Қазақстан • 26 Желтоқсан, 2018

Ардагер журналиске құрмет көрсетілді

782 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясында көптеген қазақ басылымында абыройлы қызмет атқарған журналист-қаламгер Жұмагүл Солтиевамен жылы жүздесу өтті.

Ардагер журналиске құрмет көрсетілді

 Егемендік ардагер журналист жетпіс жасқа толғалы отыр. Сол себепті газет ұжымы мерейтой иесіне құрмет көрсетіп, тарту-таралғысын ұсынды.

  Кездесуге Ж. Солтиеваның шығармашылық жолындағы әріптестері мен дос-жарандары арнайы келді. Олардың ішінде қоғам қайраткерлері Сайраш Әбішқызы мен Оразкүл Асанқызы,  жазушы-журналист Жанат Елшібек, Қайсар Әлім, Сүлеймен Мәмет және әнші-сазгер Елена Әбдіхалықова болды. «Егемен Қазақстан» газетінің төрағасы Дархан Қыдырәлі құрметті қонақты туған күнімен құттықтап, қазақы салтпен иығына камзол жапты.

                                

Әріптестері өткен күндердің өнегелі естеліктері мен өткелең шағы туралы сыр шетті. Бірге жүріп, бірге еңбек еткен ұжым мүшелері апамызға ақжарма тілек айтып, лебіз білдірді. Ал жас тілшілер мағыналы әңгімеге қанықты.

Жұмагүл Солтиева 1948 жылы 27 желтоқсанда  Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қастек ауылында дүние есігін ашқан. ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген ол «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Заман-Қазақстан» газеттері мен «Балдырған» журналында бөлім меңгерушісі, «Қазақстан әйелдері» журналында бас редактордың орынбасары, бас редактор болып жұмыс істеген. Кейіннен «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары қызметіне келіп, осында зейнетке шыққан.

Шығармашылықтан қол үзбеген Жұмагүл Қуанышбекқызы әлі де мазмұнды туындылар жазатынын жеткізіп, газет ұжымына алғысын айтты.

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ

Фотоға түсірген Ерлан ОМАР

«Егемен Қазақстан»