26 Желтоқсан, 2018

Ақиқаттан аттағандар

677 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ақиқаттан аттағандар

Өз қылмысын өзінен жасырған қоғам. Ішкі ірің. Сыз­дауықтай сыздаған дерт. Жанның жарасы. Бос намыс. Өздеріне де керек емес. Жалғаншылдық. Жалғыздық. Ұрпақ трагедиясы. 

Авторлық кино – кино өнерінің ішіндегі ең маңыздысы. Оның тілі – күрделі. Қабылдау қиын. Оның табиғатында көпшілік байқаса да мойындай бермейтін шынайы шындық бар. Ол автордың үні. Оның қаруы – ақиқат. 

Жанна Исабаеваның «Отвергнутые» атты жаңа фильмі қазақ отбасыларының ішкі мәселесінің жанды жерін суреттеп береді. Бәрі өкпелі. Бәрі өшпенді. Фильмнің табиғаты кекті. Өңменіңнен итергенді қабылдау өте қиын. Өңменінен итере салу соншалықты оңай жол. Фильм басты кейіпкер қарагөз қазақ қызы Айғанымның жанының дертіне диагноз қояды.

Мойындамау ең оңай тәсіл. Өз шындығыңды. Алдау. Жалған намысқа көну. Көзбояушылыққа сену. Қылмысыңды жасыру үшін пара беру. Құтылу. Құтылдым деп алдау. Өзіңді. Өзгелерді. Өзіңе ең жақын жандардың жанын жаралау. Бұл көптеген отбасылардың ішінде бар мәселе. 
Жасыру – әр кейіпкердің ішкі трагедиясын құрайды. Жандарын ауыртатын да өз шындықтары. Мойындамау – амалдары. Ақылдарының жеткен нүктесі – осы. Қабылдамау. Алшақтау. Ақиқатынан аттау. 

Күрестері көбінесе намыс таптау. Еркекпін деп көкірек ұру. Асырап жатырмын деп міндет ету. Адамның тілінде түсінісуден ада кету. Ұру. Әйел затына зәбір көрсету. Қорлау. Өз қарындасын соққыдан жарымжан мүгедек ету. Ажалына жеткізу. Жарын жесір, баласын жетім ету. Жауапсыздықтың ақыры – әрқайсысын өзінше қылмыскер ету.

Күнә. Өтемі ауыр. Фильм осыны түсіндіріп беруді мақсат етеді. Қателік бұл фильмде кейіпкерге түзелуге мүмкіндік бермейді. Жүректері өз қайғыларын көтере білмейді. Өзара ешбірі мәмілеге келмейді. Шындықтың табиғаты қаншалықты күрделі болса, бұл фильмнің оқиғасы да соншалықты қабылдауға ащы. 

Отбасы. Оның мәдени өлшемі. Оған тән құндылықтары. Тас-талқан болған баланың қиялы. Мектептегі тақтаға жазуға сыймаған ақиқаты. Айғанымды туған ата-анасының үйінің табалдырығына әкеледі. Онсыз да қорланған қыздың жанайғайын ешкім естігісі де келмейді. Арқасүйер ағаға жарымаған оның қайғысын Қайрат та түсінбейді. Ағасы өз қарындасын қорғамақ түгілі, қорлауға келгенде ешкімге дес бермейді. Бұл өресі төмен жігіттердің – жиынтық бейнесі.

Қоғам. Керең. Меңіреу. Өзінен өзі жалыққан. Есеп бермейтін. Түзелгісі келмейтін. Жалықса да алға қадам жасау­дан ада. Өре. Ішкі мәдениет. Отбасындағы қарым-қатынас. Бәрін алданған бір қарагөздің көз жанарына байлаған. Жасы да жазықсыздығын дәлелдеп бермейді. Ағысқа қарсы жүзгісі келгенімен, Айғанымның ащы шындығын мойындауға түбегейлі ешкім алға қадам жасағысы келмейді. Шарасыздық. Ақыры оны ажалына жеткізіп, жерлейді. 

Шеңбер. Оларды босатпайды. Өренің өлшемі. Төмен. Үй ауласындағы бір-ақ қадам сызықтан ешқайсысын бір-бірімен табыстыруға бос намыс жібермейді. Анасы да қатыгез. Жұрт айтатын бос сөзді ғана көздейді. Қызының қайғысын түсінгісі келмейді. Қорланып қалған қызынан туған бала – нағыз трагедия. Жауапсыздықтың «жемісі». Ұрпағым жасық болмасын деген ұлттың ұлдары сонда қандай болмақ?!

Гүлзат КӨБЕК,

кинотанушы, өнертану PhD докторы