Agence France-Presse – Getty Images