Аталған идея еліміздің ең әйгілі ескерткіштері мен көне тарихи орындарын қайта жаңғыртуды қолға алуды да басты меже қылады. Биылғы «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақала да осы идеяның заңды жалғасы іспетті. Ендеше сол бір сабақтас идеядан сөзіміз дәйекті болу үшін бір үзім мысал келтіре кетейік.
«Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуға толық мүмкіндігіміз бар. Оған озық өнер мен технология үлгілерін – аң стилінде жасалған бұйымдарды, «Алтын адамның» жарақтарын, жылқыны қолға үйрету, металлургияны дамыту, қару-жарақ, сауыт-сайман дайындау үдерісін көрсететін заттарды және басқа да жәдігерлерді жинақтауға болады. Онда Қазақстан жерінен табылған құнды археологиялық ескерткіштер мен археологиялық экспозициялары қойылады. Бұл заттар тарихи дәуірлердің қандай да бір кезеңіндегі әртүрлі шаруашылық салаларының даму үдерісін көрсетеді» дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мінеки, мемлекеттің ендігі алда атқарар ауқымды жұмысы Елбасының бір ауыз сөзінің ішінде менмұндалап тұр. Осындай тарихи орынның бірегейі – Сарайшық қаласы. Сарайшық қазақ даласындағы ең көне тарихи орындардың бірі. Қазіргі Атырау қаласынан 50 шақырым жердегі Жайық өзенінің оң жағасында бір кездері атағы мен алапаты қоса артқан Сарайшық шәрінің орны жатыр. Сарайшық XIII-XIV ғасырларда батыс пен шығысты байланыстырған «Ұлы Жібек» жолының бойындағы маңызды бекеттердің бірі, хан ордасы болған ортағасырлық қала. Бұл шаһар туралы алғаш жазба дерек қалдырған ғалым арабтың белгілі жиһангері Ибн-Батута болатын. Ол өзінің Азияға жасаған алғашқы сапарынан мынадай дерек келтіреді. «...Біз ат жеккен арбамен он күн бойы жол жүріп Сарайжук қаласына да жеттік. Бұл Ұлысу деп аталатын үлкен, терең, ағысы қатты өзеннің жағасындағы гүлденген әсем қала. Дүние жүзіндегі Бағдаттан кейінгі екінші жүзбелі көпір де осында екен» деп жазады.
Сарайшықтың өркендеу кезеңі Алтын Орданың ханы Өзбекұлы Жәнібек ханның (1341-1357) тұсына сәйкес келеді. Қасым ханның кезінде қазақ хандығының тұңғыш астанасы болғаны да баршамызға мәлім. Шоқан жинаған деректерге нансақ, Жәнібек хан өз жанына ел сыйлаған билер мен шешендерді, жақсы мен жайсаңдарды топтастырған екен. Ол керуеннен толассыз түсіп жатқан кенен байлықты халықтың игілігіне және қаланың күн санап көркейе түсуіне жұмсапты. Соның бірі талайдың таңдайын қақтырған «аққу көлі» мен «алтын қайық» хикаясы. Оқиғаның қысқаша ғана мазмұны мынадай. Жәнібек ханның жан дегенде жалғыз қызы болыпты. Ол табиғатты тамашалап көбінесе су жағасына барып балықтардың шоршып ойнағанын, құстардың топ-тобымен суға келіп қонғанын ұнатады екен. Осыны байқаған әке сүйікті қызына Сарайшықтың күнбатыс жағынан жасанды көл жасатып беріпті. Көлдің суын мезгіл-мезгіл ауыстырып отырған. Айнадай көл бетіне алтын қайық жүздіртіп көл бетіне секер сепкізген. Судың тәттілігінен болса керек, көлге қонған аққудың көптігінен бұл көл «Секер көлі» немесе «Аққу көлі» деп аталған екен.
Бүгінге дейін Сарайшық топырағында мәңгілік дамыл тапқан хандар мен билердің саны жетеу деп келсек, қазіргі құжат олардың саны тоғызға тарта екендігін көлденең тартады. Сарайшықты бертінде Бөкей хан жайлаған деген де дерек бар. Ғалымдар Жошы ұлысы тұсында Алтын Орданың он алты шаһарында ақша соғатын сарайлар болғандығын, соның бірегейі Сарайшық қаласы екендігін айтады.
Әйгілі ағылшын дипломаты әрі саяхатшы Энтони Дженкинсон 1558-1559 жылдары Каспий теңізінің солтүстік және шығыс жағалауына саяхат жасау барысында Сарайшық қаласын көріп былай деп дерек қалдырған екен. «Батыста Парижды көру қандай таңсық болса, шығыста Сарайшықты көру де сондай таңсық екен. Сол құмарлықпен Сарайшыққа келіп, жарты айдай аялдап қалдым. Сонда менің байқағаным, мұнда айына 700-ге дейін керуен келеді екен» деп тамсана жазады. Бір ғана Энтони емес, әлемнің көптеген көпестері мен саяхатшылары осынау шаһардың баға жетпес байлығы мен сәулетті сарайларын, ең бастысы шаһардың толық су құбырымен жабдықталғанын жазады.
1885-1890 жылдары Сарайшықта екі мектеп болыпты. Оның бірі, діни оқу орны болса, екіншісі қазіргі Сарайшық орта мектебінің бастапқы іргетасы болған ілкідегі көне мектеп. Ең өкініштісі, осы бір әсем қала 1580 жылы орыс патшасы Иван Грозныйдың қасақана айдап салған Дон казактарының шапқыншылығынан біржола қирап, күлі көкке ұшты. Кейін Ресей патшалығы қала орнына үлкен бекініс салды. Осы бекініс бертінгі Қазан төңкерісіне дейін сақталып келді. Міне, Сарайшықтың сан қатпарлы тағдыры жайында қария тарих осылай дейді.
Атам қазақтан қалған «Орнында бар оңалар» деген ғажайып сөз бар. Бүгінде орыны төмпешікке айналған көне қалаларымызға қайыра көңіл бөліп, оған мемлекет тарапынан қамқорлық жасауымыз «өшкеніміздің жанып, өлгеніміздің тірілгені» емес пе?!
Аңсаған азаттығымыз нәтижесінде тарихтан талықсып жеткен көне мұраларымызға көңіл бөле бастадық. Көп жылғы қазба жұмыстары нәтижесінде біршама дерек қайыра ғылыми сарапталып, хатқа түсті. Айталық, 1999 жылы Атырау облысы әкімінің №209 шешімімен «Хан Ордалы Сарайшық» облыстық мұражай-қорығы болып аталды. Жан жадыратар жақсы жаңалықтың бірі – жақында ғана осы тарихи орынға республикалық мәртебе берілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің №162 қаулысымен Мәдениет және спорт министрлігінің «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылды. Кәсіпорын қызметінің басты талабы – мәдениет саласы жұмысын ұдайы жетілдіріп, ғылыми-зерттеу мен танымдық-туристік қызметті, оның ішінде тарихи-мәдени мұраны сақтау мен насихаттауды толық қамтамасыз ету. Дәлірек айтар болсақ, кәсіпорын төмендегідей қызмет түрлерін жүзеге асыруға барынша ден қойып отыр: тарихи-мәдени мұраны қорғау, сондай-ақ пайдалану саласында ғылыми-зерттеу, ғылыми-әдіснамалық, мәдени-білім беру қызметін жүзеге асыру; музей ісі саласында халықаралық және ведомствоаралық ғылыми-техникалық мәдени ынтымақтастық жұмыстарын жүргізу; ескерткіштерді, тарихи-мәдени мұра объектілерін, құрылыс салуды реттеу мекендері мен қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарды, сондай-ақ музей заттарының толық қорғалуын қамтамасыз ету; ғылыми-қор жұмысын жүзеге асыру, ғылыми тұжырымдамалардың негізгі бағыттарын әзірлеу; тарих және мәдениет мәселелері жөніндегі ғылыми тәжірибелік конференциялар мен семинарларды ұйымдастыру; музей экспозициялары мен көрмелердің тақырыптық-экспозициялық жоспарларын әзірлеу; кәсіпорын қызметінің оқу құралдарын басып шығару, сондай-ақ музей қорларын толықтыру үшін фото және бейне түсірілімдер жүргізу.
Ел назары қазір Сарайшыққа ауды. Киелі топырақта біршама жаңа жұмыс орындары ашылып, белді ғалымдар тобы жасақталып үлгерді. Ілкідегі Сарайшық қаласының тарихи орнын Жайық өзенінен қорғау мақсатында басталған жұмыс жоспары биыл толығымен аяқталды. Алдағы күндері осы Жайық өзенінің жағасынан 2 га жер бөлініп, «Сапар орталығы» салынбақшы екен. Аталған жұмыстың нәтижесінде ашық аспан астындағы кәсіби музей жобасы жүзеге асырылмақ.
Жоғарыда туризм турасында сөз ете кеттік. Ашық аспан астындағы осы бір киелі мекеннің төрткүл дүниенің көз тігер мәдени ордасына айналарына біздің де еш шүбәміз жоқ. Көне шығыста «Тарихын қара жерге емес, жүрегіне жерлеген ел бақытты» деген бір тәмсіл бар. Біз бұл шағын мақаламызды төл тарихымыздың көне парағын түгендеуге, сондай-ақ Сарайшық секілді сәулетті шаһар салған сардар бабаларымыздың рухына көрсеткен аз ғана құрмет пен ғиззатымыз деп есептейміз.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
Атырау облысы